Қазақстан тарихы


Бірінші орыс революциясы және оның Қазақстанға әсері



бет47/69
Дата28.11.2022
өлшемі2,05 Mb.
#53257
түріЛекция
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   69
Байланысты:
Каражан китаб

1. Бірінші орыс революциясы және оның Қазақстанға әсері


ХІХ ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басындағы қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық өмірінде болған өзгерістер ескі қалалардың өсуімен, жаңа қалалардың пайда болуымен, әсіресе, олардың ірі әкімшілік орталықтарына айналып қана қоймай, оларды мекендеген халықтың шаруашылығында және мәдени, қоғамдық өмірінде үлкен роль атқаруымен сипатталды.
XX ғасырдың басында Ресей патшалығының отары ретіндегі Қазақстанда негізінен өнеркәсіптің екі саласы, яғни тау-кен өндірісі мен кен-зауыт өнеркәсібі, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал өнімдерін ұқсату жөніндегі өнеркәсіп жатқызылды. Әсіресе, тау-кен өнеркәсібі түсті металдар мен темірдің бай кен орындарын пайдаланып жатқан Алтай мен Орталық Қазақстанда өркендеді. Бірақ, ғасыр басында мыс, алтын, темір жөне басқа қазба байлықтарын шығаратын еліміздің тау-кен кәсіпорындары, негізінен, шетелдік акционерлік қоғамдардың қолына көшті. Мысалы, 1904 жылы Лондонда пайда болған Спаск мыс кендерінің ағылшын-француз акционерлік қоғамы Спаск-Успенск мыс кені мен заводын, Саран-Қарағанды тас көмір кенін және рудниктерін түгелдей сатып алып, пайдаланды.
Қазақ өлкесінің ғасыр басындағы тау-кен өнеркәсібінің басты салаларының бірі алтын шығару болды. Сонымен қатар, Екібастұзда, Қарағандыда, Саранда көмір кен орындары мол пайдаланылды. Өндірілген көмір темір жолмен және су жолдарымен Ресейдің Пермь губерниясына, Омбы мен Барнаулға, сондай-ақ, өлкенің Павлодар, Қызылжар және басқа да қалаларына жеткізіліп отырды.
Осы кезеңде Батыс Қазақстан өңірі мен Орал-Ембі аймағында мұнай шығару өнеркәсібі де біршама дамыды. Бірақ, ол кәсіпорындар толығымен шетел капиталистерінің билігінде қала берді. Тек, І912-1914 жылдардың өзінде ғана ағылшын капиталистеріне қарасты "Батыс-Орал мұнай қоғамы", "Орал-Ембі қоғамы", "Солтүстік Каспий мұнай компаниясы" өлкенің арзан жұмысшы күшін пайдаланып, бәсекелестіктің болмауына байланысты мұнайдың мол бай кен орындарын жыртқыштықпен пайдалана отыра, өздеріне өлшеусіз, ұшан-теңіз пайда әкеліп жатты.
Осындай себептерге байланысты, Қазақстанның кен өнеркәсібі бұл кезеңде жергілікті капитал негізінде өсіп шыққан жоқ. Оны сырттан келген орыс және шетел капиталы жасады. Оның өнімі түгелдей дерлік өлкеден тыс жерлерге әкетілді, ал пайда XX ғасырдың басынан бастап шетелге кетіп жатты. Осының бәрі кен өнеркәсібінің Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпалын күрт кемітті.
Өлке өнеркәсібінің біршама өсу жолын тұтас алып қарастырар болсақ, мұнда ауыл шаруашылық шикізаттарын өңдейтін кәсіпорындардың атап айтсақ, теріден былғары жасайтын, май шыжғыратын, сабын қайнататын, арақ, спирт шығаратын, май шайқайтын және т.б. кәсіпорындардың белгілі дәрежеде роль атқарғандығы байқалды.
XX ғасырдың басында да Қазақстанның орталық аудандарының капиталистік өнеркәсібінің шикізат көзіне, сондай-ақ өнім өткізу рыногына айналуында темір жолдардың салынуы маңызды роль атқарды. Өйткені, олар бір мезгілде артта қалған отар аудандарына, ең алдымен Орта Азия мен Сібірге Ресей капитализмінің ену құралына айналған болатын. Ал, шын мәнінде, Орта Азия мен Қазақстанды Ресейдің экономикалық игеруі осы аумақтардың терең түкпіріне темір жолдар салудан басталған еді. Темір жол желілері Қазақстан аумағында XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басынан ірі темір жолының салынуына байланысты тартыла басталды. Революцияға дейінгі Қазақстанның негізгі ірі Сібір темір жол желісі 1901-1905 жылдары салынған Орынбор-Ташкент жолы болды. Сөйтіп, ғасыр басында одан кейін Троицк, Алтай және Жетісу темір жолдарын салу жұмыстары дами түсті. Әрине, өлкенің әлеуметтік-экономикалық өмірінде жол қатынастарының дамуы маңызды рөл атқарды. Әсіресе, олар сауданың өркендеуіне өз ықпалын тигізді. Бұл темір жолдар өлкені Ресейдің өнеркәсіп орталықтарымен байланыстырып, оны жалпыресейлік экономикалық нарыққа тартты. Қазақстанның әр түрлі өнеркәсіп шикізаттары, мал шаруашылығы өнімдері, мал, астық сыртқа шығарылып, өлкеге фабрика-завод бұйымдары, тағы да басқа қажетті тауарлар әкелінді. Сонымен қатар, қазақ даласында пайда болған темір жол станцияларына сол кезеңде халықтың біршама көп шоғырлануына байланысты олар өлкенің әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени өмірінің ошақтарына айнала бастағанын көреміз. Осы кезеңде ірі темір жол станцияларындағы халықтың саны бірнеше мың адамға жетті. Мысалы, 1916 жылы Орынбор станциясында - 9720, Ақтөбеде - 3263, Шалқарда - 5300, Қазалыда - 3600, Перовскіде - 1852, Түркістанда - 2984 адам тұрды. 1906-07 жылдары Петропавл (Қызылжар) станциясындағы тұрғындардың саны 3 мыңнан асқан.
Сөйтіп, осы кезеңде өлкедегі өнеркәсіптің біршама дамуы, темір жолдардың салынуы, су жолдарының пайдалана бастауы - Қазақстанда жалпы жұмысшы табын қалыптастырудың бірден-бір әлеуметтік-экономикалық негіздерін қалауға себеп болды. Өлкедегі мұндай өзгерістер ғасыр басында одан әрі дами түсті. Мысалы, 1913 жылғы өлкедегі жұмысшылар саны 75 мың адамға дейін жетті. Сонымен қатар, Қазақстанда 51 мың жұмысшы еңбек еткен 675 фабрика-заводтың кәсіпорындары болды да, ол жұмысшылардың 28 мыңға жуығы ірі өнеркәсіп орындарында істеді. Тек теміржол мен су жолдарында 25 мыңнан астам жұмысшы еңбекпен қамтылды. Ал, бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында жұмысшылар саны ірі өнеркәсіп орындары мен транспортта өсе түсті. Сөйтіп, 1917 жылғы Қазан төңкерісі тұсында Қазақстандағы жұмысшылардың жалпы саны 90 мыңға жетті.
Бірақ, жергілікті қазақ жұмысшылары көбінесе маусымдық жұмыстарға ғана тартылып, кәсіби мамандықтарының болмауынан тұрақты жұмыстармен қамтылмады. Тұрақты жұмыспен тек темір жол желілері мен тау-кен өндіріс орындары ғана біршама қамтамасыз ете алды. Сөйтіп, өлкедегі тау-кен өндірісі, завод кәсіпорындары мен транспортта ғана жұмысшылардың шоғырлануы жоғары болды.
Соған қарамастан, әлеуметтік тұрғыдан өлкенің өнеркәсіп жұмысшыларының жағдайы Ресейдің өнеркәсібі дамыған аудандарымен салыстырғанда әлдеқайда ауыр болды. Оған кәсіпорын қожайындарының өктемдігімен белгіленген жұмыс күнінің ұзақтығы себеп болды. Мысалы, Ембінің мұнай кәсіпорындарында 12 сағатқа дейін, алтын өндірілетін кен орындарда 10-12 сағат, тұз өндірілетін кәсіпшіліктерде 14-16 сағатқа дейін созылды. Міне, осындай әлеуметтік теңсіздіктердің басымдылығын көрген және кәсіп иелерінің өздеріне алалаушылық жасап, құқықтарынан айыру шараларын басынан өткізген қазақ жұмысшылары ерекше ауыр жағдайда болды. Осының бәрі күрделеніп келіп, қазақ жұмысшыларын өздерінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайларын жақсарту мақсатындағы күреске итермеледі.
Жалпы Қазақстан еңбекшілерінің саяси оянуына, өлкедегі отаршылдық езгіге, әлеуметтік теңсіздік пен қанаудың басқа да түрлеріне қарсы ұлт-азаттық, жұмысшылар мен шаруалардың бостандығы жолындағы қозғалыстардың ерекше серпін алуына, әрине, патшалық Ресейдегі 1905-07 жылдарда өткен тұңғыш буржуазиялық-демократиялық революцияның ықпалы зор болды. Біріншіден, өлкенің экономикалық және саяси дамуы дәрежесінің салдарынан жұмысшы қозғалысы өрістеді. Екіншіден, оған өнеркәсіп пен қала жұмысшылары қатысты. Үшіншіден, аграрлық қозғалыстар, негізінен, қазақ ауылдарының, қоныс аударған деревнялардың, еңбеккерлер топтарының іс-әрекеттерінен көрінді. Төртіншіден, ұлт зиялылары қоғамдық-саяси жұмысқа белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалысты жаңа сатыға көтерді.
Сөйтіп, 1905-1907 жылдарда өткен Қазақстандағы жұмысшы қозғалысы өзінің саяси дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Қазақ даласында осы жылдары Ресейдегі революциялық процестердің жалпы барысымен тығыз байланысты жұмысшылардың бірқатар саяси және экономикалық толқулары болып өтті. Оларға 1905 жылдың желтоқсанында Успенск мыс руднигіндегі, 1907 жылдың маусым айында Спасск мыс қорыту зауытындағы, Қарағанды кендеріндегі, сондай-ақ, Семей, Орал, Ақтөбе, Верный, Қостанай және басқа да қалалардың кәсіпорындарындағы өткен ереуілдерді жатқызуға болады.
Ресей империясындағы 1905 жылғы қалыптасқан саяси ахуал қазақ халқының азаттық қозғалысының жаңа сатыға көтерілу кезеңін бастап берді. 1905 ж. cаяси оқиғалар туралы алғашқы хабарлар қазақ даласына жетісімен, Ә. Бөкейханов атап көрсеткендей, "бүкіл дала саясат аясына тартылып, азаттық үшін қозғалыс тасқыны құрсауына енді". Сол кезеңдегі әкімшілік орындарына түскен мәліметтердің бірінде: "Патша үкімдерінің жариялануынан бері қарай қырғыз жұрты мерзімді басылымдарға қызығушылықпен зер сала қарай бастады. Сауаты барларының көпшілігі астаналық газеттерді жаздырып алуда. Қырғыздар арасында бұрын-соңды болмаған құбылыстар байқалуда" – делінген. Қазақ даласында байқалған мұндай құбылыстардың бірі өлкенің барлық елді мекендерінде қазақтардың үлкенді-кішілі жиылыстарының өткізіле бастауы еді. Мұндай жиылыстарда қазақ жұртының көкейтесті мұқтаждықтары талқыланып, ол жөнінде орталық үкімет орындарына тапсыруға петициялар әзірленді. Осылайша қазақ даласындағы саяси күрес патшаға, орталық билікке петиция жазып тапсыру түрінде көрініс ала бастады. Қазақтардың орталық билік орындарына тапсырған петицияларында жерді тартып алуға, салықтың ауырлығына, төменгі басқару органдары мен патша чиновниктерінің тарапынан озбырлық, қиянат, қоқан-лоқы жасалуына наразылық білдірілді. Сонымен бірге өздерінің діни істерін Орынбор муфтилігіне қарату, қазақ арасында оқу-ағарту ісін ретке келтіру және өлкеге земство енгізу сұралды.
Отарлық тәуелдіктегі қазақ елінің мұң-мұқтажын білдірген петицияларды жазып, оны тиісті орындарына тапсыру ісі 1905 ж. көктем айларында-ақ қолға алынған болатын. Мәселен, 1905 ж. сәуірдің 2-інде Ақмола қаласындағы Халфин деген қазақ саудагерінің үйінде жиылыс өтіп, Петерборға барып петиция тапсыру үшін арнайы делегация сайлап жіберу мәселесі қарастырылған. Ақмола қаласында өткен осы жиылысқа әкімшілік орындарында тілмаштық қызмет атқарған Серкебаев, Кенжебаев және Сатыбалдиндер басшылық жасаған.
Қазақ даласынан петициялар арнайы делегация жіберу арқылы да, сонымен бірге жеделхатпен де жолданған. Петицияларды жазып дайындау ісінің басында негізінен сан жағынан аз болғанымен, саяси күрес қазанында қайнап, жаңадан қалыптасып, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция өкілдері тұрды. Ол жөнінде М. Дулатов: "1905 жылдан бері қазақ жұрты да басқалардың дүбіріне елеңдеп, ұлт пайдасын қолға ала бастады. Сол бостандық жылдарында Семей облысының оқыған басшылары көзге көрікті іс қылып, жұртқа көсемдікпен жол-жоба көрсеткені үшін алды абақтыға жабылып, арты айдалып, қалғандары cенімсіз болып қалды”, - деп жазды.
1905 жылы Семей облысы Қарақаралы уезінің Қоянды жәрмеңкесінде 14,5 мың адам қол қойған Қарқаралы петициясына Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсыновтың, Ж.Ақбаевтың қатысы болған. Осы петиция туралы және оны дайындап, көптеген адамдарға қолдатудағы Ахмет Байтұрсыновтың ерекше еңбегін жоғары бағалаған М.Әуезов 1923 жылы жазған “Ахаңның елу жылдық тойы” деген мақаласында: “1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен басқа да оқығандар бас қосып, кіндік хүкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз-тілек) жіберген. Ол петицияда аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші - қазақ жұртына земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылардан орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін, ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуында қазақ жұртын муфтиге қаратуды сұраған. Петицияларды тілек қылған ірі мәселелер осы. Ол күндегі ой ойлаған қазақ баласының дертті мәселелері осылар болғандықтан, Ақандар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған”, – деді.
Қазақстандағы революциялық қозғалыстың біршама өрлеуі 1905 жылдың қазан-қараша айларында өткендігі тарихтан белгілі. Өйткені, бұл кезде 17 қазандағы патша Манифесінің жариялануы Қазақстанның көптеген қалаларында көп адам қатысқан жиылыстарға, демонстрацияларға және халықтың қалың тобының бой көрсетулеріне ұштасқан болатын. Бұл туралы Әлихан Бөкейханов былай деп жазды: "Қазақтардың жүріп-тұруы арқасында Манифест қысқа уақытта бүкіл даланың қолына тиді. Жер-жерде қазақтар үлкенді-кішілі съездерге жиналды… Манифесті оқыды, оны түсіндірді, болашақтағы Мемлекеттік Дума сайлауы туралы мәселелерді талқылады. Облыстың ең алыс түкпірлерінен қазақтар топ-топ болып қалаларға барды, онда қала тұрғындары ұйымдастырған қалалық митингілерге қатысты. Орыстар, татарлар, сарттар мен қазақтар бір туысқан от басына қосылып кетті".
Қазақ ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметіндегі белсенділігі де арта түсті. Олар 1905 жылдың желтоқсанында Оралда бес облыстың қазақ халқы делегаттарының съезін өткізіп, өз партиясын – Ресей конституциялық-демократиялық (кадет) партиясының бөлімшесін құруға әрекет жасаған болатын. Ондағы мақсат – 17 қазанда жарияланған патша Манифесі берген бостандықтар шеңберінде қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау еді. Осыған байланысты 1906 жылдың ақпанында Семейде қазақтардың екінші съезі өткізілді. Ол кадеттерге жақын бағдарламаны мақұлдады. Сонымен қатар, оған өлкеге шаруалардың қоныс аударуын тоқтату, Қазақстанның барлық жерін байырғы халықтың меншігі деп тану, ұлттық мектептер ашу, тағы басқа да талаптар енгізілді. Олардың басында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Тынышбаев, М.Шоқаев, М.Дулатов, Б.Қаратаев және қазақ зиялыларының басқа да көрнекті қайраткерлері жүрді. Сондай-ақ, олар дін ұстану бостандығын жақтап, әсіресе үкімет пен жергілікті органдардың мұсылман дініне қарсы шараларына наразылық білдірді. Ұлттық мәдениетті дамытуды, сонымен қатар, Қазақстанда қазақ тілін басқа тілдермен тең қолдануды талап етті. Міне, осыған орай мұсылман дінбасыларының ықпалы күшті болған Семейде, Петропавлда, Ақмолада, Верныйда және т.б. қалаларда діни ұйымдар пайда болды. Өлке мұсылмандарының діни талаптар қойған петициялық науқаны кеңейе түсті. Жалпы, мұсылман қозғалысы түрік халықтарының Ресей империясы құрамындағы автономиясы және мәдени-автономиялық дамуы туралы мәселе көтерді.
Сонымен қатар, осы кезеңде Қазақстан халқының саяси ой-өрісінің дамуында Мемлекеттік Думаға сайлау жүргізу науқаны маңызды рөл атқарып, онда қазақ зиялыларының көптеген өкілдері белсенді қызметімен көрінді. Мысалы, 1905 жылдың 6 тамызында Мемлекеттік Дума жөніндегі патша Манифесі қазақ еліне де депутат сайлау құқығын берген болатын. Бірақ, бұл құқықтың жартыкештігі байқалды. Өйткені, депутаттарды сайлау барысында ұлттардың ара салмағы есепке алынбады. Сондықтан, қазақ зиялылары мұндай әділетсіздікті түзетуге біршама әрекет жасап көрді. Нәтижесінде, қазақ халқы Мемлекеттік Думаға әр облыстан бір депутаттан ғана сайлау құқығына ие болды. Сөйтіп, Қазақстаннан бірінші Мемлекеттік Думаға барлығы 9 депутат, оның ішінен 4 миллион қазақ халқынан 4 депутат: Ә.Бөкейханов, А.Бірімжанов, А.Қалменов және Б.Құлманов сайланды. Олар Дума жұмысына мұсылман депутаттары фракциясы құрамында қатынасты. Бұл фракцияның заң жобасы ретінде дайындаған ең басты құжаты аграрлық мәселеге байланысты еді. Мұсылмандар фракциясы жер мәселесіндегі аграрлық тұжырымдаманы мұсылмандар партиясының бағдарламасы негізінде ұсынды.
Ал барлығы 72 күн ғана жұмыс жасаған бірінші Мемлекеттік Дума 1906 ж. 9-шілде күні үкімет шешімімен таратылды. Дәл сол күннің кешінде Думадағы оппозицияның 182 өкілі (кадеттер, трудовиктер, меньшевиктер) Выборг қаласында (Финляндия) жиналып, Манифест дайындап, оған өздерінің қолдарын қойды. Олардың арасында Ә.Бөкейханов та бар еді. Сол үшін ол келесі Думаға сайлану құқығынан айрылып қана қойған жоқ, сонымен бірге жауапқа тартылып, абақтыда отырып шығады. Сөйтіп, халық бұқарасының назарын алаңдату үшін шақырылған бірінші Мемлекеттік Дума оның үміттерін ақтамады, ал оның мінберін партиялар өз мақсаттарына пайдаланды.
Екінші Мемлекеттік Думаның сайлануына келер болсақ, ол 1905 жылдың 6 тамызындағы және 11 желтоқсанындағы сайлау заңдары негізінде өткізілді. Думаға Қазақстаннан 14 депутат, олардың 6-ы қазақ ұлтының өкілдері: молда Ш.Қосшығұлов – Ақмола облысынан, би Х.Нұрекенов – Семей облысынан, адвокат Б.Қаратаев – Орал облысынан, сот тергеушісі А.Бірімжанов – Торғай облысынан, Т.Алдабергенов – Сырдария облысынан, қатынас жолдары инженері М.Тынышбаев – Жетісу облысынан сайланды. Екінші Дума депутаттарының құрамы жағынан болсын, күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылау жағынан болсын бірінші Думаға қарағанда солшыл бағытта болған-ды. Негізгі пікір тартысын тудырған мәселелердің бастысы аграрлық және қоныс аудару мәселесі болды. Әсіресе, депутаттар Б.Қаратаев, А.Бірімжанов, Ш.Қосшығұлов, Х.Нұрекенов өте белсенді түрде, заң шеңберінде патша өкіметінің қоныс аудару саясатына қайткенде бір ықпал етуге тырысты. Мәселен, 1907 жылы 17 мамырда депутаттық сауалға байланысты жарыссөзде депутат Б.Қаратаев сөйледі. Ол өзінің сөзін қазақ халқы үшін ең маңызды іске айналған жер мәселесіне арнады: "Үкімет, біріншіден, Ресей ішіндегі помещиктер мүддесін, яғни, 130000 помещиктің мүддесін қорғау үшін" жерсіз орыс шаруаларына қазақ жерлерін тартып әперіп отыр. Екіншіден, үкіметтің бұл саясаты ашықтан-ашық ұлы державалық, шовинистік негізде жүргізілуде. Соның нәтижесінде жерге орналастыру мекемелері қазақтарды "орныққан орындарынан, поселке, деревня құрап отырған үйлерінен жаппай қуып шығумен айналысып отыр". Әрине, бұл сөз іс жүзінде патша үкіметінің қазақ даласындағы отарлау саясатын жергілікті халықтың атынан әшкерелеу еді. Б.Қаратаев орыс халқының еңбекші бұқарасы мен зиялы қауымын қазақ елінің осындай ауыр жағдайына көңіл аударуға шақырды.
"Айқап" журналы қазақ елінде 1911-1915 жылдары шығып тұрды. Оның шығарушысы және редакторы Мұхамеджан Сералин (1871-1929) болды. Журнал Қазақстандағы сол кезеңнің идеялық-саяси ой-пікірдің аграрлық-демократиялық бағыттарын білдірді. Оған Б.Қаратаев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ж.Сейдалин және басқалар қатысып тұрды. Журнал беттерінде негізгі мәселелер қатарында оқу-ағарту ісі мен аграрлық мәселе, яғни жер қатынастары, көшпенділердің дәстүрлі мал шаруашылығы және олардың отырықшылыққа көшуі туралы мақалалар көптеп жазылды. Сондай-ақ, журналда патша өкіметінің отаршылдық саясаты әшкереленіп отырды.
Сонымен қатар, Орынбор қаласында 1913-1918 жылдары А.Байтұрсыновтың басшылығымен шығып тұрған ресми "Қазақ" газеті болды. Ол либерал-демократиялық бағыт идеяларын ұстанды. Газет редакциясында сол кездегі қазақ конституциялық-демократиялық партиясының және қазақ халқының жалпы ұлттық қозғалысының жетекшісі, экономист-ғалым Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов және басқалар қызмет істеді. Олар ең күрделі аграрлық мәселеде жерге Ресей патшалығының тарапынан мемлекеттік меншіктің күшін жою және оны қазақтардың меншігіне беру, жер сатуға тыйым салу талаптарын қойды.
Тұтас алғанда, қазақ өлкесінің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің дамуы туралы әр түрлі көзқарастарда болғанына қарамастан, ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде шығып тұрған "Айқап" журналы мен "Қазақ" газеті өз беттерінде ұлттық идеялар мен қазақ халқының мүдделерін ақиқат жолымен жан-жақты көрсете білді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   43   44   45   46   47   48   49   50   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет