Эстетикалық тәрбие – ақиқат дүниедегі сұлулықты, табиғаттағы, еңбектегі, өнердегі, т.б. дұрыс түсініп және дұрыс қабылдау қабілетін тәрбиелеу.
Патриотизм – халықтар мен ұлттардың өз Отанына, мемлекетіне деген сүйіспеншілігімен қатар, әлемдік дамудың тыныштығы мен бейбітшілігін сақтау үшін барлық күш жігерін жұмсауға ұмтылу,Отан үшін қызмет етуге дайын, шын берілген, Отанға деген сүйіспеншілік қасиеті.
Патриотизм- ең жоғарғы сезім, өзгермейтін құндылық және таусылмайтын бастау.
Ұлтжандылық – ұлттық патриотизм. Ұлтжандылық– елі мен жері, халқының бостандығы және мемлекет ретінде жер бетінде сақталуы үшін, ұлт намысын жоғары дәрежеде ұстау үшін күресу. Ұлтжандылықты қазақ патриотизмі деп те қарастыруымызға болады. Ұлтжандылық-ұлт бостандығы, елі мен жерінің тәуелсіздігі, білім мен ғылым, мәдениет, спортта әлем сатыларының биік шыңынан көрінуі негізгі ұстаным болып табылады.
Қазақстандық патриотизм - Қазақстанды мекендейтін барлық ұлт пен ұлыстардың, халықтардың Қазақстан мемлекеті әлемдік биіктен көріну үшін білім, мәдениет, экономика, әлеуметтік тұрғыда дамуына жағдай жасай отырып, еліміздегі бейбітшілік, бірлік пен тәуелсіздікті сақтау үшін барлық күш жігерін жұмсау.
Қазақстандық патриотизм – әрбір азаматтың өз Отанының тағдырына, қауіпсіздігіне, болашағына деген жауапкершілігін сезіну. Барлық отандастарды ұлты мен конфессиясына қарамастан жете құрметтеу, олардың салтын, дәстүрін, тарихы мен мәдениетін құрметтеу, мемлекет рәміздеріне, мемлекеттік тілге құрметпен қарау. Туған жерге деген махаббаты, Қазақстанды барлық азаматтардың бірыңғай Отаны ретінде түсінуі. (Қазақстан Республикасы азаматтарын патриоттық тәрбиелеу жөніндегі мемлекеттік бағдарламасында).
Әлеуметтік құндылық – ұрпақтан-ұрпаққа жинақталған тәжірбиелер, өмір шындығы. Мұндай құндылықтар білім, мұрат, адамдар арасындағы қарым- қатынас және мінез-құлық нормалары, адамдардың өмірлік іс-әрекеті.
Мәдениет–тұлғаның бойындағы рухани және материалдық құндылықтардың жиынтығы.
Құндылық – Отан, адам, тұлға, өмір, адамдардың бір-біріне мейрімділік қарым-қатынасы, шыншылдық, әділеттілік, білім, ғылым, өнер адамның өмір сүруіне деген материалдық жағдайдың болуы.
Құндылықтар – қасиеттер бала кезден, ана сүтімен бірге, өзінің ана тілі арқылы, мораль негіздері ретінде, өз тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін игеру нәтижесінде орнығады.