Қазақстандағы әлеуметтік жұмыс технологиясын жетілдіру жолдары мен әдістері
Сөзсіз әлеуметтік жұмыс технологиясы заман ағымына сай дамып, өзінің даму бағыты бойынша үнемі жетілдіріліп отырғаны абзал. Өйткені заман жақсы жағынан дамыған сайын адамдардың қолайлы өмір сүруге деген ниеті мен талаптары да артып отырады. Сол себепті де әлеумттік жұмысты ұйымдастыратын мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер үнемі өзінің әлеуметтік қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды көздеп қана қоймай, әлеуметтік жұмысты сапалы ететін технологияларына да жеткілікті мән беріп отыруы тиіс.
Зерттеуші И.И Краснопольская мен И.В. Мерсиянова әлеуметтік қызметкерлер мен әлеуметтік жұмыс саласын мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы түрлеріне балама табу қажеттілігіне байланысты әлеуметтік инновацияларға үлкен қызығушылық танытуы тиіс деп атап өтеді. Әлеуметтік жұмыс технологиясының инновациясы әлеуметтік қызметтерді ұсыну мәселелерін шешудің жаңа тәсілі ретінде қарастырылады [Краснопольская И.И., Мерсиянова И.В. Трансформация управления социальной сферой: запрос на социальные инновации // Вопросы государственного и мунициапльного управления. – №2. – 2019. – 276 с. с. 29-52].
Халықтың аз қамтылған бөлігін әлеуметтік қорғау арқылы әлеуметтік жұмыстар жүргізу сияқты мемлекеттік қызметті ұсынуда инновациялық технологияларды енгізуде шетелдік тәжірибені ескеру де аса маңызды. Бұл өз кезегінде тәжірибеден өткен әлеуметтік жұмыс технологияларының тиімді жұмыс істеуіне алып келеді. Сонымен қатар аз қамтылған немесе көмекке мұқтаж жандарға ұсынатын қызмет түрлерін ұсынуды оңтайландыруға және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа технологияларын енгізудің әдіснамалық тәсілдерін анықтауға мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, «нәтижеге негізделген менеджмент» деген түсінікті алға тарта отырып, әлеуметтік жұмысты ұйымдастыратын мемлекеттік органдардың қызметін бағдарлай отырып, мемлекет үшін әлеуметтік маңызды нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз ету аса маңызды болып табылады [Южаков В.Н. Государственное управление по результатам // Вопросы государственного и муниципального управления. – №3. – 2016. – 321 с. с. 165-174].
Жақын және алыс шетелдегі әлеуметтанушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарымен таныса келе, біз қазіргі таңда бірқатар әлеуметтік жұмыстың инновациялық технологиялары бар екендігіне көз жеткіздік. Әлеуметтік көмек және қолдау саласында инновациялық технологияларды енгізу туралы тәжірибеге негізделген зерттеу жұмыстарымен таныса келе біз алдымен қарт адамдар мен мүгедектерге арналған инновациялық технологиялар қатарынада әлеуметтік келісім-шарттар және патронаттық отбасылар деп аталатын жаңашыл әдістерге мән берсек дейміз.
Бірқатар ғылыми еңбектермен таныса келе, әлеуметтік келісімшарт негізінде көмек көрсету әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға мемлекеттік әлеуметтік көмектің инновациялық үлгісі екендігіне көз жеткізіп, ол халықтың кедейлігін төмендету құралына айнала алады деп санаймыз. Әлеуметтік келісім-шарт – еңбекке жарамды алайда аз қамтылған азамат пен әлеуметтік қорғау мекемесінің арасында жасалатын келісім болып табылады. Өзінің өмірдің қиын сәттерінен шығару үшін азамат өзінің отбасына ақшалай (ай сайынғы немесе бір реттік) төлемдер беруге арыз береді. Есесіне ол мемлекет алдында өзінің қолынан келіп тұрған бір істі тындыруды өз мойнына алады. Осылайша ол мақсатты іс-шараларды жүзеге асыра отырып, мемлекет тарапынан қолдауға ие болады. Осылайша, әлеуметтік келісімшарт технологиясы еңбек әлеуеті бар аз қамтылған азаматтарды уақтылы қолдауды қамтамасыз ете отырып, мемлекеттік әлеуметтік саясатты көмек алушыларға жақындату мақсатында жасалады.
И.В. Малофеев өзінің еңбектерін әлеуметтік келісім шарттардың екі түрін анықтаған. Оның біріншісі – көмек көрсету туралы шарт; екіншісі - бастапқы кезеңде көмек көрсету болып табылады. Бірінші түрдегі келісім-шарттар қосымша кіріс қажет ететін азаматтармен жасалады, бұл күнделікті немесе жоспарланбаған шығыстарды төлеуге мүмкіндік береді (мысалы, баланы мектепке дейінгі білім беру мекемесінде ұстау үшін ай сайынғы төлем). Екінші әлеуметтік келісім-шарттар нақты іс-әрекет ету жоспары бар және оны жүзеге асыру үшін бір реттік көмекке мұқтаж азаматтармен жасалады (мысалы, жеке қосалқы шаруашылығы немесе жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін құралдарды сатып алу). Көмектің бұл түрінің ерекшелігі – қажеттілік мәселесін шешуге кешенді тәсіл болып табылуында. Атаулы ақшалай төлеммен қатар, қиын өмірлік жағдайды жеңуге көмек алушының белсенді дербес әрекеттерін бір уақытта жүзеге асыруға мүмкіндіктер береді. Бұл арқылы мемлекет аз қамтылған топтардың әлеуметтік бейімделіуне бірқатар қызметтер ұсына алуына алып келеді. Сонымен қатар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға (жалғызбасты өмір сүретін азаматтарға) арналған әлеуметтік қолдау картасын жасауға мүмкіндіктер береді. Әлеуметтік келісімшарт әлеуметтік бейімделу бағдарламасын жасауға да өз септігін тигізеді [Малафеев И.В. Социальный контракт как форма социальной поддержки // Вестник Красноярского государственного педагогического университета им. В.П. Астафьева. – Т2. - №3. – 2018. – 186 с. с. 26-29].
Әлеуметтік келісімшарт негізінде мемлекеттік көмек көрсетудің алгоритмін келесі түрде ұсынуға болады: азамат өтініш береді, содан кейін сұхбаттасу өтіп, оның қорытындысы сараптамадан өтіп, шешім қабылданады. Осылайша әлеуметтік бейімдеу бағдарламасы әзірленіп, әлеуметтік келісімшарт жасасады. Мемлекет өз кезегінде әлеуметтік келісімшарттың орындалуын қадағалап, оның тиімділігін талдайды.
Мемлекеттік көмектің бұл түрі балалы отбасылар үшін ерекше маңызды. Өйткені халықтың осы санаты нарықтық қарым-қатынастар барасында тығырыққа тірелуінің қаупі бар. Сонымен қатар толық емес немесе жалғызбасты аналарға қатысты жүргізілетін әлеуметтік жұмыстар барысында да дәл осы әлеуметтік келісім шарт негізінде мемлекеттен жәрдем алу өте қолайлы болмақ.
Әлеуметтік келісім-шарттар жасасқан кезде тұрақты жұмыс көзі жоқ немесе табысы аз отбасыларының еңбекке қабілетті жастағы мүшелері бар балалары бар отбасыларға берілуі тиіс. Әрине бұл шетелдік тәжірибеге ұқсас елімізде жәрдем берудің түрі бар. Ол атаулы әлеуметтік көмек. Алайда атаулы әлеуметтік көмек жұмысқа қабілетті бірақ, жұмысқа шықпаған жағдайда атаулы әлеуметтік көмек төленбейді. Ал біз ұсынған әлеуметтік келісімшарт жағдайы ауыр отбасылыарға шарт негізінде беріулі тиіс.
Диплом жұмысы барысында біз қарт адамдар мен мүгедектерге бағытталған әлеуметтік жұмыстың елімізде қалыптасқан технологияларына сипаттама жасаған болатынбыз. Шетелдік ғылыми-зерттеу жұмыстарымен таныса келе, біздің көңілімізден шыққан бірқатар озық технологияларды мысал ретінде қарастырдық. Олардың қатарында «Қарт азаматтар мен мүгедектерге арналған патронаттық отбасы» технологиясы болып табылады. Рас бұл технология елімізің «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны жүзеге асыру мақсатындағы Қазақстан Республикасы қабылдаған шаралар туралы баятапқы баяндаманы бекіту» деп аталатын құжатта аталып өтеді. Аталмыш құжатта жетім балаларды патронат отбасыларына табыстау ісі егжей-тегжейлі көрсетілгенімен, мүгедектер мен қарт адамдарды патронат отбасыларына орналастыру ісі назардан тыс қалған. Тек қана тәжірибеде байқау керектігі ғана аталып өтіледі. Сол себепті бұл технологияны жан-жақты қарастырып, оны еліміздің әлеуметтік жұмыс технологиясын жетілдіру саласында пайдалануымыз керек.
Соңғы уақытта геронтосоциологиялық жұмыстың маңыздылығы артуда. Геронтосоциология адамның қартаю үдерісін әлеуметтік, экономикалық мәселелермен тығыз байланыста қарастыратын әрі тез дамып келе жатқан ғылым. Рас қазіргі замандағы аға буын өкілдер үшін күрделі мәселе – өмірдің оңтайлы материалдық деңгейін сақтай отырып, әлеуметтік-психологиялық, медициналық көмекке ие бола алу болып табылады. Азаматтардың осы санатымен жүргізілетін әлеуметтік жұмыста мұндай әдістер қолданылады. Қазіргі таңда ғалымдар қартаю жағдайында қарт адамдардың өмір сүру жағдайларын жақсартудың жаңа түрлерін іздестірудің қажеттілігі сезілуде. Сондықтан егде жастағы азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдірудің стратегиялық міндеттердің бірі болып саналады. Мұндағы мақсат қарт адамдар мен мүгедектерді ауруханалардан алмастыратын технологияларды дамыту маңызды болып табылады. Осындай тәжірибелердің бірі – қарттар мен мүгедектерге арналған патронаттық отбасы, оның міндеті – өзінің әлеуметтік мәртебесін сақтау үшін адамның әдеттегі ортада болу мүмкіндігін арттыру болып отыр [Долгова Т.М. Особенности развития приемной семьи для граждан возраста // Вестник Бурятского госдарственного университета. – 2018 с. – 251 с. с. 110-114].
Шетелде қаралатын егде адамдарды өз үйіне асырауға алғандар «фостерлі отбасы» деп аталады. Бұл жалдамалы кәсіпқой отбасы болып табылады және мемлекет әлеуметтік қолдауға мұқтаж қарт адамды күтуші отбасымен келісім жасасады. Патронаттық отбасы қарт адамға қажетті күтім, тамақтану, медициналық көмек, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға, жайлы орта мен қолайлы психологиялық ахуал туғызуға тырысуы керек.
Үйдегі әлеуметтік қызметтерден айырмашылығы, патронаттық отбасының артықшылығы – қарт адамдарға отбасылық қамқорлық дәстүрлерін қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар қажетті әлеуметтік қызметтер және өзін-өзі күту қабілетін жоғалтқан және денсаулығына байланысты қабілетсіз болған, сонымен қатар жалғызбасты қарт адамдар үнемі отбасы мүшелері тарапынан қадағалауда болып, қараусыз қалу сияқты өзекті мәселе де шешіледі. Әрине қарт адамға арналған патронаттық отбасы стационарлық әлеуметтік қызметке балама болып табылады.
Жаңа технологияны енгізу кезінде пайда болатын қауіптерді де назардан шығаруға болмайды. Мысалы осы тәжірибені көзімен көріп жүрген мамандар патронаттық отбасын құру барысында бірнеше мәселелерге назар аударады. Оның ең бастысы қарттар мен мүгедектердің жаңа отбасындағы мүшелермен арасындағы байланысты реттей алуы болып табылады. Патронаттық отбасында қарт адамдар мен мүгедектердің сіңісіп кетуі көптеген факторларға байланысты. Солардың бірі патронаттық отбасыларды қолдау жүйесін дамыту, әлеуметтік қорғау органдарында мамандарды кәсіби даярлау және қайта даярлау болып табылары анық.
Қарт азаматтар мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсетуді және әлеуметтік жұмыс технологиясын жақсарта отырып, жетілдіру мәселесі өзекті болып табылады. Мұның басты көрсеткіші осы мәселеге қатысты бірқатар зерттеу жұмыстары мен мұқтаж жандардың өтініштері болып табылады. Біздің еліміздің әртүрлі аймақтарында кеңінен енгізілуі тиіс қарт азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қарастырған патронаттық отбасылардың инновациялық технологиясы мұқият ғылыми және теориялық түсінуді қажет етеді.
Әлеуметтік жұмыстың бай тарихы және дамыған дәстүрлері бар. Сонымен қатар, қазіргі заманғы нысанда әлеуметтік қызметтерді белсенді құру өткен ғасырдың 90-шы жылдары басталды. Ширек ғасыр ішінде әлеуметтік жұмыс көптеген сынақтарға төтеп берді және өзін кәсіби қызмет және қолданбалы ғылымның перспективалық бағыты ретінде көрсетті. Әлеуметтік саланың осы түрін өзгертудің маңызды бағыттарының бірі – инновациялық даму стратегияларын институттар мен халықты әлеуметтік қорғау органдарының тәжірибесіне енгізу болып табылады. «Қарт азаматтар мен мүгедектерге патронаттық тәрбие» технологиясы - қарт адамдар мен мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін әлеуметтік қызметтің тиімді нысандарының бірі деп айтуға толық негіз бар.
Қазақстандағы әлеуметтік жұмыстың технологияларын жетілдіру жолдарына қатысты тағы бір мысалға келтіретін даму бағыттарының бірі қарттар мен мүгедектерге, сонымен қатар әлеуметтік топтардың ішіндегі аз қамтылғандарына мемлекеттік мекемелер тарапынан көрсетілетін көмекпен жекелеген тұлғаларды да тарту болып табылады. Осы ретте біз аз қамтылған адамдарға бағытталатын әлеуметтік жұмысты ұйымдастыру ісіне еріктілерді кеңінен тарту ісі де маңызды. Мысалы дамыған шетелдерде әлеуметтік жұмыстарды ұйымдастыратын еріктілер ассоциациясының мүшелері әлеуметтік жұмыстарды іске асыруда тегін жұмыс жасайды. Еріктілер ассоциацияны мемлекеттің күштеу әдістері қолданылмайды. Көптеген қарт адамдар өз еріктерімен көршілеріне, таныстарына, туыстарына көмек көрсетеді, ал көптеген қарт адамдар мұндай шараларға мемлекеттік мекемелер, оқу орындары және басқа ұйымдар әзірлеген әртүрлі көмек бағдарламалары арқылы қатысады. Мұндай бағдарламалардың негізгі мақсаттары:
- егде жастағы адамдарға әлсіздерге, науқастарға, мүгедектерге, жалғызбасты адамдарға көмекке мұқтаж қоғамдастықтарға пайда әкелу және басқаларға көмектесу арқылы құрметке ие болу, олардың пайдалы екендігі туралы біліп, біреуге жақсылық жасаудан қанағат сезіну мүмкіндігі;
- қарттар арасындағы қосымша қызметтерді ұйымдастыру, сонымен қатар қарттар мен мүгедектерге көмектесуді ұйымдастыру;
- әлсіз қарт адамдарға көмектесу ісін өз үйіне ала отырып, бірге отбасымен тұрудың мерзімін ұзарту, пансионатқа көшуді кейінге қалдыру үшін өз отбасына тұрғызу;
- қоғамда қартайған адамдарға қоғамның тең мүшелері ретінде құрметпен қарауды қалыптастыру;
- әлеуметтік органдар, мектептер мен әкімшілік құрылымдардағы оқушылардың сабақ жасауына және кеңес беру көмек көрсету үшін егде жастағы адамдардың тәжірибесі мен білімін пайдалану, осы ретте «келіп-кететін ата-әжелер» бағдарламасын ойлап тауып, жүзеге асыру, қарт адамдардың көмегімен жағдайы төмен отбасылардың балаларына оқу қиындықтарын жеңуге жұмылдыру;
- ұрпақтар арасындағы байланысты жақсартуға, жақындастыруға ықпал ету үшін қарт адамдардың өмірлік тәжірибесін, білімдерін, дағдыларын жастарға беруді ұйымдастыру.
Осы ретте тағы бір қосымша атап өтетін бір жайт әлеуметтік жұмыс технологиясын жетілдіру ісінде еріктілер жасақтарын күшейтудің де маңыздылығы жоғары. Әрине қазіргі таңда еріктердің жасағы елімізде қарқын алып келе жатыр. Тіпті биылғы жылды Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімімен «Еріктілер жылы» деп жарияланған болатын. Міне осы еріктілер жылдарында олардың арнайы құрылымдарын қалыптастырып, әлеуметтік жұмыстар барысына белсенді пайдалану болып табылады. Еріктілер көрсететін көмек түрлері өте көп және жан-жақты болып келеді. Олардың қатарына: үйде көмек көрсету, дәрігерге бару, үйге тамақ сатып алу және жеткізу, қарттар мен мүгедектердің өмірін жеңілдететін әр түрлі құрылғылар жасау, интернаттарда балалармен жұмыс жасау, психикалық, физикалық немесе эмоционалдық тұрғыдан көмектесу болып табылады. Сонымен қатар еріктілердің жұмысын дамуында ауытқулары бар балалар ауруханаларында, пансионаттарда, күндізгі емдеу орталықтарында науқастармен жұмыс, бос уақытты ұйымдастыруға көмектестіру, қарт адамдарға арналған ойын-сауық және тағы да басқа игіліктерге жұмылдыру болып табылады. Әрине қазіргі таңда мұндай еріктілер жасақтары тек топ жетекшісі немесе деканат, факультет тарапынан ұйымдастырылып та жатады. Осы үрдісті мемлекеттік бағдарлама ретінде қалыптастыру сөзсіз әлеуметтік жұмыс технологиясының дамуына алып келері сөзсіз [Смоленко Е.Д., Дударев А.Н. Эрготерапия и физическая реабилитация в психиатрии. – Витебск, 2017. – 192 с. с. 159].
Ерікті әлеуметтік көмек желісін дамыту, бір жағынан, мамандар үшін өзіндік жаңа тәжірибе болса, ал екінші жағынан, еріктілермен жұмыс істегісі келетін дәл осы мамандар үшін үлкен қызмет саласына айналады. Осындай мәселелерді шешу барысында маңызды рөл қоғамдық және топтық жұмыстарға беріледі. Қазақстанға келетін болсақ, мұнда адамдар арасында өзара көмек көрсете отырып, туындаған қиындықтарды еңсеру немесе шешу дәстүрімізде бар қағидасы болып табылады, алайда біздің елде еріктілер қозғалысының дамуына түрлі қоғамдық және мемлекеттік ұйымдар арасындағы ынтымақтастықтың болмауы кедергі келтіруде, олардың қызметі арасында байланыстың болмауы, жұмыстардың дұрыс үйлеспеуі, бірыңғай ақпараттық кеңістіктің жоқтығы, сонымен қатар еріктілер жұмысының заңнамалық негіздерінің жетілмегендігі, қаржылық ресурстардың болмауы өз кедергілерін келтіріп отыр. Шет елдердегі еріктілер жасағын қоғамдық және жеке қорлар қаржыландыратындығын ескерсек, біздің елімізге де әлеуметтік жұмыстың технологияларын жетілдіруде мемлекеттік емес саланы тартуды қолға алу керек.
Қазіргі таңда әлеуметтік жұмыстың технологиясын жетілдіру саласында бірқатар тың жаңалықтар мен бастамалар көтеріліп жатқандығы белгілі. Мысалы еліміздегі мүгедектерге бағытталған әлеуметтік жұмыстар технологиясында «еңбек терапиясы» атты шаралар жиынтығы жекелеген арнайы мекемелер жұмысынан байқауға болады. Алайда жаппай емес. «Еңбек терапиясының» мәні ол да арнайы жалақы алатын әрі әлеуметтік қызметкермен бірге мүгедек балаларды қимыл әрекеттеріне үйретуді мақсат етеді. Бірақ ол күнделікті қалыпты жаттығу емес, еңбек ету арқылы қимыл әрекеттерін ұйымдастыру болып табылады.
Кәсіби терапияның әртүрлі анықтамалары бар, мысалы, «еңбек терапиясының» британдық дәстүрі бар. Британдық дәстүрге сай «еңбек терапиясы» мәні әлеуметтік мазмұнмен байланысты. Ал «еңбек терапиясының» американдық дәстүрі көбінесе медициналық қызметті қамтиды. Жалпы алғанда, еңбек терапиясы – бұл шиеленісті азайту мақсатындағы мүгедектердің өзіне деген сенімін нығайту, сонымен қатар олардың басқа адамдармен қарым-қатынасқа түсу қабілетін қалыптастырып, күнделікті және кәсіби дағдыларын дамыту және қалпына келтіру болып табылады.
Қарт адамдармен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жұмыстың технологиясының – тұрғын үйге бейімдеу болып табылады. Егде жастағы адамның өмір сүру ортасын бейімдеудің маңызы зор, өйткені ол өмірінің көп бөлігін үйде өткізгендіктен үй жағдайына бейімдеу жұмыстарының маңызы жоғары [Гузырь В.В., Нестерова Г.В. Активные методы работы с пожилыми // Работник социальной службы. - №3. – 2007. – 154 с. с. 62-69].
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сай өмір сапасының басты критерийлерінің бірі – адамның өзіне қаншалықты қызмет етіп, өз қажеттіліктерін қаншалықты орындай алуында болып табылады. олардың қатарына күнделікті қажеттіліктерін өтей алу, белсенділік, жұмыс қабілеттілігін сақтау және тағы да басқа. Қарапайым ғана өзін-өзі күту дағдыларын жоғалтқан егде жастағы адам үшін бұл моральдық тұрғыдан қатты әсер етуі мүмкін. Әлеуметтік және тұрмыстық бейімделу қарт адамға өзін-өзі күту және үй шаруашылығымен айналыса алу мүмкіндігі қарт адам үшін ең алдымен өзіне деген сенімділікті арттыруға көмектеседі. Әлеуметтік және тұрмыстық бейімделу дегеніміз – егде жастағы адамды өзін-өзі күтуге үйрету, өзін-өзі күту қызметін жүзеге асырған кезде оңалтудың техникалық құралдарын қолдану бойынша ұсыныстар айтып, соған қол жеткізе алу. Өзін-өзі күту қабілеті – адамның негізгі физиологиялық қажеттіліктерді өз бетінше орындай алуы, күнделікті үй шаруашылығымен айналысуы, соның ішінде жеке гигиена дағдыларын өздігімен сақтай алу жатады. Өзіне-өзі қызмет ету қабілеті – бұл адам өмірінің маңызды категориясы болып табылады. Сөзсіз қоршаған ортамен арадағы байланыстары үзіліп, адам егде тартқан жасында қозғалу мүмкіндігі сынды еркін іс-қимылдауынан айрылса, сөзсіз ол адам үшін түрлі қиындықтардың бастауына айналуы мүмкін [Глухих С.И., Молчанов Н.В. Социально-психологические особенности медико-социальной реабилитации пожилых людей // Педагогические образование в России. – №11. – 2015. – 287 с. с. 89-92].
Қарт адамдармен жүргізілетін әлеуметтік жұмыстың тиімді технологияларының бірі ол өмір сапасын едәуір жақсартуға бағытталған эрготерапия болып табылады. Эрготерапия – бұл қарт адамдардың физикалық, рухани және психикалық қызметтерін механикалық қалпына келтіруді мақсат етеді. Сөзсіз егде жастағы адам үшін ең басты міндет өзінің қабілеттерінің арқасында барлық рөлдер мен міндеттерді атқару белгілі бір дәрежеде бедел берері анық. Сол себепті мұндай беделінен айрылу өз кезегін де қоршаған ортамен байланысын үзіп, қалыпты өмірден алшақтап кету қаупі бар. Сол себепті де қарт адамдарды қалыпты өмірге алып келудің маңыздылығы жоғары. Эрготерапевттер қарт адамдармен жұмыс жасауының мақсаты – білу, пікір айту және ойлау қабілеттерін арттыру болып табылады. Мысалы, тамақтану кезінде сырттан көмек көрсетудің тәсілдерін табу, жеке гигиенаны өз бетінше сақтау, киіну, қозғалу және сыртқы көмексіз сөйлесу сияқты дағдыларын қалыптастыруды жүзеге асырады. Эрготерапияның көмегімен іс-қимыл ғана емес, сонымен қатар егде жастағы адамның танымдық және эмоционалды мүмкіндіктері де жақсарады.
Егде жастағы азаматтармен жүргізілетін әлеуметтік жұмыс технологияларының тағы бір түрі - өзіне-өзі сенімділікті, адалдықты, жағымды қасиеттерді, өмірге деген жақсы көңіл күйді қалыптастыратын әлеуметтік-психологиялық технология болып табылады [Клочкова Е.В., Мальцев С.Б. Физическая терапия и эргонотерапия как новые специальности. – Душанбе, 2010. – 159 с. с. 46]. Егде жастағы адамның көмекке деген қажеттілігін маман-психолог анықтап, қай адам және физикалық қасиеттеріне көмек керек екенін дәл анқытау арқылы көмектесіп, олардың өзіне деген сенімділігін арттырады.
Әлеуметтік жұмыстың маңызды технологияларының бірі – қарт адамды әлеуметтік қарым-қатынасқа, бетпе-бет және виртуалды түрде қарым-қатынастарға түсуді үйрету болып табылады. Компьютерлік оқыту қазіргі ақпараттық ортаға әлеуметтік бейімделу мәселелерін шешуде маңызды болып табылады. Компьютерді пайдалану, интернет ресурстары арқылы жақын адамдарымен, достарымен сөйлесуге, қызығушылық танытатын ақпаратты пайдалануға және шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Егде жастағы азаматтармен жүргізілетін әлеуметтік жұмыстың қажетті нысаны - әлеуметтік мәдени қалпына келтіру. егде жастағы адамның рухани мүдделеріне, қажеттіліктері мен мүмкіндігіне сәйкес жұмыс істеу қабілетінің бұзылған немесе жоғалған қабілетін қалпына келтіруде пайдасы көп. Сонымен қатар қарт адамдарға қатысты әлеуметтік жұмыстың инновациялық технологиялары қатарында гарденотерапияның да өзіндік оң әсері бар. Гарденотерапия – бұл психоәлеуметтік, еңбек және эстетикалық оңалту шарасына жатады. Оның мәні өсімдіктермен жұмыс жасау арқылы адамның ішкі талғамы, күтім сынды құндылықтарды қалыптастырады. Гарденотерапия – бұл әртүрлі өсімдіктерді қолдана отырып, қарт адамдардың ішкі дүниесін қалпына келтіру әдісі. Мұндай терапияны қолдану іс-әрекеттің өнімдері нақты көрнекі нәтижеге ие және қарт адамның өз жұмысына жасаған күш-жігеріне тікелей байланысты болғандықтан оң нәтиже береді. Ол ақыл-ойды кеңейтеді, шығармашылық әлеуетті дамытады және қоғамға сәтті кірігуіне ықпал етеді. Толық қарым-қатынас саласын, әлеуметтік байланыстарды орнату, әлеуметтік рөлдерді тексеру, қолдау алу, қоғамға кіру, ойлауды саногендік жағдайға ауыстыруға мүмкіндік береді. Кез-келген орын алған жағдайда үмітсіз болмай, адам туындаған мәселенің шешімін өзі табуға дағдыланады. [Демина Э.Н., Портова Л.З. Формы социальной работы с пожилыми гражданами // Социальные аспекты здоровья населения. - №1 (53). – 2017. – 168 с. с. 22-26].
Әлеуметтік жұмыстың технологиясында өзіндік ерекшеліктерге ие топтың бірі жұмыссыздармен байланысты. Әрине бір қарағанда жұмыссыздар аса бір маңызды әлеуметтік топ болмауы мүмкін. Алайда жұмыссыздар ол өзінің біртектілігімен ерекшелене алмайтын және барлық әлеуметтік топ өкілдерін бірдей қамтитын қасиетімен ерекшеленеді. Аты айтып тұрғандай жұмыссыздар тұрақты жалақы алмайды және қазіргі заманауи әлемдегі әлеуметтік-экономикалық үрдістерге сай бола алмайды. Осындай адам түріне жататын жұмыссыздарға қатысты әлеуметтік жұмыстың технологиялары әдістер мен тәсілдер, сонымен қатар құралдардың кешенді жиынтығынан тұрады. Бұл технологияларды әлеуметтік қызметкерлер мен халықты қызмет көрсету орталықтары және өзге әлеуметтік бағдар ұстанған қызметтік мекемелер тарапынан жүргізіледі. Міне осы ретте қазіргі жаһандану заманынында, сонымен қатар әлемдік экономикалық дағдарыс біртіндеп қайта тұтана бастағанда сөзсіз нарық қатынастардың бағыттарына өзгерістер енгізеді. Ал ол өзгерістер өз кезегінде жұмыссыздық, кедейшілік пен түрлі әлеуметтік қиындықтардың жаңа толқынын алып келуіне мүмкіндіктер өте көп. Сол себепті де әлеуметтік жұмыстың жұмыссыздарға қатысты қолданылатын технологияларын заманауи тұрғыдан жетілдірудің жолдарын іздестіріп, туындаған мәселені оңтайлы шешеу маңызды мәселе болып табылады. Бүгінгі таңда әр адамның пікірімен терең санатын азаматтық қоғамды қалыптастыру жағдайында жұмыссыздармен жүргізілетін әлеуметтік жұмыс технологияларын жетілдіру ісі алдымен азаматтың талап-тілегі мен арман-ниетін терең ескеріле отырып, жүзеге асуы тиіс. Сонымен қатар оның қажеттіліктерін дәл анықтау арқылы, азаматтың ішкі тұлғалық ресурстарын белсенді етіп, туындаған қиын мәселені өздігімен шеше алуға қабілеттілігін арттыруға бағытталуы керек. Бүгінгі күні жыл өткен сайын өзгерістерге ұшырап отырған әлеуметтік көмектің бірі атаулы әлеуметтік көмек болып табылады. Міне осы атаулы әлеуметтік көмек жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қорғап, заманға сай лайықталу үстінде. Міне осы заңның өзі де жыл өткен сайын жетілдірілу үстінде. Атап айтқанда азаматтарды тек мемлекеттің есебінен өмір сүруді әдетке айналдырып алмауы үші, атаулы әлеуметтік көмек жұмыссыз адамға тек уақытша ғана беріледі. Осы аралықта мемлекет азаматқа жұмыс тауып беруге міндеттенеді. Егер де мемлекет ұсынған жұмысқа орналасудан бас тарса, алғашында атаулы әлеуметтік көмектің жартысықиын тасталады. Ал екнші рет бас тартса онда атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Міне осының өзі жұмыс істеуден қашпайтын адамдар үшін ғана беріледі. Демек бұл жетілдірілген технология адамдарды ең алдымен еңбек етуге деген құлшынысын оятып, тек мемлекеттің есебінен ғана емес, сонымен қатар өздігімен өз мәселесін шеше алуға қауқарлы болуға үйрететіні байқалып тұр [Фиросв М.В. Формирование технологических компетенций у специалистов по социальной работе с безработными // Научно-методолгический электронный журнал «Концепт». – №10. – 2012. – 149 с. с. 21-25]. Сонымен қатар кейінгі жылдары еліміздегі жұмыссыздықпен күрестің халық ерекше ықыласпен қолдап отырған бір технологиялары жүзеге асырылуда. Ол атап айтқанда дайын мамандарды қайта заман талаптарына сай қайта оқыту болып табылады. Жасырын емес, еліміздің егемендік алуымен басталған нарықтық қатынастарға көшу барысында бірқатар қателіктерге жол берілген болатын. нәтижесінде жұмыссыздың жайлап, бұрынғы жылдары ерекше сұраныста болған мамандық иелері жаңа қоғам талаптарына сай керексіз болып қалған еді. Атап айтқанда түрлі зауыттардағы мамандар сынды бірқатар азаматтар жұмыссыз қалған болатын. Есесіне қоғамда бұрын соңды таныс бола бермеген бірқатар жаңа мамандықтарға деген сұраныстар күшейді. Міне осы кезде азаматтарға мемлекет назарын аударып, ел қазынасынан өткен жылы 14,6 млрд теңге бөлінген болатын. Сол қаражатқа 108 мың адам қайта білімдерін шыңдап, 58 пайызы жұмыспен қамтылған болатын. Бұлар қысқа мерзімдегі курстарды оқыту арқылы мына қоғамға қажетті мамандықтарды даярлап шығуды мақсат етеді. Сөзсіз бұл мемлекет, нақтырақ айтқанда Қазақстан Республика әлеуметік қорғау және еңбек министрлігі тарапынан енгізілген болатын. Міне осы бағдарламаға сай адамдар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында аспаз, тоқыма, шаштараз, жүргізуші сияқты мамандықтарды азаматтар тарапынан игерілген болатын.
Міне әлеуметтік жұмыстардың технологиясының жетілдіру мәселесі бүгінгі әлеуметтану ғылымының өзекті мәселесі болып табылатындығына көз жеткіздік. Өйткені әлеуметтік жұмыс түсінігі қай кезеңде болмасын өзекті болған. Адамдар арасындағы қарым-қатынастар барысында ежелден ықыластық, бір-біріне деген оң пейіл таныту сынды байланыстар болған. Ел егемендігінің алғашқы жылдарында әлеуметтік ахуал өте күрделі жағдайда қалыптасқаны белгілі болды. Әлеуметтік жұмыс деген ұғым болмағанымен әлеуметтік жұмысқа тән технологиялардың барлық сипаттамалары болды. Ол алдымен әлеуметтік аз қамтылған топтарды қамтамасыз ету, зейнетақы тағайындау, еңбекке қабілетсіз адамдардың тобын анықтау сынды күрделі жұмыстар атқарылды. Міне сол жылдардағы әлеуметтік жұмыстардың технологиясының алғашқы сипаттары байқалды.
Әлеуметтік жұмыс технологиясы кең көлемдегі азаматтардың топтарын қамтамасыз етеді. Олардың қатарында жұмыссыздар, жалғызбасты аналар, қарт адамдар мен мүгедектерді әлеуметтік тұрғыдан қорғаудың технологияларын атап өтуге болады. Осы аталған әлеуметтік топтарға әлеуметтік жұмыстың технологиялық жағдаяттарында ортақ ерекшеліктер бар. Олардың қатарында мәселені анықтау, сараптама жүргізу, шешім қабылдау сынды сатылы кезеңдерді жүзеге асырады. Сонымен қатар алгоритм, операция, құрал сынды әлеуметтік топтардың мәселесін шешудің әдіс-тәсілдері қалыптасқан. Сөз жоқ әлеуметтік жұмыстың технологиялары бір күндік немесе бір жылдық ізденістің нәтижесінде пайда болған жоқ. Ол ұзақ жылдардағы үдерістің нәтижесі деп айта аламыз. Сол себепті әлеуметтік жұмыстың технологиялары бүгінгі күні де өзгермелі заман жағдайында даму үстінде. Сондықтан әлеуметтік жұмыстың технологияларын жетілдіру жолдары үнемі басты назарда болуы шарт. Бұл жағдайда біз әлемнің дамыған шетелдің озық тәжірибелерін баса назар аударуымыз керек. Олардың қатарында Америка құрама штаттарындағы еріктілер (волонтер) ассосация деп аталатын бағдарлама сынды әлеуметтік жұмыстар барысында еріктілерді тарту сияқты бағдарламалар қабылдау керек. Әрине бұл жұмыс үлкен зерттеу жұмыстарының бастамасы болуы керек. Демек осы бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстары белсенді жүргізіліп, ғылыми негізі бар ұсыныстар жасалуы тиіс. Ал ол ұсыныстар мемлекеттік билік органдары тарапынан ескеріліп, нақты шаралар қабылданса мәселе оң жағынан шешімін табар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |