Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі «Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы» рмм


 ТАРАУ. ШӘКӘРІМНІҢ ӨМІРБАЯНЫ ЖӘНЕ



Pdf көрінісі
бет6/12
Дата02.03.2017
өлшемі0,99 Mb.
#5103
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12

ТАРАУ. ШӘКӘРІМНІҢ ӨМІРБАЯНЫ ЖӘНЕ 
 ДІНИ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ 
 
2.1. Шәкәрімнің қысқаша өмірбаяны 
Шәкәрім (Шаһкәрім) Құдайбердіұлы 1858 жылы 11 шілдеде Шыңғыстау 
сыртындағы Бақанас жайлауында, қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай 
ауданында,  туған.  1931  жылы  2  қазанда  алты  мүшел  –  73  жасқа  қараған 
шағында  дәл  осы  Бақанас  топырағында  қайғылы  қазаға  ұшырады.  ГПУ-дің 
жендеттері оғынан жан тәсілім еткен әулиенің тәні отыз жыл бойы ойпаңдағы 
құрқұдық түбінде қалып келді. 
Шәкәрім  –  халқымыздың  кемеңгер  перзенті,  ақын,  ойшыл,  тарихшы, 
аудармашы  һәм  композитор.  Ол  –  ұлы  Абайдан  тікелей  тәрбие  алған  бас 
шәкірті,  ұлы  ақын салған соқпақпен  жүріп, оның ісін  жалғастырған ізбасары. 

51 
 
Оның  әкесі  Құдайберді  аты  әйгілі  Құнанбайдың  үлкен  бәйбішесі  Күңкеден 
туған. Яғни Шәкәрім – Абайдың немере інісі.  
Сол дәуірдегі ата салт бойынша, Құдайберді бірнеше әйел алған. Бірінші 
әйелі – Дәметкен (азан аты – Төлебике). Одан Омар, Нұртаза, Шәке (азан аты – 
Шаһмардан),  Шәкәрім  (азан  аты  –  Шаһкәрім).  Айта  кетер  жай,  соңғы  екеуін 
шешесі  «Шәке»  және  “Шәкерім”  деп  еркелеткен.  Сондықтан  келешек 
ғұламаны мұқым ел де осылай атап кетеді.  
Ескертпе:  Ойшыл  ақынның  есімі  ескілікті  жазбаларда  түгелдей 
«Шәкерім», яғни екінші буыны бүгінгідей «ә» емес, «е» әрпімен таңбаланған. 
Амал не, қазір күні бұзылып, «Шәкәрім» болып әбден қалыптасып кетті. Оған 
1988-89  жылдардағы  Орталық  комитеттің    партиялық  ақтау  құжатында 
«Шакарим» деп орысша дыбысталуы себепкер болды. 
Құдайбердінің екінші әйелі – Тобықты Мамай батырдың нәсілі Ботантай. 
Ботантайдан – Жылқыайдар, Ырызықбай. Шәке (1856-1901) мен Ырызықбай – 
(1866-1919) би, болыс болып ел жұмысына араласқан азаматтар. 
Құдайберді  жасынан  жабысқан  өкпе  науқасынан  айыға  алмай,  1866 
жылдың  көктемі  –  мамыр  айының  басында  37  жаста  дүниеден  өткен.  Ол 
жастай дүниеден өткенде артында балалары: үлкені Әмір 14 жаста, Нұртаза 11 
жаста, Шаһмардан 9 жаста, Шаһкәрім 7 жаста, Ырызықбай қырқынан шықпай 
жетім  қалды.  Үлкен  әйелі  Төлебике  36  жасында,  кіші  әйелі  Ботантай  33 
жасында жесір атанды. Бір анығы, кейіннен күндес әйелдер апалы-сіңлідей бір 
шаңырақта  тату  ғұмыр  кешкен  еді.  Сөйтіп,  Шәкәрімнің  бал  дәурен  балалық 
шағы уайым-қайғысыз өтіп, қос шешенің аялы алақанында Абай сияқты арда, 
«телғара» боп өседі. 
 Енді Шәкәрімнің шешесі Төлебике (Дәметкен) ананың ата тегіне келсек, 
ол  –  Қаракесек  ішінде  Кедей  табынан  шыққан  абралылық  Алдаберген  бидің 
қызы. Құнекеңнің құдаларын ел ішіндегі бедел-абыройы мен кісілігіне қарап, 
өзі таңдап отырғаны жақсы мәлім. Аллаберген күллі Байбөрі руларының сөзін 
ұстаған,  адалдығымен,  жоқ-жітікке  қайырымдылығымен  даңқы  асқан  ірі  кісі 
болған.  
Тілін  безеген  шешен,  кесімін  айтқан  би  болу  қасиеті  бабасы  Өскенбай 
мен атасы Құнанбайдан, ал аң қағуға деген құмарлық әкесінен қонғаны сияқты, 
Шәкәрімнің  сурет  жасап,  түр  ою,  киім  пішуі,  ағаш,  темірдің  ісмер-шебері 
болуы,  бір  сөзбен  айтқанда,  қолөнер  түрінің  бәріне  де  бейімділігі,  сірә  да, 
нағашы жұртынан дарыған-дүр.  
                                     Бесімде оқу білсін деп
                                     Ата-анам берді сабаққа. 
                                     Жеті жаста жетім боп, 
                                     Түскендей болдым абаққа. 
                                           Ардақты кенже жетім деп, 
                                           Әлпештеді мені көп, 
                                           Надандыққа болды сеп, 
                                           Қақпай ешкім қабаққа, – 

52 
 
деп басталады ақынның “Мұтылғанның өмірі” [27, 334] атты өмірдерек өлеңі.  
Осылайша Шәкәрімді ата-анасы бес жасынан сабаққа бергеніне, әкеден 
жетім  қалды  деген  аты  болмаса  Құнанбайдың  ерке  немересі  болып,  бұла 
өскеніне  куә  боламыз.  Құдайберді  Семей  медресесінен  оқып  шыққан  Өтебай 
деген молданы қолында ұстап, оған әйел әперіп, балаларын оқытады. Шәкәрім 
тоғыз жасында шешек шығып, қатты ауырады. Бетінде шешектің секпіл іздері 
де  қалған  сияқты.  Қатты  аурудан  соң,  молдадан  оқуын  доғарыпты.  Шәкәрім 
оқуға өте зерек болып, хатты тез таныған. Қабілеті байқалған соң әке-шешесі 
Шәкәрімге  өзге  балалардан  гөрі  баса  көңіл  бөліп,  әсіресе,  шешесі  араб,  түрік 
тілдерін  қосымша  үйретіп отырған. Ғұлама  абыздың  “жасымнан жетік білдім 
түрік тілін” дейтіні – сол. 
Шәкәрім  бала  жасынан  “Мың  бір  түн”  әңгімелерін  оқып,  ертек  қып 
айтып,  араб,  парсының  бәйіттерін  де  төгілдіре  жатқа  соғады  екен.  “Олармен 
бірге  қазақтың  “Ер  Тарғын”,  “Алпамыс”,  “Қобыланды”,  “Қыз  Жібек”  сияқты 
қиссаларын  оқып,  жаттап  алған.  Ескі  жыраулардың  жыр-өлеңдерін  бертінге 
дейін жатқа айтқанын сан естігем”, – дейді әке биографы Ахат қария. 
Кесек  мінезді  қатты  адам  болғанымен,  атасы  Құнанбай  ақын  болатын 
немересін  жетім  деп  аяп,  қас-қабағына  қарап  баққан  екен.  Шәкәрімнің  өзі 
“Шежіре” кітабында былайша ақтарыла жазады: “Қажы марқұм жетім деп аяп, 
қысып  оқыта  алмай,  ғылымнан  мақрұм  қалып,  жетімдікті  сылтау  қылып, 
ойыма  не  келсе  соны  істеп,  әдепсіз,  ғылымсыз  өстім.  Әйтсе  де  түркі  танып, 
орысша  хат  танып  қалдым».  Ойшылдың  «мені  жетім  деп  аяп,  қысып  оқыта 
алмай» деген лебізі көп жайларды аңдатуға тиіс. Анығы, ауыл молдасынан соң, 
бала Шәкәрім оқуын қалада жалғастыра алмаған. Себептер әр түрлі. Мәселен, 
Халиолла  Құнанбайұлы  (1849-1870)  ұзақ  оқып,  Омбыда  кадет  корпусын, 
Мәскеуде әскери училищені тәмамдаған болатын. Ол тосыннан қайтыс болып, 
қараңғы  ел  ішінде  “орыс  оқуы  жақпады”  деген  сыбыс  тараған.  Бұл  да 
кедергілік – осы кезде Шәкәрім 12-13 жаста.  
Құнанбай  қажы  Шәкәрімнің  27  жасында  қайтыс  болған.  Сондықтан 
ақынның оның әлеуметтік істеріне қанық боп, тәлім-тәрбиесін көріп өскендігі 
күмәнсіз.  Қалайда  шешесі  Төлебикеден  соң  адалдық  жағынан  тәрбие  берген 
ұстазы  ретінде  Шәкәрім  тәтесі  Құнанбайды  атаған.  «Тәтемнің  ауылы  біздің 
ауылдан шалғай болатын, – деп есіне алады ақынның өзі. – Жылына бес-алты 
рет  барғанымның  өзінде  көп  әңгіме  айтып,  ақыл  беретін.  Елге  адал  еңбек 
сіңірсең,  адал  болсаң,  абыройлы  боласың…  Көпке  жақпай,  адал  болмай, 
абырой, атақ алмайсың дейтін».  
Ақынның  туысы,  өскен  ортасы  және  балалық  дағды-мінездері  туралы 
сөзімізді түйіндей келе, бала, бозбала Шәкәрімнің нәр алған, үлгі-өнеге көрген 
қайнары  –  қырдағы  қазақ  мәдениеті,  кәдуілгі  дәстүрлі  көшпелі  қазақ  ортасы 
деп тұжырамыз. 
 Шәкәрімнің  25  жасқа  дейінгі  өлеңдерінен  бүгінге  жеткені  болымсыз. 
Өз  айтуынша,  30  жасқа  келгенде  бір  күйзелісті  хәлінде  көп  өлеңдерін  өртеп 
жіберген  екен.  Сақталып  қалғанының  бірі  –  “Шын  сырым”  толғауы  сүйген 

