Пәнді оқыту үшін шығармаларды оқып талдауға 56 сағат, тіл ұстарту, шығармашылық жұмыстарға 8 сағат, сыныптан тыс және қосымша оқуға 4 сағат, барлығы 68 сағат бөлінген.
Пәннің білім мазмұны төмендегідей тақырыптардан тұрады:
«Кіріспе» (1 сағат). Көркем әдебиет туындыларының қоғамдық, эстетикалық, тәрбиелік мәні және маңызы туралы. Көркем әдебиеттегі суреттеу тәсілдерінің алуан түрлілігі.
«Халық ауыз әдебиеті» (5 сағат):
«Лиро-эпостық жырлар туралы. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры» (3 сағат). Лиро-эпостық жырлардың тақырыбы, өзіндік ерекшеліктері және олардың қаһармандық эпостан айырмашылығы. Лиро-эпостық жырлардағы халықтың тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпының көрінісі. Жырдың көне дәуір мұрасы екендігі. Тақырыбы, мазмұны мен идеясы. Көркемдік ерекшеліктері. Қозы мен Баянның адал махаббаты. Қарабай мен Сарыбай – типтік образдар. Қарабайлар мен Қодарлар әлемі. Жырдағы ауыз әдебиеті үлгілері, тарихи жер-су аттары, олардың шындыққа үйлесімділігі мен үндестігі. Әдебиет теориясы: лиро-эпостық жыр. Типтік образ. Тіл дамыту: жырды оқу мақамы, сценарий жазып рөлдерге бөліп, қысқа үзінділер көрсету. Пәнаралық байланыс: театр (Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасы). Өзіндік ізденіс жұмыстары: «Айман-Шолпан» жыры.
«Шешендік сөздер» (2 сағат). «Билер сөзі – нақылдың көзі». XIX ғасыр әдебиеті үлгілерінен. Шешендік сөздердің мәні мен маңызы. Шешендік сөздердегі астарлы ой, көркемдік таным мәселелері. Қазақ билерінің қоғамдағы қызметі. Олардың айтқан сөздерінің өмірлік ұстанымдармен бірлігі. Әдебиет теориясы: шешендік сөз туралы ұғым. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы, қазақ тілі, электрондық оқулық (сандық білім беру ресурсы).
«ХІХ ғасыр әдебиеті» (6 сағат):
«Дулат Бабатайұлы. «Аягөз, қайда барасың?»толғауы» (1 сағат). Ақынның өмірі мен шығармашылығы. Ақын шығармаларының тақырыптары. Аягөз өзені, туған жер табиғатының өлеңде көркем бейнеленуі. Әдебиет теориясы: өлең туралы. Тіл дамыту: мәнерлеп жатқа оқу, өлең мазмұнының желісі бойынша «Жер тағдыры – ел тағдыры» деген тақырыпта шағын шығарма жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Д.Бабатайұлы. «Ата қоныс Арқадан» толғауы;
«Махамбет Өтемісұлы. «Тарланым» өлеңі» (1 сағат). Ақын жырларындағы Исатай бейнесі. Өлеңде Исатайдың батырлығымен қоса, оның сабырлы, парасатты азаматтық бейнесінің көрінуі. Өлеңдегі көркемдегіш құралдар. Әдебиет теориясы: теңеу. Тіл дамыту: өлеңнен теңеулерді табу, оларға түсінік беру, эпиграф таңдап алу, «Туады ерлер ел үшін» деген тақырыпта ойтолғау жазу. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Өтемісұлы. «Мен едім» өлеңі;
«Абай Құнанбайұлы. «Қансонарда бүркітші шығады аңға», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» өлеңдері, жиырма тоғызыншы қарасөзі» (4 сағат). «Қансонарда бүркітші шығады аңға». Өлеңдегі саятшылық өнер туралы ақын толғанысы. Бүркіттің түлкіге түсу шағындағы суреті, олжалы аңшы салтанатының суреті. Өлеңдегі ақынның адам мен аң психологиясын суреттеудегі шеберлігі, портреттік суреттер (кұстың, аңшының, түлкінің). Өлеңдегі бейнелі сөздер: эпитеттің ұлғайған түрі, антитеза. «Қараңғы түнде тау қалғып». Өлеңнен көрінетін ақын көңіл күйінің көріністері. Абайдың аудармашылық шеберлігі. «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа». Ақынның ән мен күй өнері жайындағы ой толғаныстары. Жиырма тоғызыншы қарасөзі. Абай қарасөздерінің мазмұны мен тәрбиелік мәні туралы. Қазақ мақалдары туралы ақынның өзіндік тұжырымдары. Әдебиет теориясы: портреттік суреттеу, антитеза. Пәнаралық байланыс: шетел әдебиеті. Лермонтов-Гете шығармалары. Бейнелеу өнері (Қ.Телжанов. «Бүркітпен аңға шығу»). Өзіндік ізденіс жұмыстары: Абайдың он төртінші, он тоғызыншы қарасөздері.
«ХХ ғасыр әдебиеті» (42 сағат):
«Ахмет Байтұрсынұлы. «Ақын ініме», «Екі шыбын» мысал өлеңі» (2 сағат). Ақынның оқу-ағарту, ғылым, әдебиет саласындағы орны. «Ақын ініме» өлеңіндегі ақынға қойылатын талап пен оның халық алдындағы парызы жөнінде айтылуы. Өлеңде айтылған ақынның өзекті ойы. Автор көрсеткен ирониялық сарын. «Екі шыбын». Мысал жанры туралы түсінікті кеңейту. Мысалдың тәрбиелік мәні. Әдебиет теориясы:мысал жанры туралы ұғымды кеңейту. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы (XX ғасыр басындағы Қазақстанның саяси-әлеуметтік ахуалы және Алашорда өкіметінің құрылуы);
«Сұлтанмахмұт Торайғыров. «Бір адамға», «Шәкірт ойы» өлеңдері» (2 сағат). «Бір адамға». Өлеңнің реалистік сипаты, сюжетке құрылуы. Патшадан шен таққан ел билеуші бай арқылы халық үстінен байыған дүниеқоңыз, шенқұмар жандарды сынауы. Ақынның оқиғаға көзқарасы. «Шәкірт ойы». Шәкірттің болашақ бақытты өмірге жету жолындағы алдына қойған мақсаты: білім алу, елі үшін аянбай еңбек ету, елін өркениетті елдер қатарына қосу. Өлеңнің өмірбаяндық сипаты. Әдебиет теориясы: ирония, сатира туралы ұғым;
«Жүсіпбек Аймауытұлы. «Әнші» әңгімесі, «Күн менікі» (3 сағат). «Әнші» әңгімесінде қазақ арасындағы өнер адамы бейнесінің сомдалуы. Халықтың өнерге деген ынта-ықыласының көріністері. Әнші Әмірқанның бейнесі. Тип және прототип. Әңгіменің эстетикалық, тәрбиелік маңызы. «Күн менікі». Үзіндіде суреттелген көш. Күнікей салған әннің көпшілікке ұнауы. Әдебиет теориясы: әңгіме жанры туралы ұғымды кеңейту;
«Жамбыл Жабаев. «Аттандыру», «Алғадай туралы әрбір ой», «Атаның әлдиі» өлеңдері» (2 сағат). Жамбылдың өмірі мен шығармашылығы. Жамбыл өлеңдерінің мазмұны, өлеңнің мазмұнындағы ерекшелік, ақынның халық поэзиясына тән сөз қолданыстары, тіл өрнектері, шешендік толғау, дидактикалық сарын көріністері. Әдебиет теориясы: толғау туралы. Тіл дамыту: өлеңдерді сазына келтіріп оқу, жаттау. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы. Өзіндік ізденіс жұмыстары: Ж.Жабаев.«Алатау» өлеңі;
«Мағжан Жұмабаев. «Сүйемін», «Толқын» өлеңдері» (2 сағат). «Сүйемін» өлеңінің негізгі арқауы – туған жер, атамекенге деген елжандылық сезім. Өлеңдегі ақынның адамгершілік биік тұлғасының көрінуі. Өлең композициясының ерекшелігі. Өлең құрылысы, қайталаулардың өлең мәнін ашудағы рөлі. «Толқын» өлеңі. Өлеңдегі толқын – табиғаттың үнемі қозғалыста болып тұратын құбылысы. Осы құбылысты ақынның суреттеу шеберлігі. Ақынның дыбыстан сурет жасауы. Әдебиет теориясы: өлең құрылысы. Тіл дамыту: өлеңді мәнерлеп оқу, жаттап алу, бейнелі сөздерді теріп жазу және оны есте сақтау. Пәнаралық байланыс: қазақ тілі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Жұмабаев. «Мен кім?», «Туған жер» өлеңдері;
