Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті философия, саясаттану және дінтану институты



Pdf көрінісі
бет23/42
Дата03.03.2017
өлшемі2,34 Mb.
#6131
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   42

II тарау. Алаш қайраткерлерінің 
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
Содан да ақын бір сәт:
«Жел күңіренбе, жасың тый
Өлім күйі – тәтті күй
Балқиды жаным бұл күйге
Мені де, өлім, әлдиле
Әлдиле, өлім әлдиле», –
деп,  жер  бетіндегі  азап  пен  қасіреттен  құтылып,  мәңгілік 
тыныштық табуды аңсайды? [3, 156 б.]
Жалпы  Шығыс  философиясында,  оның  ішінде  қазақ  фило-
софиясында да, адам баласының ертеңгі «бір өлім» туралы ойла-
нуы оның имандылыққа, ізгілікке бет бұруының өлшемі ретінде 
қарастырылады. Өлім туралы ойланған адам арамдық жасамай-
ды, бұл пәнидегі ғұмырын мәнді өткізуге ұмтылады. Мағжан да 
өлім туралы ойлана отырып, бұл пәнидегі өз өмірінің мәні тура-
лы тебіренеді:
«Ақылға кеш айналдым, қайран күнім,
Бір күні құшағына алар өлім.
Қара жерді құшақтап мен жатармын,
Сол кезде не деп мені сынар елім?» [3, 155 б.]
Кешегі  кеңестік  құқықтық  саясат  ұзақ  уақыт  бойы  осынау 
кемеңгер ақынның есімін де айтқызбай, халық жадынан ұмытты-
руға тырысып бақса да, Мағжан жырлары қара түнектің өзін жа-
рып  шықты,  сөйтіп  өзі  армандаған  тәуелсіз  қазақ  елінің  еркін 
ойлы азаматтарына мәңгілік рухани азыққа айналды.
Шынайы  поэзия  туындысының  қадір-қасиеті  уақыт  өткен 
сай ын бедерлене түсетіні белгілі. Тарихи тұлға Мағжанның туған 
халқы мен адамзат өркениеті алдында сіңірген еңбегі де солай – 
ғасырдан ғасыр озған сайын өркештене түседі. Ал, тағдырдың ең 
бір қиын бұралаңдарында халқының бойына қуат берген, жігерін 
жанумен  болған  өткір  Мағжан  поэзиясы  келер  ғасырлардағы 
толқын-толқын талай ұрпаққа ата-бабаларының мұңы мен шерін, 
арманы мен ру хын ұмыттырмай, үнемі құлағына құюмен болары 
анық. Жер бе тінде Қазақ елі мәңгі тұрғанда, осынау мәңгілік са-
рын да ешуақытта үзілмейді және сөнбейді. Оған ешкімнің еш-
қандай күмәні болмас. Сонымен қатар оның рухани мұрасын да 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
210
өз халқының жарқын болашағына мол сенімі, жалпы сенім басты 
құндылық ретінде тереңірек қарастырылған.
Мағжан шығармашылығындағы адам құқы мен бостандығы 
ұлттық  пен  жалпыадамзаттық  құнды лықтар,  поэзия  мен 
философияның  арақатынасы,  ой  еркіндігі,  адам  болмысы  мен 
имандылығы,  әлеуметтік  таным  мәселелері  қарастырылған. 
Мағжанның  ой лау  мәдениеті  және  дүниетанымы  қазіргі  күні 
әлеуметтік  жаһандану  тұрғысынан  жүйелі  және  тереңірек 
философиялық-дүниетанымдық зерттеуді қажет етіп отыр.
Әдебиеттер
1  Аймауытов  Ж.  Мағжанның  ақындығы  туралы  //  Жұмабаев  М. 
Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989.
2 Әуезов М. Мағжанды сүйемін! Ұлттық поэзия падишасы. – Алма-
ты: Орталық ғылыми кітапхана, 2001.
3 Жұмабаев М. Шығармалары. – Алматы: Жазушы, 1989.
4 Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Ана тілі, 1992.
2.8 М. Әуезов дүниетанымы және құндылықтар әлемі 
2.8.1 Мұхтар Әуезовтің гуманистік философиясы
Қоғамның  қайшылықты  даму  жолында  өздерінің  күрделі 
қырларымен  өшпес  із  қалдырған  мәңгілік  тұлғалар  болады. 
