Жұмыстың жаңалығы. Зерттеу барысында топонимикалық атаулардың этномәдени, танымдық қызметіне ерекше мән берілді, отарлау саясаты салдарынан қалыптасқан орыс тілді топонимдердің сипаты айқындалады, еліміз егемендікке ие болғалы бері ойконимдік жүйесіндегі өзгерістерге қатысты нақты фактілер талданады.
І ТОПОНИМИКА САЛАСЫНА ЖАЛПЫ СИПАТТАМА
Тіл ғылымының бір бөлімі ономастика саласы десе, ономастиканың негізгі бөлімдерінің бірі топонимика (жер-су, қала, дала аттарын зерттейді). Ал ұлттық топонимия этникалық мәдениеттің құрамдас бөлігі болып табылады. Онда этностың тарихы, салт - дәстүрі, шаруашылығы мен тыныс - тіршілігі жайында аса бағалы мәліметтер беріледі.
Жер-су атаулары - біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің көрінісі. Олар көптеген тарихи оқиғалардан құнды деректер бере алатын, сол арқылы өлкетанушылық білімімізді кеңейтіп, рухани дүниемізді байытып, ұлттық тұлғамызды қалыптастыратын дүние.
«Жалпақ жұртыңды, иісі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады.” [1].
Ұлттық тарихымыздың белгісіне айналған елді мекендер атаулары әр ғасыр шежіресінен сыр тартып, салт - дәстүрден, халықтың өмір - тұрмысынан дерек беретін қайнар көзі. Атауларға негіз болған белгілердің барлығын да ұлтымыздың, ата - бабаларымыздың да танымы жатыр деп айта аламыз. «Жер- судың атауы - тарихтың хаты» деген халық атауында терең
мазмұн ,сындарлы салмақ жатыр.
Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов: «Біздің қазақ - жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр - сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай өлкеге барсаң да жер, су, жаһан дүзде кездескен кішкентай бұлақ атының өзінде қаншама мән - мағына, шешілмеген құпия сыр жатады»,-дейді.
Большевиктік идеология халықтық сананы адам айтқысыз өзгертіп, көп нәрсені бұрмалады. Саяси тарихтың ықпалында - елді кім билесе, сол өз билігін заңдастырудың, яғни мойындатудың бір құралы ретінде, өзінің жүргізіп отырған саясатына ыңғайлап,елді мекендердің атын өзгерткен. Бұл ұлттық рухты, халықтың тарихи, мәдени санасын біржолата өшіруге бағытталған іс болатын. Егемендіктің алтын күрек желі еспегенде, сондай саясаттың толық жүзеге асатыны кәміл еді. Осы олқылықтар қазір түзетілуде.
Ғасырлар бойы тіршілік етіп, өмір сүріп келген ата - бабаларымыздың кең аспан астындағы құтты мекені, кірін жуып, кіндігін кескен ата жұрты, мал өргізіп, жыл он екі ай көшіпқонған өрісі, өсіп - өнген өлкесі, мұрагер ұрпағы үшін өзіндік бар болмысымен емес, оның аты - жөні атауымен де, етене жақын, ерекше ыстық. Өскен жердің кәусар бұлағы мен салқын самалы, орманды тоғайы мен жазира даласы, асқар тауы мен айдынды шалқар көлі - бәрі де әркімнің жанымен сезінетін табиғи ортасы болса, оның атаулары мәңгі бақи жадында сақталатын, атадан балаға, ұрпақтан - ұрпаққа ауысып отыратын асыл қазына, тарихи жәдігер.
Қазақ даласының бәрі атауға толы. Мұндағы географиялық және көне атаулар ықлым заманнан сыр шертетін тарихи ескерткіштер. Өйткені онда өткен дәуірдің әлеуметтік жағдайы, тұрмысы, этнографиялық ерекшеліктері, ең негізгісі - сол кездегі тілдік қалып көрінген. [2].
Кең байтақ даланы алып жатқан қазақ сияқты ұлы халықтың осы кең өлкедегі, сұлу сахарадағы тұрмыс - тіршілігі де сөзбен таңбаланып, тарих қойнауынан бізге жеткен. Халықтық тілдегі осы сөздер жер - су атаулары немесе топонимдер деп аталады.
Әрбір атау – (халықтың) мәдени өмірімен сабақтастыра қарастыру арқылы ғана жер - су атауларының да табиғатын тануға, қоғамдық маңызын сезінуге болады.
Алдын – Шығыс - күн шапағатын шашатын жағымды, артын – Батыс - күн бататын ұнамсыз сипатталған, оң қолын – Түстік, сол қолын - Терістік деп танитын халқымыз жер - су атауларын қоюда да осы принциптерді берік ұстаған.
Ұлттық топонимия - этникалық мәдениеттің құрамдас бөлігі. Жер - су атауларында этностың тарихы мен салт – дәстүрі, наным – сенімі, тыныс – тіршілігі туралы бағалы мәліметтер беріледі. Мұның өзі жас ұрпақтың өлкетанымдық білімін кеңейтіп, дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырады. Жер - су нысандары берілген атаулар қазақтардың сенімді серігі болған. Мысалы, Шөлдала, Соғанды (қанды су) атаулары сол жердің тұрмыс - тіршілікке жайсыздығын білдірсе, Көлқайнар, Қызылқайнар, Рахат, Көкой секілді атаулар қазақтардың ол елді мекенді жайлы қоныс ретінде қоныстанғандығын білдіреді.
Ономастикалық атаулар халықтың рухани жады, ол атаулармен үлкен таным бар, рух бар, мағына бар.
Топонимика – тіл, тарих, өлкетану, география, архив көздері мен көркем әдебиет. Жер бетіндегі әрбір географиялық атау - тіл арқылы қоғамдық паспорт алған ұлттық сана - сезімнің көрінісі. Елімізде ежелден аталған жер, су, өзен, көл аталары - баға жетпес байлығымыз.
Жер - су атаулары - әр дәуірдің ескерткіші ретінде халық тарихынан, ой -санасынан, ұғым - нанымынан дерек беретін, құнды дүние, ұлттық ереҝшелігімізді айқындайтын көрсеткіш.
Жер-су атаулары − асыл байлығымыз, халқымыздың философиялық дүниетанымы, эстетикалық талғамы, болашаққа сенімін айқындайтын факторлардың негізгісі. Өлкеміздегі « Қызыл сай», «Шошақтау», «Шолақ діңгек » − Жасөркен, Сеңгірбай көлі, Көкіштің көлі, Сұлутөр, Көккөл, Құрал молда мешіті, Дербіс болыстың диірмені, Базарбай, Төрегелді каналдары және тағысын тағылар осыны айғақтаса керек.
Жер-су атаулары халықтың жазылмаған кітабы, әрі мәдени- рухани мұрасы болып қала бермек.
Облыста бұрындары саясиландырылған, бүгінгі таңда Қазақстанның тарихи, рухани, географиялық ерекшеліктерін ескермейтін, саясатқа кереғар, эстетикалық тұрғыдан жағымсыз естілетін көптеген атаулар өзінің тарихи атауларына қайта ие болды. Мысалы: Жуалы ауданындағы Евгеньевка – Көлбастау, Нововознесеновка – Көктөбе, Казанка – Кәріқорған, Самсоновка – Күреңбел, Мойынқұм ауданындаға Фурмановка – Мойынқұм, Т.Рысқұлов ауданындағы К.Маркс ауылы – Құмарық, Калинин – Көкдөнен, Байзақ ауданы бойынша Михайловка – Сарыкемер, Головановка – Қостөбе, Королевка – Жібек жолы, Талас ауданында Ильич – Қызыләуіт, Қордай ауданындағы Успеновка – Бетқайнар, Малоархангельское – Үлкен сұлутөр болып өзгертілді. [3].
Сонымен қатар облысымызда ұлтымызға жат, саясаттан ада, ұйымдастырушылық тұрғыдан кедергі келтіретін атаулар да жоқ емес.Жуалы ауданы бойынша Любимовка, Маяк, Юсуповка, Марьяновка, Зыковка, Ленинский путь ауылдары, Жамбыл ауданына қарасты Гродеково селосы, Қарой селолық округіне қарасты Октябрь елді мекені, Пионер ауылы, Октябрь жемісі, Бірлесу еңбек, Бесжылдық, Пионер, Меркіде Гранитогорск, Иитернациональный, Мойынқұмда Мирный кенті, Т.Рысқұлов ауданы бойынша Ленин ауылдық округі, Новосел ауылдық оқругі, Юбилейный ауылдары, Қордай ауданы бойынша Степной ауылдық округі, Славное ауылдары сияқты кешегі кеңестік дәуірдің таптық, ұраншылдық елестері әлі де кездеседі.
Егемен қазақ елінің алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі − елді мекен, жер - су атауларын тарихи тұрғыдан қалпына келтіру болып саналады.
Осы елді мекен атауларын өзгерткенде «Атамның атын – ауылға, көкемнің атын – көшеге» демей тарихи атауларын қайтару қажет.
Қазақ ономастикасының негізін қалаушылардың бірі, ономаст – ғылым Т.Жанұзақовтың айтуынша тіліміздегі жер - су атауларының саны 3 миллионға жетіп жығылатын көрінеді.2002 жылғы мәлімет бойынша Қазақстандағы 25 мыңдай елді мекеннің, 8 мыңдай мектептің, 20 мыңдай физикалық-географиялық обьектілердің атауларының көпшілігі әлі де елдігімізге сәйкес реттеуді қажет етеді екен.Ғалымның деректерінің біздің облысымызға да қатысы бар. Қазіргі топонимдеріміздің зерделенуі қандай? Осы бағытта жүргізілетін жұмыстарға кім көшбасшысы болуы керек? Осыған назар аударсақ, бабаларымыз қалдырған бейнелі де бай, нақышты да оралымды ана тіліміздің байлығын топонимикада да орынды қолдану арқылы тілімізді тұғырлы ету біздің міндетіміз болып табылады. Біздің ойымыз – балабақшада, мектепте, орта және жоғарғы оқу орындарында жас жеткіншек, біздер, бүгінгі студент – ертеңгі маман өз өлкесін біліп өссін дейміз.
Ономастика, топонимика – біле білсек, идеология, тәрбие құралы, қазақ елінің тарихын, халықтың болмысын, рухын білдіретін тіл білімінің саласы.
Яғни, қазақ топонимдері мен антропонимдері – қазақ халқының ғасырлар қойнауында қалыптасқан дүниетанымының рухани болмысын келешек ұрпағына жеткізудің бірден – бір жолы екенін ұмытпайық». [4].
Тілдік құбылыстарды ономасиологиялық тұрғыдан зерттеу – бірінші кезекте атаулардың жасалуы, қалыптасуының алғашқы номинативтік белгілерінің уәжін анықтау. «Ономасиология жаңа пайда болған ұғымның алғашқы суреттемелі түрді аталуынан басталып, атауға жеткенге дейінгі әрекетті зерттейді. Ономасиология тіл білімінде екі бағытта қолданылады., оның бірі тар ұғымда, екіншісі кең ұғымда қолданылуы. Ономасиология тар ұғымда қолданылғанда, ол атаудың өмірдегі белгілі бір затты білдіруін қамтиды»[1, 215].
Ономасиология немесе ономастика – тіл білімінің бір бөлімі. Термин екі түрлі мағынада жұмсалады. Біріншіден, жалқы есімдер туралы кешенді ғылым дегенді білдірсе, екіншіден – жалқы есімдер, соңғы мағынасында онимия термині қолданылады.
Тілдегі лексикалық бірліктерді екі жақты – оны дыбысталудан мағынасана және мағынасынан дыбысталуына дейінгі бағыт түрінде алып қарастырмасақ, талдау толық жүргізілмейді. М.Н. Янценецкаяның пікірінше, зерттеу аспектісі формаға дейінгі мазмұннан немесе мазмұнға дейінгі формадан шығады [2; 11 б.].
«Ономасиология – дисциплина, изучающая слова и словосочетания в направлении от значений к звучаниям, а также номинативные средства и способы номинации. Ономасиологией называют «науку об именах, о природе наименования, о средствах обозначения и их типах» [3 ; 222 с.].
Ономасиологиялық тәсіл туынды атаулардың семантикасын зерттеудің принципі болып табылады. Семантика мен сөзжасам өзара әрекетте болады, ал ономасиология туынды номинативті бірліктердің семантикалық-функционалдық қасиеттерін талдаудың тиімді көзі ретінде орын алады.
Ономасиология – атау туралы ғылым. Атау – заттың білдіретін мағынасы. Атаудың қарапайым түрі – сөз, негізгі қызметі – номинация, номинативтік қасиетінен айырылған сөздер де бар. Олар: жалғаулықтар, демеуліктер, септеуліктер. Сөз тіркестері де атауыштық қызмет атқарады.
Біз де антропонимдердің атау табиғатын қарастырамыз.
Ономасиологияның теориялық негіздері И.С. Торопцев, О.И.Блинова, Н.Д.Голев, Л.А. Бутарева, М.М. Копыленко, Ә. Қайдар, Т.Жанұзақов, Б.Қалиев, К.Хұсайынов, Б.Қасым, А.Салқынбай т.б ғалымдардың еңбектерінде көптеп зерттеледі.
Ономасиология немесе есімдер туралы ғылым, ең алдымен, атаулар табиғаты немесе оның онтологиялық болмысы жайында ғылым ретінде қалыптасқан. Ономасиологияның зерттеу нысаны негізінен, заттың атауы және жалқы есімдер болып табылады. Уақыт өте келе ономасиология туралы ұғымда маңызды өзгерістер болды, соған сәйкес ономисиологияның зерттеу саласы біртіндеп кеңейе бастады. Атау теориясы тұрғысынан басқа да кең ауқымды мәселелер қарала бастады.
Ғалымдар арасында ономасиология жайлы екі пікір қалыптасып отыр. Бірі оны семасиологияның бір бөлігі десе, екіншілері лексикологияға қосады. Алғашқылардың ойы бойынша ономасиологияны семасиологиямен олардың зерттеу нысаны біріктіреді. Лексикалық бірліктердің туу, пайда болу процесін зерттеу – ономасиологияның міндеті. Сөз тудыру процесінің бір жағынан семасиология, екінші жағынан сөзжасам зерттесе, үшінші жағын ономасиология тексереді.
Көне Эллада философтары өмір сүрген заманда-ақ «белгілі бір затқа берілген атау сол заттың табиғи қасиетіне сай ма, әлде ол кейбіреулердің өзара келісімінен туындаған атау ма» деген сұрақтар төңірегінде қызу пікірталастар болған.
Қандай да бір заттың атауы оны тек атап қана қоймай, сонымен бірге оны танытады. Ал тану, я анықтау белгілі бір халықтың тарихи даму жағдайы аясында іске асатындықтан, ол тілдік ұжым өмір сүретін нақты жағдайларға байланысты әртүрлі болады. Әртүрлі ұжым бір заттың өзінің күнделікті тәжірибесінде кездесіп, қолданылатын жағынан танып, оны өзіне таныс құбылыстармен байланыстыратыны белгілі. Яғни, ат қоюда өмір шындығы мен тұрмыс болмысы тіл фактілеріне айналып, халықтың тұрмыс тіршілігі, тәжірибесі, салт-дәстүрі, наным-сенімі әртүрлі заттар түрінде тілде сөзбен аталып бейнеленеді. Осының негізінде ол затты танып біліп, оны басқалардан ажыратып танығаннан кейін барып ат қояды. Мұндай ажыратқыш белгілер әр түрлі болуы мүмкін.
Ономастика ғылымы қазіргі таңда жақсы дамып келеді. Осыған байланысты оның зерттейтін ғылыми мәслелерінің де көкжиегі кеңейе түсуде. Өйткен себебі жаңа ғылыми бағыттар анықталып, зерттеу нысанын әр түрлі аспектіден қарастыру қажеттігі туындап отыр.
Қазіргі кезде ономастикада, әсіресе, қазақ ономастикасында атауларды тарихи-диахрониялық бағытта қарастырудың маңызы артып келеді.
Сонымен «ономасиологиялық тәсілдің объектіні семасиологиялық тұрғыда қарастырудан өзгешелігі семантикалық талдау мағына анықтауға, ашуға ол жайында констатация жасауға бағытталса, ономасиологиялық талдау ең алдымен ақиқат дүниенің қандай үзігі, қандай тіл арқылы белгіленіп тұр, «не нәрсе» «немен белгіленіп тұр, бұл тілдік таңба экстралингвистикалық дүниенің қай денотатына қатысты деген бағытта жүзеге асады. Сондықтан ономасиологиялық талдауда белгілі бір лексикалық бірліктің нендей лексикалық мағынаны білдіретіндігін айқындау емес, аталмыш лексикологиялық бірлік ақиқат өмірдегі объектілердің қайсысын атап тұр деген сауалдың жауабын қарастырады.
Осы арада атап өтерлік бір жай – проблеманың болашағы мен өзектілігіне қатысты. Оны қазақ тілінде киім атауларын зерттеген Ә.Алмауытованың мына пікірі, біздің ойымызша, анық көрсетеді:
«Қазіргі қазақ қоғамдық санасы мен танымы, әлеуметтік, тарихи, мәдени, рухани жаңғырулар т.б. экстралингвистикалық факторлар мен тілдік жағдаят атау құбылысына синхрондық та, диахрондық та тұрғыда қарап, ғылыми дәйекті ономасиологиялық интерпретацияны қажет етеді.
Тіл білімінің бір саласы – ономасиология тіліміздегі жалқы есімдерді және олардың пайда болуы, қалыптасуы, даму тарихы мен заңдылықтарын қарастырады.
Қазақ есімдерін (тек қана қазақ халқы есімдерін емес) зерттеуге арналған когнитивтік әдіс кезінде, біздің көзқарасымыз бойынша, тілдік таңбаларда есімдерде берілген білімді концептілеу мен категориялау процестері ескерілуі керек. Ғалам туралы аталған білімдерді мән-мағынасын ашу (интерпретация), елестету, іске асыру кезінде тілдік процестерді, ғаламның ономастикалық тілдік бейнесін, оның концептілерін вербалдау тәсілдері тұрғысынан зерттеу жұмысын жүргізуге тиіспіз. Жалқы есімдерді суреттеу мен талдауға қатысты когнитивтік проблемалар мен мәселелердің деректері өздігінше бөлек өмір сүрмейді, олар есімдердің семиотикалық, лингвомәдениеттанулық, этнолингвистикалық, әлеуметтік лингвистика аспектілерімен жақындайтындығын, тіпті қиюласатындығын ап өту қажет. Тілдік концептілерде көрінген ғалам туралы, дүниенің тілдік бейнесі туралы білімдер этномәдени, әлеуметтік мәдени т.б. факторлармен байланысты болып келеді, сол себепті олардың арақатынасы жалқы есімдердің когнитивтік семантикасын суреттеуде ескерілуі тиіс.
А.В.Суперанская жалқы есімдердің семантикасы деп, негізінен экстралинвистикалық сипаттағы компоненттердің тіркестерін қандай да бір көлемде түсіндіруді қарастырады. «Ол тілдік, сөйлеу және арнаулы ономастикалық функциялар, статистикалы және эстетикалық маңызды ақпараттардан жинақталады. Жалқы есімнің мағынасы (семантикасы) – оның белгілік, экстралингвистикалық факторы», – дегенді айтады. Е.Б. Шерешевская жалқы есімдерді зерттеу кезінде «тіл-сөйлеу» (язык-речь) диохотомиясын, онимнің «айырушы-таңба, танушы-таңба» қызметін атқаратын мағынасын, жалқы есімдерді «жақын мағына» деп атауды ескеруді қажет деп санайды.
Е.Б. Шерешевскаяның пікірінше: «Жақын немесе формалды құрылысына, түріне қарайғы мағына неғұрлым көп мазмұнмен иолықтырылады, бұл мазмұн белгілі бір сәттерде бірқатар себептерге байланысты денотатпен (таңбаланушы, белгіленушімен) таныс адамдардың бойында әр түрлі таныстық белгілері, психологиялық үйленісімділік болып келеді».
Осы сатыда біздер жалқы есімдердің кейінгі мағынасына, В.И. Болотовтың мәлімдеуі бойынша энциклопедиялық мағынаға кез келіп тұрмыз.
Сөйтіп, Е.Б. Шерешевская жалқы есімдердің энциклопедиялық мағынасы деп, жалқы есімдердің денотаты туралы барлық ақпаратты ұғынуды ұсынады.
Егер есімдердің семантикасына, басқа бір формаларына қатысты тұжырымдар мен қысқа анықтамаларды (дефиницияларды) (мұнда олардың толық емес тізбегі берілген) ( қазіргі когнитивтік лингвистиканың мета тіліне көшірсек, әңгіме осы таңбалардағы жалқы есімдерде келтірілген білімнің түрлері мен типтері туралы болады. Бұрынғы КСРО-да когнитивтік лингвистиканың пайда болуы мен дамуына дейін Г.В.Колшанский: «Номинацияның мәні тілдік таңбаның затты білдіруінен немесе қандай да бір затқа қатысты болуынан емес, адамның танымдық қызметінің нәтижесі ретінде кейбір абстракцияның көрінісінен, жеке және жалпы шынайы заттар мен құбылыстардың диалектикалық қарама-қайшылығын бейнелейтін абстакциядан (дерексіз, жалпылықтан) білінеді», - деп жазды.
Мәселен, есімдер номинативтік, тек аталу қызметіндегі мағынаға ғана ие болып қалмайды, сонымен қатар олар ерекше семантикалық, тілдегі жеке сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасына де ие. Мұны зерттеуші ғалымдар онимдердің «фондық семантикасы», «энциклопедиялық мағынасы», «энциклопедиялық ақпарат» деп әр түрлі атайды.
Е.С.Кубрякованың пікірінше «лингвист объективтік шындық туралы түсінік соңында жеке лингвистикалық формалардың қандай жүйеде тұрғандығын ғана болжауды емес, сонымен қатар тілдік бірлік, іштей байланысты табиғи тұтастық, тілдік берілімдер, категориялар дүниені қабылдаумен қалай байланысқандығын және олардың танымды қалай бейнелейтіндігін білуі тиіс» қазіргі лингвистикалық теорияның маңызды ерекшелігі-когнитивтік лингвистикада ойлау, тіл және танымның біртұтас бүтін, біртұтас когнитивтік тілдік кешен болып айқын көрінуінде. Біртұтас когнитивтік тілдік кешен ХХ ғасырдың басындағы лингвистикада тілді түсіну аумағын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазақ тілінің тілдік аспектілерін зерттеуде онимнің тілдік мағынасы (семантикасы), антропонимдер мен топонимдердің лексика-семантикалық топтары, номинациялау (шындықтың фрагментін белгілейтін тілдік единица) принциптері сөздердің этимологиясы, өзге тілдерден енген қабаттар т.б. қазақ жалқы есімдері жүйелі тұрғыда зерттелсе, енді қазақ онимдерін антропоцентристік зерттеуге көшу негізінде лингвомәдениеттану, этнолингвистика, семиотика және когнитивтік лингвистика тұрғысынан зерттелу қарастырылады. Қазіргі лингвистиканың антропоцентристігі әдістанымдық біржақтылықпен қоса, ұқсас ғылымдардың деректерін синтездеуді (қосуды, құрастыруды) іске асыра білуімен байланысты. Адам оның рухани дүниесі, ойлауы, идеологиясы, өмір сүру салты және шаруашылық жүргізу түрі әр қилы болмақ, осыған орай көп түрлі байланыстарға есімдердің өз сипаты табиғи түрде этнолингвистика, әлеуметтік лингвистика, когнитивтік лингвистика және лингвомәдениеттану саларындағы қазақ жалқы есімдерінің табиғаты мен қызметін (функциясын) қарастыруға мүмкіндік береді.
Қазіргі қазақ тіл ғылымында ономасиология өз ішінен бірнеше ірі-ірі топтарға бөлініп, әрқайсысы өзінше дараланып, жеке зерттеу нысанына айналып отыр.
Солардың бірі – антропонимдер екенін ескерсек, олардың пайда болуы мен дамуы, қалыптасуы мен жасалу жолдары жайлы еңбектер бар болғанымен, антропонимдердің гендерлік, этномәдени сипаты кешенді түрде арнайы зерттелген емес, сол себепті осы мәселе – қазақ тіл білімінде зерттеуді қажет ететін өзекті мәселе.
Достарыңызбен бөлісу: |