Байланысты: Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi (Жоба) (қабылданды)
17-бап. Есi дұрыс еместiк 1. Осы Кодексте көзделген қоғамдық қауiптi әрекеттi жасаған кезде есi дұрыс емес күйде болған, яғни созылмалы психикалық ауруы, психикасының уақытша бұзылуы, кемақылдығы немесе психикасының өзгеде дертке ұшырауы салдарынан өзiнiң әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипаты мен қоғамдық қауiптiлiгiн ұғына алмаған немесе оған ие бола алмаған адам қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс емес. 2. Есi дұрыс емес деп танылған адамға сот осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануы мүмкiн. 18-бап. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психикасы бұзылған адамның қылмыстық жауаптылығы 1. Қылмыс жасаған кезiнде психикасының бұзылуы салдарынан өзiнiң iс-әрекетiнiң (әрекетсiздiгiнiң) iс жүзiндегi сипатымен қоғамдық қауiптiлiгiн толық көлемiнде ұғына алмаған не оған ие бола алмаған есi дұрыс адам қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс. 2. Есiнiң дұрыстығы жоққа шығарылмайтын психиканың бұзылуын сот жаза тағайындау кезiнде жеңiлдетушi мән-жай ретiнде ескередi және ол осы Кодексте көзделген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тағайындау үшiн негiз бола алады. 19-бап. Мас күйiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның қылмыстық жауаптылығы Алкогольдi iшiмдiктi, есiрткi, психотроптық заттарды немесе басқа да есеңгiрететiн заттарды пайдалану салдарынан мас күйiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам қылмыстық жауаптылықтан босатылмайды. 20-бап. Кiнә 1. Адам соларға қатысты өз кiнәсi, яғни жасалған қылмыстық құқық бұзушылыққа немесе оның қоғамдық қауіпті зардабына адамның қылмыстық заңмен көзделген көзқарасы анықталған қылмыстық құқық бұзушылықтар және пайда болған қоғамдық қауiптi зардаптар үшiн ғана қылмыстық жауапқа тартылуға тиiс. 2. Объективтi айыптауға, яғни кiнәсiз зиян келтiргенi үшiн қылмыстық жауаптылыққа жол берiлмейдi. 3. Қасақана немесе абайсызда әрекет жасаған адам ғана қылмыстық құқық бұзушылыққа кiнәлi деп танылады. 4. Абайсызда жасалған әрекет осы Кодекстiң Ерекше бөлiмiнiң тиiстi бабында арнайы көзделген жағдайда ғана қылмыстық құқық бұзушылық деп танылады.