3.1 Философиядағы адам мәселесі «Адам» деген ұғым – адам баласына тән жалпы қасиеттердің жиынтығын білдіретін түсінік. Адамың әлемде алатын орны ерекше. Адам жаратылыстың, табиғаттың туындысы және әлеуметтік феномен. Ол табиғат жасамаған заттар мен құбылыстарды өз қолымен, ақылмен жасайды.
Діни ұғымдар бойынша дүние адам үшін жаралған деген ұғым бар, өмір адамға, адам көңіліне жол табу мақсатына бағындырады. Мұсылман және Христиан діндері, иудаизмнің Библиядағы мифін қабылдап, адамның азап шегуін бұрынғы ең бастапқы күнәсі үшін тартатын жазасы дейді. Одан құтылудың жалғыз жолы - Құдайға құлшылық етіп, табына беру деп уағыздайды.
Ежелгі үнді философиясы мен дінінде адам әлемдік жанның бір бөлігі ретінде қаралды. Жанның біреуден екіншісіне көшуі туралы ілімде, тіршілік иелері (өсімдіктер, жануарлар, адамдар) мен Құдай арасында өтуге болатын жылжымалы шекара бар. Бірақ ең маңыздысы - бостандыққа ұмтылу тек адамға ғана тән, оған жету үшін құштарлықтан құтылу, болмыстың эмпирикалық жолы, сансара - карма заңдарын білу қажет. Упанишадтың пафосы- шабыт, сезім шаттығы, ықлас, ынта, жігерлену. Упанишад үнді философиясының дамуына зор ықпал көрсетті.
Діни - этикалық ілім - буддизм, адам мәселесін ең жоғарғы биікке көтеріп, өмірді түгелдей соған арнау жайында баяндайды
Қытай философиясында Конфуций СЯО-ға (ұлдың сый-сияпат көрсетуi, әке -шешені және үлкендерді сыйлауы), ең икемді әдіспен үлкен отбасын, елді басқаруға, этикет, әділеттік пен мінез-құлыққа ерекше көңіл аударады. Конфуций ең алғашқы болып «Өзіңе қаламағанды басқаларға қалама», - деп, ең басты моральдік-этикалық принципті өмірге әкелді.
Даосизм, оның негізін салушы Лао-цзы бойынша, Дао (жол) - көрінбейтін, барлық жерде бар, өзінен өзі пайда болатын табиғат, заңдылық, оған жеке адамның мінез - құлқы мен ойлары да жатады. Адам өмір бойы дао принципін ұстануы керек, адам өз мінез - құлқын табиғатпен бүкіл әлеммен келістіруі керек. Бұл iлiм кейін Қытайдың негізгі бір діні ретінде дамыды.
Ежелгі антика заманында адамды космос бейнесінде, «кішкентай әлем» (микрокосмос) ретінде қарады. Адам туралы мәселені алғашқы рет Сократ қойды. Ол рационалдық этиканың негізін қалап, адамның ішкі дүниесін, оның жаны мен ізгілікті ісін түсінуді ұсынды. «Ізгілік» дегеніміз – білім, «Жақсылық пен әділдікті танып-білген адам жамандық пен әділетсіздіктен аулақ болады»9, - дейді. Платон ілімі бойынша адамда мәңгiлiк жан мен өткiншi дене қосылады. Жан - денесіз идея әлеміне жатады. Адам болса, дербес рухтың сақтаушысы.
Аристотель «Адам қоғамдық хайуан, тек ақылы бар»2 - деп, ал құлдарды адам деп санаған жоқ, «сөйлей білетін жануар» деп атады. Құл иесі құлға қайырымды бола алмайды. Сол сияқты әкесінің баласына қайырымды болуы міндетті емес, өйткені ол оның меншігі болып есептелінеді, ал баланың әкеге қайырымды болуы міндетті, себебі әкесіз бала дүниеге келмейді.
Христиан дінінде адам ұғымы, Құдай бейнесінде қаралады. Адамды бағалауда ақыл-ой емес, жүрек негіз болады. Жүрек Көне өсиетте (Ветхий завет) - 851 рет қайталанады.
Фома Аквинский: «Адам - дене мен жанның бірлігі. Хайуан мен періштенің аралығындағы нәрсе. Жан мәңгілік өлмейтін жақсылық сәулесі. Адам денесі - құмарлық пен ынтызарлықтың, жындардың ұясы», - дейді.
Орта ғасырдағы шығыс философы әл-Фараби: «бақыт - әр адамның көздейтін мақсаты, үлкен игілік. Адамда сол мақсатқа жетуге мүмкіндік беретін үш түрлі тамаша табиғи қабілет болады, ол: ерекше жасалған дене құрылысы, жан құмарлықтары, ой-парасаты»,- деген.
Әл-Фараби адамның жан дүниесін жетілдіру мәселесін философиялық тұрғыдан зор білгірлікпен жан-жақты да терең зерттеп, талдау жасайды. Ал қайта өрлеу (ренессанс) дәуірінде Адам өзін-өзі билеу еркі, мақсаты бар тіршілік иесі ретінде қабылданды. Ол өзінің көптеген эстетикалық қасиеттеріне байланысты сезімтал дене иесі.
Жаңа Заман философиясының өкілдері: Бэкон, Декарт, Гоббсс, Спиноза - адамның өз болашағы өз қолында, Құдайдан да, басқадан да тәуелсіз, ол тапқыр да белсенді жасампаз тағдыр иесі, өз өмірінің саналы субъектісі. Адамның ерекшелігі де, рухани күйі де оның ақыл-ойында, яғни ойлау қабілетінде деп есептедi. Декарт: ойлауды адамның өмір сүруінің нақты куәсі дейді. «Мен ойлай аламын, олай болса өмір сүремін». Адам - ақыл-ойы бар тіршілік иесі. Дене мен жанның арасында ортақтық жоқ. Дене белгісіздікте болса, жан ойлайды, жанның айқын маңызы – сана, ақыл-ой».
Бірінші рет философияда «антропология» терминін Кант кіргізді. Адам философиясы немесе антропологиялық философия дегеніміз – адам туралы ілім. Ол адам мәселесін екіжақты қарады. Біріншіден, ол табиғат әлемi мен табиғи қажеттілікке тәуелді болса, екіншіден, адам еркіндік әлемі ретінде қаралды. «Адамның барлық іс-қимылының басқа біреудің еркіне бағынышты болуынан асқан сорақы сұмдық мүмкін емес»,- деді.
Неміс романтизмінiң (XVII-XIX ғғ. басында) өкілдері Гете мен Гердер, кей жағдайда қайта өрлеу дәуіріне оралып, ойлауды шектеп, адамның сезімдік саласын одан жоғары қояды. Новалистің (неміс ақыны, философы) пікірінше, ойлау - тек қана сезімдік түс.
Гегель: «адам – тарихи» – деген идеяны дамытты. Ол үшін адам - рухтың жалпылық қасиеті, рухани іс-әрекеттің субъектісі, мәдениет дүниесін жасаушысы. Фейербах пен Чернышевский өздерінің ілімінде адамды негізгі зерттеу мәселесіне айналдырды. Адам сезімдік, денелік тіршілік иесі және осының нәтижесі саналды.
Маркс: адамды жасайтын, оның еңбекке деген ынтасы, іс-әрекеті, ал қоғамдық болмыс адам санасын анықтайды дейді. Марксизм философиясы қоғамдық сана, қоғамдық болмыс, таптар мен мемлекет, өндіріс тәсілі, мәдениет мәселелерін өте терең зерттейді, бірақ адам мәселесі көмескі күйінде қалған. Ал, өмір болса адам туралы мәселені зерттеуді, оған нақты зер салуды талап етеді. Негізгі мәселе: адам қашан жаралған, қалай пайда болды? деген сұрақтарға жауап іздеу. Менің болуымның міндетті шарты - «сенің, басқалардың болуы» – дейді Фейербах.
Өмір философиясының өкілдері адамның ерекшелігін өмір феноменімен, кейде органикалық, биологиялық ұғымдармен көбірек жақындастырады (Ницше). Немесе мәдени-тарихи мағынада түсіндіреді (Дильтей). Өмір философиясында алдыңғы шепке адамның ойдан тыс қабілеті қойылады: сезім (Гаман, Якоби), ырық (Шопенгауэр), интуиция (Баадер, Бергсон). Олар сананы санасыздыққа жиі-жиі қарсы қояды. Фрейд және (фрейдизм) санасыздықты санадан артық көреді. Адамзат мәдениетінің, діннің шығуының қайнар көзін санасыздықпен байланыстырды, бұл жөнінде адам өз-өзіне толық жауап бере алмайды дейді.