Абай және құран Қазақ ұлтының ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы өз дәуіріне дейінгі дүние данышпандарының даналық мәйегін толық меңгерген және бүкіл көшпелілер әлемінің дүниетанымын, рухани болмысын, парасатын, көркем ойының мүмкіндігін бойына сіңірген, сол қасиеттері арқылы адамзат санасының дамуына үлес қосқан дара тұлға. Бұл мешіттің ұстаздары сол замандағы алдыңғы қатарлы жәдидизм ағымында білім алған, исі түркі мен мұсылман әлеміне танымдық жаңалық әкелген, дін мен ғылымды, азаматтықты ту етіп ұстаған Шаһабуддин Маржани мен Мұхаммед Ғабдукидің, Ғазалидің жолын қуған оқымыстылар еді. Бұл медреседе ғылымның негізгі салаларының барлығы да оқытылатын. Абайдың таным көзі шәкірт кезінде ашылды.
Қырық жасынан бастап Абай ғылымға бет қояды. Өзінің бойындағы талантын ұлтының рухани игілігіне қызмет етуге жұмылдырады. Шығыс тарихын, дүние тарихын, діни ағымдардың философиялары мен тәпсірлерін, философия, жаратылыстану, мемлекеттер тарихы мәселелеріне зерттеуші ретінде қарады.
Данышпан өзінің рухани кемелденуіне қасиетті Құранды негіз еткені белгілі. Ол Құран Кәрімді жақсы біліп, рухани нәрін өзінің бойына толық қабылдай білген. Бұл – сопылық дәстүр. Сопылардың рухани жолдағы алғашқы қадамы исламның негізгі кағидаларын өз бойларына сіңіріп, оларды өмір тәртібі, күнделікті тұрмыс көрінісі ретінде қабылдауға үйренеді. Ол үшін алғашқы сәтінен бастап қасиетті Құранды жадына сақтап, оны толығымен зерттейді. Сопылардың көпшілігі қасиетті Құранды түгелдей жатқа біліп, кари деңгейіне көтеріледі. Бұл рухани жетілуге керекті алғашқы шарт қана. "Шариғаттан" өтіп "Тарихатқа" жеткенде адам алған білімін бойына сіңіріп, оны өзінің мінезіне, өзіндік қасиетіне айналдырады. Сопылық жолдағы адам әрі қарай үздіксіз тәжірибе, жаттығулар жасай отырып Хақпен байланыс орнатады, ол байланысты әрі қарай жетілдірсе, тек сонда ғана өмірдің негізгі мақсаты Түп Иеге, Хақиқатқа жетеді. Сондықтан өмірдің негізгі мақсатына жеткізетін деңгейді сопылар "Хақиқат" деп атайды. Абайдың бұл жолды "бек шетін, бек нәзік" деп атауы тегін емес. Бұл сөздің үлкен мағынасы бар.
Абай ілімі бойынша: әлем өмірінің мақсаты — өзін Жаратушының ықпалымен өмір сүру. Кім болса да бір нәрсені жасаса, өзінің керегіне жарату үшін жасайтыны тәрізді, Жаратушы да әлемді жаратқанда тек өз ризалығы үшін жаратты. Себебі, Ол мәңгі, сондықтан Оның жаратылу себебі жоқ, керісінше, әуел бастан Оның өзінен басқа ешкім де, яғни басқа Жаратушы да жоқ. Өз тілегімен, ләззат алу үшін, Жаратушы рухани болмысты жаратты. Бірақ кейбір жандар өздеріне берілген аздаған еркіндікті дұрыс пайдалана алмай, өздерінің міндетін ұмытып, Жаратушының тілегін емес, өздерін қанағаттандырғысы келді. Бұл — білместік. Шексіз мейірімді Жаратушы ешкімнің еркіне қарсы емес, сондықтан Ол фәни болмысты жаратты да, Жаратушыны ұмытып, өздерін ләззаттандырғысы келген жандарды әркімнің қалауына қарай өз несібесімен бақи әлемнен, яғни рухани өмірден фәни әлемге, яғни материалдық өмірге жіберді. Бұл материалдық әлем өздерінің қылмысы үшін жазасын өтейтін абақты тәрізді. Осыдан фәни өмірдегі барлығымыз да Жаратушының ырқынан шыкқан күнәһарлар екенімізді түсінеміз.
Жаратушы шексіз мейірімді болғандықтан, бұл материалдық әлемде Ол ешкімді де жіберген қателіктері үшін жазаламайды. Жаратушы тек қана материалдық әлемнің заңдылығын ғана жасады, ал оны дұрыс, не болмаса бұрыс қолдануына байланысты өмірдің әділет (қарымта) заңы бойынша әркім өмірдің рақатын, не болмаса қасіретін көреді. Абайдың айтуынша, бұған Жаратушы араласпайды. Осылайша әркім өзінің бақытын өзі жасайды. Бұл фәни өмірге әркім өздерінің қалауы бойынша ләззат алу үшін жіберілді. Бірақ материалдық әлем — рухани әлем емес. Рухани әлемде барлығы мәңгілікті, білімге және ләззатқа толы болса, материалдық әлемде барлығы керісінше, уақытша, білместікке және қайғы-қасіретке толы. Абай ілімі бойынша, бұл өмірдегі қызықтың барлығы да жалықтыратын, уақытша және шындығы жоқ жалған. Сондықтан әркім тіршілік барысында осыны түсінуі керек. Сонда өмірдің басты мақсатын орындауға — кейін қарай, Алла тағалаға қайтуға мүмкіндік туады. "Өзге мақсат ақылға қона ма екен!" — деуі сондықтан данышпанның.
Бұл мақсатқа жету үшін әуелі білім алу арқылы білместіктен арылу керек. Сонан соң Алла тағалаға таза құлшылық жасаумен жүрек көзін ашып, Абай сөзімен айтқанда "сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті". Ол үшін "адамзаттың бәрін сүй бауырым деп". Сонда ғана кім болса да өзінің фәни әлемге келген мақсатына жете алады.
Адамның ең қасиетті сезімінің бірі - діни сенім. Ал "суық ақыл" тұрғысынан келсек дін атаулының барлығы да өзінің жолын қабылдаған адамдарды туа сала рухани және психологиялық тәуелділікке мәжбүр етеді ғой. "Құран-Кәрім" бойынша әрбір мұсылман "Алла біреу, қияметқайым хақ, Мұхаммед Алланың елшісі" екенін уағызбен емес, өзінің білімі арқылы танып, табынуы керек. Бұл "Құранның" ұлы және ең әділетті қағидасының бірі. Абайдың: «Кімде кім жақсы, жаман ғибадат қылып жүрсе, оны ол ғибадаттан тиюға аузымыз бармайды. Ләкин сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы әкетпесе де, (ғибадат) қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Әуелі иманның иғтихаттан (байламын) маһхам-мек (бекітбек) керек, екінші үйреніп жеткенше осы болады ғой деп тоқтамай, үйрене беру керек,... Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны Құдай ұрды, ғибадаты-ғибадат болмайды», - деп отырғаны да сол. Алланың хақ екенін ақылыңмен біл дейді. Демек, рухани тәуелділікті бос құлшылықпен алма, ғылымды қару етіп таным арқылы иман келтір дейді. Бұл деген сөз психологиялық тәуелділікке қарсы пікір. Абай табиғи түсінікті былай қойғанда Алланың өзін сеніммен танып барып құлшылық етпеген пендені «жанның қоры» деп есептейді. «...Иман сақтауға қорықпас жүрек, айналмас көңіл, босанбас буын керек. Яғни (оқу арқылы таныған) иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди (түйсік арқылы) иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап: «ақты» «қара» деп, я «қараны» «ақ» деп, өтірікті «шын» деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Аллаһ өзі сақтасын! Әрнешік білмек керек, жоғарғы екі түрліден басқа иман жоқ»,- деп қорытады Абай. Иман - Абай үшін жан бостандығының кепілі.
Абайдың:
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас,
- деуі жай ғана уағыз емес.
Мұнда Алла жолын терең зерттеп, оған шын ниетімен сенген, ғылыми тұжырым жасап, философиялық мағына тапқан тұлғаның толғанысы, санасының сәулесі жатыр. Ол Аллаға біреудің уағызы арқылы, яғни рухани және психологиялық тәуелділік арқылы жеткен жоқ. Тәуелсіз таным арқылы жетті. Бұл пікір өзгенің пікірі емес, Абайдың өз пікірі. Сондықтан ол сеніммен:
Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті,
- дейді.
Жан бостандығын, жан тазалығын Абай Алладан іздейді және Алланың ақ жолынан табады. Алладан өзгеге рухыңды тәуелді етпе дейді. Ал Абай патша ағзамның қазақ халқын шоқындыру туралы жарлығы дайындалып жатқанын жақсы білген. Дінді өзгерту, Абай үшін рухани құлдыққа, басыбайлылыққа түсу. Ол шырмауға бір түскен адам қайтып шыға алмайды.
Қазақ елінің жағдайында бұл толықтай ұлт ретінде жойылып кету деген сөз. Дінін сату - Абай үшін қасиетсіздіктің белгісі. Шоқынуды антұрғандық деп ұғады. Миссионерлік қозғалысқа, оның жымысқы тәсілдерінен жиіркене қарап:
Қасиетсіз туған - ол да жат,
Күңкілдеп берер сазаңды,
- дейді Абай.
Мұнда "уағызды" - күңкілдеу деп отыр. Абайдың ноғайларды "дінге де берік" деп үлгі тұтуының бір мәнісі осы шоқындыру туралы уағызды білдіргенде.
Абайдың рухани кемелденуінде негізгі білім бұлағы қасиетті Құран болған. Өмірдің негізгі мақсатын түсіну, Құдай тағаланы тану жолдары туралы Абай ілімі мен қасиетті Құран қағидалары жақсы үндесіп жатады. Ойшылдың бізге қалдырған мұрасының ақиқаттығы мен өміршеңдігінің себебі міне осында.