Пәнді оқытуға аптасына 3 сағаттан, барлығы 102 сағат бөлінген.
Базалық білім мазмұны төмендегідей тақырыптарды қамтиды:
«Әдеби тіл және мәтін» (10 сағат):
«Қазақ тілінің әдеби тіл ретіндегі қызметі»;
«Әдеби тіл нормалары». Орфографиялық, орфоэпиялық нормалар. Әдеби тілдің ауызша және жазбаша түрлерінде тіл нормаларын сақтаудың маңызы;
«Мәтін». Ауызша әдеби тілге қатысты мәтіндердің үлгілері. Жазба әдеби тілдік мәтіндер: түрлері, тақырыптары, идеясы, мазмұны, ой бөліктері, стильдік сипаты. Мәтіндерге тілдік талдау. Мәтіннің түрлерінде әдеби тіл нормаларының сақталу қалпы. Орфографиялық нормадан ауытқу амалдары;
орфоэпиялық нормалардың қолданылатын орындары. Ән, өлең және жыр шумақтарындағы, шешендік сөздер мен көркем образдар тіліндегі орфоэпиялық нормаларды іске асырудың жолдары.
«Сөз құрамы» (10 сағат):
«Түбір мен қосымша. Сөз тұлғасы». Дара және күрделі сөздер. Күрделі сөздердің түрлері. Біріккен сөздер мен кіріккен сөздер: анықтамасы, жасалу жолдары. Негізгі түбір және туынды түбір. Бірігетін сөз таптары және олардың жазылуы, емлесі. Қос сөздердің қайталама қос сөздер және қосарлама қос сөздер болып бөлінуі. Олардың анықтамасы, жасалу жолдары. Қосарланатын сөз таптары және олардың жазылу емлесі. Күрделі сөздер мен сөз тіркестерінің ұқсастығы мен айырмашылығы. Тіркес сөздер: анықтамасы, мағыналық тұтастығы, жасалу жолдары;
тіркесіп күрделі сөз болатын сөз таптары және олардың жазылу емлесі. Қысқарған сөздер: анықтамасы, жасалу жолдары. Қысқарған сөз болатын сөз таптары және олардың жазылуы емлесі;
көне түркі ескерткіштеріндегі сөзжасам тәсілдері.
«Морфология» (72 сағат):
«Сөздің топтары» (2 сағат). Қазақ тіліндегі сөздердің мағынасы жағынан және тілдегі қызметі жағынан негізгі (атауыш) сөздер, көмекші сөздер, одағай сөздер болып үшке бөлінетіндігі;
Атауыш сөздер. Анықтамасы, негізгі белгілері. Көмекші сөздер, анықтамасы, негізгі белгілері. Одағай сөздер, анықтамасы, негізгі белгілері;
«Сөз таптары. Зат есім» (68 сағат). Зат есімдердің түрлері. Дара және күрделі зат есімдер. Зат есімнің сұрақтары, зат есім болатын сөздердің мағыналары. Деректі және дерексіз зат есімдер. Дара және жинақтау зат есімдер. Зат есімдер атаулық жағынан жинақтау зат есім, дара зат есім болатындығы, олардың өзіндік белгілері. Жалқы және жалпы есім. Зат есімдер мағынасы мен атаулық жағынан жалқы есім және жалпы есім болып жіктелетіндігі. Жалқы есім болатын атаулар. Жалпы есімге дара зат есімдер мен жинақтау зат есімдердің жататындығы;
«Сапалық сын есімдер». Сапалық сын есім жасайтын сындық сапалық қасиеттер (түсі, дәмі, көркі, көлемі және т.б.). Олардың негізінен түбір сын есім болатындығы;
«Қатыстық сын есімдер». Қатыстық сын есімдердің басқа сөз таптарының қатысуымен жұрнақтар арқылы жасалуы;
сын есімдердің зат есімдермен байланысында заттың сапасын көрсететіндігі. Етістікпен байланысқанда іс-әрекеттің өту сипатын көрсететіндігі;
сөйлемдегі сын есімдердің түрлеріне талдау жасатып жұрнақтардың беретін мағыналары мен қызметтерін үйрету;
«Сан есім». Сан есім заттың санын, мөлшерін, бөлшегін білдіретін сөз табы екендігі. Сан есімнің сұрақтары. Дара және күрделі сан есімдер. Сан есімнің зат есіммен байланыстылығы;
«Сан есімнің түрлері»;
«Есептік сан есім». Дара есептік сан есімдер. Күрделі есептік сан есімдер. Есептік сан есімдердің қолданылатын орындары;
«Жинақтық сан есімдер». Олардың жасалу жолдары. Жинақтық сан есімдердің қолданылатын орындары;
«Топтық сан есімдер». Олардың жасалу жолдары. Топтық сан есімдердің қолданылатын орындары, емлесі;
«Болжалдық сан есімдер». Болжалдық сан есімдердің жұрнақ арқылы жасалуы. Болжалдық сан есімдердің қосарланып, тіркесіп жасалуы. Болжалдық сан есімдердің қолданылатын орындары, жазылу емлесі;
«Бөлшектік сан есімдер». Олардың жасалу жолдары. Бөлшектік сан есімдердің қолданылатын орындары;
«Сан есімнің емлесі»;
«Есімдік». Сөз табының есімдік деп аталу себебі. Есімдіктің зат, сын, сан есімдердің орнына жүретіндігі, қай сөз табының орнына жүрсе, сол сөз табының сұрағына жауап беретіндігі. Есімдіктердің кейде орынбасар сөздер аталуы;
«Сілтеу есімдіктері». Олардың мағыналық ерекшеліктері, қолданылатын орындары, сұрақтары;
«Сұрау есімдіктері». Олардың қолданылатын орындары;
«Өздік есімдіктері». Олардың қолданылатын орындары, сұрақтары;
«Жалпылау есімдіктері». Олардың қолданылатын орындары, сұрақтары. Жалпылау есімдігінің сызықшамен жазылуы;
«Белгісіздік есімдіктері». Олардың қолданылатын орындары, сұрақтары. Белгісіздік есімдіктерінің жазылу емлесі;
«Болымсыздық есімдіктер». Олардың қолданылатын орындары, сұрақтары. Болымсыз есімдіктердің жазылу емлесі;
«Көне түркі ескерткіштеріндегі есімдіктер»;
«Есімдіктердің емлесі»;
«Етістік». Заттың қимылын, амалын, жай-күйін білдіретін сөздер етістік деп аталатындығы. Етістіктің тұлғасына қарай негізгі, туынды етістік болып бөлінетіндігі. Көмекші етістік. Етістіктің сұраулары. Дара және күрделі етістіктер, олардың мағыналық бірлігі, жасалу жолдары;
«Болымды және болымсыз етістіктер». Болымсыз етістіктердің жасалу жолдары. Болымды және болымсыз етістіктердің мағыналық айырмашылығы;
«Салт және сабақты етістіктер». Олардың субъекті мен объектіге қарым-қатынасы;
«Етістіктің түрлері»;
«Етістер». Етістердің етістіктің өзге түрлерінен ерекшелейтін сипаттары. Етістердің субъекті мен объектінің амалға қатысын, керісінше, амалдың субъекті мен объектіге қатысын білдіретін грамматикалық сипаты. Етіс жұрнақтарының мағыналары мен қызметіне қарай бірнеше түрге бөлінетіндігі;
«Ортақ етіс, жұрнақтары». Ортақ етіс жұрнақтарының беретін грамматикалық мағынасы мен қызметі;
«Өзгелік етіс, жұрнақтары». Өзгелік етіс жұрнақтарының беретін мағынасы мен қызметі;
«Ырықсыз етіс, жұрнақтары». Ырықсыз етіс жұрнақтарының беретін мағынасы мен қызметі;
«Өздік етіс, жұрнақтары». Өздік етіс жұрнақтарының беретін мағынасы мен қызметі;
«Есімше». Есімшелердің етістіктен қосымшалар арқылы жасалатындығы. Есімшенің етістікке де, сын есімге де қатыстылығы (ұқсастығы) жайында мағлұмат беру. Есімшенің түрлері, олардың беретін мағыналары. Есімшенің жасалуы;
«Көсемше». Көсемше етістіктің ерекше түрі екендігі. Көсемшенің жасалу жолдары;
«Тұйық етістік». Тұйық етістіктің өзіндік ерекшеліктері;
«Қимыл есімдерін жасайтын қосымшалар». Қимыл есімдерінің іс-қимыл процесінің атауын білдіретіндігі;
«Үстеу». Үстеулердің мағына жағынан заттың қимылының, іс-әрекетінің және заттың сынының әр алуан белгілерін білдіру үшін қолданылатындығы. Үстеулердің сөйлемде етістікті сипаттайтындығы, яғни істің, қимылдың мән-жайын, амалын, мезгілін, мекенін білдіретіндігі. Үстеудің сұрақтары. Дара және күрделі үстеулердің құрылысы мен құрамы. Үстеулердің құрамына қарай негізгі түбір үстеулер, туынды түбір үстеулер, күрделі үстеулер болып бөлінуі. Түбірге сіңісіп, көнеленіп үстеу тудыратын септік жалғаулары;
«Үстеудің түрлері». Үстеудің түрлері үстеу болатын сөздердің мағыналарынан келіп шығады;
«Мезгіл үстеулері». Олардың мағыналары, сұрақтары. Мезгіл үстеулердің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
«Мекен үстеулері». Олардың мағыналары, сұрақтары. Мекен үстеулердің қолданылатын орындары;
«Мөлшер үстеулері». Олардың білдіретін мағыналары, сұрақтары. Мөлшер үстеулерінің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
«Қимыл-сын үстеулері». Олардың мағыналық ерекшеліктері, сұрақтары. Қимыл-сын үстеулерінің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
«Күшейту үстеулері». Олардың білдіретін мағыналары, сұрақтары. Күшейту үстеулерінің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
«Мақсат үстеулері». Олардың білдіретін мағыналары, сұрақтары. Мақсат үстеулерінің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
«Себеп-салдар үстеулері». Олардың білдіретін мағыналары, сұрақтары. Себеп-салдар үстеулерінің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
«Топтау үстеулері». Олардың мағыналық белгілері сұрақтары. Топтау үстеулерінің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
«Көне түркі ескерткішіндегі үстеулер»;
«Үстеудің емлесі». Үстеудің сөйлемдегі қызметі;
«Еліктеуіш сөздер». Еліктеу жайында алғашқы ұғымдарды қалыптастыру. Еліктеу деп аталатын атаудың мәні. Еліктеу сөздер табиғат құбылыстарының дыбыстарына және айналадағы заттардың қозғалуына байланысты белгілерге, түрлі аң-құстардың дыбыстары мен адамның сөйлеу мүшелерінен шыққан дыбыстарына еліктеуден пайда болатыны, мұнымен қоса, адамның, заттың сыртқы тұлғасын сипаттап көрсететіндігі. Сұрақтары. Еліктеудің құрамы, жасалу жолдары;
«Еліктеуіш сөздің түрлері». Еліктеу сөздер және бейнелеуіш сөздер. Бұл екеуінің арасындағы мағыналық жақындықтар мен айырмашылықтар;
еліктеуіш сөздер мен бейнелеуіш сөздердің қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты. Еліктеу сөздердің сөйлемде көбінесе етістікпен тіркесіп келетіндігі. Еліктеуіш сөздердің сөйлемдегі қызметі;
«Шылау». Шылаудың өз алдында сөз табы екендігі. Шылаудың көмекшілік сипаты және басқа көмекші сөздерден айырмашылығы мен ұқсастығы, жалпы қызметі жайында түсінік қалыптастыру. Шылаудың түрлері: Жалғаулық шылау. Септеулік шылау. Демеулік шылау. Олардың қызметі, емлесі;
«Көне түркі ескерткіштеріндегі шылаулар»;
«Одағай». Одағайлардың басқа сөз таптары сияқты мағына жағынан ешбір ұғымды білдірмейтіндігі. Олардың мағыналары адамның әртүрлі сезіміне, көңіл күйіне қатысты болатындығы;
«Одағайдың түрлері»;
«Көңіл күй одағайлары». Жағымды көңіл күйді білдіретін одағайлар. Жағымсыз көңіл күйді білдіретін одағайлар. Көңіл күй одағайларының қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
«Ишарат одағайлары». Бұған адамға арнайы айтылатын мағыналары бұйыру, жекіру, тыйым салу одағайлары жататындығы. Ишарат одағайларының қолданылатын орындары, қолданылу мақсаты;
«Шақыру одағайлары». Бұған төрт түлік малға, ит, мысық сияқты үй хайуандарына арнап айтылатын одағайлар жататындығы. Шақыру одағайларының қолданылуы. Орындары, қолданылу мақсаты;
«Одағайлардың емлесі»;
«Көне түркі ескерткіштеріндегі одағайлар»;
«Көмекші сөздер» (2 сағат). Көмекші сөздердің тілдік табиғаты, олардың дербес толық мағынаға ие бола алмайтындықтан, негізгі сөздердің шылауында тіркесіп, көмекшілік қызмет атқаратындығы. Көмекші сөздердің түрлерінен мәлімет беру;
«Көмекші етістік». Көмекші етістіктің түрлері. Көмекші етістіктің сөйлемде негізгі етістікпен тіркесіп жұмсалатындығы. Етістіктің негізгі және көмекші қызмет атқара беретіндігі.
«Тіл мәдениеті» (10 сағат):
сөз мәдениетінің ауызша сөйлеу мәдениеті мен жазба тіл мәдениетінің астасып жатуын талап етуі. Сөйлеу тілі де, жазба тілі де адам ойын жеткізуге қызмет ететіні. Сөйлеу мәдениеті. Ойды жеткізудің тілден тыс көмекші құралдары (ым-ишара, дауыс ырғағы, күші, қимыл қозғалысы). Көпшілік алдында айтылатын ауызша сөздің жазба сөзге қарағанда құрылысы жағынан ықшам келетіндігі. Қаратпа, қыстырма, одағай сөздердің жиі қолданылатындығы. Жазба тілде қойылатын тыныс белгілері. Ойды жеткізудегі дауыс ырғағы, дауыс кідірісінің мәні;
«Жазудың маңызы». Сөзді дұрыс жазу мәдениеті. Орфографиялық нормадан ауытқуға болмайтындығы, оны сақтаудың міндеттілігі. Емле ережесіндегі соңғы толықтырулар мен өзгерістер тіл фактілері негізінде талқыланып, олардың дағдыға айналуы.