«Сәкен Сейфуллин. «Сыр сандық», «Біздің жақта» өлеңдері» (2 сағат). «Сыр сандық» өлеңінде жырланған ақынның достық, адамгершілік, адалдық туралы ұғым-түсінігі. Өлеңдегі лирикалық кейіпкер бейнесі. Өлең мазмұнындағы түйінді ой. «Біздің жақта» өлеңіндегі туған жер, ондағы адамдар туралы толғаныс. Ақынның сазгерлік өнері. Әдебиет теориясы: өлең туралы түсініктерін молайту. Тіл дамыту: мәнерлеп оқу, әншінің ән салу шеберліктерін бейнелейтін сөздерді дәптерге жазу, сөздердің синонимдік баламаларын табу. Пәнаралық байланыс: география (Қазақстанның жер-су аттары). Өзіндік ізденіс жұмыстары: І.Жансүгіров. «Желді қарағай», «Жанды сөз» өлеңдері;
«Ілияс Жансүгіров. «Әнші», «Арынды менің Ақсуым», «Бөбек бөлеу» өлеңдері» (2 сағат). «Әнші» өлеңіндегі әнші Әсет Найманбаев образы. Ақынның өнер тақырыбын меңгеру шеберлігі. Музыка тілін суреттеу үшін қолданылған бейнелі сөздері. «Арынды менің Ақсуым». Өлеңдегі табиғат суреті. Өлеңнің динамикалық қуатын арттырып тұрған тіл шеберлігі, ұйқастары. Өлеңдегі ақын бейнесі. Ақын патриотизмі. Өлеңдегі жер-су аттары туралы пікір алысу. Әдебиет теориясы: өлең құрылысы туралы түсінікті дамыту. Тіл дамыту: әншінің ән салу шеберліктерін бейнелейтін сөздерді дәптерге жазу, сөздердің синонимдік баламаларын табу. Пәнаралық байланыс: география (Қазақстанның жер-су аттары). Өзіндік ізденіс жұмыстары: І.Жансүгіров. «Желді қарағай», «Жанды сөз» өлеңдері;
«Мұхтар Әуезов. «Көксерек» әңгімесі (үзінді)» (3 сағат). Әңгімеде қолға үйреткен түз тағысы Көксеректің ауыл иттеріне ұқсамайтын жат мінездері. Мұның әсіресе қасқырлар үйіріне қосылғанда айқынырақ білінуі. Қасқырлар апанын бұзу арқылы адамдардың табиғатқа жасаған қиянаты. Табиғаттың бір бөлшегі – түз тағысы қасқырдың адамнан өш алуы. Қасқыр мінезін, тіршілігін суреттеудегі жазушы шеберлігі, терең білімділігі. Шығармада адам мен табиғаттың бір-бірімен жарасымды тіршілік ету қажеттігі басты идея ретінде алынуы. Әдебиет теориясы: тақырып және идея туралы ұғымды дамыту. Тіл дамыту: әңгімені мәнерлеп оқу, түсінгендерін өз сөзімен әңгімелеу, шығарманың идеясын ашу, оқығанды әңгімелеп беруге төселу. Пәнаралық байланыс: «Көксерек» фильмі. Өзіндік ізденіс жұмыстары: М.Әуезов. «Кешкі дөң басында» әңгімесі;
«Сәбит Мұқанов. «Балуан Шолақ» (үзінді), «Есіл бойында», «Саятшы Ораз» (4 сағат). Жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша шолу. «Балуан Шолақ» повесінің тақырыбы мен идеясы. Сюжеттік желісі. Нұрмағамбеттің «шолақ» атануының себебі. Балуан Шолаққа тән жүректілік, қажырлылық. «Алып анадан туады» деген сөздің мәні. Әңгіменің баяндау тілінің көркемдігі. «Есіл бойында». Жазушының Есіл өңірінің көркем табиғатын суреттеудегі сөз қолдану ерекшелігі.Мырзатай әншінің ән тарихын айту шеберлігі. Әңгіменің көркем тілі және идеялық маңызы. «Саятшы Ораз». Ораздың құсбегілік өнері мен мергендігі туралы. Ораз бен Мұқан үйінің береке-бірлігі. Ораздың аңшылық, әңгімешілік, адамгершілік қасиеттерінің бейнеленуі. Әдебиет теориясы:пейзаж. Өзіндік ізденіс жұмыстары: С.Шәймерденов. «Битабар балуан» повесі;
«Ғабит Мүсірепов.«Ананың анасы», «Боранды түнде» (әңгіме)» (2 сағат). Әңгіменің кейіпкер атынан баяндалуы. Боранды түннің сипаты. Әңгіменің сюжеттік желісі. Әңгімедегі негізгі кейіпкер – Қайсар және оған тән қажырлылық, табандылық, биік адамгершілік қасиеттер. Әңгімедегі салт-дәстүр көріністерін, бала мінезін, іс-әрекетін сипаттаудағы жазушы шеберлігі. Шығарманың реалистік сипаты. Жазушының тіл шеберлігі, жеңіл юмор. «Ананың анасы» әңгімесі. Әйтілес қарттың ескі күндердің әңгімесін шертуі. Жалпақ балуанның жорығы. Ананың баласы үшін араша тілеп, ерлікке бел бууы. Ана бейнесі. Жазушының көркем баяндаудағы тіл ерекшелігі. Әңгіменің негізгі идеясы. Әдебиет теориясы:романтикалық образ. Пәнаралық байланыс: «Ғ.Мүсірепов мұражайы» электронды телесабақ;
«Иса Байзақов. «Құралай сұлу» поэмасы (үзінді)» (2 сағат). «Құралай сұлу» поэмасының тақырыбы мен идеясы. Поэманың экспозициясы (басталуы). Келдібек батырдың есінен кетпей жүрген өкініші, арманы. Поэманың сюжеттік даму желісі. Шығармадағы Келдібек пен Құралай сұлу образдары. Шығарманың көркемдік сипаты. Әдебиет теориясы: эпитет, теңеу, қайталаудың түрлері;
«Қасым Аманжолов.«Өзім туралы», «Дүниеге жар» өлеңдері» (2 сағат). Өлеңдегі ақын тұлғасы. Өз заманы туралы ой толғанысы. Келер ұрпаққа айтылған ақын өсиеті. Өлеңдегі ақын сезімі, суреткерлік шеберлігі. Ақынның «өртке тиген дауылдай өлеңімен» бірге жасай беретіндігі туралы. Өлеңдегі ақынның отансүйгіштік, патриоттық сезімінің көрінуі. «Дүниеге жар». Ақынның туған халқын мақтанышпен жырға қосқан өр үні. Отаршылдардың қазақ даласынан кен байлығын іздеген сұм-сұрқия саясатының бет пердесін ашып беруі. Қазақ елінің күллі әлемге тәуелсіз ел ретінде танылуға тиістілігін жар салып айтуы. Әдебиет теориясы:өлең құрылысы, лирикалық кейіпкер. Пәнаралық байланыс: музыка (Қ.Аманжоловтың әндерін тыңдау);
«Әбділда Тәжібаев.«Сырдария» өлеңі» (1 сағат). Шығарманың тақырыбы мен идеясы. Ақынның өзінің туған жерге деген махаббатын ерекше шабытпен жырлауы. Поэтикалық тәсілі. Сырдария ағысының қуатын халық игілігіне айналдыру идеясы. Өлеңнің көркемдік ерекшелігі. Әдебиет теориясы:кейіптеу туралы ұғымды тереңдету;
«Қалижан Бекхожин.«Ақсақ Темір мен ақын» балладасы» (2 сағат). Балладаның жанрлық ерекшелігі. Аңызға негізделген қысқа сюжетті өлеңде ақындық өнер құдіреттілігінің көрінуі. Өлеңдегі әлемді тітіркенткен ақсақ Темір мен ақын Хафиздің мінез сипаты, көркем бейнесі. Лирикадағы сюжет пен композиция. Әдебиет теориясы:баллада. Пәнаралық байланыс: тарих (Ақсақ Темірдің жорықтары туралы), музыка (Ақан серінің «Әмір-Темір» әні);
«Сафуан Шаймерденов.«Ит ашуы»повесі (үзінді)» (2 сағат).Жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы қысқаша шолу. Повестің тақырыбы мен идеясы. Сюжеттік даму желісі. Шығарманың образдар жүйесі. Марғау образы. Жазушының адам характерін ашу жолында ит әрекетін салыстыра пайдалану әрекеті. Әдебиет теориясы:тақырып, сюжет туралы;
«Қалихан Ысқақов. «Қоңыр күз еді» повесі (үзінді)» (2 сағат). Өмірі мен қызметі туралы. Ауыл баласы Қасымның мектеп-интернатқа келіп оқуы. Мұғалімнің Қасымның бойындағы әдебиетке деген құштарлықты байқауы, оған ерекше кітап беруі. Қасымның қолжазбаны қастерлеп жасыруы. Әңгімеде бейнеленген күз суреті. Әдебиет теориясы: повесть (хикаят) туралы;
«Қадыр Мырза-Әлі. «Кәрі қыран» өлеңі» (1 сағат). Лирикалық өлеңнің көтерген тақырыбы. Сюжеттік желісі. Өлеңде қартайып, бойында күш-қуаты кеміген қыран өзінің мүсәпірлік күйіне қарсы бар қуатын жиып, шырқау биікке көтеріліп, зулап түсіп, күн қақтаған көк тасқа өзін-өзі соғып мерт етуі. Ақынның ерлікті, өрлікті жырлауы. Өлеңнің аллегориялық сипаты. Әдебиет теориясы: аллегория;
«Сайын Мұратбеков. «Жусан иісі» әңгімесі» (2 сағат). Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қазақ ауылының ауыр жағдайы, халықтың басына түскен қайғы-қасірет. Соғыс жылдарындағы балалар өмірінің көрінісі. Әңгімедегі басты кейіпкер – Аян. Оған тән ақылдылық, ұқыптылық, мақсаткерлік. Аян айтқан ертегілер, оның тыңдаушыға әсері. Әдебиет теориясы: әңгіме құрылысы. Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы (Қазақстан соғыс жылдарында);
«Оралхан Бөкей. «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесі» (2 сағат). О.Бөкейдің өмірі мен шығармашылығы туралы. Әңгіме тақырыбына негіз болған қарапайым ауыл тіршілігі. Жайлау көрінісі, туған жер көркінің суреттелуі. Сезімтал да ақылды балалар тірлігі. Жетім Тортай. Оның адами қасиеттері. Әңгіме негізіндегі мұң, тағдыр салмағы, орындалмаған арманның басты себептерін ашудағы жазушы қаламының қарымдылығы. Әдебиет теориясы: кейіпкерге мінездеме. Пәнаралық байланыс. Қазақстан тарихы. Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ халқының тылдағы ерліктері;
«Марат Қабанбаев. «Бауыр» әңгімесі» (2 сағат). Тақырыбы мен идеясы. Әңгіме кейіпкері Қалидың тәлім-тәрбиесі. Манап пен Қалидың мінез-құлқындағы, өмірге деген көзқарастарындағы өзгешеліктерді сипаттау. Манап пен Қалидың бейнесін (образын) сипаттау. Әдебиет теориясы: образдар туралы түсінік;
«Әлем әдебиеті үлгілері» (2 сағат):
«Александр Пушкин. «Ескерткіш»өлеңі» (1 сағат).Орыстың ұлы ақыны А.Пушкин туралы әңгімелеу. Өлеңдегі ақын ойы, оның келер заманға деген сенімі. Өлеңде аты аталған халықтар. Әдебиет теориясы: өлең құрылысы;
«Расул Ғамзатов. «Ана тілі» өлеңі» (1 сағат). Ақынның туған жерге, ана тіліне деген сүйіспеншілігі, ақындық сезімі. Өлеңнің идеялық мазмұны. Әр адамға өз ана тілінен құрметті, өз ана тілінен артық ұлы тілдің жоқтығы. Ұлттың ең басты белгісі – ана тілі.