Қазақ  халқының  дүние  жүзіне  аты  мәшһүр  ұлы  ойшыл-жазу-
шысы, ғалым-ұстазы, мәдениет және қоғам қайраткері, Лениндік 
және Мемлекеттік сыйлықтардың иегері, дүние жүзі әдебиетінің 
классигі,  жаңа  заманғы  кәсіпқой  қазақ  әдебиетінің  негізін  қа-
лаушылардың  бірі  Мұхтар  Әуезовтің  азаматтық,  адамгершілік 
және шығармашылық тағдыры өткен ғасырда қазақ елінде қандай 
күрделі өзгерістер болғанын түсінуімізге көмектеседі. Оның өмір 
жолына  зер  салғанда  біз  жалпы  өткен  уақытқа  көз  жүгіртіп, 
бұрын  байқалмаған  қажетті  жәйттерді  тереңірек  көру  мен 
түсінуге  мүмкіндік  аламыз.  Мұндай  тағдыр  халықтың  зердесіне 
нұр құйып, әділеттілік сезімін, ұлттың өзіндік санасын ұштайды.
Мұхтар  Әуезов  –  рухани  жаңару  мен  өрлеу  ауқымындағы 
ғұлама тұлға. Мұндай алып тұлғалар қоғамның рухани өмірінің 

211 
II тарау. Алаш қайраткерлерінің 
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
көптеген  салаларында  жарқырап  жарық  жұлдыз  кейпінде 
көрінеді.  Олар  тұтас  алғанда  бүкіләлемдік  мәдениетке  күшті 
ықпал  жасайды.  Қайта  өрлеу  дәуірінің  биік  міндеттері  оларды 
әрі  қоғам  қайраткері,  әрі  жазушысы,  әрі  ғалымы,  әрі  ойшылы, 
әрі  ұстазы  болуға  ұмтылдырады.  М.  Әуезов  –  тұңғыш  кәсіпқой 
драматург, театрдың тұңғыш режиссері, әрі ұйымдастырушысы, 
ол тұңғыш журналистер мен прозашылардың санында, тұңғыш 
әдебиеттанушы,  абайтанушы,  Қазақстан  Респуб ликасы  Ғылым 
Академиясының толық мүшесі болған тұңғыш ғалым-жазушы.
Бір сөзбен айтқанда, оның шығармашылық қызметінің барлық 
қырлары  туралы  егжей-тегжейлі  айту  өте  қиын.  Сондықтан 
тақырыпта белгіленген бағытта ғана ой өрбітпекпіз.
* * *
Қазан  төңкерісі  тұсында  М.О.  Әуезов  20  жаста  болатын. 
Оның  қоғамдық  қызметі  мен  мәдени-әдеби  шығармашылығы, 
ғылымға  ден  қоюы  патша  өкіметі  құлап,  еліміздегі  сан  алуан 
өзгерістер  қолдау  мен  қарсылыққа  бірдей  ұшырап,  теориялық 
та, практикалық та істер жедел ұғылып кете қоймаған аласапы-
ран заманға, қиын-қыстау кезеңге тап келді. Жазушының саяси-
әлеуметтік  көзқарасының,  дүниетанымының  қалыптасуына 
еліміздегі  жаңа  қоғам  құру  барысындағы  идеологиялық  күрес, 
қолдан жасалған тап тартысы, мәдениет пен өнер, философия мен 
әдебиет  және  тағы  басқа  салалардағы  дау-айтыстар,  сыңаржақ 
түсініктер әсер етпей қойған жоқ.
Академик Әлкей Марғұланның деректеріне қарағанда, Мұхтар 
Әуезовтің  қауым  алдында,  әдебиет  жүзінде  көріне  бастауы  1917 
жылдан басталады. Әсіресе, оның атын көпшілікке әйгілі еткен сол 
кездегі «Абай» журналы болған. Журнал ұйымдастырушысының 
бірі де, оның негізгі мақалаларын жазған да Әуезовтің өзі.
