Тақырып 3. Азаматтық-саяси қайшылықтар
1.1.Қазан төңкерісі және Қазақстанның саяси өмірі
1.2.Қазақстан азаматтық қарсы тұру жылдарында
1.3.Қырғыз (Қазақ) АКСР-нің құрылуы.
1917 жылдың басында Ресей еліндегі революциялық қозғалыс жаңа сатыға көтеріліп кең көлемді мазмұн алды. Осы жылдары большевиктер партиясы бірінші дүниежүзілік соғысты азамат соғысына айналдыру ұраны кеңінен насихаттап оны биік сатыға көтере білді.Тағы бір ерекшелік-орталық үкіметке ашулы халықтың большевиктер бағдарламасын ішінара қолдауында болды. Орталық үкімет осы тенденциядан сескеніп, түрлі айла-шаралар іздеді. Революциялық дағдарыстың пісіп-жетіліп келе жатқандығы ұлт аймақтарында оның ішінде Қазақстанда да ақиқатқа айнала бастады.
1917 жылы 27 ақпанда Петроградта буржуазиялық- демократиялық революция жеңіске жетті. Патша өкіметі құлатылып, үкімет басшылары мен жетекші шенеуниктері орындарынан босатылып ішінара тұтқынға алынды. Бүкіл Ресей империясы сияқты Қазақстанда да қос үкімет орнады (Уақытша үкімет-Кеңестер). Патша өкіметінің құлатылуын Қазақстан еңбекшілері саяси және ұлттық азаттық алудың бастамасы тұрғысынан қабылдады. Революцияшыл халық бұқарасының белсенді қимылдары нәтижесінде өлкеде бұрынғы өкімет өкілдері орындарынан түсіріліп, тұтқынға алынды. Буржуазиялық-демократиялық ақпан революциясының жеңісі өлкедегі халықтың саяси белсенділігін өсірді.
Уақытша үкіметтің Қазақстандағы жергілікті органдары қазақтардың билеуші топтарына, ауыладардағы бай-манаптарға арқа сүйеп, жұмысшылар мен еңбекшілердің революциялық шабытын қайтаруға тырысты, халықты тонауларын жалғастыра берді. Оларды империалистік соғыстың ауыртпалығын өз мойындарымен көтеруге мәжбүр етті. Уақытша үкімет Қазакстанда самодержавианың бұрынғы саясатын жалғастырды. Ол Қазақстан мен « Орта Азиядағы 1916 ж. көтерілісті басып-жаншыған жазалаушы отрядтарға қатысушыларды ақтау жөнінде қаулы қабылдады, жергілікті жерлерде бұрынғы уезд пен болыс бастықтары, губернаторлар енді қайта комиссарлар, азаматтық комитеттердің төрағалары бола бастады. Қазақтарды саяси құқықтарынан айырған ескі заңдар күшінде қалып, орасан зор жер иеліктері мен казак әскерінің сословиелік артықшылықтары сол бұрынғы күйінде қала берді. Қазақ халқының таңдаулы жерлерін тартып алушы-Қоныс аудару басқармасы өз қызметін жалғастырып жатты.
1916 ж. көтеріліске қатысушыларды патша үкіметі қантөктіре жазалағаннан кейін Қытайдан қайтып орала бастаған қазақ пен қырғыз жанұяларына Уақытша үкімет тек 100 сомнан жәрдем берді. Жергілікті орыс ұлтшыл-шонжарлар бұл жағдайды пайдаланып, осындағы түпкі халықты тонаумен шүғылданды, зорлық-зомбылық жасап, олардың жерлерін тартып алып отырды. Уақытша үкіметтің Жетісудағы комиссары Шкапский "ешқандай татуластыру жөнінде сөз болуға тиісті емес, сондықтан қырғыздар (қазақтар) көшіріліп жіберілуі керек"-деп мәлімдеген.
Қазақстанда Кеңестер 1917 ж. наурыз-мамыр айларында Семейде, Әулиеатада, Петропавлда, Көкшетауда, Ақмолада, Павлодарда, Оралда, Өскеменде, Атбасарда, Ақтөбеде, Түркістанда және т.б. өлкеде құрыла бастады. Мемлекет басындағы Кеңестердің құрамында сан жағынан жұмысшы мен шаруа депутаттары басым болды. Олардан кейінгі орындарда меньшевиктер мен эсер партиясының өкілдері болды. Осы кезде буржуазиялық Уақытша үкіметтің жергілікті органдары қалыптасты. Уақытша үкіметтің облыс және уездегі басқару құрылымдарын көбінесе патша шенеуніктері, эсерлер, меньшевиктер және ұлтшылдардан тұратын комиссарлары қолына тиді. Сайып келгенде Уақытша үкіметтің жергілікті өкілдері басқару әдістері жағынан революцияға дейінгі патша әкімшілігі қа-лың бұқараға қалай қараса, бұл да солай қарады.
Ресейдегі Ақпан революциясынан кейін Қазақстан большевиктері де ұйымдастырушылық және үгіт-насихат шараларын ашық жүргізуге мүмкіндік алды. Орынбор және Торғайда П. Кобозев, Ә.Жангелдин, А. Коростелев, Ақтөбеде В. Ф. Зинченко, Перовскіде А.В. Черняхов, Оралда П. Парамонов, П. Дмитриев, Шымкентте Н. Морозов, Семейде П. Салов, Петропавлда К. Сутюшевтер халық арасында саяси-ұйымдастырушылық жұмыстарын жүргізді. Большевиктер партиясының қатарына С. Сейфуллин, Б. Серикбаев, Т. Рысқұлов, С. Арғыншиев және басқалары кірді. Олар Уақытша үкіметтің саясатының мәнін халыққа ашып берді, революция қарсыластарын әшкереледі, елдегі патша саясатына қарсы халық топтарын күреске жұмылдырды. Қазақстанда Кеңес үкіметі ең алғаш орнаған қала Перовск (1917 ж. 30 қазан). 1917 ж қазан айынан 1918 жылдың наурызына дейін Кеңес өкіметі Қазақстанның барлық жерінде орнады. Кеңес өкіметі Орынборда, Оралда, Жетісуда қарулы көтеріліспен, қалған аймақтарда бейбіт жолмен жеңді.
Жаңа үкіметке қарсы күштер Самарада ақ гвардияшылар мен әскерлердің "Комуч" (Құрылтай жиналысының мүшелерінің комитеті) "үкіметін", Омбыда Колчак бастаған Сібір ақгвардияшыларының "үкіметін", Каспий сыртқы облысында ағылшындар "үкіметін" құрды. Ал Донбасс өңіріне немістерден қауіп төне бастады. Краснов пен Деникин соғыс қимылдарын күшейте түсті. 1918 жылы 2 маусымда Орынбор қаласынан Қызыл Армия бөлімдері кейін шегіну нәтижесінде Ақтөбе майданы құрылды. Оның әскери құрылымдарына Қазақстанның оңтүстігіндегі қалаларда (Ташкент, Шалқар, Қазалы, Перовск /Қызылорда/, Черняевск /Шымкент/, Әулиеата) қалыптасқан шоғырлар келіп қосылды. Оның қатарында негізінен еріктілер болды. Әскери міндет туралы БОАК-тінің 1918 жылы 29 мамырда қабылданған жарлығынан кейін әскери міндетті өтеуге еңбекшілердің белгілі жас мөлшерлеріндегілер шақырылатын болды. 1918 жылдың, жазында алғашқы ұлттық әскери бөлімдер Жетісуда, Орынборда, Оралда, Батыс Қазақстанда, Бөкей Ордасында ұйымдаса бастады. 1918 жылдың күзінде Бөкей Ордасында қалыптасқан қазақ атты әскер полкінде Хамит Чурин, Ж. Сарсеков, X. Ишанов, В. Жәнекешев т.б. белсенділік көрсетті.
1918-1919 жж. Торғайда Әліби Жангелдин және Амангелді Имановтың екі атты әскер бөлімдеріне кіші буындағы командирлерді даярлайтын оқу тобы, зеңбірекшілер тобын, Ыргыз қаласында тағы бір атты әскер бөлімін құрды. Олардың қатарында қазақ жастары мен бірге бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ресейде қалып қойған шетелдіктер венгр, чех, румын, поляк, неміс өкілдері кірді. Осы жылдары Ә. Жангелдин бастаған экспедиция Мәскеуден көп қару-жарақ пен оқ-дәрі жеткізді. Кеңес үкіметін жақтаушы күштердің (Қызыл Армия) 1 және 4-ші бөлімдері шабуылға шығып, Бугу-руслан, Бұзылық, Қазан, Александров Гайды босатып, Орынбор мен Орал қалаларына жакындады.
Жетісу өңіріндегі азаматтық қарсыластық жаңа үкімет жауларының пайдасына шешілмеді. Бұл бағытта қазанның екінші жартысында Қызыл Армия күштері шабуылға шығып, Абакумовка стансасын ақ гвардияшылдардан босатты. Ақтөбе майданының қарулы күштері 1919 жылы 22 қаңтарда Орынборды, 26 қаңтарда Орал қаласын азат етіп, Қазақстан және Түркістан аудандары мен Орталық Ресей арасындағы қатынасты қалпына келтірді.
Шаруашылық салаларын қалпына келтіруді біршама деңгейге жеткізгеннен кейін, билеуші партия мен үкімет орындары экономиканы жаңа жолмен құрып, оның іргетасын қалау бағдарламасын қабылдады. Бұл бағдарламалық міндетті орындаудағы шешуші буын елді индустрияландыру немесе бірінші кезекте барынша шапшаң қарқынмен ауыр өндірістің негізін жасау болатын.
1920 жылы 30 сәуірде РК/б/П Орталық Комитеті Қырғыз/Қазақ/ облыстық бюросы құрылғаннан кейін өлкеде Кеңес өкіметін, мемлекеттік құрылысты одан әрі нығайту жұмысы жүргізіле бастады. Сол жылғы 17 тамызда РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі Қырғыз республикасы туралы Декрет жобасын мақұлдады. 26 тамызда БОАК пен РКФСР Халком Кеңесі РКФСР құрамында "Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы" жарлық қабылдады. Орынбор қаласы Қазақ АКСР-інің алғашқы астанасы болды.
1920 жылы 4 қазанда Орынборда өткен Қазақстан Кеңестерінің құрылтай съезінде Орталық Атқару Комитеті (төрағасы С. М. Мендешев) және Халком Кеңесі (төрағасы В. Радус-Зенькович) сайланды. Съезд Қырғыз (Қазақ) АКСР-і РКФСР-дің құрамына кіретін жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалардың, қазақтардың және қызыл әскер депутаттары кеңестерінің автономиялық республикасы болып құрылғанын мәлімдеді. Декларация Кеңестердің таптық мәнін белгілеп берді. Ол халықты ұлттық езушілік пен құлдықта ұстау саясатынан батыл қол үзетінін жариялады.
Бұрынғы Ресей империясының шеткі аудандарында, соның ішінде Қазақстанда алдымен уақытша өкімет, кейін Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ұлттық мемлекет құру жайлы мәселе қарала бастады. Ресей империясының шеңгелінен босаған өзге халықтармен қатар қазақ елі де азаттыққа ұмтылды.
Елдің шығысындағы алғашқы Кеңестік республика 1918 жылы 30 сәуірде жарияланған Түркістан Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы (Түркістан АКСР-і) болды. Қазақстанның оңтүстік облыстары (бұрынғы Сырдария, Жетісу) Түркістан АКСР-інің құрамына енді. Түркістанда құрылған алғашқы ұлттық мемлекет көп өмір сүрген жоқ.
1919 жылы 10 шілдеде В.И. Ленин «Қазақ (қырғыз) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет құру туралы» декретке қол қойды. Қазақ ревкомының басшысы болып ұлты поляк, кеңестік тұңғыш комиссар С. Пестковский тағайындалды. Ревком құрамына В. Лукашев, Ә. Жангелдин, А. Байтұрсынұлы, М. Тұнғаншин, С. Меңдешев, Б. Қаратаев енді. Кейін оның құрамына А. Авдеев, Ә. Әйтиев, Ә. Әлібеков, С. Арғыншиев, Х. Ғаббасов, Т. Седельников, С. Сейфуллин, В. Радус-Зенькович тартылды.
Қазревком мен оның жергілікті жердегі органдары қазақ даласында Кеңестерді ұйымдастыру, ұлттың зиялы өкілдерін Кеңес құрылысына тарту, қазақ жерін біріктіру жұмыстарын жүргізді. Қазревком атынан «Ұшқын» газеті шығарылды.
Азаматтық соғыс шет аймақтар халықтарының ұлттық мемлекет туралы идеяларымен санаспауға болмайтынын большевиктерге көрсетті. Олар кеңестік негізде Қазақ Автономиясын құру жөнінде дайындық жұмысын жүргізуге мәжбүр болды.
1919 жылдың аяғы мен 1920 жылдың басында Қазақ автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасын құруға дайындық қызу жүріп жатты.
1920 жылы 26 тамызда РКФСР құрамындағы «Автономиялы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» декрет қабылданды.
1920 жылы 4 қазанда Орынбор қаласында Қазақ АКСР Кеңестерінің құрылтай съезі өткізілді. Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы С. Меңдешев, ал Қазақ АКСР-ның Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы болып В.А. Радус-Зенькович тағайындалды.
Съезде «Қазақ АКСР еңбекшілері құқықтарының декларациясы» қабылданды. «Декларацияда» Қазақ АКСР-ның мемлекеттік басқару органдары, азаматтардың құқықтары мен міндеттері айқындалды. Декларацияда әрбір ұлттың ана тілін пайдалануға толық құқығы бар деп көрсетілді.
Қазақ АКСР құрамына Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстары және Каспий облысы мен Астрахан губерниясының қазақтар тұратын аудандары енді. Астанасы Орынбор қаласы (1920-1924 жж.) болып белгіленді.
Патша әкімшілігі енгізген «киргиз» деген атау 1925 жылы сәуірде жойылып, қазақтар өзінің тарихи атауын қайтарып алды. 1924 жылы ел астанасы Орынбордан Қызылордаға көшіріліп, Орынбор губерниясы РКФСР-ге өтті.
Жаңа әкімшілік бөлік бойынша Қазақ АКСР құрамына Ақмола, Ақтөбе, Жетісу, Семей, Орал (құрамына Бөкей облысы уезд дәрежесінде кірді) облыстарынан және үкіметке тікелей бағынатын Қостанай округі мен Адай уезі, сондай-ақ Қарақалпақ автономиясы кірді. 1924 ж. 5-10 қаңтар аралығында өткен Қазақ АКСР Кеңесінің 4-съезінде республика конституциясының жобасы талқыланды.
Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының жариялануы ел тарихындағы зор тарихи маңызы бар оқиға болды. Қазақ халқы бұл тарихи жағдайды отаршылдыққа қарсы ғасырларға созылған күресінің нәтижесі, ұлттық қайта өрлеу жолындағы алғашқы қадам деп қабылдады.
Достарыңызбен бөлісу: |