Қазақ КСР-iнiң мемлекеттiк егемендiгi туралы Декларация дайындау
тұсында қоғамдық қозғалыстар айрықша белсендiлiк таныта білді. Республика
Жоғарғы Кеңесi үйiнiң алдындағы алаңда күн сайын көптеген адамдар
жиналып, шерулер өтiп жатты. Әлеуметтiк мәселелердi шұғыл шешудi, әскер
қатарын қайта құруды талап еткен жастар ұйымдастырған пикет, аштық
жариялау көрiнiстерi жиiлей түстi.
Осы кезде Республикада тағы бiр қозғалыс аясында патшалық заманғы
казактар (атты казак, қара шекпендер) өкілдері бой көрсете бастады. Казактар -
Алтын Орданың ыдырауынан кейiн Ресейде пайда болған әскери-саяси
әлеуметтiк топ (сословие). Көптеген жылдар бойы олар патшаға адал қызмет
ету ұранын ұстанып ұлттық аймақтарды отарлаудың бүкiл тарихында
басқыншылық, жазалаушы қолшоқпар болып келген. Орал казактары
басшыларының 1991 жылғы қыркүйектiң 15 жұлдызында өздерiнiң патша мен
Отанға қызмет етуiнiң 400 жылдығын мерекелеуге шешiм қабылдауы қазақ
еліндегі қанат жайған егемендік алу бағытындағы саяси өзгерiстерге мүлдем
қайшы болды. Облыс басшыларының казактардың мұндай айқын, сыңаржақты
әрекетіне тосқауыл қойып, ақылға шақырған шаралары тым әлсіз болып
күтілген нәтижеден күдік туғызды.
“Азат”, ”Желтоқсан”, “Парасат” қозғалыстарының басшылары бұндай
харекет жергілікті этностың намысын қорлау деп бағалады. Мерекеге бiрнеше
күн қалғанда жаңашыл саяси қоғам өкiлдерi казактардың мерекесін өткізуге
таңдаған Орал қаласының орталық алаңына жиналып халық алдында ұран
көтердi, ереуiл және шерулер ұйымдастырды. Осымен бiр уақытта қалаға
Краснодар, Дон өзені, Челябiден, Самарадан казак әскерлерiнiң өкiлдерi де
келдi. Тартыс қыза түсiп, тікелей қақтығысқа өте жақын тұрды. Азаттық
тәуелсіздік ұйымдары мен қоғамдық қозғалыстар белсенділігі нәтижесінде бұл
іске құқық қорғау күштері араласып қантөгісті жәйттерге жол бермеді.
Жаңа Өзендегi оқиғалар. Алматыдағы желтоқсан оқиғалары, Кеңес
Одағының әртүрлi аймақтарында болып жатқан жанжалдар билік органдарын
терең күйзелістік ойға салып, жылдар бойы жинақталған проблемаларды
шешудiң тәсiлдерi мен жолдарын iздестiруге мәжбүр еттi. Осындай шешiмiн
таппаған түйiннiң бiрi Маңғыстау облысының Жаңа Өзен қаласындағы iрi
толқуға әкелiп соқтырды. Мұнда кезекпен баспана алу әділдігi, мектепке
дейiнгi балалар мекемелерiне деген кезек өте баяу жылжыды, жастар арасында
жұмыссыздық өстi. Аймақтың мұнайы мен газын сорып жатқан орталық
ведомстволар жергiлiктi жерде кадрлар даярлаудың орнына, өндiрiс
орындарында Солтүстiк кавказдықтар мен өзге ұлт өкiлдерiнiң және вахталық
әдiспен қызмет етуi халық наразылығының өршуіне түрткi болды.
Сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсетудi
ұйымдастыру да өрескел жөнсіздікке жол берілді. Үй бөлуде, тұтынушыларды
азық-түлiк және өнеркәсiп тауарларымен қамту саласында әдiлетсіздікке жол
ашты. Басқа жақтан жұмыс іздеп келген келімсектер сол жердің байырғы
тұрғындарының дәстүрлерi мен әдет ғұрыптарымен санаспай, тіпті оларды
дөрекiлiкпен кемсiттi. Әлеуметтiк жағдайлардың шиеленiсуi ұлтаралық
қатынастардағы, әсiресе байырғы тұрғындар мен Кавказ ұлт өкiлдерiнiң
арасындағы қақтығыстарға жиі ұласатын болды, қан төгісті жанжалдарға
соқтырды. 1989 жылдың маусымында қалада екi жақтан да қан төгiлген жаппай
ұрыстар бет алды. Бұл жанжал құқық қорғау органдары мен арнайы мақсаттағы
әскерлердiң араласуымен ғана басылды. Басқа қалалар мен жұмысшы
қалашықтарында жекелеген жанжалдар да кеңінен етек алды.
Қарағанды кеншiлерiнiң ереуiлдерi. 1989 жылдың шiлде айында
Қарағанды көмiр алыбының 10-15 мың кеншiлерi күн сайын ереуiлге шықты.
Кеншiлердiң талаптары алғашқыда экономикалық сипатта болса, әсiресе еңбек
ақыны өсіру, шахталардағы еңбек жағдайын жетілдіру, азық-түлiк
тауарларының түрлерiн көбейту мәселелерi алға тартылды. Кейiннен
әлеуметтiк талаптарға, Семей ядролық полигонын жабу, одақтық бір ортадан
күштеп басқаруды (монополия) тоқтату мәселесi қосылды. Кеншiлер құрған
қоғамдық алқаларды Д.Тегiсов, П.Шлегель, М.Рамазанов, П.Перебойнос және
басқа аймаққа еңбегі және игі қоғамдық белесенділігімен танылған басқарды.
Кеншiлермен билеушi орындардың басшыларының бiрнеше кездесу-
сұхбатынан кейiн, билік орындары олардың әдiлеттi талаптарының біршамасын
орындауға уәде бергеннен кейін ереуiлдер тоқтатылды.
Тәуелсіздіктің бастапқы қадамдары. Демократиялық процестердi
тереңдетудiң, қоғамдық-саяси ұйымдармен және қозғалыстармен сындарлы
ынтымақтастың маңызды факторы ретiнде саяси көппiкiрлiктi билік тарапынан
мойындау шамамен 1991 жылдың көктемiнде анық байқалды. Бұл кезде
Қазақстанда дербес саяси және қоғамдық бiрлестiктер саны 120-дан асқан едi.
Қазақстанның мемлекеттiк тәуелсiздiгіне қол жетуде Қазақ КСР Жоғарғы
Кеңесiнiң кезектен тыс XIV сессиясының шешiмдерi де мұрындық болғанын
атаған жөн болар. Сол сессияда төрт заңның жобасы, яғни: ”Қазақ КСР
Конституциясына (Негiзгi Заңына) өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу
туралы”, “Қазақ КСР-iндегi тiлдер туралы”, “Қазақ КСР-нiң халық
депутаттарын сайлау туралы” және “Қазақ КСР-iнде халық депутаттары
жергiлiктi кеңестерiнiң депутаттарын сайлау туралы” шешiмдері қабылданды.
Жаңару кезеңi Қазақстанда тек жасампаздық ғана емес, көптеген
құндылықтың жойылуына қайтадан қаралып бағалануына себепкер болды.
Әлеуметтiк саланы жетілдірудiң жаңа механизмiн құру экономикалық, саяси
және өзге қоғамдық байланыстардың дамуынан едәуiр артта қалып қойған
жағдайда қалыптасты. Әкiмшiлiк-әмiршiлдiк жүйеден алыстап оны ыдырату
қоғамдық басқарудың оған сай келетiн жаңа құрылымдарын дер кезiнде құру iсi
алғашқыда тым баяу жүрді. Үкiмет дағдарысы да кеңейіп тереңдей түсті. Яғни,
Кеңестік партиялық-авторитарлық билік жүйесі кәдеге жараудан қалды, ал
Кеңестердiң саяси беделi қоғамдық қатынастарды реттей алмады.
Қазақстанның саяси және юрисдикциялық тәуелсiздігін өз қолына алу
жолында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi 1990 жылы 25 қазанда қабылдаған
Қазақстанның мемлекеттiк егемендiгi туралы Декларация маңызды рөл
атқарды. Көлемi жағынан шағын, бiрақ мазмұны адами және мемлекеттік
сипаттың барша мазмұнын қамтыған құжат Қазақстанның егемендiгiнiң
орнығуында темiр қазыққа айналды.
Бұл оқиғаның алдында бұқаралық демократиялық қозғалыстар,
экологиялық, жұмысшылар, әйелдер және жастар қозғалыстары қоғамдық
өмiрде қанат жайып, бұқаралық сипат ала бастады. Осы процесте Қазақ КСР-
iнiң он екiншi сайланған (1990 жылдың сәуiрiнде) Жоғарғы Кеңесi сындарлы да
белсендi ұстанымды қолдады. 1990-1991 жылдары қабылданған республика
заңдарында өз күшiне енiп, бекiтiлген құқықтық және заңнамалық
процедуралар негiзiнде әрбiр адамның бостандығы мен ар-намысын бiлдiруi
үшiн қажеттi жағдайларды қамтамасыз етуге зор көңiл бөлiндi.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш Республика Президентiнiң
сайлауы 1991 жылы 1 желтоқсанда болды. Халықтың демократиялық жолмен
өз еркiн бiлдiруiнiң нәтижесiнде Қазақстан Республикасының Президентi
болып Н.Ә.Назарбаев сайланды. Осы жылдары прокуратура, мемлекеттiк
қауiпсiздiк комитеті, iшкi iстер, әділеттік министрліктері партиялық
бақылаудан арылды. Қазақстан мемлекеттiк Қорғаныс комитетi құрылды,
мемлекеттiк кәсiпорындары мен ұйымдар одақтық әміршілдіктен босатылып,
Қазақ КСР үкiметiнiң қарауына берiлдi, Республиканың сыртқы экономикалық
қызметiнiң дербестiгi қамтамасыз етiлдi. Қазақстанның алтын және алмас қоры
құрылды.
Достарыңызбен бөлісу: |