Қазақстан республикасы бiлiм және ғылым министрлiгi



Pdf көрінісі
бет20/41
Дата03.03.2017
өлшемі5,16 Mb.
#7539
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   41

ЛИТЕРАТУРА
1.  Глумова  Е.П.  Методика  обучения  организации  межкультурного  общения  на  материале  регионального 
компонента (немецкий язык, языковой вуз) дисс. на соискание ученой степени к.п.н. /Нижний Новгород, 2006. 
-С.24-26.
2. Фоломкина С.К. Текст в обучении иностранному языку./ ИЯВШ, № 3, 1985. -С.121.
3. Лихачев Б. Курс лекций. -М., ЮРАИТ, 1998. -С.464.
4.  Исмакова  Б.С.  Этнокультурный  аспект  занятий  по  практическому  курсу  русского  языка  для  студентов 
отделений «Русский язык в казахской школе» дисс. на соискание ученой степени к.п.н., Алматы, 2002 .
Поступила в редакцию 14.09.2011.

№ 1 (86) 2012
147
Д.  ҚАМЗАБЕКҰЛЫ 
САДУАҚАС ҒЫЛМАНИ МҰРАСЫ: КӨКЕЙКЕСТІЛІГІ ЖӘНЕ ЖҮЙЕЛЕНУ НЕГІЗІ
Садуақас Ғылмани (1890-1972) – көрнекті қоғам және дін қайраткері, аудармашы, хадисші, ақын. 
Ол – Ерейментаудағы бірнеше мешіттің алғашқы имамы. Қайраткер 1952-1972 жылдары Қазақстан 
қазиятының  қазиы,  сондай-ақ  Орта  Азия  және  Қазақстан  діни  басқармасының  мүшесі  қызметін 
атқарды. Ағартушы 70-жылдары «Құран туралы жала мен өтіріктерге қарсы» атты кітап, 110 мыңға 
жуық  сөзді  қамтыған  «Арабша-қазақша  түсіндірме  сөздік»,  «Ел  аузынан  жиған-тергендер  (би-
шешендер мұрасы)» жинағын даярлады. Құран-Кәрім аяттары мен хадистердің қазақша тәфсірлерін, 
мәуліт өлеңдерін, діни сауалдарға жауаптар мен діни уағыздарды да әзірледі. 14 тараудан тұратын 
әйгілі «Кәлила мен Димнаны» қазақшаға аударды. Қазақстан Ғылым академиясының тапсырмасымен 
әл-Фараби шығармаларын араб тілінен тікелей қазақ тіліне аударуға атсалысты. 
Қайтар  алдындағы  өсиетіне  қарағанда,  ол  «ислам  діні  туралы  42  кітапша  жазған,  «Кәлила  мен 
Димна»  аудармасын  1958  жылы  Ғылым  академиясына  тапсырған,  Олжабай  Нұралыұлы  екеуі 
Л.Толстойдың «Адамның ақыл парасаты» атты еңбегін өлеңмен аударған» [1].
Әрине,  дәл  бүгін  жалпы  Қазақстан  қауымы  үшін  жоғарыдағыдай  көл-көсір  мұра  қалдырған 
тұлғаның аты мен заты аса танымал емес. Дей тұрғанмен дін, руханият тарихын жіті білетін азаматтар 
«Сәдуақас  Ғылмани»  десе,  елең  ете  қалады.  Өйткені,  олар  үшін  С.Ғылмани  –  ХХ  ғасырдағы  ұлт 
рухани ізденісінің, діни талабының әрі жарқын үлгісі, әрі «ақтаңдағы».
Жасырып  не  керек,  осы  «ақтаңдақ»  ұғымы  бізге  солтүстік  көршімізден  келді.  Патша  тұсында 
гранкасы  теріліп  қойған  кітапты  да  сүзгіден  өткізетін  цензорлар  болған  екен.  Солар  жаратпаған 
жерлер  кейін  кітап  шыққанда  жолақ-жолақ  ақтаңдақ  күйінде  қалатын  ұқсайды.  Егер  осы  дәстүрді 
кеңестік цензура да жалғастырса, біз де оны «ақтаңдақ» десек, танымға қиғаштық тудырмайды.
Сәдуақас Ғылманиға қатысты  «ақтаңдақ» екі бағдарда аңғарылады. Бұл ғұлама шығармашылығының 
көкейкестілігін айқындайды.
Бірінші,  егер  біз  оның  шығармашылығын  толық  қалпына  келтіріп,  жүйелеп,  талдап,  халыққа 
лайықты ұсына алсақ, қазақ әдебиеті тарихындағы аса трагедиялы әрі идеологиялық таптауырындыққа 
ұрынған  30-жылдар  мұрасын  жаңа  қырынан  таныған  болар  едік.  Бұдан  да  түсінірек  етіп  айтсақ, 
С.Ғылмани  туындылары  1929-1930  жылдары  ұсталып,  ойындағысын  айта  алмай  кеткен  Алаш 
арыстарының  арман-аңсарын  жеткізеді.  Отандық  әдебиет  тарихының  тұтас  бір  кезеңіне  сәулесін 
түсіреді: үзілген жерді жалғайды, кемді толықтырады.
Екінші, С.Ғылмани қайраткерлігі ХХ ғасырдың өн бойындағы Қазақстан діни жолының ізденісі 
мен  іркілісін,  қапалығы  мен  қателігін,  өрісі  мен  терісін  байыптатады.  Әйтпесе,  тұтасқан  атеистік 
қоғамда отырып діни пайым айту немесе сұхбат пен мәмілеге келу қай тараптың ұпайын түгендейтіні 
түсінікті.
Діндар,  ғалым,  ағартушы  Сәдуақас  Ғылмани  тұлғасын  танып,  зерделеуде  тағы  да  бір  ақиқатты 
айналып өте алмаймыз. Ол – ғұламаның ата тегі туралы шындық. Дәл осы тұста «Ғылманидың тегі» 
және «қарға тамырлы қазақ» деген ұғымдарды параллель жүргізіп салыстыруға болады. 
Қазақ халқының этникалық тек-тамырынан шамалы хабары бар адамның өзі ұлт аты «еркін бірігу» 
мен «азат тұтастанудан» өрбігенін аңғарар еді («Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталатын 
бұрынығы гимнің бірінші нұсқасында көп мән бар). Әйтпесе ғасырлардың арға белесінде ұлыс, ел, 
мемлекет  болған  түрлі  этностық  бірліктер  уақыт  өте  келе  тарихи-қоғамдық-саяси  факторлардың 
әсерінен бір шаңырақтың астынан табылуы – олардың кемшілігі емес, Алла мен тағдыр анықтаған 
жолы-тын. Ендеше шартты заманалар мен шекаралар дауылында Еділ бойынан Ереймен топырағына 
келіп орнығып, сүйек ұстап, шұрқырасып ағайын тапқан Сәдуақастың арғы атасын да, бергі атасын да 
қазақ демеуге әддіңіз жоқ. Себебі, оның ата-бабасы қандас, діндес туыстарымен еркін біріккен, азат 
тұтасқан.
Ал, енді адами немесе шығармашылық айтыс-тартыс, сөз қағыстыру барысында Шортанбай мен 
Майлықожалардың – «қожа», «сарт», «араб», ал Ақмолла мен Садуақастардың – «ноғай», «естек» 
болып кетуі жай қалжың мен әзіл ғана. Бұдан астар іздеу, мұны «қысыр әңгімеге» айналдыру - құр 
әурешілік (айтқандайын, башқұрт арасында жүрген «қазақ» атты рудан бастап басқа да қазақ ішіндегі 
аталармен аттас, заттас ру атауларына қатысты та осыны айтуға болады).
Жалпы Сәдуақас Ғылманидың өлеңдерін оқып отырып, ауылдастарына, ұстаздарына, шәкірттеріне, 
туған  жеріне  деген  риясыз  ықыласын  анық  байқаймыз.  Сондықтан  ол  бөлектенуге,  ағайынға  жат 
қылық танытуға жаны қас. Мысалы, ақын бүй дейді:

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
148
Алтау ала болғанда, аузың босар,
Қанша сақтап жиғанын түгел құсар.
Төртеу түгел болғанда, аймақ шұлғып,
Нендей өрен жүйріктің бәрі тосар.
Шәкірттеріне арнаған бір туындысында бауырмалдық мәселесін былайша тілге тиек етеді:
Адал жүрек – талап, шарт,
Тілек керек – елді ағарт.
Жұмсақ тілді майда бол,
«Қазақ», «ноғай», демей «сарт».
Сөйте тұра С.Ғылмани да қазақтың «Тексіз тегін жасырады» деген сөзін жақсы білген. Сондықтан 
бір өлеңінде:
Сәкен қалпе атым ед,
Қанжығалы затым ед.
Тыңда, халқым, құлақ сап,
Бұл бір айтар датым ед, –
деп,  елге  қажет  тағылымды,  иманды  мәселелерді  қозғайды.  Ал,  бірқатар  өлеңінде  жеті  атасының 
тарихын жасырмай, қазақ жеріне қалай келіп, осы ұлтқа қайтіп діни білім нұрын шашқанын әуезелейді.
ХХ  ғасыр  басында  өмірбаянды  немесе  биографияны  «тәржімахал»  деген.  Ағартушы  діндар 
ақын  «Өмір  тарих»,  «Ұзау  себебім»,  «Тәржімә  хал»  атты  танымдық  өлеңдерінде  және  басқа  да 
туындыларында ата-бабасы мен өзінің өмірбаянын біршама сөз етеді.
Қазіргі энциклопедияларда және журналистер жазып жүрген таныстырылымдарда С.Ғылманидың 
туған жылы «1890» деп көрсетілген. Өзі «Өмір тарихында»:
Жылым – қоян туған жыл жарық көріп,
Айтылған сөз атадын есептеліп.
Қай жұлдызда туғаным ұмытылған,
Жазылмаған сызықта көзге ілініп, –
дей отырып, әке-шешесінің «сүт суалтар кенжесі болғанын» айтады. Бүгін біз тұтынантын григорян 
күнтізбесіне салсақ, 1890 жылдан кейінгі 1891 жыл – қоян жылы екені айқындалады (наурыз – жыл 
басы, сондықтан қалыптасқан дата дұрыс) . 
Барлық деректерде, ұрпағының естеліктерінде Садуақас Ғылманидың Ақмола облысы Ерейментау 
маңындағы Малтабар ауылында туғандығы көрсетілген. 1972 жылы 24 сәуірде Алматы қаласында 
қайтқан.  Сүйегі  Кеңсай  зиратына  жерленген.  Ақын  мұрасын  жинастыруға  атсалысып  жүрген 
Тасмағамбет Тәлімұлы тапқан бір суреттің сыртына 70-жылдары Садуақас ақсақал өз қолымен араб 
харпінде:
  Мен қария – сексеннен асқан Сәкен,
  Еркелетіп атапты мені әкем.
  Шын атым азан айтқан – Сағырақадыр,
  Туғанмын Ерейментау өсіп-жеткен, –
деп жазыпты.
 
Сондай-ақ өмірбаяндық жырдан Садуақас анасынан 11 жаста айырылғанын, алғаш араб тілін 
өз бабасынан үйренгенін, сонан кейін Шарықты жайлауында Байдүйсен қазіреттен сабақ алғанын, 14 
жасында «бала молда» атанып, Тасбақа, Өмірзақ ауылдарында шәкірт оқытқанын, 15 жасында бұрынғы 
оқуына  көңілі  толмай  бір  қыс  Төре  ауылында  Айтмағамбет  молдадан  «Бұғар  Зада»,  «Тұхфаны» 
меңгергенін,  тағы  бір  жылдан  соң  Тойғанкөлдегі  Төлеңгіт  ауылында  Ақтамақ  қалпе  медресесінде 
Бейіс досы екеуі оқығанын, осында 6 жыл болып, 3 жыл оразада «елге шығып, азырақ қаражаттық 
дүние құрағанын» (Құран оқып, имандылық шарасын істеп), жетінші жылы Қайлан байдың ауылында 

№ 1 (86) 2012
149
бала оқытып, қыста қайта медресеге келіп, Хекмат ғайын, молла Жәлелден сабақ алғанын жазады. 
Сондай-ақ 24 жасында ауыл-аймақ ақсақалдарынан разылық батасын алғанын, Аққозы ауылында 3 
жыл бала оқытқанын, сөйтіп өзі айтқандай «надандық салдарынан» 1916 жылғы көтеріліске киліккенін 
(«Әлекке кездестірді қараңғылық / Айтқанға тіл алмадық соңына еріп / «Күлің көкке ұшады» десе 
дағы / Жүре берді «айтақ» деп мазақ қылып), жазалаушы әскердің сойқанын өз көзімен көргенін, сол 
шамада Қусаққа жасырынып кіреші боп Екібастұзға астық тартқанын, 1917 жылы орыс әскерінің тағы 
да қырғынын көргенін, сол шамада туған апайы Мәпеннің (өзінен 4 жас үлкен) аурудан қайтқанын 
(бақұлдасады),  атыс-шабыста  біраз  ағайын-туыс,  құрбы-достан  айырылғанын  айтады.  Әсіресе, 
осында орыс солдаттары атып өлтірген туған ағасы Мұқанның қайғылы хәлі көз жасымен жазылған. 
Жас діндар имандылық кетіп, имансыздық орнаған заманда кісіні кісі аямайтынын өкінішпен ауызға 
алады. Әсіресе, бейкүнә адамдарды ату, азаптау, тәлкекке түсіру – төңкеріс шағының негізгі сипатына 
айналғанын қинала пайымдайды. Сөйте тұра Алладан, алдағы күннен үміттенеді, «қазаға риза, пәлеге 
сабырмын» деген тәуба сөзді дәйектеп: 
  Тағдыр – жел, пенде басы – ол бір қаңбақ,
  Жел соқса, бөгелерлік жоқ қой салмақ.
  Билік желде болғандай, жазмыш Ие,
  Қалай жөнге сыяды қапаланбақ? –
дейді.
Осы тұста Садуақас Ғылманиға рухани әріптес, тәлімгер болып, кеңестік-атеистік жүйенің біраз 
құқайын  көрген  ерейментаулық  қалпелер  (діндарлар)  туралы  да  айта  кеткен  жөн.  Өлке  тарихын 
біршама жақсы білетін Талғат Жанайдарұлы жиған деректерде Тоқан қазірет пен Ақтамақ, Әкбар, 
Ақтан,  Шахман,  Ақажан  қалпелердің  аты  мен  заты  ерекше  айтылады.  «Осынау  діндарлар  белгілі 
қоныс-мекендерде мешіт-медресе ашып қана қоймай, халықтың сөзін сөйлеп, аса шешуші сәттерде 
елдіктің  алтын  арқауын  сақтап  қалды.  Айталық,  қатты  қуғын  көрген  Нұралыұлы  Олжабай  ақын 
Тоқмағамбет (Тоқан) Дұмаұлы жөнінде «Елге пір болған қазіреттің өлігі тіріден артық» дегені бар. 
Ал,  Ақтан  қалпе  ешқандай  саясаттан  қаймықпай  Ақтөбеде  айдауда  жүрген  Олжабай,  Барлыбайға 
елдің қаржысын жинап апарған. Ел іші «Сәкен қалпе» атайтын С.Ғылмани қуғын көргенде, діндар 
қатарластары мен шәкірттері астыртын жәрдемдесіп отырған» дейді өлкетанудың жанашыры. Осы 
тұлғаларға байланысты елеулі мәліметтер қаламгер Сайлау Байбосынның «Ерейментау» танымдық 
кітабында, журналист Жанат Түгелбайдың мақалаларында, инженер Бексұлтан Смайыл мен Қайролла 
Тоқтыбайдың аз-кем естелігінде ұшырасады. Әлбетте, отаршылдық заманының қалың тұманында өз 
бетінше шарқ ұрып ізденіп, Түркістан өңірінен Еділ бойына дейінгі мықты оқымыстылардан тәлім 
алған  қазақтың  қазірет-қалпелері  туралы  кешенді  зерттеулер  жүргізу  –  қазіргі  уақыт  талабы  деп 
есептейміз. 
Сәкен  қалпе  өлеңдерінің  дені  30-жылдары  жазылғанымен,  өз  қолымен  хаттаған,  құрастырған 
жинағына 40-60 жылдар қағазға түскен бірер шығармасы енген. Осы тұста оқырман «Ол неге кейін 
өлең жазбаған?» деп сұрауы да мүмкін. Біріншіден, мұны бір Алла біледі (біз білмейтін жазғандары 
болуы  да  мүмкін).  Екіншіден,  50-жылдардан  бастап  ол  кісі  елге  поэзиядан  да  маңызды  арабша-
қазақша сөздік жасауға кірісті [2]. 108. 200 сөздің мағынасын, транскрипциясын жазу, дәйекшесін 
қою – оңай шаруа емес. Үшіншіден, қалай дегенде өлең – адамның көңіл күнделігі. Сондықтан ендігі 
ағартушының  күнделігі  діни  ағартушылық  іспен  байланысты  болып  кетті.  Ол  танымдық  кітаптар, 
түсінік беретін шығармалар жаза бастады.
Әкесі мен өзінің тағдыры жөнінде естелік жазған (әлі басылмаған) Үкіжан Садуақасқызы: «Менің 
жасым    90-ға  таяды.  Осы  жасымда  ойланамын:  «неге  халық  үшін  қызмет  еткен  әкемнің  бірде-бір 
толымды кітабы, сөздігі шықпай жатыр?» деп. Қазір заман өзгерді, сана дұрысталды. Мұны кім қолға 
алады?.. Бұл арман болып тұр, қарақтарым. Әкем 1945 жылы Ақмоладағы Омбы көшесінің бойындағы 
мешіттің іргетасын қалап, оны 1952 жылға дейін жамағаттың құт ордасына айналдырды. 1949 жылы 
Мәскеудің рұқсатын алып, қажылық сапарға Ташкент-Мәскеу арқылы барды. Қажыдан зәмзам суын 
әкеле жатқанда, Мәскеуде кісәпірлердің төккізген жағдайы да кездескен. 1952 жылы Қазақстан қазиы 
Әбдіғаппар  Шамсутдинов  әкемді  Алматыға  шақырып,  өз  орнына  ұсынған.  1953  жылы  И.Сталин 
қайтқанда  мүфти  Бабахан  екеуі  қаралы  жиынға  қатысқан.  Әкеміз  Алматыда  Дачная  көшесінде 
тұрды. Бірде үй маңындағы ағаштарды кесуге байланысты дау шыққанда, ол кісі Д.Қонаевтың әкесі 
Меңліахметке жолығып, оны мәміле жолмен шешкені бар. Ғылман атам да сондай ақылды болатын. 

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
150
Ол 1939 жылы қайтты. Екеуміз Омбы ауылдарына әкемді іздеп барғанымыз есімде. Әке үшін перзент 
қашанда аяулы ғой. Біз де тік тұрып сыйладық. Қуғында жүріп өзімен тағдырлас бір азаматпен сөз 
байласып, құда болған ғой. Үлкен кісілердің уағдасын екі етпей, бой жеткенде Ғалымжан Кәрімұлына 
тұрмысқа шықтым. Әкем марқұм: «Жақсылықтың түбінде өсері бар, Жамандықтың түбінде өшері 
бар» деп отырушы еді. Сол айтпақшы, жақсыдан үміт етеміз. Сіңілім Әминаның қолындағы әкеміздің 
қыруар мұрасы кітап болып шығып, халықтың игілігіне айналса, ғалымдар оны терең зерттесе, ол 
кісінің  арманы  орындалған  болар  еді.  Менің  де  бір  арманым  бар.  Ол  –  Ақмоладағы  әкем  негізін 
қалаған мешітті сақтап қалу. Дүние жүзі бұрынғы мұраларын көздің қарашығындай сақтап отырғанда, 
оны бұздырып қойып қалай қарап жүрмекпіз. Астанадағы «Ислам діні музейін» жасауға да болады 
ғой содан. Көкейімде тағы да арман тұр. Ол бауырымыз, әкемнің жалғыз ұлы Хаматқа байланысты. 
Біздің әулеттен Хамат, Кәкен, Зейніл, Кәкім, Қалиакбар соғыстан келмей қалды. Хамат туралы марқұм 
Нұрым Сансызбайұлы, басқа да жанашырлар іздестіріп, мәлімет жинады. Бірақ 1943 жылы Краснодар 
өлкесіндегі ұрыстардан кейінгі тағдыры белгісіз. Бұл енді жақынын жоғалтқан миллиондаған адамның 
жан жарасы ғой... Әкемнің мұрасы – телегей теңіз ғой. «Сәкен қалпе айтыпты» деген ел арасында 
жиналмағаны қаншама. Әкем мағынасы мен мақамын сақтап қазақша тұңғыш рет 1949 жылы жазған 
«Мәуліттің» кең насихатталмай жүргеніне де қайранмын. Мұны менің балам Самат Ғалымжанұлы 
соңғы жылдары екі мәрте өз қаржысына басып, халыққа таратты. Енді айтыңызшы, осылар қазақтың 
байлығы болмағанда кімнің байлығы?..»,- деп ащы сұрақ қояды [3].
Ғұламаның артында қалған мол мұрасын шашауын шығармай жинап отырған Әмина Садуақасқызы 
былай  дейді:  «Әкем  1946-1966  жылдары  бірыңғай  сөздік  жасауға  отырды.  Бұл  –  инемен  құдық 
қазғандай еді. Қайтқанынша соны түзетумен болды, тіпті каракасын қойып отырғанда дүниеден озды. 
Өлеңдеріне  келсек,  олар  1961-1968  жылдары  мәшеңкеге  басылды.  Оны  мен  бастым,  жиені  Самат 
басты. Өзі оқып (диктовать етіп) отырды. Мәшеңкеге алғаш 5 қағаз, кейін 4 қағаз салып отырдық. 
Бұл сонша дана болды деген сөз. Оның біріншісі – Хаматқа, екіншісі – Үкіжанға, үшіншісі – маған, 
төртіншісі  –  орталық  музейге,  бесіншісі  –  Жақия  қажы  Бейсенбайұлына  арналып  жасалды.  Біз 
орысша оқығанбыз, сондықтан басқанда көп қиналдық. Әкемнің Д.А.Қонаевтың әкесі Меңліахметпен 
байланысы да болды. Ол кісі де діндар, баяғының жөнін біледі. Сөздік біткенде, оған Қали Сейітұлы 
(диктор Ләскердің әкесі) арқылы хат жазды. Мұнда кітап етіп бастыртуға көмек сұраған. Хат Академия 
басшысы Ш.Есеновке жетеді. Комиссия құрылады. Бірақ ... сөздік шықпады. 1991 жылы мен Ісмет 
Кеңесбаевқа  бардым.  «Қолжазба  қайда,  неге  қозғалмайсыздар?»  деп  қадалып  сұрадым.  Академик 
ағамыз: «Мен сенен ешқандай қолжазба алған жоқпын. Өзің бір даукес әйел екенсің» деп, қатқылдау 
сөйлеп, шығарып салды. Айтқандайын, әкемнің сөздігіне техникалық жағынан хатшы болған - Бұхара 
жақтан  келген  арғы  жағы  Нальчиктің  жігіті  Махмуд  Бекеев  еді.  Алайда  әлі  күнге  сол  сөздігінің 
бағы  ашылмай  тұр.  Арабтанушы  Мұхит  Салқынбай  1  томын  шығарып  еді,  оның  да  техникалық 
орындалуы сәтті болмады және басқа томын жариялау жалғаспай қалды. Өйткені, араб харпін, сөзін 
жеткізуге көп қосымша тәсілдер қажет. Осы жағынан көмектесеміз деген Әшірбек Момынов, Мұхит 
Салқынбай, Сейфолла Есентемір, Қайрат Жолдыбайұлы сынды арабтанушы балаларға қолдау болса, 
істен нәтиже шығар еді. Арабша-қазақша сөздігінің қолжазбасы 27 том, ал мәшеңкемен басылғанда 5 
том. Ел аузынан жиған-тергендерінде Саққұлақ шешеннен бастап Қожахмет Әлімбайұлына дейін 59 
ғұламаның сөзі бар. Басқа да жазғандары бар. Зор арманымыз – осыны халыққа жеткізу» [4].
Қазаққа әл-Фарабиді алғаш қайта танытқан ғұлама, соңына «Әл-Фараби және Абай» секілді таңдаулы 
еңбек қалдырған академик Ақжан Машани бүй депті: «Мен С.Ғылманиды өзімнің ғылыми жетекшім 
деп есептеймін. Өйткені, «екінші ұстаз әл-Фараби араб емес, қазақ жерінен шыққан ғұлама» деген 
хабармен жер жүзін шарлап, анықтауға кірісіп, араб-парсы тілдерінде жазылыған шығармаларды оқи 
алмай жүргенімде Сәдуақасқа кезіктім. Ол кісі маған керекті шығармаларды аударып берді. Соларды 
зерттей келіп, әл-Фараби зиратын тауып, оны қазақтың Отырар-Фараб қаласынан шыққан оқымысты 
екенін дәлелдеп, ел-жұртына таныстырдым» [5].
Дерек  көздерінде  С.Ғылманидің  «Діни  педагогика»  атты  оқулық  жазып,  Махмұт  Шалтуттың 
«Бейбітшілік пен соғыста» еңбегін және «Діни ғибраттар туралы түрлі мемлекеттерде шыққан заңдар» 
сынды құжаттарды аударғаны, сондай-ақ «Париж қаласынан сұрақтар» деп аталатын теологиялық дүние 
әзірлегені айтылады. Әлбетте, жүйесімен іздестірілсе, ағартушының басқа да жазғандары табылуы 
тиіс. Мысалы, шығыстанушы Мұхит Салқынбай «Кәлила мен Димна» аудармасының қолжазбасын 
Ғылым академиясының қорынан тауып отыр. Бұл ретте ғылманитануға діндар Қайыржан Исатайұлы, 
журналист-зерттеуші  Нұрқасым  Қазыбек  пен  ақмолалық  бір  топ  қаламгерлер  және  ғұламаның  өз 
перзенттері Үкіжан, Әмина апалар атсалысып жүргенін оқырманның есіне салған ләзім [6].

№ 1 (86) 2012
151
Осы жерде С.Ғылмани отбасы туралы бір ауыз сөз айта кетейік. Бірінші әйелі Дәмелі Ержанқызы 
1927  жылы  25  жасында  қайтқан.  Екінші  әйелі  –  Мәкен.  Ол  кісі  1933  жылы  33  жасында  бақилық 
болған.  Үкіжан  ол  кісі  туралы  «ақ  сүтімен  емізіп  асырады»  деп  жазады.  Сәкен  қалпе  Дәмеліден 
үш, ал Мәкеннен жеті перзент сүйген. Бірақ бұлардың көбі жас күнінде шетінеген. Кейінгі жары – 
Жәмила. Үш перзенті аяқтан тұрған. Олар: Хамат (1922 жылғы), Үкіжан (1923 жылғы), Әмина (1939 
жылғы).  Хамат  30-жылдары  Орынборда  орта  арнаулы  мектепте  оқыған.  Үкіжан  (азан  шақырған 
аты – Мүмина) Ақмола мектебінде білім алған. Әмина медицина институтын бітірген. «Әкем әйгілі 
Ишанбай Қарақұловқа «осы қызым дәрігер болса деуші едім» деп арманын айтыпты» деп еске алады 
Әмина Садуақасқызы. Екі қызы да: «Асқар тауымыз соғысқа кеткен ұлын күтумен болды. «Ол келеді» 
деп  өле-өлгенше  үміт  етіп  күтті.  Сондықтан  ақиретке  даярланған  кез  келген  мұсылманша  рухани 
мұрасының бір бөлігін хабар-ошарсыз баласына мирас етіп кетті» дейді.
Хамат (кейде «Хаммат» деп те жазылады) Садуақасұлына аманатталған үлкен мұра – мәшеңкеге 
басылып, түптелген өлең жинағы.
Алланың құдыреті демеске лажымыз жоқ, Сәкен қалпенің майданға кеткен баласына қалдырған 
мұрасы,  бұйырса,  кітап  болып  шыққалы  тұр.  Бұдан  да  түсінікті  етіп  айтсақ,  өлеңдер  жинағының 
«Хаматқа» деген нұсқасы болмаса аталмыш кітаптың даярлануы да, басылуы да кешеуілдер еді. Бізге 
оны жеткізген - Тасмұхамбет Тәлімұлы (Тасмұхамет Талимов) деген 1926 жылы туған ереймендік 
ақсақал. Ол - кеңес өкіметі кезінде әр түрлі жауапты қызмет істеген көзі ашық адам. Ол С.Ғылманидың 
мәшеңкеге  басылып,  түптелген  қолжазбасын  Салықтың  Қабыкені  деген  кісінің  немересінен  2002 
жылы  алыпты.  Қабыкен  –  Садуақас  Ғылманимен  замандас  болса  керек.  Кітап  арасынан  ақынның 
бір фотосы шыққан. Тасмұхамбет Тәлімұлы бұл кітапты Қабыкен Салықұлының жұртқа насихаттап 
отырғанын бұрын көрген екен. Бірақ оның осы кісінің қолына қайдан түскенін білмейді. Бұл ақсақал 
біраз жыл бұрын мұны кітап қылып шығаруды ойластырғанмен, қаржы жағынан ешкім көмектеспепті. 
Сондықтан «кітап туралы кеңесу үшін» Ерейментаудың спорт мектебін басқаратын жиені Сәрсенбек 
Өтепов  арқылы  Астанадағы  Л.Н.Гумилев  атындағы  ЕҰУ  редакциялық  баспа  бөлімінің  қызметкері 
Ақтоты Елешеваға жіберген. Осы маман түптелген жинақты ЕҰУ «Алаш» иститутына тапсырды [7]. 
Жинақтың алғысөзінде мынандай жолдар бар:
«ЕСКЕРТКІШ
Осы кітап иесі Хаммат деп танылады.
Қамаш!
Біз де сендей ақыл-еске кәмел ие бола алмаған халде, ата-ананың сілтеуімен сол жолда тырысып, 
бұл кезде адамның басқа жан иелерінен айырмасы оқу-білім арқылы ғана екендігіне көзімізді жеткізіп, 
өткен өмірді балалық дәуірімен қапыда білім сусынына қана алмай қалғандығымызға зор өкініштеміз. 
Өткен өмірдің сорақылығын тұрмыс айнасы бүгінде ғана шешіп, түрлі қателіктерді қазіргі сезімде 
жоюға тырысқанмен де, аз да болса мезгіл өткендігін көріп шегінеміз. Сондай-ақ өмірде лайықсыз 
қиындықтарға кездеспес үшін қазіргі өнер-білім майданында білім сусынынан қанудағы қадамыңа 
құттықтап (ескерткіш), пайдалануыңа осы кітабымды жолдадым.
Тәрбиешің - жардамшы, жетекшің - өмірлі болып, көп жаса! Қадамың алға болсын!
(Тілегіңде нағашың Оразбай Құлжанұлы).
1931 жыл 20 март
Майтөбе – Қарасу».
Бұл  кіріспені  оқыған  адам:  «Сонда  кітаптың  авторы  қайда?  Оразбай  Құлжанұлы  деген  кім?» 
деп  сұрақ  қоюы  мүмкін.  Мұның  сырын  Үкіжан  Садуақасқызы  былайша  түсіндіріп  берді:  «Ол 
нағашымыздың атынан жазылған әкемнің сөзі. Бәлкім сақтық, бәлкім баласының нағашы жұртына 
деген  құрметі  шығар».  Біздің  бұған  қосарымыз:  әлі  зерттелмей  жатқан  осындай  қолмен  жазып 
таратылған кітаптарда белгілі адамның немесе қажет деп тапқан жанның атынан «арнау сөз» жазу – 
қалыптасқан дәстүр болған. Бұл – соның мысалы. Жинақ ішіндегі өлеңдерге бойлаған сайын діндар 
ағартушының тұлғасы әрі тереңдей, әрі асқақтай түседі. 
Тұтастай  алғанда,  Садуақас  Ғылмани  өлең-жырлары  -  жалпы  қазақ  әдебиеті  мен  мәдениетінің 
тарихын, әсіресе ХХ ғасырдың 30-жылдарын мейлінше толықтыратын айрықша мұра. Осыны оқып-
білуге деген халық пен қоғам сұранымы да айрықша.
2006-2010 жылдары Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Алаш» мәдениет және рухани даму институты 
Садуақас  Ғылманидың  соңында  қалған  қомақты  поэзиялық  мұрасын  жинақтап,  сараптап,  баспаға 
даярлауды қолға алғанда (2010 жылы жеке кітап болып шықты), Құдай қолдап, жанашыр, жанкүйер 
адамдар тұс-тұстан табылды. Бұл – халықтың Сәкен қалпеге деген ықыласы мен пейілі еді. Соңғы 

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Хабаршысы
152
жылдары «Бір өзі тұтас исламтану орталығының жұмысын атқарған ғұлама жинағының әлі шықпай 
жатуы – бәріміз үшін де сын» деген пікір көп айтылды.
Діндар ғұламаның көркем шығармалары сан қырлы [8]. 
Ақын мұрасын шартты түрде бес топқа жіктеуге болады. Біріншісі – көңіл-күй өлеңдері, екіншісі – 
сюжетті немесе оқиғалық негізі бар шығармалары (мұның көбісі діни тақырыпта),  үшінші – насихат 
өлеңдері, төртінші – арнау өлеңдері, бесінші - жауап-хат өлеңдері. Әлбетте, бұлардың ішінде тақырып 
ауанына қарай бір-бірін толықтыратын туындылары да кездеседі. Сонымен бірге жаңашыл ақынның 
«Ж.Аймауытұлының «Психологиясына» және «Наполеон сөзі» (соңғысы бір арнаудың ішіне енген) 
атты  өлеңі  30-жылдар  әдебиетінің  соны  бағдарын  танытады.  Бұл  сыни-аналитикалық  шығармалар 
болашақ Қазақстан қазиының ерте-ақ сауатты, білімді, білікті болғанын көрсетеді.
Діндардың «Сөз құрылысы», «Өлең-жырды қолдану себебім», «Ана тілі», «Бір кісінің календарының 
сыртына жаздым» атты туындыларының тақырыбы, мән-мағынасы ғылым мен танымға жақын. Ал, 
енді қазір қолымыздағы жыр-мұрасын жоғарыдағы бағдармен қарасақ, мынандай болып көрінеді.
Көңіл-күй өлеңдері: «Ылажы ыразылық», «Мінажат мұң», «Соңғы таю», «Өкіну», «Түс шайы», 
«Дұға»,  «Ғажап  тұрмыс»,  «Уайым»,  «Көңілім»,  «Мүнәжәт»,  «Мешіт»,  «Елестейді  көзіме»,  «Өткен 
күнді  жоқтау  зары»,  «Тілекті  мұңы»,  «Арманды  ойы»,  «Зары»,  Жұмбақ  із»,  «Сәлемдеме  орнына 
арналды  мыналарға»,  «Саналыға»,  «Ескерткіштің  тізбегі»,  «Жұмбақты  ақыл»,  «Көз  көргенге 
ризалық»,  «Пендешілік  зарым»,  «Ауырлық  басқа  түскен  заман  болды»,  «Ұзау  себебім»,  «Қара 
күн», «Қиял-мұңның бір тарауы», «Омбы облысы Астархан жолында», «Мен не көрдім?», «Тұрмыс 
тоқпақ арналған», «Көз көргенге ризалық», «Әй, дүние!», «Мен не көрдім?», «Жаратылыс сырына 
ғажапсыну», «Кәрілік», «Өкіну».
 
Сюжетті немесе оқиғалық негізі бар шығармалары: «Бос кеткен бес нәрсе», «Қасас сүресінің 
әз  аяты  мен  тәпсірі  аудармасының  мазмұны»,  «Әуһәл-Уәләдтің»  біраз  аудармасы»,  «Ұзақ  Хадис 
аудармасы», «Тәпсірден бір әңгіме», «Жақсылық тану», «Бір ертегі», «Ертегіден үлес», «Бір әңгіме», 
«Бәни  Есрайылдың  үш  қазысы»,  «Дуана  мен  патша  әңгімесі»,  «Әбубәкір  қазіреттің  біраз  жайы», 
«Торғайлардың қаулысы», «Дос дегеннің ұққанына», «Тарихи оқиға (көз көргендер)», «Өмір тарих», 
«Бір күні Ғабдүмәлік патша ағзам» (аударма), «Тәржімә хал», «Құран оқу – сауап іс», 
Насихат  өлеңдері:  «Құрбан  айты»,  «Сопылар»,  «Үгіт»,  «Хадис  аудармасы»,  «Араб  өлеңдері» 
топтамасы,  «Қорытынды»,  «Үгіт  сәлем  Б.Ж.  інілеріме»,  «Жауыздық,  қорлық  туар  жақыныңнан» 
(арабтан), «Мәуліт айы», «Дәулет, бақыт, абырой не?», «Меніңше, бақыт», «Сахар, Назым», «Мүнәжат», 
«Зейін ашу бәйіті». 
Арнау  өлеңдері:  «Балаларыма»,  «Бір  балама»,  «Қапанға»,  «Інім  Қалысқа  арнап  туыстармен 
амандықпен  үгіт»,  «Арнауым  –  бір  досыма,  ишарасы  –  жалпыға»,  «Акбар  қалпеге  арнадым», 
«Ғалымхан  мен  Нұрымға»,  «Шала  белсенділерге  арнадым»,  «Ермұқан  Бүкеұлына»,  «Қалжың», 
«Жағыпар молланың әйелі өлгенде...», «Молдажанға», «Қасымтай Әбежанұлына», «Түсін бергенге», 
«Жанділдаға»,  «Мұқажанға  қалжын»,  «Қияшқа»,  «Тәшмағанға»,  «Бір  жолдасымның  баласы  өліп 
естірткенде...»,  «Тар  тұтқында  дос-жар  ініме»,  «Шәмсөнге  арналған  қалжың  өлең»,  «Олжабайға», 
«Ермұханға», «Әтиім үшін ғазал», «Шәкірттерімі жазғаным», «Кейбір арнаулы молдаларға».
Жауап-хат  өлеңдері:  «Төре  ауылымен  сәлем»,  «Жансары  Мұқашұлына  сәлем»,  «Ермұқанға, 
Бекболатқа», «Ескерткіш», «Екінші рет сағынышта жүректен сәлем», «Сәлем хат», «Молдажаннан», 
«Менен хатқа жауап», «М-дан», «Мұңдыдан мұңдыға», «Хатқа жауап», «Сәлем хат Өркенге», «Тілекті 
хат», «Жағыпар молланың жазғаны», «Молдажанға тілек хат», «Молдажанның жауабы», «Рахилаға 
тапсырындым», «Тасболат баласы Сәленге», «Қарағандыдағы бауырыма», «Ақмола стансасындағы 
бауырларға», «Төлештің сәлем хаты», «Тайып Шериязданұлы», «Қажытатын себептер», «Бекболаттың 
Ермұхан болып жазғаны», «Оған қарсы жауабым», «Бекболаттың жазғаны», «Менің жауабым», «Тағы 
соған», «Олжабай Нұралыұлының хатына жауап», «Қасенге тапсырындым», «Қалжың қылып Жәмилә 
айтады», «Құрбым Қасенбайдың маған жазғаны», «Оған менің жауабым».
Күрделі кезеңде туған әрбір шығарманы тарихи-мәдени мұра деп есептесек, Садуақас Ғылмани 
өлеңдерінің айтары да, берері де мол. Мысалға бір ғана соңғы топтамадағы туындыларын алайықшы. 
Өлеңмен жауаптасу – қазақ мәдениетінің ерекше дәстүрі. Сонымен бірге біреудің қара сөзін («депті» 
мен  «деген  екенін»)  өлеңмен  қайта  қалыптау  –  айта  қаларлықтай  факт.  Осы  жағдай  біз  бүгін 
авторлығына дауласып жүрген біраз туындылардың жазылу тарихын айқындап береді (яғни екінші, 
үшінші жақтың атынан өлең шығарып, ойын сабақтай беру – көркемөнердің әрі пішіні, әрі тәсілі).
Л.Н.Гумилев  атындағы  ЕҰУ  «Алаш»  мәдениет  және  рухани  даму  институты  мен  Шығыстану 
кафедрасы  С.Ғылманидың  «Қазақша-арабша  сөздігін»  әзірлеу  үдерісін  бастады.  Ғұлама  сөздігі 

№ 1 (86) 2012
153
қатардағы сөздіктің бірі ғана емес, сан қатпарлы мәдени-рухани мұра екені белгілі болып отыр.
Тұтастай  алғанда,  С.Ғылмани  мұрасының  көкейкестілігі  мен  жүйелену  негізі  мәтінге  мейлінше 
адал болуды және қазіргі ұлтттың рухани сұранымына жіті назар аударуды талап етеді.

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   41




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет