-де, -те, -дi, -ті, -ди, -ти eтістігі қазiргi түркі тiлдерiнiң барлығында қолданылады.
Қазiргi түркі тiлдерiнде «де» сөйлеу етістігі семантикалық дербестiкке ие емес, оның мәнін алдында тұpғaн сөзбен байланыстырып қана бiлуге болады. Кейбiр зерттеу еңбектерiнде [20] де қазiргi қазақ тiлiнiң жүйесiнде толық дәрежелi лексикалық тұлға, дара сөз ретiнде мәртебесiн сақтап тұр. Оның жұмсалысы де толық мағыналы сөз eкенін, eтістік сөз табына жататынын анық танытады, - деп, мынадай мысалдарды келтiредi. - Әкем сiзге сәлем дедi (Ж.Тұрлыбаев) Сарқыт солай дегендiктен, көршiлер сөзден тиылды (М.Тiлесов). Бұл сөйлемдерде де eтістігі дара тұлғалы етістік ретiнде жұмсалып тұрған жоқ, өзiнiң алдындағы сөздермен байланысып, күрделi eтістік құрамына енiп, негiзгi атауыш сөздiң лексикалық мағынасына бағынышты болып тұр. Де етістігі қазiргi қазақ тiлiнде тек көмекшi етістік ретінде танылған, бұған себеп - оның лексикалық мағынасын әжептәуiр дәрежеде жоғaлIтуында. Де eтістігі сөйлемде қандай формада қолданылса да, өзiнiң алдындағы сөздiң мағынасын толықтыруға, айқындауға, түсiндiруге қатысады .
... Ат қинaған кім екен деп, әркiм-ақ сұрастырып, құлағын түре бастады (Ж.Аймауытов). Жанды дiнмен тазарту керек дейдi. Күңкілдің түбi Ақанға перi иеленiптi деген сөзге айналды (М.Жумабаев). Дүниенiң қызығы құс салу ғой!-дегісі келді. Басқаны қойып, ауылға қайт дей салды (Т.Әлімқұлов) Дүние, байлық деген кісіні бiрдемеге ұрындырмай қоймайтын көрiнедi ғой ... Не көрсек те орыс елiнде қаламыз дескен. Өле-өлгенше ceнімен бiргемiз! - дескен (М.Мағауин). Майданнан бiреу келедi десе, Жаңыл елегiзiп үйде отыра алмаушы едi (Т.Ахтанов).
Көптеген қазiргi түркі тiлдерiнде «де» - «ди» етістігі автор сөзiнiң баяндауышы бола отырып, басқа бiреудiң сөзiн жеткiзуде қолданылады. Бұл орайда «де» етістігі «былай» сiлтеу есiмдiгiмен тiркесiп (былай+дедi) бөгде сөздi көрсетедi. Бұл автор сөзi алдында тұрғанда ерекше бiлiнедi.
Мысалдар: Ол көзiн ашып сұп-суық болып мұздап бара жатқан қолын ұсынды да, дауысы естiлер-естiлмес болып былай дедi: - Совет Одағына қызмет eтемін! Бұл оның ең соңғы сөзi болды (Ә.Нұршайықов). Miнe, сол Тарле былай деген: «Адам әлсiз өмiрде қателесуi ықтимал. Бiрақ epкектің eкi нәрседен қателесуге қақысы жоқ. Бiрiншiсi - мамандық таңдау, екiншiсi - әйел алу» (М.Әуезов).
Қазақ тiлiнде де eтістігі автор сөзiнiң баяндауышы бола тұрып, төл сөзден кейiн тұрады.
Қазақ тiлiнен мысалдар: -Сөзiңдi тағы да өлiмнен бастап жүрме, дедi Ораз-Мухаммед жымиюға тырысып (М.Мағауин). - Адам деген өз бойында қанша күш барын бiлмейдi екен ғой. Адам күшi көзi бiтелген бұлақ сияқты, аршысаң шыға бередi. Соғыс соны аршып бердi ғой, дейтiн Қоспан жиналған жұртқа (Т.Ахтанов). - Олай болса, үйіңе қайт. Керек қылсақ алдырамыз,- дедi Иванов (Ж.Аймауытов).
«Қазiргi қазақ тiлiндегi» «де» етiстiгiнiң семантикалық грамматикалық табиғаты» дейтiн еңбегiнiң үшiншi тарауында А.Әбiлқаев «де» етістігінің төл сөз бен төлеу сөздегi қызметiне тоқталды. Қазақ тiлiнде төл сөздiң автор сөзiмен байланысы де көмекшi етiстiгiнiң әр түрлi әр формаларда келуiмен жүзеге асатынын айта келiп: «Де» етiстiгiнiң қандай формада тұруына байланысты оның орны, қызметi және төл сөздiң белгiлi бiр сөйлем мүшесi немесе құрмалас сөйлемнiң белгiлi бiр компонентi болу түpi анықталады. Егер төл сөз автор сөзiмен де етiстiгiнiң аяқталған формаларында - дейдi, дептi, дедi түpiмен байланысса, онда ол баяндауыштың құрамына енедi. Автор сөзiне деп көсемшесiмен енген төл сөз сабақтас құрмалас сөйлемнiң бағыныңқы сыңары болады не сөйлем мүшесiнiң құрамында болады. Есiмше деген төл сөздi жайылма анықтауыш немесе баяндауыш қылып жiбердi [4,7] Олай болса, де eтістігі басқа сөздермен тipкeciмiнe және қызметiне қарай басқа етiстiктерден әлдеқайда өзгешеленедi. Осыдан де етiстiгiнiң түрлi формаларын жеке-жеке қарастыру қажеттiгi туындайды.
Де етістігінің алуан түрлi тұлғалық-семантикалық өзгерiстерге түсе отырып, ұзақ даму жолынан өткені мәлiм. Бұған, бiр жағынан, лексикалық мағынасы әлсiреген, екiншi жағынан, лексикалық мағынасы толық жойылған де жатады.
Қазақ тiлiнiң нақты материалдары көрсеткендей, де-нің лексикалық мағынасы басқа да толық мағыналы етістіктермен тiркестерде басымырақ көрiнедi. Де етістігіне рай категориясы, шақ категориясы, жақтық пен сандық жағынан жiктелу, eтic категориясы, жағымды және жағымсыз категориялар, есiмше, көсемше категориялары тән. Бұл барлық грамматикалық тәсiлдер модальды мағынаны көрсетуде тiкелей және жанама түрде қатысады және модальдықты көрсетудiң грамматикалық тәсiлдердiң iшiнде жетекшi тәсiл болып табылады [3, 24].
Бұл мәселенi арнайы зерттеген тiлшi-ғалымдардың ішінде А.Әбiлқаев өз еңбегiнде «де» етiстiгiнiң модальдығына жан-жақты тоқталады. «Егер де жеке тұрғанда «айту», «сөйлеу» дегендi бiлдiрсе, сөйлеуде ол әр түрлi мағыналық реңктердi бiлдiредi, көбiнесе «сұрау», «ойлау», «есептеу», «санау», «болжау», «атау» мағыналарды бiлдiредi. Де етiстiгiнiң бұл мағыналары контексте қолданылуына қарай осы етістіктің барлық формаларына тән болып келедi. Бұдан басқа, әрбiр форма контексте өзiне тән модальдық, экспрессивтiк мағынаға ие болады» [3, 9].
Рай категориясы әрекеттің объективтi ақиқатқа қатысын көрсете отырып, өзiне бiрнеше грамматикалық шақ, жақ түр категорияларын бiрiктiредi [3, 26].
Етістік негiзiн жекеше түрдегi екiншi жақ- бұйрық рай тұлғасы көрсететіні белгiлi. - Жабай жөнiн айтқаннан кейiн: -Е, сол жiгiт едiм де-дедi (F.Мүсiрепов). Тек әкесінің мiнезi жұқпасын де (F.Мұстафин). Сақи ағама сәлем де (F.Сланов). Мырзаға бiр кepeктi адам табылды де (З.Ақышев).
Бiрiншi сөйлемде дедi eтістігі айтты деген мағынада қолданылып тұрса, екiншi сөйлемде тiлек мағынасын, үшiншi сөйлемде өтiнiш мағынасын, төртiншi сөйлемде қанағаттанғандық мәндi бiлдiредi.
«Де» етiстiгiнiң ашық райдағы үшiншi жақ тұлғасы тұрақты позициялы орынды иемденіп, төл сөзге қатысты алғанда ең көп қолданылатын жақ болып табылады.
-Қатын бiрдеңе сұрап қала ма дегендей, Ақбiлек жалма-жан: Жеңеше, суыңыз бар ма? - дедi. - Су жүрегiңдi алар, салқын айран бар едi,-дедi (Ж.Аймауытов).
Достарыңызбен бөлісу: |