Патологиялық доминанта (латын тілінен ауд. dominans – үстемдігі
жоғары) – ОНЖ сол мезеттегі үстемдігі жоғары қызметтік құрылымы,
басқа да нерв орталықтарының қызметін бағыттайтын, жүйеаралық қарым-
қатынастың принципі және механизмі болып табылады. Доминантты
қарым-қатынастың бұзылуы көбінесе тежелудің тапшылығына әкеледі.
Патологиялық доминантаның қимылдық (моторикалық), сенсорлық
(ауырсыну сезімі), тағамдық, жыныстық және басқа да түрлері кездеседі.
Патологиялық жүйе – әртүрлі патологиялық ықпалдардың қарқынды
және ұзақ уақыт бойы әсер етуінен пайда болатын, патологиялық
детерминантаның әсерінен дамитын, ілкі және салдарлық өзгерген ОНЖ
құрылымдарындағы нейрондардың жаңа интеграциясы (патодинамикалық
ұйымдасуы). Кейбір жағдайда патологиялық жүйе физиологиялық
жүйелердің бақылаудан шығып кетуінен және олардың аса белсенуінен
туындаса, ал, басқа жағдайда зақымданған және зақымданбаған ОНЖ
құрылымдарының бұрын болмаған жаңа құрылымдық-функциялық
ұйымдасуы кезінде байқалады. Патологиялық жүйенің дамуы кезінде кері
теріс байланыстар тиімсіз, кейде тиімділігі аз болады, ал, кері оң
байланыстар сақталып, одан сайын күшейеді. Патологиялық жүйенің
клиникалық көрінісі ретінде нейропатологиялық синдром дамиды.
Антижүйелер – патологиялық жүйенің қызметін басуға және дамуын
шектеуге бағытталған организмнің реттеуші механизмдері; патология
жағдайында функцияларды антагонистік реттеу ұстанымы болып
табылады. Антижүйелер бастапқы кезде генетикалық детерминацияланған
түрде болса, ал патологиялық жағдайда фенотипті түрде қалыптасады.
Антижүйелердің ішінде антиноцицептивтік, антиэпилепсиялық және
антиэмоциялық түрлері көбірек зерттелген. Арнайы емдік әсерлерден
(мысалы, ми құрылымының электростимуляциясы, фармакологиялық және
басқа да дәрі-дәрмектердің әсерінен) күшейетін антижүйелерді,
артифициялық, яғни, жасанды түрдегі тұрақты қызметтік антижүйелер деп
атайды.