1. Ағартушы, ақын Абай Құнанбаевтың көзқарасының қалыптасуына талдау жасаңыз
2. «Алаш» және «Түркістан» автономияларының саяси бағыттарының айырмашылықтарын анықтаңыз. Екі автономияның құрылу себептері, мәні қандай?
3.Қарахан мемлекеті қағандарының жүргізген саясатын кесте бойынша толтырыңыз:
Қағандар
Жүргізген саясаты
Сатұқ Боғрахан
Мұса хан
Ибраһим ибн Насыр
Жауаптары:
1. Ағартушы, ақын Абай Құнанбаевтың көзқарасының қалыптасуына талдау жасаңыз
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен.Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы өз заманындағы атақ даңқы алысқа кеткен адамдардың бірі болған. Әкесі оның зеректігін байқағаннан кейін, 10 жасқа толған соң Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді.Медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Өзі билер үлгісінде шешен сөйлеуге төселеді. Ұтымды сөзімен, әділ билігімен елге танылып, аты шығады. Көп ұзамай, жетпісінші жылдардың бас кезінде Қоңыр Көкше дейтін елге болыс болады. Билікке араласып, біраз тәжірибе жинақтағаннан кейін ол халық тұрмысындағы көлеңкелі жақтарға сәуле түсіруге күш салып бағады. Бірақ онысынан пәлендей көңіл тоятындай нәтиже шығара алмайды. Сондықтан халқына пайдалы деп тапқан істерін көркем сөзбен, әсіресе, өлеңмен насихаттамақ болады. Абай бір жағынан шығыс классиктері Низами, Науаи, Физули, Жәми тағы басқаларды оқыса, екінші жағынан А. С. Пушкин, А.И. Герцен, М.Е. Салтыков-Щедрин, Н.А. Некрасов, Л.Н. Толстой, И.А. Крылов мұраларын оқып, терең таныс болған, Батыс әдебиетінен Гете, Джордж Байрон сияқты ақындарды оқып, Дрепер, Спенсер, Дарвин сынды ғалымдардың еңбектерін зерттейді. Ақын саяси қызметі үшін 1870 жылдары Санкт-Петербургтен Семейге айдалып келген Михаэлиспен, 80-жылдарда орыс демократтары Н. И. Долгополов, А. А.Леонтьевпен танысады. Бұл озық ойлы азаматтардың Абайдың саяси-әлеуметтік көзқарасына игі ықпалы тигізгені сөзсіз. Абай осы тұста, 1886 ж. досы Михаэлистің ұсынысымен, Семей облысы Статистика комитетінің толық мүшесі болып сайланды. Қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жосындарын, әдет-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. Егде тартқан шағында әкімқара биліктен, атқамінерліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен ғана шұғылданады. Абайдың көптеген шығармаларында Адам, Болмыс тақырыбы, сондай-ақ, абсолюттік ақиқат сыры тұрақты орын алады.