Діншілдік сипаты деген түсінік түрлі діндердің немесе дін өкілдерінің діншілдігіндегі сапалы айырмашылығын анықтайды. Мысалы, буддистердің діншілдігі христиандардың діншілдігінен ерекшеленеді. Бір діннің ішіндегі әр түрлі бағыттар мен ағымдар өкілдерінің, мысалы, протестанттар мен католиктер, шейіттер мен суниттер арасындағы діншілдіктің айырмасы әрқалай болуы мүмкін. Онымен қоса, бір-біріне сәйкес келмейтін діни және діни емес жүйелердің, сектанттардың, адептердің жолын ұстанушылардың діншілдік сипаты толықтай ұқсас болуы мүмкін.
Сондықтан дінді және діншілдікті нәтижелі әлеуметтану тұрғысынан зерттеудің маңызды әдістемелік алғышарты дінді объективті түсіну және анықтау болады. Кеңестік әлеуметтану тәжірибесінде дінге және діншілдікке кеңейтілген түсіндірме беру біршама кері ысырылған еді. Дін қоғамдық сана-сезім шеңберінде оның бір нысаны ретінде мойындалған еді, бірақ оның басқа түрлері, өтірік, жалған сана-сезім, жеке адамның дүниені тануына кері әсер етуші ретінде қарастырылды. Көптеген ғалымдардың ойынша, табиғаттан тыс нәрсеге сену - нормалардың, құндылықтардың белгілі бір жүйесін дін деп санауға мүмкіндік беретін ерекше белгі. Жұмысшы табы жеңіске жеткеннен кейін қоғамдық сананың басқа түрлері мен нысандарының барлығы қоғамды дінсіздікке үндейтін коммунистік идеологияның қол астында қалды. Алайда коммунистік идеологияның коммунизм құрудағы салттары мен табынушылығының діннен өзгешелігі шамалы болады. Бір айырмашылығы – табыну объектісі, былайша айтқанда, осы дүниелік ғылыми дәлелденген сипатта болды.
Сондықтан діншілдіктің деңгейін зерттеуде көбіне оны фанатизмнен бастап шыдамдылық арқылы атеизмге дейін тізбелейтін шама қолданылды. Әрине, мұндай тұрғыдан келуде діншілдіктің деңгейі, дәрежесі, сипаты, зерттеулерде барабарлық көрініске ие бола алмады. Діншілдіктің жан-жақты белгілерін қалыптастыруда және оны теориялық-әдістемелік, эмпирикалық зерттеуде діннің кеңейтілген түсіндірмелерінің түрлі элементтерін қолдану қажеттілігін мойындауға тура келеді. Олар табиғаттан тыс нәрсеге сенуден емес, өмірлік мәнді жүйелерге және әлеуметтік құндылықтарға діни-мистикалық тәжірибедегі қатынасынан, сенушілер арасындағы қатынастар мен мінез-құлық жүйелерінен күш алу керек. Содан кейін барып дүниетанымдық индикаторлар түрінде, бірақ сыртқы әлеуметтік және мәдени көріністерінде қолданылуы керек.