Тақырып 15. Ортақ болашағы бар ұлттың қалыптасуы
1.1.Мәңгілік ел ұлттық идеясының мәні мен маңызы
1.2.Қазақстан тәуелсіздігі және Астана
1.3. Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңілік Ел» ұлттық идеясының құндылықтары
Мәңгілік ұғым-түсінігі – барша адамзатқа ортақ қазына. Оның негізінде саналы-санасыз тіршілік иесінің өмірге, қоршаған ортаны игеруге құштарлығы жатыр. Мәңгілікке ұмтылған арман-мақсаттың нышанына, ескерткішіне Египет пирамидаларын, мәңгі қала Рим тәмсілін, суға батпайтын, отқа жанбайтын батырлар жайлы тарихқа дейінгі аңыз-ертегілерді жатқызуға болады. Біздің пайымдауымызша, әлемдік және дәстүрлі діндердің бастау-бұлағында да мәңгілікті бейнелейтін түпжаратушы тұр. Оның есімі – Тәңірі, Құдай, Алла, Бог, т.б. Демек, байырғы түркі қоғамында дүниеге келген қысқа да нұсқа «Мәңгі Ел» ұстанымы, біріншіден, арғы бабаларымыздың адамзат өркениетіне, оның ақыл-ой қазынасына қосқан айрықша интеллектуалдық үлесін айшықтаса, екіншіден, адамдардың әрқайсының һәм баршасының мүддесін, әрекетін, ұрпағының сабақтастығы мен жалғастығын жарасымды үйлестіруге септесетін әмбебап формуласы. Үшіншіден, осынау кемел пайым-тұжырым қазақ жерінен, Ұлы Дала елінен ешқашан табан аударған емес. Ол Қорқыттың ажалдан қашқанынан тартып ақын Ж. Молдағалиевтің: «Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген» деген өлең жолдарымен санамызға шегеленген. XVIII ғасырда Әбілқайыр ханның: «Жайық өзені кеуіп қалғанша, тіпті ақыр заман келгенше қазақ халқы бұл жерден ешқашан айырылмайды», ХХ ғасырда Ә. Бөкейханның: «Қияметке шейін қазақ қазақ болып жасамақ» дегенінен де мәңгілікке нық сенім еседі.
2014 жылдың басында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ХХІ ғасырдағы Қазақстанның ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел» деп жариялады. Осылайша кемел келешекке байсалды қадамдар жасау үстіндегі тәуелсіз Қазақстанның көздеген заманауи мақсат-мұраты артта қалған ғасырлар құндылығымен сабақтасып, жалғасып жатқаны, біз Еуразия түркілерінің қара шаңырағын ұстап қалған мұрагері болып табылатынымыз ресми дәйектелді.Байырғы түркілерден жеткен «Мәңгі Ел» ұғым-түсінігінің мәні мен мазмұнын анықтап алу бүгінгі және болашақтағы ғылыми танымның нәтижесін дәйектеу бағытындағы бірінші қадам болып табылады. Біздің ойымызша, Күлтегін, Тоныкөк, олардың үлкен-кіші замандастары «Мәңгі Елді» идея ретінде де, манифест ретінде де тасқа басқан жоқ. Бұл ұғым-түсінікке халық пен тұлғаның, билік пен мемлекеттің пайда болғаннан соңғы демі таусылғанға дейінгі тағдыр-тәлейін сиғызды. Жарық дүниені қамтуы жағынан идеядан да, манифестен де әлдеқайда ауқымды. Өйткені идея дүниетанымның, ғылыми, көркем, т.б.с.с. ақыл-ойдың сүйенетін іргетасы, тірегі болса, манифистің мәнін жоғары билік немесе танымал күш тарапынан жарияланған бағдарламалық мәлімдеме құрайды. Орхон мұраларынан бұл екеуінің де белгілерін көруге болады. Дегенмен «Мәңгі Ел» сөзтіркесін бірінші кезекте тұжырымдама (концепция) мәртебесімен қабылдағанымыз жөн деп білемін. VIII ғасыр тұрғысынан келгенде, концепция дегеніміз - уақыт пен кеңістікке, үдеріс пен құбылысқа, бар мен жоққа, көк аспанның астындағы, қара жердің үстіндегі тыныс-тіршілікке тұтас көзқарас жүйесі.Осы тұтас көзқарас жүйесі, құрамдас бөліктерінің бәрінің мәні бір ауыз «Мәңгі Ел» сөзіне сыйғызылған. «Мәңгі ел» тұжырымдамасы дүниеге келген VІІІ ғасырда байырғы түркілер саяси, экономикалық, әлеуметтік, өркениеттік дамудың биік шыңына көтерілген еді. Бұған Күлтегін тасындағы: «Тәңірі жарылқап, құтым бар үшін, нәсібім бар үшін өлімші халықты тірілттім. Жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылдым. Аз халықты көп қылдым. Ығыр (болған) елдікті, ығыр (болған) қағандықты игі қылдым. Төрт тараптағы халықты бағындырып, бейбіт қылдым. Жаусыз қылдым. Бағынып менің қоластыма кірді. Ісін-күшін берді. Осындай төрді басқарып інім Күлтегін өзі бұл дүниеден өтті» деген жолдар айғақ-дәлел бола алады. Империялық шалқыған көңіл 753 жылы орнатылған Тариат (Теркін) мәтінінде де тұр. Онда: «Алдыңғы күн шығыстың [елі], одан соң ай туар жақтың халқы, [дүниенің] төрт бұрышының халқы күш-қуатын берер, [ойы] бөлек жауым болмады. Жайлар жайлауым, егін алқабым сегіз Селеңгі, Орхон, Тоғла суы (дария бойы), Телдү, Қарға, Борғу ол жерлермен, сулармен көшіп-қонып жүрдім» делінген екен. Осындай пайым-тұжырымды Тоныкөк тасындағы жазудан да оқуға болады: «Бұл түрік халқына жарақты жау келтірмедім. Шұбырған аттыларды жүргізбедім. Елтеріс қаған иелік етпесе, оған еріп мен өзім иелік етпесем, ел де, халық та жойылар еді. Иелік еткендіктен, қасиетті еліме иелік еткендігім үшін, ел де ел болды, халық та халық болды».
Сонымен, тағдыр анықтағыш ұлы идеологема геосаяси факторлардың мемлекет мұратына жегілген немесе дөп келген дәуірінде, халықтың әл-ауқаты жоғары ортада, елішілік бірлік пен татулықтың салтанат құруымен түзілді. Өз кезегінде ұлттық қауіпсіздігі бекем, сыртқы саясаты мен халықаралық байланыстары көрегендікке, парасатқа жүгінген, әскері сақадай сай мемлекетте оның қоғамға, мемлекетке, азаматтарға қуат беруші артықшылығы да, мүмкіншілігі де зорая түседі екен.«Мәңгі елді» ұлықтаған Орхон ескерткіштерінде, яғни Бумын, Күлтегін, Тоныкөк замандарында мемлекеттің, тіпті империяның тағдыры халықаралық ахуалдан, яғни экономикалық, сауда-саттық, дипломатиялық қатынастардан гөрі соғыс қорытындысымен шешіліп жататыны көзге түседі. Алайда Күлтегін жазуындағы: «Қаракөлде соғыстық», «Ізгіл халқымен соғыстық», «бір жылда бес жолы біз соғыстық», «төртінші рет біз Чүш басында соғыстық», Тоныкөк жазуындағы: «сары алтын, ақ күміс, қыз-қырқын, иір түйе, ақық қазына есепсіз келіп жатты. Елтеріс қағанның білік иесі, алып иесі болғаны үшін Табғачпен он жеті рет соғыстық. Қытайға жеті (рет) аттандық. Оғызға бес (рет) аттандық» деген мәліметтерден соғысқұмарлықты, бөтеннің жерін жаулап алу саясатын емес, елді сақтаудың, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, бәсекеге қабілетті биіктен көрінудің қам-қарекетін көргеніміз жөн. Соғыс пен мәңгілік ешқашан қабыспайды. «Бейбітшілікті аңсасаң, соғысқа даярлан», деген емес пе халық даналығы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы 10 желтоқсандағы Жарлығымен ел астанасы бұрынғы Ақмолаға көшірілді. Ал, 1998 жылы Елорданың атауы Астана болып өзгертілді. Уақыт тарихи шешімнің маңызын айқындап берді.Бас қаламыз халықаралық маңызы бар түрлі форумдар, конгрестер мен өзге де іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды. Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері, Астана экономикалық форумы және өзге де маңызды халықаралық оқиғалар тұрақты түрде өтіп келеді. Бұған ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның мерейтойлық саммиттерін қосыңыз. Сондай-ақ, 2011 жылдың басында Есіл бойы VII Қысқы Азия ойындарының қатысушылары мен қонақтарын қарсы алды. Дүбірлі доданың алауын тұтатты, жалауын желбіретті.Жас қала жыл санап түрленді. Мәселен, 1999 жылы «ЮНЕСКО-ның» шешімімен Астана – «Әлем қаласы» деп танылды. Қазақстанның бас қаласы 2000 жылдан бастап Астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі.Астананың айналасында бірегей «жасыл белдеу» жасалғанын да жұрт жақсы білсе керек. Қала ұлғайған сайын далалық өлкенің ортасындағы шұратқа (оазис) ұқсап келеді.Астана тарихының биылғы белесі де алтын әріппен жазылады. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды жобасы сәтімен жүзеге асты. «EХРО – 2017» Халықаралық көрмесі Жер-жаһанның ортақ мүддесін бір арнаға тоғыстырды. Бұған дейін жазғанымыздай, бағаналы ордада – баламалы қуат көздерін игеру мәселесі қаузалды.Жалпы, Астананың гүлденуіне қарағандылықтардың да қосқан үлесі қомақты. Өңірлер арасындағы мәдени-экономикалық байланыс күн өткен сайын дамып келеді. Қарағандылықтардың қолтаңбасын да Астана төрінен анық аңғарасыз. Соның бірі – «Отан-Ана» монументі.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы 2000 жылдың 20 мамырында ескерткіштің эскизін сызып, қағазға түсірді. Сәулетшілер мен суретшілер қауымына ұсынды. Бұл бастаманы жерлесіміз, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Мақаш Әлиақпаров бастаған қарағандылық шығармашылық топ қолға алды.Мазмұны терең нысанның құрылысына қажетті шикізатты, материалдар мен жұмыс күшін біздің өңір қамтамасыз етті. Облыстағы «Испат-Кармет», «Қазақмыс» сияқты ірі өндіріс ошақтары қаржылай көмек көрсетті. Сондай-ақ, балқаштықтар 60 тоннаға жуық қоланы сыйға тартқан.Астана – Тәуелсіздіктің тартуы! «Есілдің бойы ентоғайға қонған елдің» қарасы да күн санап өсті. Бүгінде елордалық тұрғындардың саны бір миллионнан асып жығылады.
Достарыңызбен бөлісу: |