Журналдың  әр  санында  шыққан  М.  Әуезов  мақалаларының 
«Ғылым»,  «Ғылым  тілі»,  «Қазақ  ішіндегі  партия  неден?», 
«Мәдениетке қай кәсіп жуық?», «Мәдениет және ұлт», «Оқу ісі», 
«Философия  жайынан»,  «Жапония»  т.  б.  болып  аталуының  өзі-
ақ  осы  тұстағы  жас  Мұхтардың  терең  таным-талғамынан  біраз 
мағлұмат беріп тұрғандай.
М.  Әуезовтің  біздің  көзімізге  түскен  ең  бірінші  шығармасы 
«Қазақтың  өзгеше  мінездері»  атты  мақаласы  1917  жылы  Таш-

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
212
кентте  шығатын  «Алаш»  газетінің  30  наурыздағы  16  са нында 
жарияланған. Ал, келесі «Адамшылық негізі – әйел», «Қайсысын 
қолданамыз?» деген мақалалары осы жылдары Семейде шығып 
тұрған «Сарыарқа» газетінің 5 қыркүйек, 19 қазандағы сандарында 
басылған. Ол бұл мақалаларында үлкен әлеуметтік мәні бар, сол 
кездегі қоғам өмірінің, қазақ тұрмысының көкейтесті мәселелерін 
көтеріп, соларды ғылыми тұрғыдан шешуге талпынған.
Айталық, «Қазақтың өзгеше мінездері» атты мақаласында ав-
тор халық тұрмысының өсу, даму жағдайларын қозғап, соған кесір 
келтіріп  отырған,  қазақ  арасындағы  «ұйымсыздық,  күндестік, 
парақорлық, партия, әділетсіз билік, әйелдің жолы жіңішке» деген 
сияқты түрлі кемшіліктерді сынап сол кемшіліктерден кұтылудың 
жолын іздестіреді, жұртшылықты соған шақырады. Мінез түзеу 
дегенді М. Әуезов нағыз прогрессивті жолмен түсінген. Алғашқы 
мақаласында  оған  арнайы  түсінік  бермегенмен  келесілерінде: 
«Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, оны өскен 
орта, көрген үлгі, өнеге билейді, – деп ашып айтады. «Адамшылық 
негізі  –  әйел»  атты  мақаласында  да  Әуезов  осы  мәселені  әрі 
қарай  жалғастырып,  халық  тұрмысының,  яғни  мінез-құлқының 
өзгермей, өспей отыруының негізгі бір себебі – қазақ арасындағы 
әйелге деген көзқарасқа тікелей байланысты деп біледі. Автор бұл 
мақалада әйелдің қоғам өмірінде атқарар рөлін ғылыми жолмен, 
психологиялық,  педагогикалық,  философиялық  дәйектермен 
дәлелдей келіп: «Адам болып қалғың келсе, тағлымыңды, бесігіңді 
түзе. Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе» деген қорытынды 
ойын айтады.
Ал,  «Қайсысын  қолданамыз»  және  тақырыбы  жағынан 
соның  тікелей  жалғасы  болып  саналатын  «Ғылым  тілі»  сияқты 
мақалаларында М. Әуезов ғылыми терминтану мәселесін сөз етеді. 
Халықты ағарту жолында, ғылымды тарату, дамыту үшін ғылыми 
терминнің бір қалыпқа, бір жүйеге түсуінің маңызы өте зор. Сол 
кездегі қазақ зиялыларының бір тобы Ресейдегі, не Қазақстанның 
өзіндегі  орысша  оқу  орындарынан  шықса,  екінші  бөлігі  Қазан, 
Уфа қалаларындағы медреселерді бітірген. Міне, осы жайларды 
оқығандар арасындағы екі ұдай алалықтан туар зиянды салдарды 
аңғарған М. Әуезов ғылыми термин мәселесін дер кезінде көтеріп, 
көпшілік таялқысына ұсынады, бұл бағыттағы өз ізденістері мен 
ғылыми негіздегі шешімдерін баяндайды.
М. Әуезовтің «Қазақ ішіндегі партия неден?» (Бұл жерде пар-
тия деген сөз жік мағынасында – Ә.Н.) деген мақаласында ел ішіндегі 

213 
II тарау. Алаш қайраткерлерінің 
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
алауыздылық,  жікшілдік  сияқты  теріс  әлеуметтік  құбылыстың 
шығу төркініне жауап іздеу бар: «Әрбір халықтың өзгеден өзгеше 
халықтығында екі түрлі шарт бар. Оның бірі – сол халықтың кәсібі, 
екіншісі – жұрт тәртібі», – дей келіп, олардың қазақ даласындагы 
өзгеру,  шығу  тегінен  хабардар  етеді,  осы  жайлардың  адам  бол-
мысы мен санасына, психологиялық қалпына, сол арқылы бүкіл 
көзқарасы  мен  салт-санасы  қалай  әсер  ететіндіктеріне  нақтырақ 
тоқталады,  қоғамдық-  әлеуметтік  мәні  бар  тұжырымдар  жасай-
ды. Сондықтан жоғарыдағы екі шарттың екеуі де басынан аяғына 
дейін  әлеуметтік  әділеттік  тұрғысынан  шешілуі  керек.  Өйткені, 
«Әділеттік жоқ жерде ұрлық, жала, зорлық көбейеді, көптің азға, 
күштінің  әлсізге  көз  алартуы  туады,  бұлар  ел  ішіне  жік  салыл, 
жұртты  қоздырады.  Бұған  басшылардың  жуандық  құмар,  жем 
құмар мінездері қосылады, олар ды қоршаған жағымпаздар пай-
да болады, осыдан барып екінші партия (жік) шықпасына ешкім 
кепілдік бере алмайды».
М.  Әуезовтің  ойынша,  осы  жікшілдікке  қарсы  қоятын  үш 
түрлі құрал бар. Біріншіден, ел басындағы кісі әділ, оқыған, кез-
келген  істі  тез  бітіретін,  жауапкершілігі  зор  адам  болуы  керек; 
екіншіден, кәсібі жоқ, жұмыссыз жүрген адамдарға жұмыс тауып 
беріп,  оларды  жалыныштылықтан  құтқаруы  керек;  үшіншіден, 
жұмысшының  еңбегі  бағалы  болсын,  бұл  оны  еңбекке  ынталан-
дырады, жемісін көрсетеді.
«Мәдениетке  қай  кәсіп  жуық?»  атты  мақаласында  ол  «осы 
күнгі адам баласы тұтынып жүрген кәсіптерді», оның ішінде «ер-
теден  адам  баласының  ұзын-ырға  тарихымен  қол  ұстасып  келе 
жатқандарын» саралап өтеді. Мұнда М. Әуезов халықтың мінез-
құлқына,  сана-сезіміне,  жалпы  тұрмыс-халіне  «сыртқы  өмірдің 
ыңғайы, отырған жерінің табиғат жағдайы және тұтынған кәсібі 
әсер етеді» деген зор дүниетанымдық мәні бар пікірді ұсынады.
М.  Әуезовтің  «Абай»  журналының  екі  санында  (№  4,  5) 
жарияланған,  жұртшылыққа  Жапонияның  екі  ғасырлық  даму 
жолынан нақтылы тарихи мәліметтер беретін келесі бір мақаласы 
«Жапонияны» кең көлемде жазылған әлеуметтік бағыттағы очерк 
десе де болғандай. Мақалада сол кездегі Азиялық мемлекеттердің 
ішінде  нарықтық  дамудың  біркелкі  жоғары  сатысынан  орын 
алған  Жапонияның  саяси,  әлеуметтік-экономикалық  және  мә-
дени-рухани  өсу  жолдары  тарихи  тұрғыдан  талданады.  Оның 
кемшіліктерін ашық сынап, жетістігін үлгі етіп ұсынады. Мәселен, 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
214
ол  бұрынғы  Жапон  патшалықтарының  батыл  саяси  өзгеріс 
жасаудағы  жасқаншақтығын,  жаңалықты  тез  қабылдауға  деген 
енжарлық  сияқты  осал  жақтарын  сынай  келіп,  олардың  жеме-
жемге  келгенде  «өз  халқының  жетілуіне  зияндары  тигенін,  оны 
тежегенін»  тілге  тиек  етеді.  Айлалы,  азулы  жауға  өзінің  ұстап 
келген  қаруларындай  қару  ұстап,  өзінің  сүйенген  тәртібіндей 
тәртіпке сүйенбесе басқа ылаж болмайтынын да ескертеді.
