Үшіншіден, мемлекеттік активтерді басқару жүйесін жаңғырту.
Қазақстан - әлемдік ауқымда көлемі шағын экономика. Сондықтан оны өте тиімді басқару қажет. Ел біртұтас корпорация секілді жұмыс істеуі тиіс, ал мемлекет оның өзегі болуға тиіс.
Корпоративтік ойдың қуаты барлық процестердің біртұтас алып қаралуында жатыр. Барлық деңгейдегі мемлекеттік басқарушылар осындай бизнес-пайымға үйренуге тиіс.
Қайталап айтамын: елдің бюджетін жай бөліп қана қоймай, ойлы да салмақты инвестициялау қажет.
Тиімділіктің басты өлшемі – біздің салымдарымыздан түсетін қайтарым деңгейі. Елдің өндірістік әлеуетін қаншалықты еселей алсақ, Қазақстан халықаралық нарықта қосалқы емес, солғұрлым тезірек әлеуетті ойыншыға айналады.
Ұлттық қор жаңа экономикалық саясатқа көшудің «локомотиві» болуға тиіс. Ұлттық қордың қаражатын бірінші кезекте ұзақ мерзімдік стратегиялық жобаларға бағыттау керек. 2013 жылы Ұлттық қорда қаражат жинақтау жалғасуы тиіс, бірақ бұл қаражатты мейілінше тиімді де ойластырып пайдалану керек.
Мемлекет Үшінші индустриалдық революция нәтижесінде пайда болатын секторларды ескере отырып, ұлттық компаниялар арқылы болашақтың экономикасын дамытуды ынталандыруы тиіс. Ұлттық индустрия біз өз елімізде өндіруге тиіс ең жаңа композиттік материалдарды тұтынуы керек.
Мемлекет ақпараттық технологиялар саласында транзиттік әлеуетті дамытуды ынталандыруы тиіс. 2030 жылға қарай Қазақстан арқылы біз әлемдік ақпараттық ағындардың кем дегенде 2-3%-ын өткізуге тиіспіз. 2050 жылға қарай бұл цифр кем дегенде екі еселенуге тиіс.
Сонымен қатар, жеке компаниялардың өз қаражатын зерттеулер мен инновацияларға салуын ынталандыру керек. Мына нәрсені баса айтқым келеді: инновацияларды енгізудің маңызы зор, бірақ бұл басты нысана емес. Біздің жаңа технологиялар сұранысқа ие болғанда, олар нарықта қажет болғанда ғана ел нақты пайда алатын болады. Олай болмаған күнде инновация – ақшаны босқа шығындау деген сөз.
Достарыңызбен бөлісу: |