3.Жаңа тақырыпты түсіндіру: 40 мин (44 %)
1.3 Тақырып жоспары:
1. 1980 ж. қоғамның саяси өмірі.
2. 1986 ж. желтоқсан оқиғасының себептері.
3. Желтоқсан оқиғасының нәтижесі.
Ақпараттық –дидактикалық бөлім.
Сексенінші жылдардың екінші жартысында Кеңес Одағында ұлт мәселесі ерекше шиеленісті. Көп жыл жинақталып басылып келген ұлт мәселесі сыртқа шықты. Бұған Кеңес Одағында өрбіген қайта құру, жариялылық, демократияның өрістеуі әсер етті. Ұлттық сана сезімнің оянуына тағы бір себеп Кеңес Одағында ұлт мәселесінің шешілмеуі еді. Ұлттық мәселенің толық шешілгені туралы көп рет мәлімдеме жасалғанымен іс жүзінде олай болмады. Ұлт мәселесінің шешілмегені ұлттық сананың өсуі Кеңес Одағында ұлтаралық шиеленіске әкеп соқты. Бұл мәселенің шешілмегенін 1986 жылғы желтоқсанда Алматыда болған оқиға дәлелдеп берді.
Қазақстанның жоғарғы органдарына орталықтан басшы кадрлар жіберу кеңінен орын алды. Оларды қызметке жібергенде жергілікті жердің пікірі, республиканың тарихи жағдайы, оның салт-дәстүрі есепке алынбады. Мұндай жағдай 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты орнынан алған кезде айырықша көзге түсті. Пленум мәжілісі небары 18 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Қазақстан Компартиясының бiрінші хатшысы Д.А.Қонаев қызметінен алынып, оның орнына Мәскеу жіберген Г.В.Колбин сайланды.
Мұның өзі қайта құру мен демократиядан үлкен үміт күтіп отырған республика халқының, соның ішінде қазақ жастарының наразылығын туғызды. Пленум өткеннен кейін екінші күні Орталық партия Комитеті үйі алдындағы алаңға өздерінің Пленум шешімімен келіспейтіндігін білдіру үшін жұмысшы және студент жастар, оқушылар, т.б. жиналды. Олардың қолдарында ұстаған ұрандарының арасында "Әр халықтың өз ұлттық көсемі болу керек" деген ұран бар еді. Мұндай көсемнің Қазақстанда тұратын орыс халқы өкілдерінен де мүмкін екендігі айтылды. Міне, осындай күрделі жағдайда Г.В.Колбин партия Орталық Комитетінің бюро мәжілісін шақыртып, оған С. М. Мұқашев, Н.Ә.Назарбаев, З.К.Камалиденов, О.С.Мирошхин, М.С.Меңдібаев, А.П.Рыбников, Л.Е.Даулетова, В.Н.Лобов,т.б. қатынасты. Бірақ олар алаңға шыққан жастардың жүрегіне жол таба алмады. Алаңда болып жатқан жағдай, республика басшыларының, соның ішінде Г.В.Колбиннің ойында қазақ жастарының арасында елдегі социалистік құрылысқа қарсы астыртын әрекет, ұлтшыл ұйым бар деген пайымдау мен арам пиғылды туғызды. Бірақ ондай ұйымның бар-жоқтығы кейін қанша тексерсе де анықталмады. Алаңда жиналған халық пен милиция және әскерлер арасында қақтығысулар жүрді. Ереуілге қатысушылар таспен, таяқпен қаруланып жазалаушыларға қарсылық көрсетті. Олар жастарды мұздай суға тоғыту үшін алаңға әкелінген бірнеше өрт сөндіргіш
машиналарды өртеп жіберді. Қақтығысудың барысында Е.Сыпатаев және С.Савицкий деген азаматтар қаза тапты. Осыған байланысты үкімет органдары алаңға шығушыларға қарсы күш қолдана бастады. Алматыға басқа жерлерден арнайы әскери бөлімдер әкелінді.
1987 жылғы шілдеде КОКП Орталық Комитеті "Қазақ республикалық партия ұйымдарының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жұмысы туралы" арнайы қаулы қабылдады. Онда 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға Қазақстандағы үлтшылдықтың көрінісі деп бағаланды. Бірақ кейіннен бұл шешім қате деп табылды. Өйткені қазақ халқы ешуақытта ұлтшыл болып көрген емес еді. Мәселені әрі қарай тексеріп, болған фактілерді Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жанынан арнайы құрылған Мұхтар Шаханов бастаған комиссия егжей-тегжейлі тексерді. Оның барысында, қазіргі кезеңнің талабымен қарағанда, алғаш рет демократия және жариялылық жағдайындағы халықтың еркіндік үшін көтерген талабы мен ескі партиялық ойлау арасындағы қақтығыстың болғандығы ашып
көрсетілді.
Қазақ жастарының 1986 жылғы желтоқсандағы шеруінің түрі ұлттық болғанымен ұлтшылдық емес еді. Ол басқа халықтарға, соның ішінде орыс халқына қарсы бағытталмаған болатын. Шеру саяси сипаттағы бейбіт демонстрация еді, мемелекеттік құрылысты құлатуға шақырған жоқты. Бірақ республиканың және орталықтың партиялық-бюрократиялық құрылымы тарапынан ол экстремистік пиғылдағы ұлтшыл жастар тобының бүлігі деп бағаланды. Жүйе оны "Қазақ ұлтшылдығы" деп айыптауға дейін барды.
Осыған байланысты 1987 жылғы 14 наурызда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті Пленумының шешіміне сәйкес партия ұйымдарында тазалау басталды. Атап айтқанда, өздерінің жіберген қателіктерін ашық мойындау, номенклатуралық жетекші қызметкерлерге мінездеме беруді жаңарту, бастауыш партия ұйымдарында жеке коммунистердің, ал жетекші қызметкерлердің өз қызмет орындарында, тұратын жерлерде есептері тыңдалды. Есеп беру барысында, тек 1987 жылы облыстық партия комитеттерінде істейтін жауапты қызметкерлердің 28 пайызы, ал қалалық және аудандық партия комитеттерінің әрбір үшінші қызметкері жұмыстан босатылды. Олардың әрбір оныншысы қызметте жіберілген кемшіліктері үшін деген мінездемемен орын алынды. Мұндай тазарту жүмыстары сондай-ақ кеңес, кәсіподақ, комсомол органдарында да кеңінен жүргізілді.
Желтоқсан оқиғасы бойынша тергеу барысында 99 адам сотталды, 264 адам жоғары оқу орындарынан, 758 адам комсомолдан шығарылды. 1164 БЛКЖО мүшесіне, 210 партия мүшесіне әртүрлі жаза берілді, 52 адам КОКП қатарынан шығарылды. Ішкі істер министрлігінен 1200 адам, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінен 309 адам жұмыстан босатылды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды
Желтоқсандағы қазақ жастарының әрекеті бүкіл Кеңес Одағына қозғау салды. Желтоқсан оқиғасының қазақ халқына әкелген тікелей нәтижесі Қазақстанның егемендігі болды.
Достарыңызбен бөлісу: |