Жазушының  пайымдауынша,  елдің  өркениетті  жолмен 
ілгерілеуіне көптеген жағдайлар қажет. Жапонияның даму бары-
сында әсер еткен нақтылы бағыттар: ұлттық намыс, патриотизм, 
басқа  халықтарға  ұлттық  намысын  жібермеу,  елдің  ішкі  және 
сыртқы жағдайларын шеберлікпен үйлестіре білу, Конституция 
негізінде өзі сайлауы, әйелдердің әлеуметтік орны, сауданың өсуі, 
елдің кірісі мен шығысы, оқу жолына бөлінген қаражат, діннің та-
ралуы, ғылым жәйі т. б.
Осыларға байланысты сол тұста қыр қазағы үшін өте сирек 
және үлгі аларлық қажетті жағдай болып көрінетін Жапонияның 
жоғарыда айтылған салаларды дамыту барысы туралы нақтылы 
деректер келтіреді. Біздің ойымызша, бұрын соңды қоғамтанушы 
ғалымдарымыз  бен  әдебиетшілеріміз  назарына  ілінбеген  Бұл 
социологиялық очерк арнаулы зерттеуді қажет ететін сияқты.
М. Әуезовтің жас шағындағы дүниетанымдық ізденістері мен 
шығармашылығының  құндылық  бағыттарын  анық  көрсететін 
мақалаларының тағы бірі, өз тұсында терең ізденіспен жазылған 
«Философия  жайынан»  мақаласы.  Ол  ғылымдар  тарауының 
түйіскен  жері  философия  деп  есептейді,  оны  терең  ойдың 
ғылымы,  адамның  ақыл  аумағын  кеңейтетін,  ақиқатқа  жетуге 
жол көрсететін, адам санасы мен танымын дамытатын ғылым деп 
түсіндіреді.
Жас Мұхтардың философия мен діннің ара қатынасын ашуға 
талпынуы, әсіресе, дін ауқымының кеңдігін, оның ақылдан бұрын 
жүректі  тәрбиелейтініне,  мінездікке  үйрететініне  оқырман 
назарын  аударуы  танымдық  тұрғыдан  да  құнды.  Аталмыш 
жұмыста ол философияның мынандай бөліктері мен тарауларын 
қарастырады: гносеология, логика, психология, философия тари-
хы, мета физика, онтология, рационалдық теология, рационалдық 
космология.  рационалдық  психология  деп  бөледі.  Әрі  қарай 
филосо фия тарихын: ескі және жаңа философияға бөліп, қазақ та-

215 
II тарау. Алаш қайраткерлерінің 
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
нымына ыңғайлап, Фалестен классикалық неміс философиясына 
дейін желі тарта отырып түсіндіреді. Өз мақаласын «философия 
адамшылық жолындағы қараңғы қалтарыстарда қолға ұстайтын 
шамшырақ» деп аяқтайды.
Жалпы  біздің  ойымызша,  М.  Әуезовтің  1918–1930  жылдар 
аралығындағы  басылымдарда  жарық  көріп,  белгілі  себептер-
мен  ұзақ  уақыт  бойы  ғылыми  айналымға  түспей,  сондыктан  да 
көпшілік игілігіне толық айнала қоймаған мақалаларына алдағы 
уақытта арнаулы зерттеу жасау қазіргі уақыт талабы.
М.  Әуезовтің  жоғарыда  аталған  мақалаларында  айтылған 
философиялық гуманистік ойлары, теориялық тұжырымдары мен 
идеялық ізденістері қазіргі қауым үшін қарапайым болып көрінуі 
әбден  мүмкін.  Алайда,  тоталитарлық  замандағы  идеологиялық 
күрес, таптық тартыс жағдайында жарық көрген жас Мұхтар ту-
ындылары біздер үшін өте құнды мұра. Сондықтан мұхтартану ісі 
дүниетанымдық тұрғыдан алғанда да көңіл аударуға тұрарлық іс.
М.  Әуезов  ең  алдымен  ғалым-жазушы,  көркем  ойдың,  сол 
арқылы көркем идеяның алыбы. Бұл ой мен идея асқақ міндет, 
мұрат-мақсат  ретінде  оның  бүкіл  саналы  өміріне,  құлшыныс-
құштарлығына қанат беріп, өзекті тақырыбының арқауын анықтап 
берді. Ал Әуезов сынды ғұлама жазушы өзі үшін мұны бүкіл өмір 
жолының  ең  басында-ақ  айқындап  алған  болатын.  Ол  –  Абай 
тақырыбы. Жас Мұхтар Абай өлеңдерінің қолжазба жинақтарын 
оқып  сауатын  ашты,  бала  кезінен-ақ  оның  ақындық  әлемінің 
құдіретті қуатын бойына сіңірді, сонан соң өзінің өлшеулі өмірін 
түгелдей ұстазының шығармашылығы мен мұрасын зерттеп, оны 
тануға,  насихаттауға,  басқаларға  танытуға  арнады.  Бұл  күндері 
Әуезовтің табандылығы болмаса оқырмандардың бүгінгі ұрпағы 
Абайдың, ол арқылы сол замандағы қазақ қоғамының даму дина-
микасын танып біле алмаған болар еді деуге біздің толық хақымыз 
бар. Ғұламаны тек ғұлама ғана түсінеді және таниды.
Жоғарыда  айтылған  «Абай»  журналында  да  ғылымның,  са-
ясат  пен  өнердің  мейлінше  әралуан  тақырыптарына  арналған 
мақалаларымен  қатар  Абай  шығармашылығы  туралы  да 
жазылған мақалалары кездеседі. 1927 жылы Мұхтар Омарханұлы 
«Қазақ  әдебиетінің  тарихы»  деген  монография  шығарады,  онда 
Абайға едәуір орын берілген. Бұл еңбек кезінде барынша танымал 
болды, жалпыұлттық бас ақын ретіндегі Абайға деген қоғамдық 
көзқарасты қалыптастырды.

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
216
Бұрынғы  Кеңес  үкіметі  тұсында  орыс  кеңес  әдебиетінің  20-
30-шы  жылдардағы  даму  кезеңі  белгілі  дәрежеде  жақсы  зерт-
телген. Осы кезде оларда турлі әдеби бағыттар мен мектептер де 
өркен  жайғаны  белгілі.  Бұл  жылдарда  ұлт  республикалары  да 
шығармашылық  жалынға  толы  болды.  Біздің  Қазақ  Республи-
касы да солардың қатарында еді, мұнда да Ахмет Байтұрсынов, 
Міржақып  Дулатов,  Мағжан  Жұмабаев,  Жүсіпбек  Аймауытов, 
тағы  басқа  данышпандар  сияқты  жарқын  таланттар  жарқырай 
көрініп,  қайталанбас  тұлғалар  халқына  қызмет  етуді  алдына 
ұлы  мақсат  тұтып  еді.  Әттеген-ақ,  қазіргі  қазақ  зиялылары  да 
өз  халқына  осындай  қызмет  жасаса  нұр  үстіне  нұр  болар  еді. 
Әйтпесе, Мағжан Жұмабаев: 
«Азамат! Анау қазақ қаным десең, 
Жұмақтың суын апар, жаным десең. 
Болмаса, Ібіліс болда у алып бар, 
Тоқтатам тұншықтырып зарын десең! ...», – 
деп  ашына  жазып,  Міржақып  Дулатов:  «Оян,  қазақ!»  деп  жар 
салып,  ал  Ахмет  Байтұрсынов  ұлтын  ояту  үшін  «Маса»  болып 
шағар ма еді.
Бірақ  күні  кешеге  дейін  еліміз  тәуелсіздік  пен  егемендік 
алғанша  біз  олар  жайында  үзік-үзік  мәліметтерге  қарап  қана 
бағамдай алғанбыз. Бұл күндері олар жайлы жүйелі деректерді 
жүрегің сыздап оқисың.
Дәл осы жылдарда Абайдың бүкіл шығармашылығын, әсіресе, 
ұлттық  философиясын  «буржуазиялық  қоқыс»  деп  тұрпайы-
социологиялық тұрғыдан сынап жатты. Бірақ М.О. Әуезов Абай 
өмірін  табандылықпен  терең  жырлай  береді.  Болашақ  роман-
эпопеяның алғашқы беттері Татьянаның Онегинге хатын аударуға 
арналған тарау дәл сол 1937 жылы жазылған еді. Алайда, осын-
дай  аумалы-төкпелі  әлеуметтік  кезеңде  М.  Әуезов  алаңсыз 
шығармашылық  жұмыспен  айналыса  алмады.  Тіпті,  романға 
бірінші  дәрежелі  сталиндік  сыйлықтың  берілуі  де  сұмдық  бай-
баламнан қорғай алмады. 1951 жылы шабуылдың жаңа толқыны 
басталып, М. Әуезов пен Қ. Сәтпаев Мәскеуге кетуге мәжбүр бол-
ды.  М.  Әуезов  онда  МГУ-де  СССР  халық-тарының  әдебиетінен 
сабақ  берді.  Тек,  1954  жылы  ғана  отанына  оралуға,  алаңсыз 
шығармашылық  жұмыс  істеуге,  өзінің  ғаламат  еңбегін  аяқтауға 

217 
II тарау. Алаш қайраткерлерінің 
саяси және әлеуметтік-философиялық идеялары
тұңғыш  рет  мүмкіндік  алды.  Сөйтіп  бұл  еңбекке  1959  жылы 
Лениндік сыйлық берілді. Екі жылдан кейін Мұхтар Омарханұлы 
дүние салды.
М.О.  Әуезов  тоталитаризмнің  зардабынан  айтайын  дегенін 
толық айта алмай кетті. Бірақ ол миллиондаған адамдардың са-
насында  қазақтың  ұлттық  энциклопедиясы  саналған  ұлы  ақын 
Абайдың жарқын бейнесін қалдырды, оны бүкіл түп-тамырымен 
дәстүрлі  халық  мәдениетінің  қалың  қойнауына  бойлаған  алып 
тұлға  ретінде  бейнелей  отырып,  өз  ұлтының  сана-сезімін  жаңа 
сатыға  көтерді,  қазақ  әдебиетін  дүниежүзілік  мәдени  процеске 
қоса  отырып,  бүкіл  Шығыс  халықтарының,  соның  ішінде  түрік 
әлемінің  көркем  ойына  үлкен  әсер  етті.  Шыңғыс  Айтматов  ро-
ман туралы былай де ген болатын: «Бұл роман бүкіл түркі тілдес 
халықтардың,  оның  ішінде  өткендегі  көшпелі  халықтардың  да 
адамзат мәдениетіне қосқан зор үлесі». Абай эпопеясы — біздің 
көркемдік және әлеуметтік энциклопедиямыз. Бұл – біздің ортақ 
мандатымыз, біздің ұлан-байтақ Евразия кеңістігіндегі бүкіл ба-
стан кешкен заманымыз тура келген бүкіл тауқыметіміз үшін, өз 
қазынамыздың  жүйесін,  өзіміздің  көркемдік  және  адамгершілік 
дүниемізді, өзіміздің ұлы поэтикалық сөзімізді жасап, қол жеткізе 
алған бүкіл игіліктеріміз үшін берілген есеп ... Әуезов бізді осы 
мағынада алғанда жалпы жұрт үшін маңызды көркемдік-тарихи 
ой-пікірдің  дүниежүзілік  деңгейіне  көтерді.  Дүниені  көз  алды-
на  келтіру  үшін,  басқалардың  көзіне  түсу  үшін,  адам  рухының 
қадыр-қасиетін  асқақтата  көтеріп,  жар  салу  үшін  өз  биігің  — 
Мұхтар Әуезов сияқты асқар шыңың болу керек. Біз өзіміз жай-
ында  Мұхтар  Әуезов  көтерілген  биікте  тұрып  ой  түйеміз  және 
басқа халықтармен сол биік арқылы араласамыз».
Ал  біз  шыққан  осынау  биік  бұл  күндер  өткенге  байсалды, 
мұқият  зер  сала  қарауымызға,  обьективті  ауқымдағы  оқиғалар 
мен  алып  тұлғаларды  көтеруімізге,  оларды  әсірелемей  де, 
көмескілемей де көрсетуімізге мүмкіндік береді.
Абайды  көтергенде,  халықтың  сана-сезімін  самғатқанда 
Мұхтар  Әуезов  дүниежүзінің  көз  алдында  өсіп-өркендеудің 
ең  жақсы,  ең  адамгершіл  тәсілі  арқылы  өзін  де  шырқау  шыңға 
шарықтатты.  Өйткені,  бұдан  басқа  қандай  да  болсын  әдіс  жеке 
тұлғалар мен халықтардың өмірлік тәжірибесінде өзінің өресіздігін 
дәлелдейді.  Тек  тізе  қосып,  бір-бірімізді  қолдап,  көтермелеген 
жағдайда  ғана  біз  өзіміздің  ұлттық  биігімізге  шыға  алмақпыз. 
Ал  адамның  бүкіл  әлеуметтік  дүниемен  өзара  қатынасының 

Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
218
осы формуласы Мұхтар Әуезовтің тағдырында мейлінше толық 
көрініс тапты, бұл тағдырдың жоғары типтік және бірегей сипа-
тын айқындады.
Қазақ  жазушыларының  ішінде  М.  Әуезов  алғашқылардың 
бірі болып, ұлы Абай тұлғасы арқылы халқының өткен заманына, 
өміріне, тұрмыс-тіршілігіне – бір сөзбен айтқанда, ұлттық тари-
хына көз салды. Ғылыми-көркем, тарихи ізденістер нәтижесінде 
ол  бізге  халық  өмірінің  тұтас  бір  ғасырын  қайта  тірілтті,  жеке 
адамдар  тағдырының  бүкіл  дүниежүзілік  тари хи  тәжірибелер-
мен сабақтасып жататынын ашты, жазушы эпопеясы арқасында 
Абай  біздің  қазіргі  жаҺанданған  заманымызбен  тілдесті,  біздің 
дәуірімізге  қайта  оралды.  Сондықтан  данышпан  Абай  қазіргі 
қазақ халқының, қазақстандықтардың рухани кеңесшісі.
Жазушының 
«Абай 
жолы» 
эпопеясының 
рухани 
мәдениетімізді  дамытудағы  зор  рөлі  сол,  ол  Шәкерім  қажы, 
А.  Байтұрсынов,  М.  Дулатов,  М.  Жұмабаев,  Ж.  Аймауытов, 
Х.  Досмұхамбетовтерді  айтпағанда,  50-ші  жылдарға  дейін  С. 
Сейфуллинсіз, Б. Майлинсіз, І. Жансүгіровсіз өскен ұрпақтардың 
рухани  әлемінің  дамуына  аса  ерекше  әсер  етті.  Бұл  жағдайда 
М.  Әуезовтің  «Абай  жолы»  эпопеясы  текжай  көркем-тарихи 
шығарма емес, ұлтымыздың сан ғасырлық тұстарын көркем ой-
мен кестелеген, өз тұсында ұлтымыз бен халқымыздың абыройын 
асқақтатқан даналық дастаны, Ұлы дала тарихы мен философия-
сы болады.
Шындығында  да  «Абай  жолы»  романы  өзінің  көркемдік-
эстетикалық  әсерімен  де,  мазмұнының  терең  философиялық 
және  тарихи  болуымен  де  бұрын-соңды  көркем  мәдениетімізде 
болмаған құбылыс. Халық ділі мен өмірін терең білуі жазушыға 
қазақ қоғамының рухани даму сатыларын шыншылдық тұрғыдан, 
диалектикалық  ойлау  жүйесі  негізінде  түсіндіруге  мүмкіндік 
берді.  Халықтың  ең  үздік  өкілдерінің  бірі  –  Абай  бейнесі  мен 
болмысы арқылы ол өзінің де әсемдік әлемі мен дүниетанымдық 
көзқарасын  көрсетті.  Ақын  бейнесін  сомдау  барысында  ол  да-
нышпан суреткер, ұлы ойшыл-жазушы болып қалыптасты. Абай 
сынды данышпанды Мұхтар сияқты данышпан ғана танып, оны 
әлемдік мәдениет шеңберінде қарап, оның таңғажайып сыры мен 
құпиясын ашады.
Қазақ  әдебиетінің  қол  жеткен  табысы,  Қазақстан  руха-
ни  мәдениетінің  қалыптасуы  мен  дамуы,  өз  тұсында  өркендеп, 

219 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   19   20   21   22   23   24   25   26   ...   42




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет