1837 жылы қараша айында Кенесары Петропавл қаласынан шыққан керуенге еріп келе жатқан Ақтау бекінісіне қарасты орыс-қазақтар тобына тұңғыш рет шабуыл жасады.
Әскери қимылдар 1838 жылдың көктемінде қайта жанданып, көтерілісшілер Ақмола приказын қоршап, өртеп жіберді.
Ақмола приказының аға сұлтаны Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы мен бекініс коменданты Карбышев өртенген бекіністен зорға құтылып шығады. 1838 жылдың жазы мен күзінде Орта жүзді шарпыған көтеріліс енді Кіші жүзге ойысты. Осылайша Торғай далаларына келу арқылы, кезінде Исатай Тайманұлы көтерілісіне қатысқандармен, Жоламан Тіленшіұлы батыр бастаған топтармен бас қосу көзделді.
1841 жылы қыркүйекте үш жүздің ықпалды би-сұлтандары Кенесарыны хан етіп сайлады. Осылайша қазақ жерінде мемлекеттілік қайта орнады.
1841 жылдың күзінде көтерілісшілер тобы Ташкентке аттанып, Созақ, Жаңақорған, Жүлек бекіністері алынды.
Кенесары ұйымдастырған мемлекет феодалдық мемлекет болды. Белгілі қазақ руларының, батырларының, сұлтандарының, жақын туыстарының қатысуымен хандық кеңес құрды. Дегенмен Әбілқайыр хан кезіндегі ақсақалдар кеңесінен өзгешелігі: барлық билік тізгіні Кенесарының қолында болды. Белгілі билер сотын жойып, оның орнына хандық сотты енгізді. Арнайы топ қаржы, алым-салық мәселесін, хандық кеңестің шешімдерінің орындалуын қадағалап отырды.
Экономикалық салада жер шаруашылығымен айналысуды қолдады. Кенесары саудадан түсетін салықтың пайдалы екеніне көзі жеткендіктен керуендерді тонаудан гөрі оларға қонақжайлылық танытты.
Кенесары әскерінде қатаң тәртіп орнатылды. Атақты батырлар мен әскери кеңестің мүшелері басқарған жекелеген жасақтар жүздіктерден, мыңдықтардан тұрды. Мұндай басқару жүйесі көшпелі халықтардағы дала соғысына барынша қолайлы еді.
Патша үкіметі 1843 жылға дейін ірі жазалаушы күштер жасақтай қоймады. Алайда көтерілістің аумағы, даму барысы, Солтүстік Кавказдағы тау халықтарының козғалысыпатша үкіметін Кенесарыға қарсы тұрақты армия шығаруға итермеледі.
Кенесарыға қарсы шыққан әскери құрамалардың ішінде Ахмет Жантөреұлы, Баймағамбет Айшуақұлы, т. б. сұлтандармен болған 1844 жылғы 20—21 шілдедегі ұрыста Кенесарыға қарсы 44 сұлтан ұрыс даласында мерт болды.
Ал патшалық Ресеймен жүргізілген келіссөздер нәтиже бере қоймады. 1845 жылдың жазында көтерілісшілерді Орынбор өлкесінен ығыстырып шығару мақсатында Ырғызжәне Торғай бекіністері салынды. Кенесарының Сарыарқаны тастап шығуына тура келді. Кенесарының Сарыарқадан Ұлы жүзге қарай бет алуының бір себебі — Қоқан хандығындағы қазақ руларын өз жағына тарту еді.
Кенесарының Жетісуға келуі тұрғындардың арасында үлкен толқу туғызды. Үйсін, жалайыр, дулат руларының бір бөлігі көтерілісшілерді жақтады. Кенесарыға аға сұлтанҚұнанбай Өскенбаев, Барақ Солтабайұлы мен генерал-майор Н.Ф.Вишневскийдің жасағы қарсы шықты.
Күші басым әскерлерден ығысқан Кенесары Балқаш көлі аумағын тастап, Іле арқылы Алатау мен Шу өзеніне жақындады. Кенесарыны Ұлы жүздің Саурық, Тойшыбек, Сұраншы батырлары барынша қолдады. Кенесары өз өкілдерін қырғыз манаптарына аттандырып, Қоқан хандығы мен орыс отаршылдарына бірігіп күресуге шақырды.
Алайда Ресей мен Қоқан бектерінің арасында екі жүзді саясат ұстанған қырғыз манаптары Кенесары ұсынысын жауапсыз қалдырды. Ал патша үкіметінің өкілдері өз кезегінде қырғыздар мен Алатау өңіріндегі қазақтарды бір-біріне айдап салумен болды.
Кенесары 1847 жылы қырғыз жеріне басып кірді. Көтерілістің отаршылдыққа қарсы азаттық сипаты өзгере бастады. Кенесарының өз қарсыластарына қаталдығы, жазықсыз қырғыз ауылдарын тонауы оған деген қарсылықты өршіте түсті. 1847 жылы қазіргі Бішкекке жақын Майтөбе деген жерде қырғыз манаптарының әскеріменшайқаста Кенесары және оның жақтастары мерт болды.[1]
Достарыңызбен бөлісу: |