Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі-нің 2015 жылғы 22 сәуірдегі №227 бұйрығымен бекітілген «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздерінде» анықталған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін тәрбие жұмысының басым 8 бағыттарын ұсынады: Қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие, құқықтық тәрбие; рухани-адамгершілік тәрбие; ұлттық тәрбие; отбасы тәрбиесі; еңбек, экономикалық және экологиялық тәрбие; зияткерлік тәрбие, ақпараттық мәдениет тәрбиесі; көпмәдениетті және көркем-эстетикалық тәрбие; дене тәрбиесі, салауатты өмір салты. Тәрбие жұмысын іске асыру тиімділігін өлшеуші ретінде критерийлер ұсынылды, олар тұлғаның қоршаған әлемге, қандай да бір құндылықтарға және құбылыстарға қарым-қатынастары арқылы байқалады.
Бірінші бағыт – Қазақстандық патриотизм және азаматтық тәрбие, құқықтық тәрбие.Бұл бағыттың мақсаты: Жаңа демократиялық қоғамда өмір сүруге қабілетті азамат және патриот қалыптастыруға, тұлғаның саяси мәдениетін дамытуға ықпал ету, балалар мен жастардың құқықтық мәдениетін, құқықтық санасын, балалар мен жастар ортасында қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа қарсы тұру даярлығын қалыптастыру.
Бағалау критерийлері (қарым-қатынасы арқылы):
Отанға, мемлекеттік құрылысқа, мемлекеттік саясатқа, мемлекеттік идеологияға; ҚР Конституциясына, заңнамасына, мемлекеттік рәміздерге (елтаңба, әнұран, ту), құқықтық тәртіпке; елдегі ұлтаралық және конфессияаралық келісімге, халықтар достығына; өз елінің экономикалық және әлеуметтік мәдени даму саласындағы және әлемдік аренадағы жетістіктеріне; басқа адамның құндылықтарына, құқықтары мен бостандығына; өз өлкесінің (ауыл, қала, шағын аудан) табиғатына, мәдени-тарихи өміріне;құқықтық біліміне; заң талаптарына, құқықтары мен міндеттеріне; құқықтың әлеуметтік құндылықтарына құрметпен қарауы, мақтаныш сезімінің болуы және жауапкершілік танытуы. Іске асыру механизмдері: сабақтар, оқу пәндері, сабақтан тыс іс-әрекеттер, қосымша білім беру. Ерлік, намыс және абырой тағылымдары. Дебат және пікірталас клубтары. Патриоттық форумдар, акциялар. Оқушылардың мемлекеттілік нышандарын және Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін білуге арналған байқаулар мен олимпиадалар. Қазақ халқының, Қазақстанда тұратын басқа да этностардың мәдени мұрасы, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын зерттеу бойынша өлкетану экспедициялары. Мемлекет, әдебиет, өнер, ғылым қайраткерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, қоғам қайраткерлерімен, құқық қорғау, әділет органдары қызметкерлерімен кездесулер. Балалар мен жастардың бастамашыл жобаларын дамыту. Балалар және жастар қозғалысымен, қоғамдық қорлармен бірлескен қызмет; әңгімелер, дәрістер, семинарлар, тренингтер, саяхаттар; ақпараттық-құқықтық материалдар тарату; «сенім қызметтері», «Мен және заң» акциясын ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.