Бұл кезеңде шет ел капиталы кеңiнен тартылды, рыноктер мен нарықтық құрылымдарды дамыту үшiн жағдай жасалды. 1997 жылдың бас кезiндегi экономиканың жай-күйiн мынадай факторлармен сипаттауға болады: iс жүзiнде барлық тауарлар мен қызметтердiң бағасы босатылды немесе ырықтандырылды, негiзгi заңдық актiлер өзгертiлдi, олар реформаларды жүргiзуге мүмкiндiк туғызды, сыртқы экономикалық қызмет ырықтандырылды, нарық талаптарына сай келетiн жаңа салық базасы жасалды, меншiктi қаржы рыногi құрылды, банк жүйесi жаңғыртылды, оның инфрақұрылымы дамытылды; мемлекеттік бағалы қағаздар рыногi құрылды, мемлекеттік меншiктi жекешелендiру қарымды қарқынмен жүргiзiлдi. Әлеуметтік-экономикалық шаралардың iске асырылуы Қазақстанда жекеше зейнетақы, сақтандыру және медициналық қорларын құруға жол ашты.