53 
 
жары  Айғаншаға  арналған.  Шәкәрім  Айғаншадан  Қапыр  (Ғафур),  Жебрәйіл, 
Қабыш, Ахат, Зият деген төрт ұл, Күлзия, Жәкім, Гүлләр деген үш қыз сүйеді. 
Жебірәйіл мен Күлзия жастай шетінеп кетеді. 
Шәкәрім  бірінші  әйелі  Мәуеннен  де  алты  бала  көрген.  Мәуен  бәйбіше 
көп  құрсақ  көтерсе  де,  жоғарыда  айтылған  Құнанбай  салған  үлгі  бойынша 
Ахатты бауырына салыпты. Осы себепті ерке өсіп, жасымда тентектеу, ызақор 
да ашуланшақ болдым дейді Ахат қария жасында жазған естелік-эссесінде. 
Жасы  20-ға  аяқ  басқанда  жігіт  Шәкәрім  болыс  болып  сайланған  соң, 
болыстық  пен  би  болу  сияқты  ел  билеу  жұмысына  талай-талай  жылдарын 
жұмсаған. Өзіне-өзі төреші ақынның: 
Болыстық салды жаман ой: 
«Ғылымды әзір қума, қой, 
Ұлықтық деген үлкен той» – 
Деп осыған лоқыдым. 
Арылмас кесел болды бұл, 
Іздеген ғылым қалды тұл. 
«Азат басым болды құл», 
Еріксіз жемтік шоқыдым. 
....Жиырма жыл өткенше, 
Өткіздім сүйтіп өмірін, 
Қырыққа жасым жеткенше, 
Осының жақтым көмірін, – 
деп уақыты зая кеткеніне санын соға өкінетіні содан.  
Әйтсе де, ақындық өнері тоқтап, тоқырап қалмаған. Әсіресе, жасы 25-ке 
ілінген кезден жігіт Шәкәрімнің ақындық жолға бұрып, өз ортасынан озған кісі 
болып  жекеленіп  шыға  бастағаны  белгі  береді.  1931  жылы  3  ақпанда  Сәбеңе 
(С.Мұқанов) жазған хатында Шәкәрім үш кесек шығармасын атап («Бәйшешек 
бақшасы»,  «Нартайлақ  әңгімесі»  және  «Қазақтың  түп  атасы»),  бұлар  «25 
жасымда жазылған» деп көрсетуі сөзімізге дәлел. 
Шәкәрімнің  32  жасқа  дейінгі  творчестволық  жолының  Абайдікімен 
қиылысу  мезеттерін  тесіле  тексере  отырып,  көзіміз  анық  жеткен  нәрсе  –  ол 
ағасы Абайдың кеңесіне құлақ түре жүріп, бірақ оның ізіне түсуге асықпаған, 
үйірге кіруді шет жағалап, ептеп бастаған.  
Тек  1889-90  жылдан  ғана  Абай  айналасына  өңкей  бір  талантты 
жастардың  жинала  бастағаны  белгілі.  Шәкәрімнің  «Жалыналық  Абайға,  жүр, 
баралық!»  деген  өлең  сөзі  осы  кездікі.  Абай  мектебiнiң  шәкiрттерi,  әр  буын 
өкiлдерi – Ақылбай, Мағауия, Көкбай ақын, уақ Мұқа, топай Бейсембай ақын, 
керей  Уәйіс  ақын,  Кәкiтай  және  Тұрағұлдардың  ішінде  маңдайалдысы 
Шәкәрiм  еді.  Мәселен,  Тұрағұл  өзінің  естелігінде  “бастығымыз  Шаһкәрім 
болып”  дейді.  Әсіресе,  Абай  Жидебайға  біржола  орныққан  1894  жылдан 
туысы  Шәкәрім,  басқа  да  шәкірттері  ұстазға  жиі  қатынап,  қолда  бар  кітап-
газеттерімен  үнемі  алмасып,  пікірлесіп  отырған.  Зерттеушілер  екі  ақынның 
«Тәржіман»  (Ресей  мұсылмандары  арасында  кең  тараған  жәдидизм 

54 
 
қозғалысының ұйымдастырушысы Исмаил Гаспринскийдің басылымы) газетін 
үзбей оқығанын анықтап отыр.  
Өз шәкірттерінің бірі, әрі бірегейі Шәкәрімнен Абай көп үміт күткен. Ел 
мұңын мұңдайтын елшіл ақын болуға баулып, сонымен бірге шәкіртінің бетін 
біртіндеп  ғылымға  түзеп,  дүниеге  көзін  ашқан.  Әуелде  ағасы  Абаймен 
ақындық  жарысқа  түсіп,  өз  бетінше  қарманып  көрген  Шәкәрім  өз  қателігін 
мойнына  алып,  отыз  жасқа  толған  1889  жылы  «Жастарға»  атты  толғауын 
жазады. Онда: 
Байладым белді бекем буайын деп, 
Жүректі адалдықпен жуайын деп. 
Талпынған мақсат іздеп махрұм қалмас, 
Адамдық ғылым жолын қуайын деп, – 
деуімен  енді  тек  Абайдың  ізімен  жүруге  өзіне-өзі  серт  береді  жас  ақын.  Осы 
кездерден  махаббат  дастандары  және  қазақ  тарихын  ғылыми  негізге  салған 
«Шежіре» атты еңбегіне кіріскені мәлім.  
Қорыта  айтқанда,  ұстаз  бен  шәкірттің  арасындағы  шынайы  табысу, 
түсінісу, рух туыстығы, әсіресе, 1894-95 жылдардан беріде  айдан ай, жылдан 
жыл нығайып, беки түскендігі хақ. 
Балалық  және  жастық  шағында  арнайы  мектеп  білімін  алмағанына 
қарамастан,  ерекше  дарын-қабілеті  арқасында  Шәкәрім  араб,  парсы,  орыс 
тілдерін жетік меңгерді. Бірнеше тілді меңгеруі шығыс және батыс әдебиетіне 
жол ашты. Шығыс  поэзиясы  жұлдыздарының бірі  –  Физулидің әйгілі  «Ләйлә 
мен  Мәжнүн»  дастанын  қазақша  сөйлетті.  Мұхаң  (М.Әуезов)  1934  жылы  бір 
реті келгенде Шәкәрімнің бұл аудармасы Физули кітабының аудармасы емес, 
Шәкәрімнің жаңа бір Ләйлі мен Мәжнүні деп баға берген екен. Ақын орыстың 
ұлы  жазушысы  Лев  Толстоймен  хат  жазысып,  шығармаларын  қазақшаға 
аударды.  Пушкиннің  «Дубровский»  атты  шығармасын  өлеңмен  шебер 
тәржімелеп шықты. 
Өз сөзінше, Шәкәрім қырық жасқа толған 1898 жылдан соң ғана, ақыры 
рухани  шапшаң  даму  мен  жылдам  жетілудің  жолын  табады.  Бұрынғы 
Шығыстық  қорын  енді,  жаңа  айтылғандай,  орыс  және  Батыс  әдебиеті 
қайнарымен  үстемелейді.  Әсіресе,  қажылыққа  барған  1905  жылғы  Мекке 
сапары  ағартушы  ақынның  ой-сана  көкжиегін  кеңейтіп,  рухани  соны  сілкініс 
силаған сәт сапар болған.  
 Нәпсі-сайтанның  арбауынан  аман  болу,  сірә  да,  пәни  жалғандағы 
қиынның  қиыны.  Ол  үшін  асқан  ақылың,  бек  зор  қайратың,  қайтпас  мінезің 
болуы шарт. Анығы, уағыз, дағуат айту мен өз өміріңді өнегелі қыла білу – екі 
түрлі  нәрсе.  Шәкәрімнің  мәнді  даралығы  –  шығармашылық  ғибратын  жеке 
өмірі  үстемелейді.  Олар  бірі-бірімен  қабыса  табысып,  үйлесіп,  тұтаса 
құйылады.  Төл  шығармашылығында  баршаға  махаббат  көзімен  қарап, 
әділетпен  өмір  сүруді  әдет  қылуға  шақырған  киеліміз,  күнделікті  тұрмыс-
тіршілігінде өзі де ақ жолдан қия баспай, пәктіктің, тазалықтың айнасы болып 
өтті.  Замандастарының  айтуынша,  ғұламаның  «шын  сөзге  жан  пида»,  «құры 

55 
 
білген не керек, білгенді қылған со керек», «шолақ ойлау – ең залалды мінез» 
сияқты  ұстанымдары  ауызбен  құр  айтқан  уағыздар  емес,  өмірлік  кредосы 
болған.  Яғни  әулие  ақын  –  сөзі  мен  ісі  ажырамаған  айнымас  мінездің  иесі. 
Сондай-ақ,  кемеңгердің  өмір  тәжірибесі  адамның  рухани  мүмкіншілігінің 
шексіздігін көрсетуімен құнды. Бұл – бір. 
Екіншіден,  Ақпан  төңкерісіне  дейін-ақ  бес  жылдай,  онан  соң  кеңес 
өкіметі  тұсында  12  жыл  сырт  Шыңғыстың  Бақанас  аумағында  оңаша 
тұрғанымен  де,  Шәкәрім  Құдайбердіұлы  елден,  отбасынан  кісі  киіктей 
безінген  адам  болмаған.  Оңашаланатыны  қыс  айлары,  күз  бен  жазғытұрым 
кездері,  жаздың  үш-төрт  айға  жуығын  ақын  Бауырдан  жаңағы  Бақанас 
алабының  “Кең  қоныс”  жайлауына  көшіп  келетін  қалың  ел  ішінде,  өз 
ауылдары арасында өткеретін еді.  
 Ұлы  Абайдың  тәлім-тәрбиесін  көрген  және  Батыс-Шығыстың  бай 
рухани  мұрасынан  сусындаған  Шәкәрімде  «Адамның  бәрі  өз  халқың»  деген 
жаңаша ұстаным, тың көзқарас қалыптасты. Дастандары мен өлеңдерінде адам 
адамға жау болмауы керек, барлық адамдар бауырмалдықпен өмір сүру керек 
деген  пәлсапалық  сарын  басым  бола  бастаған.  Ғұлама  Шәкәрімнің  білуінше, 
қазақ  елі  дамуының  үш  шарты  бар:  біріншісі  –  қайырымды  қоғам  құру  (ол 
үшін керегі-халыққа имандылық тәрбие беру), екіншісі – ол қоғамның әділетті 
болуы  (ол  үшін  керегі  -  әділ  еңбек  ету  және  заңдарды  бұзбау),  үшіншісі  –  
қазақ елінің ғылымды көркейтуі, іліми жолмен жүруі. 
Түйінделік. Қырықтан соңғы Шәкәрім өмірінің мынадай айшықты төрт 
кезеңі  бар:  ағартушы-демократ  (1898-1912),  энциклопедист  ғалым-философ 
(1913-1918),  хакімдік  (1919-1927)  және  әулиелік  (1928-1931).  Бұлардың 
әрбіріне тоқталу, дәлелдер алу – ұзақ әңгіме. Тек қадап айтарымыз, төрт саты – 
біз  ойдан  шығарып  отырған  жаңалық  емес.  Біріншіден,  оған  кемеңгер 
ақынның  философиялық  туындылары    тұғырлы  тірек.  Екіншіден,  адам 
баласы кемелденуінің төрт сатылы екені ортағасырлық мұсылман ғұламалары 
қалыптастырып,  уақыт  сынынан  өткен  «кәміл  адам»  ілімінен  мәлім.  Олар  – 
шариғат  (ғылым  жинау  деген  мағынаны  білдіреді),  тариқат  (тақуалық  жолға 
түсу),  мағрифат  (Тәңіріні  тану  кезеңі)  және  хақиқат  (Шынға  жету, 
мұсылманша  Алла  тағала  дидарына  жақындау).  Бір  ғажабы,  бұл  төртеуі 
жаңағы Шәкәрімге қатысты айтқан саты-сатылармен дәлме-дәл беттеседі.  
Айта  берсек,  Шәкерімнің  өмірі  мен  шығармашылығы  туралы  деректер 
қолымызда  баршылық,  ойшыл  ақынның  бейнесін  толықтыра  түсетін  тұрмыс 
кескіндері де аз емес. Бірақ «Абай шәкірттерінің ішінде ең көп жасаған да, ең 
көп  жазған  да  –  Шәкәрім»  деп  абайтанушы  ғалым  Қайым  Мұхаметханов 
айтқандай,  ғұламаның  ұзақ  ғұмырын  байыптау  мен  күрделі  шығармашылық 
қызметін екшеу, сараптау – өз алдына тақырып.    
Шәкәрімнің өмірбаянына жасаған шағын шолуымыз осымен тәмам.  
 
 
 

56 
 
2.2. Шәкәрімнің діни философиясы 
      Шәкәрімнің шығармашылығын тұтастай қарастыру, саралау біздің ғылыми 
жобаның  міндетіне  кірмейді.  Сондықтан  Шәкәрім  ойшыл  ретінде  кемеліне 
келген, жасы 60 асқан шағындағы діни-философиялық поэзиясына  баса көңіл 
бөлгенді  жөн көрдік.  Сондай-ақ,  «Шәкәрім және  зікіршілер»,  «Шәкәрім және 
Лев Толстой» деген тақырыптарды азды-көпті қозғамақпыз. 
      Аты  аңызға  айналған  ғұлама  ойшылымыз  Шәкәрімді  жалғыз  алаш  я 
болмаса  түркі  дүниесіне  ортақ  тұлға  деп  қарастыру  аздық  етеді.  Бірақ, 
кемеңгерді  «күллі  әлемнің  Шәкәрімі»  дей  салу  ауызға  жеңіл  болғанымен  де: 
«Хош,    данышпандарыңыздың  данышпандығы  неде,  кемел  кемеңгер 
дегеніңізде, ол немен дәлелденбек?» деген сұрақтың алдан орайтыны айтпаса 
да  белгілі.  Өзгетілді  халықтар  осындай  сұрақты  қоймағанда  қайтеді. 
Сондықтан  «Шәкәрім ­ әлем ойының  алыбы» деген үлкен тақырыпты  шама-
шарқымыз жеткенше еңсеріп көрелік. 
         Сонымен, данышпан Шәкәрім эволюциясының саты-сатылары қайсы?  
         Ақиқат  жалғыз,  бірақ  оған  жету  жолдары  көп  болғандықтан  шарқ  ұрып 
толассыз  ізденген  ғұламалар  бірі  бірінің  қайталануы  емес.  Әр  данышпан 
хақиқатқа, рух биігіне, әлбетте, өз соқпағымен жетеді.  
       1895  жылғы  «Лай  суға  май  бітпес...»  деген  өлеңінен  бастап,  Абай  өз 
шығармашылығының  ішкі  мазмұнын,  табиғатын  мүлде  өзгертеді.  Бұл 
бағдарламалық өлең есепті. Өйткені, онда: 
                                  Мекен берген, халық қылған ол лә мәкан, 
                                  Түп Иесін көксемей бола ма екен?   
                                   Және Оған қайтпақсың, оны ойламай, 
                                   Өзге мақсат ақылға тола ма екен?, ­ 
делінген  қос  сұрақтың  жауабын  іздеген  ұлы  ақынның  Алла  тағала,  ахирет 
туралы  терең  ойларға  бұрғаны  анық.  Шиырлы  ізденіс  жолының  1902  жылғы 
«Алланың  өзі  де  рас,  сөзі  де  рас»  өлеңінде,  әйгілі  «үш  сүю»  танымымен 
тұйықталғаны белгілі. 
       Шәкәрімнің Абайдан соңғы ұстазы Толстойдың философиясы да  «Қайдан 
келдім,  Мақсатым  не?»  деген  сұрақтан  бастау  алып,  адам  өмірінің  мақсаты 
ішкі рухын өсіру, гүлдендіру болуға тиіс, зұлымдыққа махаббатты қарсы қою 
қажет  деген  ілімді  жасауға  саяды.  Осы  мақсатты  таптық,  нәсілдік,  ұлттық 
құндылықтардан жоғары қойған жағдайда ғана  бақытты адам, бақытты қоғам 
құруға  болады  дейді  орыс  ойшылы.  Оның  білуінше,  зұлымдық  арқылы 
жақсылықты жасамақтық еш мүмкін емес. 
        Енді  Шәкәрімнің  алғашқы  ізденістері  мен  ой  шыңына  басқыштау 
реттілігіне  келсек,  әуелгі  саты  ислам  діні  болғаны,  келешек  ойшылдың 
хақиқатты дін аясынан іздегені күмәнсіз.  
        Жасыратыны  жоқ,  мал  баққан  көшпелі  өмір  салты  ислам  дінінің  дендеп 
орнығуына  дес  бермей  келді.  Айт  айтпа,  бұрынғы  Тәңірлік  наным-сенім 
үстемірек  болды.  Бірақ  ХІХ  ғасырдың  екінші  жарымы  мен  ХХ  ғасырдың 
алғашқы  кезеңінде  жаңаша  көзқарастардың  уақыты  жеткен  еді.  Өйткені, 

57 
 
отаршылдық  қысым  қос  өкпеден  қысқан  қысылтаяң  тұста  Ресей 
мұсылмандарының  зиялы  қауымы,  оның  ішінде  қазақтың  озық  ойлылары, 
жайбірақаттықты сілкіп тастап, исламға тәрбие жолы ғана емес, елдікті сақтап 
қалудың  бір  қаруы  деп  те  қарай  бастағантұғын.  Сондықтан  осы  кезде  қазақ 
сахарасында шыққан кітаби ақындардың дені діншіл ақындар еді. Яғни оларға 
дін  насихатшылары  болу  қоса  жүктелді.    Бір  сөзбен,  1880  жылдардан  бастап 
қазақ поэзиясында ағартушылық діни бағытпен астасып жатты.  
        Міне, бұл ерекшеліктен Шәкәрім аман болды, яғни  40 жасқа дейін діншіл 
ақын болған жоқ дей алмаймыз. Мәселен, Оспанның бәйбішесі Еркежан келін 
боп  түскенінде    жас  қайнысы  Шәкәрімді  «молда  жігіт»  деп  ат  қойған  екен. 
Өйткені,  бұл  Шәкәрімнің  діни  кітаптарды  ізерлеп  оқып  әрі  Құранды 
тәпсірлеуге  тырысып  жүрген  шағы  болған.  Тегінде  бұл  талабы  едеуір  ұзақ 
кезеңге созылады.  
       “Абай жолы” эпопеясының ХІХ ғасырдың соңында Тобықты ішінде өткен 
оқиғаларды  арқауы  еткен  “Қастықта”  тарауында  М.Әуезов  Шұбардың 
(Шәкерімнің) мұсылман іліміне жетіктігін һәм молдалығын оқырманға былай 
деп 
жеткізеді: 
“Семейдің 
мешіт-медресесіндегі 
қазірет-халфелермен 
кездескенде,  Шұбар  өзінің  мұсылманша  көп  оқығанын  және  мұсылман 
ғұламаларының  кітаптарынан  қол  үзбей  жүретін  молдалығын  да  іске 
жаратады”.  
        Діни догмат құрсауынан босай қалу бек қиын нәрсе. Біріншіден, бұл ретте 
жас  ақынға  қасындағы  Абайдың  ықпалы  ерекше  болғаны  мәлім.         
Екіншіден,  діншілдер  мен  пәншілдер  жазғанын  талапкер      Шәкәрімнің  өзі  де 
көп  қазбалаған.  Бірақ  олардан  өзін  алаң  қылған  жаралыс  сырларының 
жауабын, яғни көңіл ашар ақиқатты, анықты таба алды ма? 
       Бір өлеңінде: 
                              Не сыр бар дін деген жолда, 
                              Кітап, тәпсір, қожа, молда… - 
десе, тағы бірде: 
                                 Молдалардан дін сұрасаң
                                 Сандырақтап, сандалар. 
                                 Пәншілермен бас құрасаң, 
                                 Жан, Құдай жоқ дер тұра-ақ. 
                             …Таза діннің шын негізін, 
                                 Ұстаған бір бенде жоқ. 
                                  Дүние толған көп шатақ дін, 
                                  Бәрі бірдей шатпырақ, - 
деуіне  қарағанда,  жоқ,  таба  алмаған.  Өз  сөзіне  жүгінсек,  “Үш  анық”  атты 
трактатында: “Ескі дін молдалары, - деп жазады Шәкәрім, - қай дінде болса да 
жаралыс  жолының  сырына  шорқақтығынан  бұл  туралы  анықтап  ұқтыра 
алмаған”.     
       Шәкәрімнің  өзі  іздеген  анықтарды  діни  ілімнен  де,  сол  сияқты  пәншіл 
ғалымдардан  да  таба  алмаған  себебі,  діншілдер  өздеріне  дұрыс  көрінген 

58 
 
пәтуәлар,  түсініктемелер  және  көзқарастар  арқылы  мұсылман  жамағатты 
алдын  ала  сызылған  шеңберге  қамап,  ойлау  еркінен  айырса,  ал  пәншілдер, 
керісінше,  түп  қайнар  -  Құран  мен  Сүннәдән  алыстап  кетіп,  халықты  өз 
білгендеріне  бұрумен  болды.    “Нәтижеде,  -  дейді  иасауитанушы  ғалым  Д. 
Кенжетай, - өте маңызды екі жағдай пайда болды. Біріншісі – еркін ойлайтын, 
зерттейтін,  өндіретін  мұсылманның  орнын,  дәстүршіл,  еліктегіш,  ұраншыл 
мұсылман  басты.  Екіншісі  –  факихтер,  кәлламшылар,  хадисшілер  мен 
тафсиршілер  өте  жоғары  беделге  ие  болды.  Құран  мен  Сүннәнің  орны 
исламдық танымда екінші сатыға түсті” [28, 27].   
       Сөйтіп,  діншілдер  мен  пәншілдер  «анық  нұры  осы»  деп  насихаттаған 
дүниетанымдық    ұстанымдарға  Абай  сияқты  Шәкәрімнің  де    қанағаттана 
алмағаны  шүбәсіз.  Осыған  қабат,      Шәкәрімнің  ойшыл  ретінде  қалыптасқан 
шағы  позитивистік  һәм  ағартушылық  ағымның,  онан  соң  материалистік 
ілімнің өрістеп тұрған уағына дөп келгенін есте ұстағанымыз жөн.  
         «Философия  сорабына  қырық  бес  жасымнан  салындым»  деген  өз  сөзі 
сыншыл  Шәкәрім  діншіл  Шәкәрімді  ығыстырған  уақыт    1903-1905  жылдарға 
сәйкес  деп  кесіп  айтуға  мүмкіндік  береді.  Сондай-ақ,  Абайдың  философия 
мектебінен  өткен  Шәкәрімнің  Толстойдың  жаңашыл    дүниетанымдық 
көзқарастарын құныға оқып, ындын сала тексеретіні де осы тұс.  
        Сонымен  діншіл,  шариғатшыл,  осыған  қоса,  бәлкім,  жәдитшіл  де 
Шәкәрімнің  ғұрпы  исламнан  көңіл  суыта  бастаған,  яғни  ноқтасыз  ойдың 
адамына, сыншыл ақынға ауысу мезеті ХХ ғасырдың басы екенін көреміз.   
        Бірақ әлемдік ой­сана кеңістігіне осы кезден құлашын жаза сермеді деуге 
әлі  ертерек.  “Мұтылғанның  өмірі”  жырында  ақын  қажылық  сапары 
қарсаңындағы дөңасты кезеңін былайша өреді: 
                                   Адасып діншіл азғанын, 
                                   Пәншілдер ғылым қазғанын. 
                                   Философ – ойшыл жазғанын  
                                          Сынауға енді бұрдым бас. 
         Бірақ бас бұру бар да, онан соң, сыншыл кемеңгер биігіне шығу тым ұзақ 
жол. Мынаған қараңыз,  ғұмыр бойы шарқ ұрып хақиқат жолды іздеген әлем 
ой  алыптары  «тізімінде»  орта  жасқа  келмегендер  санаулы,  яки  тіпті  жоқ. 
Мысалға  имам  Ғазали,  Абай,  Толстой  үшеуінің  де  хакімдік  белге  елуден 
асқанда  ғана  жеткені  жақсы  белгілі.    Шәкәрім  де  солар  сияқты.  Ол         
“Мұтылғанның өмірі” атты өзі туралы жырында іздену жолын былай айтады: 
                                   Ноқтасыз оймен тексердім, 
                                   Бояулы діннен сескендім. 
                                   Дін шатағын көп көрдім, 
                                            Қатесін сынап тергенде. 
                                  …Ақылмен нанбай иман жоқ, 
                                   Ойлаудан ақыл тиған жоқ. 
                                   Талай дінді тексердім, 
                                          Ешбірі миға сиған жоқ. 

59 
 
         Осымен, ойшыл ақынның 1912 жылы 55 жасында Шыңғыстаудың тыныш 
қойнауына оңашаланып, «Үш анық» трактатын қолға алғанына көз жеткіземіз. 
Ұстаз бен шәкірт арасындағы әдемі жарастық: Абай өз ізденістерін «үш сүю» 
танымымен  түйіндесе,  Шәкәрім  «Үш  анықта»  қойған  сауалдары  арқылы  үш 
ақиқаттың түйінін тарқататын болады.   
        Өз бетінше қарману, онан соң Абайдың ізіне түсу сияқты бел-белестерден 
өткен ақын 1903-1904 жылдары философияға бет бұрғанын айттық.   Тұтастай 
алғанда  Шәкәрімнің  ғылымды  жинау,  әлемдік  әдебиетті  меңгеру,  өз  сөзінше 
«перевод  малтасын  езген,  әлемді  оймен  кезген»  уағы  1912  жылға  дейінгі 
кезеңді қамтиды. 
        Сөйтіп, ойшылдың 30 жасынан 55 жасына дейінгі ұзақ кезеңді «ғылымды 
жинау» сатысы деп атасақ дұрыстық сияқты.  
        Хош,  осыдан  былайғы  ойшылдық  эволюциясы  қалай  өтті?  Ғұламаның 
соңғы  жиырма  жылдық  ғұмырына  зер  сала  қарағанда,  әлем  ойының  алыбы 
болып қалыптасуының келесідей   үш саты-сатысын көреміз: энциклопедист 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет