Қазақстан Республикасының Жер кодексi 1-бап



бет10/58
Дата24.11.2022
өлшемі0,92 Mb.
#52296
түріКодекс
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   58
49-2-бап. Жерді резервте қалдыру
1. Жерді резервке қою елді мекендердің дамуын қамтамасыз ету, жоспарланып отырған инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылымдар объектілерін, стратегиялық объектілерді, қорғаныс және қауіпсіздік, ғарыш қызметі объектілерін орналастыру, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру, оның ішінде қорғаныш ағаш екпелерін егу мақсатында, жеке ауласын және бақша шаруашылығын ұстау бойынша халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру мақсатында жайылымдық және шабындық алқаптарды пайдалану үшін, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану және арнайы экономикалық аймақтарды немесе республикалық немесе өңірлік маңызы бар индустриялық аймақтарды құру мақсаттары үшін мемлекеттік меншіктегі жерде резервтік аумақтар құру арқылы жүзеге асырылады.
2. Аумақтарды қала құрылысы үшін жоспарлаудың белгіленген тәртіппен бекітілген кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары, автомобиль жолдары мен теміржолдар өтуінің жобалары (схемалары), қоршаған ортаға әсер етуді бағалау қамтитын саланы айқындау туралы қорытындылар, Қазақстан Республикасындағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары жерді резервте қалдыру үшін негіздер болып табылады.
Жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін жерді резервке қою Жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасы немесе "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес жерді осындай резервке қою үшін негіздер болып табылатын өзге де құжаттар негізінде жүзеге асырылады.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру жағдайларын қоспағанда, жерді резервте қалдыруды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары, ал республикалық маңызы бар қалаларды, астананы қоспағанда, елді мекендердің шекараларында - аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жиырма жылға дейінгі мерзімге жүзеге асырады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін жерді резервте қалдыру Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қоршаған ортаға әсер етуге бағалау жүргізу кезінде жерді резервте қалдыру белгіленіп отырған қызметтің бастамашысы Қазақстан Республикасының экология заңнамасында көзделген қоршаған ортаға әсер етуді бағалау қамтитын саланы айқындау туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қорытындысымен өтініш жасаған жағдайда, үш жылдан аспайтын мерзімге жүзеге асырылады.
4. Жергілікті атқарушы органдардың жерді резервке қою туралы шешімінде резервке қоюдың негізі, мақсаттары мен мерзімдері, жердің жалпы алаңы мен санаты, сондай-ақ жерді пайдалануда қойылатын шектеулер көрсетілуге тиіс. Жер пайдалану немесе шектеулі нысаналы пайдалану құқығымен бұрын берілген жер учаскелері резервке қойылған кезде жер пайдаланушылар және сервитуттарды иеленушілер көрсетіледі.
5. Осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген жергілікті атқарушы органдар жерді резервте қалдыру туралы шешім қабылданған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде учаскелері резервте қалдырылған жердің құрамына енгізілген жер пайдаланушылар мен сервитут иелерін хабардар етуге, сондай-ақ тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында жариялау арқылы жерді резервте қалдыру туралы ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз етуге міндетті.
6. Жерді резервте қалдыру жер учаскелері резервте қалдырылған жердің құрамына енгізілген жер пайдаланушылардың жер пайдалану құқығын тоқтатуға әкеп соқтырмайды.
Резервке қойылған жер құрамынан жер учаскелері резервке қойылған мақсаттарда жер учаскелерін игеру басталғанға дейінгі мерзімге жердің аймақтарға бөлінуіне сәйкес жердің қандай да бір санатқа тиесілігіне және рұқсатпен пайдаланылуына сүйене отырып, уақытша объектілерді орналастыру немесе құрылыспен байланысты емес мақсаттар үшін уақытша жер пайдалануға берілуі мүмкін.
Ескерту. Кодекс 49-2-баппен толықтырылды - ҚР 2011.07.20 N 464-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен; өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2013 № 124-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2017 № 126-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.04.2019 № 243-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 401-VI (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
50-бап. Жер учаскелерiн беру нормалары

1. Азаматтар мен заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығынан басқа мақсаттар үшiн берiлетiн жер учаскелерiнiң мөлшерi қызметтiң осы түрлерiне жер бөлiп берудiң Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекiтiлген нормалар бойынша не сәулет-қала құрылысы және (немесе) құрылыс құжаттамасына сәйкес айқындалады.


2. Осы Кодекстің 48-бабының 1-тармағына сәйкес сауда-саттықта (аукциондарда) сатуға ұсынылатын жер учаскелерінің тізбесіне енгізілгендерді қоспағанда, жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке мынадай
мөлшерде тегін беріледі:
1) ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн - суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар;
2) жеке тұрғын үй құрылысы үшiн - 0,10 гектар;
3) бағбандық, сондай-ақ саяжай құрылысы үшiн - 0,12 гектар.
Осы Кодекстің 94-бабының 4-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, жер учаскелерін аталған мақсаттар үшiн қайталап тегiн беруге жол берiлмейдi. 
Өзiндiк қосалқы шаруашылықты (үй маңындағы телiм) жүргiзу және жеке тұрғын үй салу үшiн жер учаскелерін жеке меншікке тегін беру жер учаскелері игерілгеннен кейін жүргізіледі. Жер учаскелерін көрсетілген мақсаттар үшін игеру кезеңіне беру осы Кодекстің 92-бабына сәйкес мұндай жер учаскелерін игерудің талаптары мен мерзімдері белгілене отырып, уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығында жүргізіледі. 
Ауылдық елдi мекендердiң аумағында бос жер болған жағдайда жеке тұрғын үй құрылысы үшiн және өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн жер учаскелерi осы аталған мақсаттар үшiн көзделген жер учаскелерiнiң нормалары шегiнде бiртұтас алап болып берiледi. 
2-1. Бау-бақша шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері Қазақстан Республикасының азаматтарына уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен 1 гектардан аспайтын мөлшерде беріледі. 
3. Осы баптың 2-тармағында санамаланған, жеке меншiкте болуы мүмкiн жер учаскелерiнiң шектi (ең жоғары) мөлшерi жергiлiктi жағдайлар мен ерекшелiктерге қарай облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өкілді және атқарушы органдарының бiрлескен шешiмдерiмен белгiленедi.
4. Қазақстан Республикасының Үкiметi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың өкілді және атқарушы органдарының бірлескен ұсынысы негiзiнде республиканың және бiр әкiмшiлiк ауданның (қаланың), облыстың шегінде ауыл шаруашылығы алқаптарының түрлері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң шектi (ең жоғары) мөлшерiн белгiлейдi, олар:
жеке меншiк құқығымен Қазақстан Республикасының азаматында шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн, шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғасында және оның үлестес тұлғаларында ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн; 
уақытша жер пайдалану құқығымен Қазақстан Республикасының азаматында шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн, шетелдік қатысуы жоқ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес заңды тұлғасында және оның үлестес тұлғаларында ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн болуы мүмкiн. 
Жер учаскелерін осы тармақта көрсетілген мақсаттар үшін шектi (ең жоғары) мөлшерден асатын мөлшерлерде беруге жол берілмейді. 
5. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ұтымды пайдалану мақсатында облыстық өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жергілікті жағдайларға және көрсетілген жерді пайдалану ерекшеліктеріне байланысты меншікке немесе жер пайдалануға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің ең аз мөлшері белгіленеді.
Ескерту. 50-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2009.07.10 N 180-IV, 2011.07.20 N 464-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.05.2018 № 151-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.05.2021 № 39-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

51-бап. Бөлiнетiн және бөлiнбейтiн жер учаскелерi

1. Жер учаскесi бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болуы мүмкiн. Өзiнiң нысаналы мақсатын өзгертпей және өртке қарсы, санитарлық, экологиялық, құрылыстық және өзге де мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзбай бөлiктерге бөлуге болатын, бөлiнгеннен кейiн әрқайсысы дербес жер учаскесiн құрайтын жер учаскесi бөлiнетiн жер учаскесi болады, бұлай болмаған жағдайда ол бөлiнбейтiн болып табылады. 


1-1. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін бөлу осы Кодекстің 97-бабының 3-1-тармағында көзделген нормалар ескеріле отырып жүзеге асырылады. 
2. Жер учаскесiнiң бөлінетіндігі және бөлiнбейтiндiгi сәйкестендіру құжатында көрсетiледi.
3. Жер учаскесінің бөлінетін бөлігімен мәмілелер жасаған кезде, бұл бөлік белгіленген тәртіппен алдын ала дербес жер учаскесі болып бөлініп шығарылуға тиіс. Қалған жағдайларда мәміле нысанасы оны шартта сипаттау немесе жер учаскесінің бөлігіне белгіленетін құқықтың қолданылу аясын (жалдау, өтеусіз пайдалану, сервитут және басқалары) сәйкестендіру құжатына енгізу арқылы айқындалуы мүмкін.
Ескерту. 51-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.07.26 N 311; 04.05.2018 № 151-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

52-бап. Жер учаскесiне құқық және онда орналасқан үйге (құрылысқа, ғимаратқа) құқық

1. Осы Кодексте көзделген жағдайлардан басқа, үйге (құрылысқа, ғимаратқа) меншік құқығы көрсетілген үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiне заңнамада белгiленген тәртiппен меншiк құқығын бiлдiредi. Осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк заңды тұлғалардың үйге (құрылысқа, ғимаратқа) шаруашылық жүргiзу құқығы немесе жедел басқару құқығы көрсетілген объектілер орналасқан жер учаскесiне белгіленген тәртіппен тұрақты жер пайдалану құқығын бiлдiредi. 


Көрсетілген құқықтар бiр-бiрiнен ажыратылмайды. 
2. Үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) және басқа да жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы не шаруашылық жүргiзу құқығы немесе оларды оралымды басқару құқығы ауысқан жағдайда сатып алушыға меншiк құқығы ауысады, ал осы Кодекстe белгiленген жағдайларда бүкiл жер учаскесiне не үй (құрылыс, ғимарат) иелiктен шығарылған кезде дербес жер учаскесi болып бөлiнген оның белгiлi бiр бөлiгiне тұрақты немесе уақытша ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығы, немесе егер жер учаскесi бөлiнбесе немесе бөлiнбейтiндiгiне байланысты бөлiнуге жатпайтын болса, жер учаскесiне ортақ меншiк құқығындағы немесе ортақ жер пайдалану құқығындағы үлесi ауысады.
Жер учаскесiн бөлген кезде үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң бөлiнетiн бөлiгi, яғни үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi бөлiгi бөлiп берiледi. Тараптардың келiсiмi бойынша үйдi (құрылысты, ғимаратты) сатып алушыға жер учаскесiнiң үйдi (құрылысты, ғимаратты) пайдалану және күтiп-ұстау үшiн қажет болатын бөлiгiнен үлкен бөлiгi берiлуi мүмкiн.
Егер аталған учаске бөлiнбейтiн болса не онда орналасқан, иелiктен шығару нысанасы болып табылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) күтiп-ұстауға әдейi арналған болса, ол жылжымайтын мүлiктi сатып алушыға толығымен ауысады.
3. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан, сондай-ақ оларды пайдалануға арналған жер учаскесiне меншiк құқығын не тұрақты немесе уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға - аталған жылжымайтын мүлiктi тиiстi иелiктен шығармайынша, сол сияқты аталған жылжымайтын мүлiк орналасқан жер учаскесiн тиiстi иелiктен шығармай, жылжымайтын мүлiктi иелiктен шығаруға жол берiлмейдi.
4. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) уақытша пайдалануға беруi аталған үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiнiң нақ сондай мерзiмге уақытша жер пайдалануға берiлуiне ұласады.
Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан және оларды күтiп-ұстауға арналған жер учаскесiн басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға беруге аталған жылжымайтын мүлiк тиiсiнше уақытша пайдалануға бермейiнше жол берiлмейдi.
5. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын басқа тұлғаларға иелiктен айырып беруге құқылы болмаған жағдайда, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, оның сол учаскеде орналасқан үйлердi (құрылысты, ғимаратты) иелiктен айыруға құқығы жоқ.
6. Уақытша жер пайдаланушы жер учаскесi меншiк иесiнiң рұқсатымен және тиiстi қызметтердiң келiсiмдерi болған жағдайда жер учаскесiне тұрғызылған үйлерге (құрылыстарға, ғимараттарға) осы Кодекстiң 64-бабы 1-тармағының 5) тармақшасында белгiленген тәртiппен меншiк құқығын алған реттерде шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн жер учаскесi қайтарылуға тиiс. Бөтен жер учаскесiне тұрғызылған үйлердiң (құрылыстардың, ғимараттардың) меншiк иесi құқығын iске асырудың өзге де тәртiбi тараптардың келiсiмiмен белгiленуi мүмкiн. 
7. Осы баптың 1-тармағының ережелерi "Байқоңыр" кешенiнiң мемлекеттiк жер пайдаланушыларға бекiтiп берiлген ғимараттарына (құрылыстарына, құрылысжайларына), магистральдық құбыржолдардың желілік бөліктеріне меншік құқығына, ұялы немесе спутниктік байланыс жабдығына арналған антенна-діңгекті құрылысжайларға және (немесе) тіреуіштерге, сондай-ақ осы Кодексте көзделген жағдайларда жер учаскесі меншік иесінің келісімімен басқа тұлғаға меншік құқығында тиесілі жер учаскелерінде инвесторлар есебінен салынған өндірістік ғимараттарға (құрылыстарға, құрылысжайларға) меншік құқығына қолданылмайды. 
Ескерту. 52-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.07.06 N 279, 2007.07.26 N 311, 2012.04.27 N 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.06.22 N 21-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.07.2020 № 355-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

53-бап. Жер учаскесiне ортақ меншiк немесе ортақ жер пайдалану

1. Екi немесе бiрнеше тұлғаның меншiгiндегi жер учаскесi оларға ортақ меншiк құқығымен тиесiлi болады.


2. Жер учаскесiне ортақ меншiк Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген реттерде учаске бөлiнбейтiн жағдайда (осы Кодекстiң 51-бабы), сондай-ақ меншiк иелерi өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн бiр учаскеге ерiктi түрде бiрiктiрген кезде туындайды.
3. Жер учаскесi әрбiр меншiк иесiнiң үлесi анықталған (үлестiк меншiк) немесе үлестерi анықталмаған (бiрлескен меншiк) ортақ меншiкте болуы мүмкiн.
4. Ортақ жер пайдалану құқығы осы баптың 1, 2, 3-тармақтарында көзделген негiздерде туындайды.
5. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiне ортақ үлестiк меншiктегi немесе ортақ үлестiк жер пайдаланудағы жер үлестерi жерге қатысты құқықтар мен мiндеттердiң дербес объектiсi болып табылады.
6. Ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) жер учаскесiн пайдалану тәртiбi ортақ меншiкке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылар арасындағы шартпен белгiленедi. Олардың арасында келiсiмге қол жеткiзiлмеген жағдайда пайдалану тәртiбiн сот айқындайды. Жер учаскесiн пайдалану тәртiбi туралы қатысушылардың келiсiмi немесе соттың шешiмi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады. 
Ескерту. 53-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

54-бап. Ортақ меншiктегi немесе ортақ жер пайдаланудағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiн пайдалану тәртiбi
1. Ортақ меншiктегi (ортақ жер пайдаланудағы) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiн пайдалану тәртiбiн үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдайды. Yлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың алдағы жиналысы туралы хабарлама оның өткiзiлетiн күнiнен бiр айдан кешiктiрiлмей жазбаша түрде қолхат алу арқылы жүргiзiледi.
2. Тиiсiнше хабарланған жағдайда үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң кемiнде 50%-i қатысқан кезде жиналыстың құқықтық күшi бар деп саналады. Шешiм үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жиналысына қатысып отырғандардың жай көпшiлiк даусымен қабылданып, хаттамамен ресiмделедi. Хаттамаға үлестiк меншiкке (үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысып отырғандарының барлығы қол қояды.
55-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер үлестерiмен жасалатын мәмiлелер
1. Ортақ үлестiк меншiк құқығындағы үлестi иелiктен шығаруға бағытталған мәмiлелер жасасу кезiнде жер учаскесiн жер үлестерi есебiне бөлiп шығару талап етiлмейдi.
2. Жер үлесiн сатушы өз үлесiн бөгде тұлғаға сатқысы келетiнi туралы ниетiн үлестiк меншiктiң қалған қатысушыларын, оның сатылу бағасын және басқа да жағдайларын көрсете отырып, жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
Егер үлестiк меншiктiң қалған қатысушылары жазбаша хабарламадан кейiнгi бiр ай iшiнде сатылатын үлестi сатып алудан бас тартса немесе сатып алмаса, сатушы өз үлесiн кез келген тұлғаға сатуға құқылы.
56-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi немесе ортақ үлестiк жер пайдаланудағы жер үлесiн айқындау тәртiбi
1. Егер учаскеге ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) қатысушылардың жер үлестерiнiң мөлшерiн Қазақстан Республикасының заңдары негiзiнде айқындау мүмкiн болмаса және оның барлық қатысушыларының келiсiмiмен белгiленбесе, жер үлестерi тең болып есептеледi.
2. Ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) барлық қатысушылардың келiсiмiмен олардың әрқайсысының ортақ жер учаскесiн сатып алуға және игеруге қосқан салымына қарай олардың жер үлестерiн айқындау мен өзгерту тәртiбi белгiленуi мүмкiн.
57-бап. Ортақ үлестiк меншiктегi (ортақ үлестiк жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлісу және одан үлестi бөлiп шығару

1. Ортақ үлестiк меншiкке (ортақ үлестiк жер пайдалануға) қатысушылар ортақ жер учаскесiн бөлудiң әдiсi мен талаптары жөнiнде келiсiмге келе алмаған жағдайда, әрбiр қатысушы ортақ жер учаскесiнен өзiнiң жер үлесiн нақтылы (белгiлi бiр жерде) бөлiп шығаруды талап етуге құқылы, бұған осы Кодекстiң 62-бабының 2-тармағында көзделген жағдайлар және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген басқа да жағдайлар қосылмайды.


2. Егер жер үлесiн нақтылы бөлiп шығаруға Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде жол берiлмесе немесе жер учаскесiне және онымен тығыз байланысты нәрсенiң бәрiне өлшеусiз залал келтiрмей жасауы мүмкiн болмаса, бөлiнiп шығатын меншiк иесiнiң (жер пайдаланушының) ортақ үлестiк меншiктiң (ортақ жер пайдаланудың) басқа қатысушыларына өзiнiң жер үлесiнiң құнын төлетуге, не оны осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес басқa тұлғаға сатуға құқығы бар, бұған жер үлесi кондоминиум объектiсiнiң құрамында болатын жағдай қосылмайды.

58-бап. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлiсу

1. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлу әрбiр қатысушының жер үлесi алдын ала анықталған жағдайда жүзеге асырылуы мүмкiн.


2. Егер Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде немесе қатысушылардың келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлесiп жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлу кезiнде қатысушылардың әрқайсысының үлесi тең болып есептеледi.
3. Ортақ бiрлескен меншiктегi (ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы) жер учаскесiн бөлудiң шарттары мен тәртiбi, қатысушылар арасындағы қатынастардың мәнiнен өзгеше туындамайтындықтан, осы Кодекстiң 56 және 57-баптарына сәйкес айқындалады.

59-бап. Бөлiнбейтiн деп танылған жер учаскесiн бөлуге жол берiлмейтiндiгi

1. Егер жер учаскесi осы Кодекстiң 51-бабына сәйкес бөлiнбейтiн болып танылса, оны бөлуге және одан жер үлесiн нақтылы бөлiп шығаруға жол берiлмейдi.


2. Бұл жағдайда үлестiк немесе бiрлескен меншiктiң (жер пайдаланудың) бөлiнiп шығатын қатысушысының жер учаскесiне ортақ меншiктiң (ортақ жер пайдаланудың) басқа қатысушыларына өзiнiң жер үлесiнiң құнын төлеткiзуге не оны осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес басқа тұлғаға сатуға құқығы бар, бұған кондоминиум объектiлерi қосылмайды.

60-бап. Жер учаскесiне ерлi-зайыптылардың ортақ меншiгi

1. Ерлi-зайыптыларға тиесiлi жер учаскелерiне меншiк құқығының немесе жер пайдалану құқығының құқықтық режимi ерлi-зайыптылар арасындағы мүлiктiк қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының азаматтық және неке-отбасы заңдарында көзделген нормаларға сәйкес айқындалады.


2. Ерлi-зайыптыларға олар некеге тұрғанға дейiн тиесiлi болған, сондай-ақ олардың мұрагерлiк тәртiбiмен сыйға алған жер учаскелерi мен жер үлестерi олардың әрқайсысының меншiгiнде (жер пайдалануында) болады.
Егер ерлi-зайыптылардың некеде тұрған кезiнде олардың ортақ мүлкi есебiнен осы жер учаскелерiнiң құнын едәуiр арттыратын салымдар жүргiзiлгенi анықталса, ерлi-зайыптылар арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының жер учаскелерi олардың бiрлескен меншiгi (бiрлесiп жер пайдалануы) болып танылуы мүмкiн.
3. Жер учаскесiн бөлу кезiнде ерлi-зайыптылардың бiрлескен меншiктегi (бiрлесiп жер пайдалануындағы) үлестерiн айқындау тәртiбi осы Кодекстiң 58-бабында белгiленедi.

61-бап. Ортақ жер учаскесiндегi жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы
1. Ортақ жер учаскесiндегi жылжымайтын мүлiктiң меншiк иесiнiң осы жылжымайтын мүлiктi өз қалауы бойынша иеленуге, пайдалануға және оған билiк етуге, соның iшiнде ортақ жер учаскесiн пайдаланудың Қазақстан Республикасының заң актiсiнде немесе шартта белгiленген талаптарына қайшы келмесе, тиiстi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) бұзуға құқығы бар.
2. Ортақ жер учаскесiндегi жылжымайтын мүлiкке меншiк құқығы басқа тұлғаға ауысқан кезде, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, ол тұлға жер учаскесiне құқықты жылжымайтын мүлiктiң бұрынғы меншiк иесiнде болған көлемiнде алады.
62-бап. Көппәтерлі тұрғын үйдiң жер учаскесіне және кондоминиумның басқа да объектiлерiндегi жер учаскелерiне құқық
1. Астананың, республикалық, облыстық маңызы бар қаланың және ауданның жергілікті атқарушы органы көппәтерлі тұрғын үйдегі кондоминиумды тіркеген кезде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамына кондоминиум объектісін орналастыру, пайдалану және күтіп-ұстау үшін қажетті жер учаскесін мінсіз үлес ретінде өтеусіз негізде енгізуді қамтамасыз етеді.
Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, көппәтерлі тұрғын үйдің кондоминиум объектісінің ортақ мүлкі құрамына кіретін жер учаскесі бөлінбейтін болып табылады.
2. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі меншік иесіне тиесілі әрбір пәтерге, тұрғын емес үй-жайға тиісті үлес оған тиесілі пәтерге, тұрғын емес үй-жайға меншік құқығынан ажыратылмайды. Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі үлестің мөлшері дара (бөлек) меншіктегі пәтердің пайдалы алаңының немесе тұрғын емес үй-жай алаңының осы кондоминиум объектісіндегі барлық пәтердің пайдалы алаңдарының және барлық тұрғын емес үй-жай алаңдарының жиынтығына арақатынасымен айқындалады. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, мұндай үлесті нақтылы түрде бөліп шығаруға болмайды (мінсіз үлес).
Көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлері, тұрғын емес үй-жайлары меншік иелері жиналысының шешімімен кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің бір бөлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен мүліктік жалдау (жалға беру) шарты бойынша шектеулі пайдалануға берілуі мүмкін.
Егер осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында өзгеше белгіленбесе, көппәтерлі тұрғын үй пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайларының барлық меншік иесінің құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларды сақтаған жағдайда, көппәтерлі тұрғын үйдің жер учаскесін қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға тең құқығы бар.
3. Көппәтерлі тұрғын үй жанындағы жер учаскесі тұрғын емес үй-жайдың меншік иесіне, осы жер учаскесі көппәтерлі тұрғын үйдің контурынан тыс орналасатын және оны пайдалану кондоминиум объектiсiнiң ортақ мүлкі құрамына кiретiн жер учаскесін пайдалану шарттарына, сондай-ақ құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға қайшы келмейтін жағдайда, бөлек меншiгiне берiлуi мүмкін. Егер тұрғын емес үй-жайды пайдалану үшін тек тұрғын емес үй-жайды пайдаланумен байланысты жер учаскесінің бір бөлігі пайдаланылса (жеке кіру жеріне өту қамтамасыз етілетін жер учаскесі), онда осы жер учаскесін күтіп-ұстауға арналған шығыстарды осындай үй-жайлардың меншік иелері көтереді.
4. Пәтерге, тұрғын емес үй-жайға меншік құқығының басқа тұлғаға ауысуы кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіндегі тиiстi үлестің ауысуына алып келеді.
5. Кондоминиум объектісін басқару және ғимарат (құрылысжай) пен жер учаскесін тиісінше күтіп-ұстау үшін кондоминиумға қатысушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кондоминиум объектісін басқару нысанын таңдайды.
6. Кондоминиумға қатысушылардың ортақ меншiгiндегi жер учаскесiн үшінші тұлғаларға иеліктен шығаруға жол берілмейді. Кондоминиумға қатысушылардың ортақ меншiгiндегi жер учаскесiне жер салығын төлеу Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.
7. Гараж, саяжай және басқа да тұтыну кооперативтерiнде қатысушылардың ортақ меншiгіндегi жер учаскелерiне құқықтарына кондоминиум туралы нормалар қолданылады.
Ескерту. 62-бап жаңа редакцияда – ҚР 26.12.2019 № 284-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
63-бап. Жеке меншiктегi жер учаскесiнен және жер пайдалану құқығынан өндіріп алу

1. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жеке меншiктегi жер учаскесi, сондай-ақ тұрақты және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы жеке және заңды тұлғалар мүлкiнiң құрамына кiредi, банкрот деп танылған жағдайларды қоса алғанда, олар өз мiндеттемелерi бойынша осы мүлiкпен жауап бередi.


Осы Кодекстiң 26-бабының 2-тармағында санамаланған жерден, сондай-ақ мемлекеттiк жер пайдаланушыларға тиесiлi жерден өндiрiп алуды қолдануға болмайды, бұған осы Кодекстiң 39-бабының 3-тармағында көзделген жағдайлар қосылмайды.
2. Жер учаскесi мен тұрақты және ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу Қазақстан Республикасының азаматтық және азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi және ол Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге жатады. 
Ескерту. 63-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 24.05.2018 № 156-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   58




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет