7. Бағдарлама 5 тақырыптық блоктан тұрады: Ежелгі адамдар және көшпелі өркениетттің қалыптасуы, Түркі өркениеті және Ұлы дала, Жаңа дәурдегі Қазақстан (ХVIII-XX ғ.басы), Қазақстан кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйенің құрамында, Қазақстан әлемдік қауымдастықта (1991-2022 жж.).
8. Пәнді оқыту процесінде қолданылатын оқыту әдістері мен технологиялары:
1) білім алушы тарапынан оқытуға рефлексивті тәсілге негізделген студентке орталықтанған оқыту;
2) құзыреттілікке-бағытталған оқыту;
3) рөлдік ойындар және әртүрлі форматтағы оқу пікірталастары; 4) кейс-стади; 5) жобалар әдісі. 9. Бағдарламаның пререквизиттері мен постреквизиттерін ЖОО дербес белгілейді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
І-БЛОК. ЕЖЕЛГІ АДАМДАР ЖӘНЕ КӨШПЕЛІ ӨРКЕНИЕТТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ
Адамның тарихқа дейінгі эволюциясы Тарихи үдерісті кезеңдерге бөлу. Тас дәуіріндегі Қазақстан аумағының ландшафтық-климаттық өзгеріске ұшырауы.Антропогенез туралы жаңа мәліметтер. Адамның шығу тегі териясы және адамзаттың алғаш пайда болған жері мәселесі. Қазақстан аумағы – homo sapіensтің қалыптасу ошақтарының бірі. Глоттогенез түсінігі. Культурогенез ырғағы тұжырымдамасы.
Қазақстан аумағындағы тас ғасырына қатысты археологиялық ескерткіштердің ашылуы. Ежелгі адамның шаруашылығы мен тұрмысы.
Тарихқа дейінгі кезеңдегі адамның мәдениеті. Ерте палеолиттегі өнер мен діни түсініктердің қалыптасуы. Алғашқы қауымдық өнер ескерткіштеріндегі антропо- және зооморфтық бейнелердің ерекшеліктері. Палеолит, мезолит, неолит дәуірлеріндегі тілдің, рационалды білімнің дамуы, діни түсініктердің қайта құрылуы. Жартасқа сурет салу өнері – петроглифтер (Мыңшұңқыр, Өлеңті, Еңбек, Тесіктас, Шатыртас, Ақбидайық, Ақбауыр, Баянжүрек).
Ежелгі металлургия кезеңіндегі көшпелілер өркениетінің қалыптасуының алғышарттары. Ұлы даладағы энеолит және қола дәуірі. Ежелгі темір өңдеу техникасы. Мал шаруашылығы негізінде өндіруші шаруашылықтың қалыптасуы және оның кезеңдері. Солтүстік Қазақстандағы Ботай мәдениеті. Қазақстан – жылқыны қолға үйретудің ежелгі ошағы. Еуразия өркениетіндегі атқа міну мәдениетінің қалыптасуының тарихи маңызы. Солтүстік және Орталық Қазақстаннан табылған остеологиялық материалды талдау нәтижесі. Кремний индустриясының сипаттамасы. Шаруашылықтың көп қырлы сипаты. Құрал жасаудың қабыршақтау техникасы. Сүйек кесу өнерінің дамуы. Еуразияда көне жылқы көлігі коммуникациясының дамуы. Дала аймағы – көне дөңгелекті көлікті даму орталықтарының бірі.