Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
ОҚО облысы Созақ ауданы Созақ ауылы
Жалпы білім беретін Науайы орта мектебі
«Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалар бейнесі»
Бағыты: Қазақ тілі
Дайындаған: Жұмадил Зулфия
10 - сынып оқушысы
Жетекшісі: Жарасбаева Мадина
Науай жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Жалпы білім беретін Науайы жалпы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Жұмадил Зулфияның «Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалар
бейнесі» тақырыбындағы ғылыми жұмысы
Зерттеу мақсаты: Жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатқан өскелең
жас ұрпаққа Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, отандық әдебиет классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының өнегелі өмір жолымен таныстыру, қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын қастерлеуге, оның шығармаларындағы тарихи тұлғалардың адами қасиеттерін дәріптеу, адам жанын ізгілендіру мақсаты көзделді.
Зерттеу міндеттері:
- Әбіш Кекілбайұлының тарихи шығармаларына талдау жасау
- Тарихи тұлғалардың бейнесі арқылы тарихи тұлғалардың рух жігерін дәлелдеу.
- Тарихи тұлғалардың ұлылығын, қадір қасиетін, тарихтағы алатын орнын сипаттау арқылы достарым мен замандастарымды адами қасиеттерге, өзін-өзі тануға тәрбиелеу
- Зерттелген материалды бір жүйеге келтіру
Аннотация
Ғылыми жұмысты жазу барысында оқушы қазақ халқының жазушысы Әбіш Кекілбайұлының тарихи шығармаларына талдау жасау және тарихи тұлғалардың рух жігерін дәлелдеуін негізге ала отырып жазған. Жазу барысында Әбіш Кекілбайұлының өмір дерегі, шығармалары мен тарихынан мәлімет бере отырып, оның философ, тарихшы, аудармашы, шешен, шежіре, мәдениеттанушы, ғалым, публицист, өнертанушы, әлеуметтанушы, саясаттанушы, энциклопедия, гуманист, қайраткерлігін негізге алған. Сонымен қатар, суреткер. Суреткер деп ең биік дәрежедегі сапалы шығарма жасаушыны айтады,- деп сөз етті.
Аннотация
в ходе написания научных работ учащихся по произведениям писателя Абиша и дух казахского народа, анализ исторических личностей, обоснования Кекілбайұлының написал, основываясь на исторических усилий. В ходе написания общей в полном объеме. Абиш Кекілбай то факт жизни, и с предоставлением сведений из истории произведения, его философ. - историк, переводчик, оратор, история, культуролог, ученый, публицист, искусствовед, социолог, политолог, библиотека, энциклопедия, гуманист, исходя из деятельность. Кроме того, звания и большой художник. Сочинение на тему говорят, что велики изготовителя степени качественной, что.
Abstract
In the course of writing research papers of students on the works of writer Abish and the spirit of the Kazakh people, the analysis of historical figures, justification Kekeliya written, based on historical efforts. In the course of writing the total in full. Abish Kekeliya it is a fact of life, and providing information about the history of the works and his philosophy. historian, translator, speaker, history, culture expert, scientist, publicist, critic, sociologist, political scientist, library, encyclopedia, humanist, based on activity. In addition, the title and great artist. An essay on the topic say that abic manufacturer of high-quality degree that. Kazakh-English translator
ЖОСПАР
І. КІРІСПЕ
ІІ. НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2.1. Ә.Кекілбаевтың өмірі мен саяси қызметі
2.2. Әбіш Кекілбаевтың суреткерлік шеберлігі
2.3. Ә.Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалар бейнесі
ІІІ. ҚОРЫТЫНДЫ
ІV. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
КІРІСПЕ
«Өткен өмірдің көне беттерін аша отырып, тарихи шындықтан ауытқымаса да, бүгінгі күннің көкейтесті мәселелеріне жауап берді»
Леонид Терокопян
Қазақ әдебиеті ежелгі дәуірінен бергі дамуының әрбір кезеңінде асыл сөздің өркен жаюына ерекше әсер етіп, өз уақытындағы әдебиеттің сан тарам желісінің түп қазығына айналып, есімі тұтас кезеңді түгел танытып тұрар қадау-қадау шығармашылық тұлғалар баршылық. Төл әдебиетіміздің шырқау биіктері – Асан Қайғы мен Бұхар, Дулат пен Махамбет, Абай, Шәкәрім, Мағжан, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтарлар қазақ сөз өнері ұлылығының символы іспеттес.
ХХ ғасырдың 60-70 жылдары қазақ әдебиетінің қайта өркендеу дәуірі болды десек қателесе қоймаспыз. Кезінде, көзі тірісінде «Алыптар тобы» атанып, елдің, қоғамның рухани көсемдеріндей болған Мұқтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сынды әйгілі суреткерлердің ізін баса, өкшелес келген Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Тахауи Ахтанов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетін дамудың жаңа кезеңіне көтерумен бірге қоғам қайраткелері ретінде танылды. Әдеби шығармалар үздіксіз сұранысқа ие болып, қоғамның қозғаушы ірі күшіне айналды. Әдебиеттің, әдебиет қайраткерлерінің қоғамда мәртебесі артты, беделі өсіп, тұрақтанды. Адамдар олардың зиялы сөз, саналы ойына құлақ асты. Зейін қойды. Осы тұста келіп қосылған жас толқынның екпіні де, сарыны да, әуені мен үні де ерекше қуатты еді. Олардың өрнегі, қайраткерлігі, қоғам ісіне араласқан қайраткерлігі де жаңа серпінге толы болды. Шоғыр жұлдыздар қатарында Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Сайын Мұратбековтің әрқайсысы бір ой мен сөздің сәнін түзеген жасауды керуендей әсер қалдыратын. Оларға ілесе саясат сахнасына Фариза Оңғарсынова, Мұқтар Шаханов, Нұрлан Оразалин көтерілді. Ендеше өзімізге етене жақын өткен ғасырдың екінші жартысындағы жас толқыннан қазақ сөз өнерінің биіктігі мен кеңдігін айқындайтын анық өлшем кімнің шығармашылығы болмақ деген де, ауызға алдымен алынар суреткер – бітімімен алдыңғы толқын ұлы ағалардың бар адами-азаматтық, шығармашылық-қайраткерлік қасиеттері түгел табылатын сан қырлы дарын Әбіш Кекілбайұлы.
Әбіш Кекілбайұлы – ақын, прозашы, драматург, әдебиеттанушы, сыншы, тарихшы, философ, сценарист, энциклопедист, өлкетанушы, жаратылыстанушы, дінтанушы, өнертанушы, аудармашы, редактор, депутат, аса көрнекті мемлекет қайраткері. Тәуелсіздікке тізесі бүгілгенше қызмет еткен азамат. Бір адамның бойына осыншама білім мен білікті, ой мен зейінді кім берді деген сұрақ көп жанның қызығушылығын тудыратыны рас. Әдебиеттегі жолын ақындықтан бастаған Әбекеңнің ұлттық мектебі тарихы талайға кететін, жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен киелі Маңғыстаудың бағзы баянынан да, жаңғырған жапан даланың заман ашқан аянынан да тәлім алған.
Ғылыми жобаны жазу барысында алдыма мынадай мақсат қойдым: жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатқан өскелең жас ұрпаққа Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, отандық әдебиет классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының өнегелі өмір жолымен таныстыру, қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихын қастерлеуге, оның шығармаларындағы тарихи тұлғалардың адами қасиеттерін дәріптеу, адам жанын ізгілендіру мақсаты көзделді. Жұмыстың міндеті: Әбіш Кекілбайұлының тарихи шығармаларына талдау жасау, тарихи тұлғалардың бейнесі арқылы тарихи тұлғалардың рух жігерін дәлелдеу, тарихи тұлғалардың ұлылығын, қадір қасиетін, тарихтағы алатын орнын сипаттау арқылы достарым мен замандастарымды адами қасиеттерге, өзін-өзі тануға тәрбиелеу, зерттелген материалды бір жүйеге келтіру. Ғылыми жобаны жазу барысын екі кезеңге бөлдім. Бірінші кезеңде аудандық, мектеп кітапханаларына барып, Әбіш Кекілбайұлының өмірі, шығармашылығы туралы мәліметтерді жинақтау арқылы зерттеудің алғышарттары, негізгі мақсаты мен міндеттері анықталды. Екінші кезеңде жинақталған дереккөздерді, материалдарды, естеліктерді негізге ала отырып ғылыми тұжырымдама жасалды.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
2.1. Ә.Кекілбаевтың өмірі мен саяси қызметі
Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, отандық әдебиет классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы Кекілбаев 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы Оңды ауылында дүниеге келген.
1962 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірді. «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттерінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеген. 1970-1975 жылдар аралығында «Қазақфильм» киностудиясында бас редактор, 1975-1984 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мәдениет бөлімінің нұсқаушы, сектор меңгерушісі, 1984-1986 жылдар аралығында Қазақ ҚСР Мәдениет министрінің орынбасары, 1986-1988 жылдары Қазақстан жазушылар одағы басқармасының 2-ші хатшысы, 1988-1990 жылдары Қазақ ҚСР тарихы және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы Орталық Кеңесі президумының төрағасы қызметтерін атқарған.
1990 жылдан бастап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі, 1991 жылы Қазақ ҚСР Жоғарғы Кеңесінің мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы болды.1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы болды. 1990 жылы Қазақстан Республикасының он екінші және он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Ұлттық саясат, мәдениетті және тілді дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы болып сайланды. Қазақстан Республикасының он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.
1995 жылғы мамырдан Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі. Сол жылы желтоқсанда бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы болып сайланды. 1996 жылғы қазаннан 2002 жылғы қаңтар аралығында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі қызметтерін атқарды.
2002-2010 жылдарда Парламент Сенатының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.
Алғашқы «Алтын шуақ» атты өлеңдер жинағы 1962 жылы жарық көрді. Одан кейін «Бір шөкім бұлт», «Дала балладалары», «Дәуірмен бетпе-бет», «Тырау-тырау тырналар», «Бір уыс топырақ», «Үркер», «Елең-алаң», «Құс қанаты», «Мартовский снег», «Заманмен сұхбат», «Үш белес», «Талайлы
Тараз», повестері мен әңгімелері, эсселері мен романдары, әдеби-философиялық, публисцистикалық жинақтары, қаһармандық драмалық дастаны оқырмандарға жақсы таныс.
Ә.Кекілбаев Г.Мопассанның «Пьер мен Жан», «Өмір» романдарын, Ш.Айтматовтың «Ерте қайтқан тырналар» повесін қазақ тіліне аударды.
Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» роман-эпопеясын, И.Буниннің бірқатар шығармаларын тәржімалауға қатысты. В.Шекспирдің «Король Лир» «Ромео мен Джульетта» М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» басқа да шығармалар Ә.Кекілбаевтың аудармасы арқылы республика театрларының репертуарына енді.
«Құрмет белгісі» (1989), «Отан» (1999), «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» (2004) мемлекеттік наградаларымен, «Содружество» (2003) орденімен, сондай-ақ төрт медалмен марапатталды. 1987 жылы Қазақстанның Абай атындағы мемлекеттік сыйлығының, 1995 жылы Президенттік Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, 2009 жылы Қазақстанның Еңбек Ері атанды.
1990 жылғы сайланған Жоғарғы Кеңес депутаттарының үлесіне еліміздің егемендігі туралы тұңғыш Декларация, бір жылдан кейін мемлекеттік Тәуелсіздік туралы, тілдер туралы заңдар, тәуелсіз елдің тұңғыш Конституциясын қабылдау бақыты тиді. Міне, осы тағдырлы шешімдерді талқылау, қабылдау барысының ең кереғар пікірталас додасының дәл ортасында Әбіш Кекілбаевтың нанымды деректері мен ұтымды, өтімді сөздері депутаттарды тек ымыраға келтіріп, бір ауыздан дауыс беруге жұмылдырып қана қоймай, Жоғарғы Кеңестей мемлекет институтының мәртебесін, беделін халық алдында көтеріп отырды.Ол Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Бостандық ұлтты бостандықтан да қатты сынайды» деп, осынау ұлтымыз ішінде жас тәуелсіз мемлекеттің Ақордасының керегесі кең, уығы тең, шаңырағы биік болуына Елбасымен бірге барлық күшін жұмсады.
2015 жылғы 10 желтоқсанда 76 жасында Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, отандық әдебиет классигі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы Кекілбаев кенеттен қайтыс болды.
Саналы ғұмырын елін, жерін, Отанын сүюге, мемлекетімізді нығайтуға арнаған, қазақ руханиятының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан Алаш жұртының ардақтысы Әбіш Кекілбаевтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталып қалады.
2.2. Әбіш Кекілбаевтың суреткерлік шеберлігі
Әбіш Кекілбаев –заманымыздың бір заңғар тұлғасы. Ә.Кекілбаевты біздің қазақ оқушысы, қазақ қоғамы ең алдымен ақын, жазушы ретінде таныды. Ол толғанса-роман, көсілсе көркемсөз туады. Өндіріп, өнімді жазатын суреткер. Суреткер деген үлкен атақ. Суреткер деп еңбиік дәрежедегі сапалы шығарма жасаушыны айтады. Суреткердің еңбегі шығармашылық тұтастығымен, ойын және өзі діттеген шындықты көркем түрде суреттей алуымен, оны жанды бейнеге айналдыру өнерінің жоғарылығымен , талғамының биіктілігімен мойындалуға тиіс. Ф.Достоевский «Жазушының суреткер ретінде танылуы оның жақсы жаза алғандығының белгісі» деген. Оның айтуы бойынша, романшының көркемдік биік таланты образдар арқылы бейнеленген ойдың салмақтылығымен өлшенеді. Оны оқырман да дәл сол қалпында түсіне алуға тиісті. Жазушының көркем жазуы деген сөз-оның жақсы жазарлық қабілеті мол деген сөз. Шын талантты адам шығарма сыртын жылтыратып әрлеу, мәнерлеу, сырлау дегеннің бәрін жоққа шығарады. Шынай көркемдік дегеніміз өмірдің өзіндей қарапайым қалпын сақтайды. Ол шындықтың сырын да, жарқын суретін де, әдемілігін де көз алдына жайып салады. [3]
Ә.Кекілбаевтың жазушы ретінде ерекшелейтін өрнекті де көркем тілі. Ол өз ойын бейнелі жеткізуге, әрбір нәрсені жанды суретке айналдыруға өте ұста. Ұлттық тілдегі сиқырлы сөз саптаулар мен әдеби нәрсені жанды суретке айналдыруға өте ұста. Ұлттық тілдегі сиқырлы сөз саптаулар мен әдеби тілдегі мың иірімді оралымдарды қиюын тауып қиюластырып, ой мен суретті дәлдікпен бере білу осыны танытса керек. Суреткер тілінің поэтикалық қуаты өте зор. «Сылдырлап өңкей келісім, тас бұлақтың суындай» деп Абай таныған келісім бір-бірімен байланысатын жазушы сөйлемдері арқылы әсем жарасым тауып, жүрекке қонып, көңілге ұялап, бойды аралап, тамырдағы қызу қанды лүпіл қақтырып, ойды оятады.
Көркем әдебиеттің жаны-көркем образ десек, жазушы шеберлігінің хас белгісі көркем бейне жасаудың түрлі әдіс-тәсілдерін кеңінен қолданып, ең бір тиімді тәсілдерді тап басып тани алуында. Көркем бейне сомдаудың сыры адамның ішкі әлемінің, яғни жан дүние шындығын ашумен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, Әбіш Кекілбаев – адам болмысына терең бойлаудың сан тарау көркемдік тәсілдерін шеберлікпен меңгерген суреткер. Жазушы кейіпкерлері қарапайым ғана адамда болғанымен, олардың адами жан дүние құбылысының мәнін ашар өзіне ғана тән өмірі мен тіршілігі, тағдыры мен мінез-құлқы бар. Сондықтан да жазушы ішкі әлем ирімдерінің тереңіне бойлап, кейіпкерінің іс-әрекетіне жеке басындағы түрлі сезім халдерін сипаттай отырып баға береді. Сөйтіп, өз көркемдік шешімімен көркемдік шындық үшін тағдыр талқысына салған кейіпкерлерінің ішкі толғанысын, жан күйзелісін, жүрек тебіренісін қара сөз құдіретінен жаралған толғауды ой арқылы өреді.
Заман сырын жан-дүниесімен сезіну, мұқтаждықты, халық тілегін терең оймен барлау - ұлы жазушыға тән қасиет. Ол бүгінгі адамды танып қана қоймайды, оның алдындағы өмірмен, жалғастықты өмір сабағын үйренумен сабақтастырады. Қоғамдағы ұнамсыздықты, білімсіздікті көреді. С.Торайғыров айтқандай, «Қараңғылықтың көгіне күн болуды» армандайды, алдымен, адам ретінде жетіледі, ақыл-ой алыптарын игереді. Көргенін суреттеумен шектелмей өмір құбылыстарын ойшылдықпен талдайды.
Ә.Кекілбаев жүріп өткен, игерген жол да осы жол. Оның жазғандары – қазақ өмірі, халқының тағдыры, оның көргені мен басынан кешкені, кешегісі мен бүгінгісі, солардың бір-бірімен сабақтастығы. Жазушы суреттеуінде қазақ елі, оның тіршілігі – жалпы адамзат тіршілігінен бөлек, оқшау өмір емес, соның бір бөлігі. Оның тарихы да, рухани өмірі де әлемдік өркениетпен байланыста. Халықтың сол ұзақ өмірінің бүгінгі қорытындысы – қазақтардың тәуелсіздігі болса, Әбіш мұрат еткен шындықтың өзі де сол екенін оның шығармашылық жолын танып барып түсінеміз. Ә.Кекілбаев шығармаларында екі үлкен тақырыптық жүйе бар. Бірі – аңызда сақталған дала халықтарының рулық және таптық талас-тартыстары да, екіншісі – қарапайым, халық ортасының тіршілігі, оның адамдарын суреттеу талабы.
Ә.Кекілбаев суреттеген халық аңыздары жазушының өзі өскен ортада көп айтылып, санаға жатталып қалған шындыққа негізделеді. Жазушы тарихтың, көшпелі тіршіліктің сүреңсіз әдет-ғұрыптары мен салттарын бүгінгі оқырман көз алдында тірілтті. Тарих сабағы жақсылықтан ғана тұрмайтынын, ұрпақты одан безіндіретін, өзін аулақ ұстауға үйрететін ауыр оқиғалар сабағы болатынын көрсетті. Солардың қатарында ел арасы жауласушылығының қатігездігі, дәлелсіз, себепсіз қақтығысқан араздық сезімдері, ар-намыс дегенді жамылып, соны сылтау етіп рушылдықты, бөлінушілікті күйттеген сол заманның ұғым-түсініктері айқын ашылады. Ел мен елдің , көрші халықтардың осындай ойсыз жауласушылығын тоқтатар күшті зорлыққа зорлықпен жауап беруден іздеу мүмкін емес еді. Ол өмірі бітпейтін зорлықтарды тудырар еді. Сондықтан Әбіш қол күшіне емес, ой күшіне жүгінеді. Ол зорлықшының санасына сәуле түсіріп, ойландыратын өнер күшін таңдайды. Бұл Әбіш ойдан шығарған дүние емес. Халық ұғымына сіңген аңыздық сипаттағы сюжеттер болатын. Әбіш осыны Маңғыстау қазақтары мен түркімендер арасындағы жауласушылық оқиғаларына ыңғайлап «Күй» атты хикаятында пайдаланады.
Әбіш Кекілбаевтың таза қазақ өміріне арналған шығармаларына қарай ойыссақ, оларда туған халқының кең далада қиыншылық астында өмір кешкен, бірақ тіршілікке деген құрметі мен тілеуін жоғалтпаған өкілдерімен танысамыз. Жазушы олардың күрделі тіршілігінің жағдайларына, сыры мен толғаныстарына үңіледі. Сол арқылы өмір сүрудің мән-мағынасы жайлы ойлануға итермелейді. Қазақ өмірі қашанда даламен, туған жермен, атамекен-қоныспен байланысты. Құмды даланың жұтаңдығына көніп, тағдырына табандылық көрсеткен, қайратты, жаны таза, парасаты мол адамдар – Әбіш шығармаларының негізгі кейіпкерлері. Олардың бәрі қарапайым халық өкілдері, даланың табиғатымен туысып кеткен, кешегі қазақы тіршілікке көнбіс, қайсар ұлы мен қызы. Бүгін біз қазақы мінез-құлықтарды іздегенде Әбіш жасаған осы бейнелерге, соларды ашуға, тануға көмектесіп тұрған этнографиялық детальдар мен адам өмірінің ішкі иірімдеріне үңілеміз. Олардың ішінен ескінің көзіндей, тұрмысы ауыр болғанымен, көңілі сара Тілеуді («Бір шоқ жиде»), күйеуі майданда қаза тауып, жалғыз ұлды жеткізген қайсар кемпірді («Құс қанаты») танимыз. Ұлы Отан соғысы кезіндегі ел басына түскен ащы шындықты шынайы қалпында көз алдына жайып салған «Бір шөкім бұлт» хикаятының эпиктік танымы өзгеше.
2.3. Ә.Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалар бейнесі
«Өткен күндердің ащы шындығын көрсету арқыл келешекке де жарық сәуле түсіруге болады. Оның тарихи тақырыпқа жазған шығармаларының
өзекті ойы, біздіңше, осындай»
Геральд Бельгер
Әбіш Кекілбаевтың тарихи тұлғаларға арналған еңбектерін негізінен екіге бөліп қарауға болады. Бірінші, әдеби-көркем шығармаларындағы тарихи тұлғалар (Сүйінғара, Бекет Ата, Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Әбілқайыр хан т.б). Екінші, ғылыми зерттеулерінде қамтылған тарихи тұлғалар. Олар негізінен: Қарабура, Шотан батыр, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Әбілқайыр, Барақ сұлтан.. Ә.Кекілбаевтың «Ханша дария хикаясының» тақырыбы – Шыңғыс хан. Соңғы кездері қазақ жұртында Шыңғыс хан туралы екі түрлі көзқарас бар. Біріншісі Шыңғыс хан шабуылынан кейінгі қыпшақ тайпалары ғана емес,көптеген халықтардың саяси және экономикалық жағдайының нашарлауын, әлсіреуін, яғни зардабын көрсетеді. Екіншіден, Шыңғыс ханда жақтайтын, яғни оның жаулап алушылық саясатының прогрессивтік мәні жөнінде пікір айтушылар бар., жалпы, Кеңес Одағына қараған елдердің тарихында монғол-татар шапқыншылығы деген термин мықтап қалыптасты. Шын мәнінде ол монғолдың да, татардың емес, Шыңғыс ханның шапқыншылығы. Монғол тілдес халықтар түркі тілдес халықтармен салыстырғанда өте аз еді. Қазір монғол тілдес халықтар (Қалқа, қалмақ, бурят, ойрат, торғауыт, дүрбіт т.б) саны түркі халықтарынан бірнеше есе аз және бұрын да, қай заманда да солай болған. Ал қазіргі Монғолияның мемлекеттік тілі –қалқа тілі. Егер Шыңғыс шапқыншылығы болмағанда, біздіңізше, Қазақстанның көптеген қалалары мен мәдени орталықтары, сол жерлерде мекендеген көп халықтың шаруашылығы құлдырамаған болар еді, ал Қыпшақ мемлекетінің орнында сол бір алып ел мен ұлы мәдениеттің пұшпағы сынды көптеген ұлттар пайда болмай, тек бір ұлт-қыпшақ халқы қалатын еді. Шыңғысханның немересі негізін қалаған құдіретті Алтын Ордада қыпшақ тілі мен мәдениеті салтанат құрды, ал монғол тілі мен мәдениетінің ізі де қалған жоқ.. Ә.Кекілбаев шығармаларын мұқият оқыған зерделі оқушы осы айтылған тарихи жайттар турасында толғанбай қалмайды.
Әбіш романдарын сөз еткенде, алдымен «Үркер», «Елең-алаң» еске түседі. ХІХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан басталған қазақ тарихына деген бетбұрыс ұлт тағдырын ойлаған қаламгерлердің ешқайсысын енжар қалдырған жоқ. Халқының өткені мен бүгінгісін барлай отырып, тарихтың ұзақ тартыстарында елдігін, ұлттық намысын сақтап қалған халықтың ерлік күресі көп шығармаларға арқау болғаны белгілі. Бұл романдарда Қазақ елінің жоңғар және басқа көрші халықтар шабуылынан ығыр болып орыс патшалығынан пана іздеуінің күрделі жағдайларын сөз етті. Ресейге қосылу процесін бастаған Кіші жүз рулары үшін де, олардың ханы Әбілқайыр үшін де бұл оп-оңай іске аса қалған дүние емес еді. Басқа елдің отаршылдығынан қашып, екінші елге отар болуға мойынсыну халық үшін қолайлы емес екенін олар, әрине, білді. Бірақ амалсыздық көндірді. Әбілқайыр өз тобымен ақылдаса, кеңесе келіп, орыс патшалығы қол астына кіру арқылы басқа елдің шабуылынан, біраз уақыт тыныс алып, бейбіт тіршілікке көшуді, патшаға бағына отырып, өзінің және елінің хандық құрылымын сақтауды көздеді. Алайда патша саясаты әрі қарай тереңдеп, кейін бүкіл халықты оның жер-суын мемлекеттің меншігіне алуы, қанаудың күшейгені, осылардың мезгіл-мезгіл н.аразылықтар тудыруы жалпыға мәлім. «Үркер» романы-қазақ елі басынан өткен ауыр кезеңдерді, ХVІІ- ХVІІІ ғасырларда орын алған ірі-ірі оқиғаларды деректерге сүйеніп жазылған, көп қанатты, тарих шежіресін жырлайтын тамаша туынды. Ол әдебиеттегі тарихи шығармалардың қатарында белді жерден орын алатын, көркемдік дәрежесі жоғары, айрықша орамды шығарма. Роман мазмұны, ең басты, нағыз өзекті мәселесі – қазақ елінің өз жері, өз бостандығы, дербес ел болып қалыптасуы үшін талай жылдар бойы табан тіресіп жүргізген күресінің жайы, айбынды асулары. Шығарманың басты кейіпкерлері – Тәуке, Әбілқайыр, Бөгенбай, Тевкелев немесе бірдің емес бүкіл елдің атынан сөйлеген билер: Қазыбек, Төле, Әйтеке. Бұдан басқа кейіпкерлер ойдан шығарылған адамдар емес, өмірде, тарихта болған, қоғам өмірінде өшпес із қалдырған тұлғалар, қайраткерлер. Бұл шығарманың басқа шығармалардан ерекше айырмашылығы мен артықшылығы – ол түгелдей өмірде болған оқиға желісінде жазылғандығы. Сондықтан да бұл шығарма шын мәнісінде тарих шежіресінде құрылған тарих жанрына жататын туынды. Әбіш сомдаған тарихи тұлғалардың ішінде Әбілқайыр хан туралы жазбалардың ерекше құнды екенін айтқымыз келеді.
Елең-алаң – таңның бозғылт тартып ата бастаған тұсы. Бірақ әлі төңірек түгел ашылып болмаған. Орыс-қазақ қатынастарының негізі салынғанмен, қазақ елі үшін әлі көп нәрсе жұмбақ, күдікті еді. Таң белгісі оның келешегінен үміт күтуге дәмелендіргендей. Әбіш романының аты оқырман ойына осыны салады. «Үркердегі» суреткерлік, жазушы машығы, образ жасаудың үлгісі «Елең-алаңда» сол күйінде сақталған. Бұл романдарында жазушы жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресті таза реалистік шыншылдықпен, романтикалық шабытпен суреттейді. Осынау азаттық күресті ұйымдастырушы, бірегей қолбасшы, тарихи тұлға Әбілқайыр ханның бейнесін Аңырақай шайқасындағы асқан ерлігі мен одан соңғы Ресеймен бірлікке келу жолындағы атқарған іс-әрекеттері, елін сақтау жолындағы түсінуі қиын бағытты ұсынуының себеп-салдарын айқындау
арқылы тарихи шындыққа қиянат жасамастан, тарихи дерек пен жазушы қиялының бірлігінен қиыннан қиыстыра отырып, көркемдік шындығы шымыр шығармада шеберлікпен ашады.
Қос романда ұлттық мүдде турасынан келген шындық бар. Ертеңге үміт артқан қос кейіпкердің Әбілқайыр, Тевкелев шын сыры, өзіндік көзқарастары ішкі толғаныс арқылы беріледі. Қазақ қоғамының сол кездегі шындығын осы кейіпкерлер ой ағысы арқылы саралайды. Әбіш тілі бай, образды, ойлы. Оның суреттері де жарқын, нақты. Оның романдары шын мағынасындағы халықтық туынды. Олар-ойлап оқылатын кітаптар. Оларда суреттелетін тарих сабағы негізінен бізге адамгершілік тағылымын ұсынады. Жазушы тарихи фактіні парасатты талдаудан өткізе алған. Сол арқылы тұтас бір кезеңнің әлеуметтік болмыс-бітімін, психологиясын, саяси жағдайын, қайшылықтары мен қайғысын философиялық тереңдікпен көрсеткен. Сондықтан «Үркер» мен «Елең-алаң» - Әбіш Кекілбаевтың ғана емес, қазақ романының табысы болып саналады.
Ә.Кекілбаевтың қазақ тарихына қатысты зерттеулерінде ерекше орын алатын тарихи тұлғалардың бірі- Әйтеке би. Жалпы қазақ еліндегі билер институтының тарихын соңғы екі ғасырда көптеген ғалымдар зерттеді. Солардың ішіндегі ең ірілерін айтсақ, ХІХ ғасырда Ш.Уәлиханов, ХХ ғасырда С.Зиманов болатын. Ал Ә.Кекілбаев Әйтеке биге қатысты барлық деректі жан-жақты зерттеген. «Жеті жарғыны» жасақтаған әйгілі үш бидің тарихтағы орнының аса үлкен екенін айта келіп, Әйтеке би туралы: «Алаш ішінде Алшыннан, Алшын ішінде Әлімнен, Әлім ішінде Төртқарадан, Төртқараның Қарашы, Қараштың Сейітқұлы». Сейітқұл болғанда, кәдімгі Әз-Тәукенің төртінші атасы, атақты Қасым хан өлген соң біраз уақыт билігін қолына алған Шығай Жәдікұлы 1581 жылы ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде, қасына төртқара Сейітқұл дегенді ерте кетпейтін бе еді, сол Сейітқұлдың дәл өзі. Сейітқұлдың сегіз баласының аты жер жарған. Ең атақтысы Жалаңтөс, сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс Нұратада жүріп, Бұхар мен Тамды маңындағы қазақ ұлыстарын билеп, Ақназар ұлы Дінмұхамедтің көзіне түседі. Ол – кәдімгі Хафиз -Таныштың «Абдулла-нәмесіндегі» Дінмұхамед Қасым өлгесін шырқы бұзылған қазақ хандығының еңсесін тіктеп берген әкесі Ақназардың саясатын одан әрі жалғастырып, Абдолла әулетінен өрбитін билеушілермен батыл тайталасқа шығып, Орта Азияның кейбір шаһар мемлекеттерінің тізгінін өз қолына ала білген қазақ ханы Жалаңтөс те Дінмұхамедтің сол күресі үстінде көзге түссе керек»,- деп оның туып-өскен ортасы мен айналасындағы тарихи тұлғалар туралы нақты мәліметтер береді. Қожабергеннің «Елім-ай» атты дастаны Әйтеке бидің қайраткерлік тұлғасын ірілендіре түсетін тағы бір қасиетін ашып береді.» Ол – қазақ қауымын өрге бастыруға кедергі келтірер кертартпа үрдістерге батыл қарсы шыққандығында. Адамды, азаматты ата-тегіне қарап емес, қабілетіне қарап бағалауға үндегенінде. Сол арқылы халқына қамқор, еліне пана бола аларлық шын асылдар мен шын арыстардың көбейе түсуін көксегенінде». [4]
Әбіш «Абылай хан» пьесасын «халықтық қаһармандық драмалық дастан» деп атапты. Бұл атау шығарманың бүкіл рухынан, оның мазмұны мен жазылу үлгісінен туындағаны сөзсіз. Өйткені, шығарма, қазақ елінің тәуелсіздік жолындағы күрестерінің ең бір шешуші тұсы оқиғаларына құрылған. Ол ұзақ уақыт қалмақ шабуылы мен жаулаушылығы астында есеңгіреген қазақ елінің ХVІІІ ғасырдағы басқыншыларға қарсы ерлік күресінің эпопеясын жыр етеді. Халықтық қорғаныстарда батырлығымен көзге түсіп, ел бастаған Абылайдың осы жорықтардағы ерен еңбегі мен басшылық қызметі арқасында қалмақтар түбегейлі жеңіліс табады. Қазақ елі басқыншылардан бір жола тазарады. Осы қозғалысты бастаған Абылай бейнесін жазушы бүкіл халықтың азаттық жолындағы туына айналдырады. Орыс отаршылдығына ұшыраған халықтың бүкіл арман-мүддесі түгелдей Абылай тұлғасымен байланыстырылып, оның сөзі мен рухы кейінгі дәуірлердегі азаттық күресі идеясына қозғаушы күшке айналады. Шығарманың символдық идеясы қазіргі тәуелсіздікке қол жеткен қазақ елінің, оның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жолдағы күресімен жалғасып жатады. Пьеса жаугершілік заманның сипатын сахнада танытуға лайықталып, басты қаһарман бейнесін оның жастық шағы, жекпе-жекте қалмақ ханының баласы Шарышты өлтіруі, қапияда қолға түсіп, сол ханға пенде болуы, елге оралып хан тағына отыру оқиғаларын негізінде кеңінен ашып көрсетеді. Осы көріністердің барлығында да Абылай азаматтық мұратының биіктігімен көрінеді. Абылайдың ұлы жорығы «Азаттықтың қамы үшін», Болашақтың бағы үшін» басталады. «Қазақтың қайран даласын жағасы жайлау ел қылам, қара сирақ басқалармен тең қылам», «Білекке емес, білікке сенетін заман келгендей, білікке сенетін заман келгендей, білікке сенер заманда қапы қалып жүрмейік». Осы сөздерде қазақты ел қылу туралы үлкен мемлекеттік, қоғамдық ойлар жатыр. Астарлы сөзбен айшықталған, ойшыл түйінді қорытқан осы монологтар Абылай арманы кешегі шындықты аңғартқанмен бізге бүгінгідей естіледі. Бүгінгі тәуелсіз елдің ой-мақсаты жатыр мұнда. Тәуелсіздік идеясы оның рухына сіңіп, бойын әбден билеп алған еді. «Абылай хан» атты пьеса жазуға қаламгердің баруы бойына сіңген, ойын билеген осы іске Әбіштің тәуекел етуі болды деп топшылаймын. Әбіш Кекілбаев тәуелсіз Қазақстанның ірі қоғам, мемлекет қайраткерлерінің алдыңғы легінде белсенді қызмет істеп, біраз шыңдалды. Ол тәуелсіздік алған кезде Президент Н.Ә.Назарбаевтың сенімді серіктері қатарында болып, жауапты қызметтер атқарды, тәуелсіздіктің басты идеологы ретінде оны баянды етуге үлес қосты. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Әбекең – әлемдік өркениетке ортақ қазынасына олжа салған суреткер. Көркем ойдың, көркем әдебиеттің көсемсөзге жол берген тұсында ол ел-жұртына үлгі беретін үрдіске қол артып, уақыт мінбесіне көтерілді. Ағынан жарылды, адалынан сөйледі. Әлі де қоғам мен қауымды толғандырған келелі мәселелерге кең толғар пайым қажет болғанда, қаламына қайраткер сөз ұштап, шынайы пікірі мен шырайлы бәтуасын жайып салады. Жұртының мүддесі үшін жазары таусылмаған жазушы болу да бір бақыт қой. Шіркін-ай осындай қазақ көбірек болса екен деп тілеймін». [3] Әбіш Кекілбайұлының Махамбет, Абай, Құрманғазы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұқтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Нұрғиса Тілендиев секілді және тағы да басқа халқымыздың алып тұлғалары туралы толқыған теңіздей» толғаныстары мен желді күнгі шалқыған сар даладай тебіреністері, сондай-ақ өзінен кейінгі буындар жайында жазылған мақалалары мен пікірлері қаншама! Тағы да ол сол еңбектерінің бәрінде де сөз болып отырған объектінің тамырын тап басып, мәні мен мәйегін ашып айтады, көсіліп айтады, шешіліп айтады. Бірде бір жылтыр сөз, бірде бір сылдыр сөз көрмейсің. Ол эсселер мен мақалалардың автордың қанының қызуын, жанының жылуын бүкіл тұла бой болмысыңмен сезініп отырасың. Ә.Кекілбаев өзінің тарихи романдарында қазақ халқының өткен дәуірлердегі түрлі қоғамдық өзгерістер тұсындағы өмірін жан-жақты суреттеу арқылы сол дәуірдің шындығын сөз өнерінің көркемдік құдіреті арқылы көрсетіп, сол кезеңдегі қоғам, адам туралы кең түсініктерге жол ашады. Олар жалаң ғана суреттелмей, қазақ халқының дәстүрлік мәдениеті мен ұлттық руханиятының эстетикалық сұлулығымен сабақтастырыла өріледі. Мұнда тарих көркемдік сана тұрғысынан терең сарапталады. Тарихтағы азаттық жолындағыкүресті көркем бейнелеу Ә.Кекілбаев ұстанған ұстанымның негізгі тірегіне айналады.
Қорытынды
Әбіш Кекілбайұлы – шығармашылық ісінде болсын, қоғамдық-қайраткерлік жұмыстарында болсын халықтық мән-маңызы бар үлкен қағидалар мен мұраттарға қызмет етіп келе жатқан ұлы тұлға. Ол халық боп қатарға қосылу үшін, ұлт болып рухтану үшін, ең алдымен, оның тарихи жолын оятып, тарихи санасын жаңғырту керек деп ұқты.
Әбіштің сыншылдық, публицистикалык еңбектері де авторының жан-жақты білімділігін, өмірді байыпты зерттеп, ол жайлы кең ойлап, терең толғайтын адымды талантын мойындатады. Ол қазақ әдебиетінің ғана емес, халық тарихының, оның мәдениетінің үлкен білгірі. Оның сыншылдық ойы ұлт әдебиеті мен мәдениетіне қатысты мәселелермен шектеліп қалмайды, оларды әлемдік үлгілермен салыстыра қарап, биік талаптар қоюмен толығады. Оны толғандырған әлемдік құбылыстар ішінде А.Пушкиннің, Л.Толстойдың, Ф.Достоевскийдің, А.Чеховтың, Т.Шевченконың және тағы басқа классиктердің мұралары ерекше орын алады. Ә.Кекілбаевтың публицистік мақалалары мен жазбалары оның шығармашылығының көлемді бөлігін құрайды. Олар әр кезде жазылған, әр заманның сұранысынан туған. Әсіресе, тәуелсіздік алған тұста көп жазды. Тәуелсіз елдің тұңғыш Президенті қасында ұзақ жылдар болып қызмет істеген.
Ә.Кекілбаев Қазақстанның тәуелсіздігін қалыптастыру мен бекемдеуге, халқымыздың бірлігі мен келісіміне қажыр-қайратын жұмсады. Сондай-ақ қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтеруге, Еуразиялық және әлемдік кеңістіктегі мәдениеттер арасындағы өзара байланысты тереңдетуге аянбай еңбек етті.
Жалпы, қорыта айтқанда, Әбіш Кекілбайұлы еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси-әлеуметтік өмірінде болсын қайталанбас құбылыс. Ол-феномен. Ол-тұтас әлем. Ол әлем айтқан сайын тереңдей түсетін шыңырау әлем. Ол шыңыраудан әлі талай ұрпақ сусындап, талай ұрпақ қуаттанары сөзсіз. Ол – рухани ұлы тұлға. Ғылыми жоба жұмысында өзіндік ой қорыту, ғылыми тұжырымдамаларды қорытындылай келе төмендегідей ұсыныс айтқым келеді: Заңғар жазушы, қоғам қайраткері Ә.Кекілбайұлының өнегелі өмір жолы мен шығармашылық жұмыстары кейінгі ұрпаққа жан-жақты насихатталса.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Әшімбаев С. Шындыққа сүйіспеншілік. Алматы: Жазушы, 1993. -497 б.
2. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық. 9-том. Алматы: ҚАЗақпарат., 2005. -998 б
3. Тоғысбаев Б., Сужикова А. «Тарихи тұлғалар» «Алматыкітап» ЖШС, 2005 ж. 70 б
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі
ОҚО облысы Созақ ауданы Созақ ауылы
Жалпы білім беретін Науайы орта мектебі
«Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы тарихи тұлғалар бейнесі»
Бағыты: Қазақ тілі
Достарыңызбен бөлісу: |