Ќазаќстан республикасыныѕ білім жјне єылым министрлігі


Дәріс тақырыбы. Тірек-қимыл жүйесі және оның жас ерекшеліктері



бет11/31
Дата13.01.2023
өлшемі464 Kb.
#61154
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   31
2.2.8. Дәріс тақырыбы. Тірек-қимыл жүйесі және оның жас ерекшеліктері.
Дәріс тезистері.
Тірек-қимыл жүйесіне адамның қаңқасы мен бұлшық еттері жатады. Қаңқа 200 астам сүйектерден тұратын адамның негізгі қатты тұлғасы. Олардың көбі бір-бірімен буын арқылы жалғасып, қозғалмалы келеді. Қаңқаға бұлшық еттер бекітілген. Ет пен сүйек адамның негізгі тірегі және оның қозғалуы, еңбек етуі осы сүйек-ет жүйесінің қызметіне байланысты. Ол жұлынның, мидың және көптеген ішкі мүшелердің сауыты болғандықтан, қорғану қызметін де атқарады. Соңғы кезде бұл жүйе зат алмасуына, әсіресе минерал заттарының мөлшерін бір деңгейде сақтауға қатысатыны анықталды. Еттердің негізгі қызметі – сүйектерді қозғау. Сонымен, сүйек-ет жүйесі негізінен тірек, қимыл-қозғалыс, қорғаныс, тұздардың алмасуына қатысу арқылы адам ағзасында өте маңызды орын алады.
Адам қанқасының негізі-сүйек. Сүйек қан тамырлары мен нервтер өтетін сүйек каналдарының айналасында орналасқан остеон деп атайтын жұқа пластинкалардан тұрады. Сүйектің сыртында сүйек қабы бар.Остеондардың орналасуына қарай сүйек 2 түрлі заттардан тұрады: тығыз және кемік заттар.Сүйектің химиялық құрамы: кальций- 1200 грамм, фосфор - 530 грамм, магний – 11 грамм. Балалардың сүйек ұлпасында органикалық заттар көбірек болады, сондықтан олардың қаңқасы иілгіш, серпімді болады. Демек, сүйектің жылтырлығы, серпімділігі оның органикалық заттарға, ал мықтылығы бейорганикалық заттарға байланысты. Ересек адамдардың сүйегінде минерал заттары көбірек болады. Мектеп жасына дейінгі балалардың омыртқалары ұзарып, жуандайды. 5-7 жастағы балалардың омыртқа жотасы тез қисаяды. Сондықтан түрлі жағдайлардың әсерінен омыртқаның өсуі тез бұзылып, омыртқа жотасының патологиялық сколиозы, лордозы, кифозы т.б. өзгерістер пайда болады. Сүйектердің дұрыс өсіп жетілуіне, мезгілінде қатаюына тамақтың құрамындағы минерал заттарының, витаминдердің әсері
көп. Адам қанқасы бас, тұлға, аяқ-қол сүйектерінен тұрады. Тұлға сүйектеріне омыртқа жотасы, 12 қос қабырғалар мен кеуде сүйегі жатады. Омыртқа жотасы – бүкіл дененің тірегі. Ол 33-34 омыртқадан тұрады. Омыртқа жотасының өсуі баланың алғашқы 1 жасында жедел жүреді. Нәрестенің омыртқа жотасында физиологиялық иілімдері болмайды. 2-3 айда балада мойын лордозы (лат. лордоз- алға қисаю,иілу), 6 айдан кейін кеуде мен сегізкөз кифоздары (лат. кифоз – артқа қарай қисаю, иілу), 1 жасқа қарай бел лордозы пайда болады. 4-5 жасқа дейін балаларда омыртқалар тез өседі, иілістері толық қалыптасады. Бас сүйектері 2 негізгі бөліктен тұрады: ми сауыты мен бет сүйектері. Балаларда ми сауыты бет сүйектерінен ертерек дамиды. Бет сүйектері 1 жаста және жыныстық жетілу мерзімінде өседі.
Бұлшық еттер адам денесінде 600-ден астам. Олар бір-бірімен тарамыс ұштары арқылы жақын орналасқан қаңқа сүйектеріне бекітіледі. Қаңқа еттері негізінен көлденең салалы еттерден тұрады, құрамында дәнекер ұлпасы, нервтер және тамырлары бар мүшелер деп есептейді.
Бұлшық еттердің қызметі олардың негізгі қасиеті – жиырылуға байланысты орындалады. Жиырылу арқылы ет қысқарып, оның жиырылу қабілетін көрсетеді. Еттің қозғыштығы оның қызмет дәрежесін, яғни жұмыс атқару қабілетін көрсетеді. Қозған еттің жасушаларының зат алмасуы, биоэлектірлік қасиеттері өзгереді. Еттің қызметі оның лабильділігіне де байланысты, яғни оның қозуды өткізу жылдамдығы мен қозу уақытын айтады. Бұлшық еттер жиырылғанда көп қуат жұмсайды. Еттің күші деп оның ширау қабілетін айтады.
Алғашқы дұрыс бағытталған қимылдары баланың 2-3 айлық өмірінде көріне бастайды. Кеңістікте белсенді қозғалуға байланысты пайда болатын дененің еркін қимылын локомоция деп атайды. Жүру, жүгіру, секіру, шапқылау т.б. күрделі қимылдар және оларды дұрыс бағыттау қабілеті 3-5 жаста жетіледі. Дегенмен мектепке дейінгі жастағы және 1-2 сынып оқушыларының қозғалысын дұрыс үйлестіру механизмдері еркін жетіле қоймайды. Қозғалудың ең күшті дамуы 3- 6 жаста байқалады.
Ұйымдастырылған қозғалыстар аз болуына байланысты соңғы жылдары балаларда гиподинамияның белгілері пайда бола бастады. Гиподинамия бала ағзасының қызметін, қалыпты жағдайын бұзады. Сондықтан балалардың қозғалыс белсенділігін гигиеналық талапқа сәйкес жасына лайықтап ұйымдастырған жөн.
Негізгі әдебиеттер. [3-10-11]
Қосымша әдебиеттер. [2-6-9]




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   31




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет