9-тарау. БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІН ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ 61-бап. Қаржыландыру жүйесі, принциптері мен көздері 1. Білім беруді қаржыландыру жүйесі - республикалық және жергілікті бюджеттердің, басқа да кіріс көздерінің жиынтығы. 2. Білім беруді қаржыландыру жүйесі: 1) тиімділік пен нәтижелілік; 2) басымдық; 3) айқындылық; 4) жауаптылық; 5) бюджеттердің барлық деңгейлерінің ара жігін ажырату мен дербестік принциптеріне негізделеді. 3. Білім беру жүйесі қаржыландыру көздері: 1) мемлекеттік білім беру мекемелерін ұстауды бюджеттік қаржыландыру; 2) мемлекеттік білім беру тапсырысын бюджеттік қаржыландыру; 3) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін ақылы қызметтер көрсетуден түскен кірістер; 4) қаржылық ұйымдардың кредиттері; 4-1) стипендиялық бағдарламаларды бюджеттік қаржыландыру; 5) қайырымдылық көмек, өтемсіз аударымдар мен қайырмалдықтар, гранттар, құрылтайшылардың (қатысушылардың) салымдары, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының эндаумент-қорларының инвестициялық кірістерінің қаражаты болып табылады.
62-бап. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік қаржыландыру 1. Мемлекет білім берудің басымдығын ескере отырып оған бюджеттік қаражаттардың бөлінуін қамтамасыз етеді. 2. Мемлекеттік білім беру ұйымдарын қаржыландыру білім беру деңгейлері бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарымен белгіленген талаптар және Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалатын нормалар негізінде бюджеттік қаражаттар есебінен жүзеге асырылады. 3. Мемлекеттік білім беру мекемелерін бюджеттік қаражаттар есебінен қаржыландыру мекемелердің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес ұсталуын және функцияларды орындауын қамтамасыз етеді. 4. Мемлекеттік білім беру кәсіпорындарын, басқа да ұйымдық-құқықтық нысандардағы білім беру ұйымдарын қаржыландыру мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде жүзеге асырылады. 5. Кадрларды даярлауға, білікті жұмыскерлер мен мамандардың біліктілігін арттыруға және оларды қайта даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы: 1) кадрларды даярлау бағыттарын; 2) оқыту нысандары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін (орындар, гранттар санын); 3) бір білім алушыны (маманды) оқытуға жұмсалатын шығыстардың орташа құнын қамтуға тиіс. 6. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарында орналастырылатын мемлекеттік білім беру тапсырысы тәрбиеленушілер санын және бір тәрбиеленушіге жұмсалатын шығыстардың орташа құнын қамтуға тиіс. 7. Білім беру жүйесін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысын ұстауға қойылатын талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайды. 8. "Бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қаржыландыруға мемлекеттік білім беру тапсырысы білім беру бағдарламаларына, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының түрі мен мәртебесіне қарай саралана отырып, білім беру гранттары түрінде орналастырылады. 9. Шетелдіктерді, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын, ұлты қазақ адамдарды қазақстандық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында стипендиялық бағдарламалар бойынша оқытуды қаржыландыру оқытудың тиісті кезеңіне бюджет қаражатын бөлу арқылы жүзеге асырылады.