Қорытынды
Сонымен, қазақ шаруаларын меншігінен зорлап айыруды, олардың қожалықтарын күштеп ұжымдастыруды қамтитын Қазақстан тарихының беттері аса күрделі.
Ұзақ жылдар бойы адамдар санасына дара үстемдік жасаған, ал балама ой-пікірлерге «бөтен ойлау», «буржуазиялық идеология», «тап жауының көзқарасы», «космополитизм», «ұлтшылдық», «антисоветтік», «антикоммунистік» дегендей әр түрлі саяси, идеологиялық айдарлар тағып, өз азаматтарын тар өрісті таптық пиғыл аясынан шығармай, қоғамдағы барлық құбылыстарға тек пролетариат диктатурасының мүддесі тұрғысынан баға беруді талап еткен ресми коммунистік идеология үстіміздегі жүз жылдықтың 20-30-жылдарында Қазақстанда орын алған оқиғаны тарихшылардың жан-жақты, салиқалы зерттеуіне, ақиқатты өз атымен жасырмай атайтын, «ақтаңдақтарды да», «қаратаңдақтарды да» әшкерелейтін сүбелі еңбектердің өмірге келуіне жол берген жоқ.
Ресми тоталитарлық жүйе өзінің әкімшіл-шаруашылық тәртібін зорлық-зомбылық әдістерімен қалыптастырғанын, тоқшылық жылдары тұтас халықты алапат аштыққа ұрындырғанын, меншік иелерін кінәсіз жазалағанын, күштеп ұжымдастыру саясатының адамгершілікке жат, қаскөй принциптерді басшылыққа алғанын, әлеуметтік теңдік, социалистік демократия дегендерді шын мәнінде еңбекшілер билігін шектеуге, жаппай қуғын-сүргінге айналдырғанын өз азаматтарынан, әсіресе кейінгі ұрпақтан жасырып қалуға әрқашан тырысып келді.
«Өнеркәсіптегі артта қалуды жоямыз» деген ұранмен жүргізілген сталиндік ұмтылыс та дәстүрлі шаруашылық аясында дамып келген қазақ ауылына ауыр соққы болып тиді. Қазақстан Мәскеу, Ленинград тәрізді одақтың астана мәртебесіндегі ірі қалаларын, Ресейдегі өнеркәсіп орталықтарын, Солтүстік Кавказды, Орта Азияны, Қиыр Шығысты және әскери мекемелерді етпен негізгі жабдықтаушылардың біріне айналдырылды. Мұның нәтижесі қайғылы болды. Қысқа мерзімде Қазақстандағы мал басы он алты есе азайды. Дәстүрлі мал шаруашылығы қайта бас көтере алмастай болып күйреді.
Кеңес өкіметі орнықтыра бастаған әміршіл-шаруашылық жүйесі әсіресе сары дала төсінде қалауынша еркін өмір сүріп, рулық-қауымдық, туысқандық, меймандостық рухында тәрбиеленген қазақ шаруасына ұнай қоймады. Дәстүрлі шаруашылықты талқандап, оны жаңа арнаға күштеп ұжымдастыру және зорлап отырықшыландыру жолына түсіру, меншік иелерін шектен тыс қатыгездікпен жазалау қазақ шаруаларының қалың бұқарасының ресми үкіметке наразылығын, тіптен ашық, қарулы бас көтерулерін туғызды.
Сонымен бірге ұлттық мүдде мен халықтық дәстүр-салтты, дінді қорғап, бастарын қатерге тігіп, мейірімсіз де тасжүрек мемлекеттік жүйеге қасқайып қарсы тұрған ірі көтерілістер басшыларын ақтаумен ғана шектелмей, оларды халық батыры, қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының қаһармандары дәрежесіне көтеріп, тарихымыздың лайықты бағасын беру жөн болар еді.
Достарыңызбен бөлісу: |