Қазақстандағы күштеп ұжымдастырудың бағыты мен зардаптары


І тарау Қазақстандағы ұжымдастыру саясаты. Қазақстан трагедиясы



бет2/4
Дата12.06.2023
өлшемі62,96 Kb.
#100691
1   2   3   4
Байланысты:
Ужымдастыру

І тарау Қазақстандағы ұжымдастыру саясаты. Қазақстан трагедиясы.
1.1 Қазақстандағы күштеп ұжымдастырудың бағыты мен зардаптары
Тәуелсіздігімізді алғаннан бері халқымыздың басынан кешкен зұлматты кеңестендіру жылдарының ақиқаттарын ашық айтуға мүмкіндік алдық. Тарихшы ғалымдарымыз, зерттеушілеріміз бен ізденушілеріміз, ұжымдастыру кезеңіне бірқатар құнды — құнды зерттеулер жасап, осы зұлматтың ақиқаттарына жету үшін жан — жақты ізденістер жасауда. Сол зерттеулердің әсерінен көптеген шындық беті ашылуда. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі даму жолымен келе жатқан қазақ ауылы, осы ауылдың тіршілік көзі болған мал шаруашылығын күйрету 1925 жылғы қыркүйек айында Қазақ өлкелік партия комитетіне Ф.И. Голощекиннің жауапты хатшы қызметіне келуімен тығыз байланысты.Кеңес үкіметінің негізгі мақсаты жеке меншіктегі ұсақ шаруашылықтардың басын қосып, қоғамдасқан ортақ шаруашылық құру еді. Басқаша айтқанда, шаруаларды кооперациялау болып табылады. Осы кезге дейін партияның ХV сьезі (1927 жылдың желтоқсаны) ауыл шаруашылығын ұжымдастыру сьезі, деревняны ұжымдастыруға бағыт сілтеген сьезд аталып келді. Ал, шындығында сьезд тек ұжымдастыруға ғана емес, кооперацияның барлық түрлерін қалыптастыра дамыту керек деп нұсқаған. Кулакты тап ретінде жою мәселесінде де сьезд: бұл іс бірте—бірте жүргізіліп, онда да кулак шаруашылығы зорлықпен емес, керісінше, экономикалық әдістермен жойылатын болсын деген. Осының бәрін сьезд жалпы әлеуметтік — экономикалық өзгерістер шеңберінде тындырылатын көп міндеттің бірі ретінде атап көрсеткен. Бірақ сьезден кейін партия, үкімет басшылары ұжымдастыру мәселесін даралап алға шығара бергені шындық.
Ұжымдастыру Қазақстанда өте тез қарқынмен жүргізілді. 1929 жылдың 1 қазанынан 1930 жылдың 1 қаңтары аралығында 100 мың кедей және орташалардың шаруашылықтары ұжымдастырылды [1, 4 б.]. Саяси және экономикалық сипаттағы ұжымдастыру науқанын тез арада жүргізу үшін шаруашылықтарды жаппай ірілендіру басталды. Кулактар мен байларды тап ретінде жерлерінен қуып, ұсақ шаруалар шаруашылықтарын бір—біріне қосып, ірілендіріп, ұжымдастырды және егіндік жерлердің мөлшерін кеңейтті.Қазақстандағы жаппай ұжымдастырудың тез қарқынмен жүруі шаруалардың өз еркімен болмай, күштеу, зорлау, жазалау әдістері арқылы жүзеге асырылып отырды. Ауқаттының малын еріксіз ортаға алып, енді жекешенің күн көрісіне жарап отырған азын — аулақ малды да сыпыра бастады. Сол тұста «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын», «Қайдан тапсаң одан тап — қаптың түбін мықтап қақ» деген ұрандар тарады. Зорлаумен ортаға түскен мал күтімсіздіктің салдарынан жаппай қырыла бастады. 1929 жылы 1 қаңтардағы архив құжаттарындағы мәлімет бойынша 47 миллионға жуық мал болса, 1934 жылы 1 қаңтарда не бары 4,5 миллионы қалды [2, 170 б.]. Жаппай ұжымдастыру саясатын жүргізу Қазақстан шаруашылығы үшін орны толмас қайғылы оқиғаларға алып келді. Оның шаруашылығының қалыптасқан құрылысын бұзды, елдің әлеуметтік — демографиялық дамуына өзгерістер әкелді. Көшпелілердің рухани — мәдени дамуына бөгет жасады. Басшылық көбінесе әкімшілік әдістермен жүргізілді. Ұжымдастыру принципін өрескел бұзушылық жаппай сипат алды.
1927 жылы желтоқсанда ірі бай шаруашылығын тәркілеу жөніндегі заң жобасын әзірлейтін арнайы комиссия құрылды. 1928 жылы наурызда Қазақстан Өлкелік комитетінің бюросы ол заң жобасын бірнеше рет қарап, нақтылады. Осы жылдың тамыз айында Өлкелік комитет тәркілеу науқанына тікелей басшылық жасайтын комиссия ұйымдастырды. Комиссияның төрағасы болып Е. Ерназаров тағайындалды, оның құрамына О. Исаев, Н. Нұрмаков, Г. Тоғжанов, О. Жандосов және т. б. кірді. 1928 жылдың 27 тамызында Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінде тәркілеу жөніндегізаң жобасы қабылданды.Республиканың барлық аудандарынатәркілеуді өткізу жөнінде нұсқаулар жіберілді. Заң бойынша малы, дүние—мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылуға тиісті ірі байларға: көшпелі аудандарда ірі қараға шаққанда400—ден астам малы бар,жартылай көшпелі аудандарда 300—ден астам малыбар, отырықшы аудандарда 150—ден астам малы барлар және бұрынғы сұлтандар мен хандардың ұрпақтарыжатқызылды [3, 35 б.].1928 жылы тамыздың 30—да Қазақ АКСР ХКК—нің «Қазақстанның көшпелі, жартылай көшпелі және отрықшы аудандарын белгілеу туралы» арнайы қаулысы қабылданып, соған сәйкес аудандар белгіленді.Науқанды 1928 жылдың 1 қарашасында аяқтау жоспарланды, яғни бір ай ішінде бітіру керек деп шешті. Кейінірек ол тағы 10 күнге ұзартылды. 1928 жылғы 30 тамыздағы қаулыға сәйкес сонымен қатартәркіленгендерді жер аударуға тиісті аудандар да анықталды.Тәркілеуге байланысты декретте әсіресе, көшпелі аудандардағы шаруа қожалықтарына деген қаталдық айқын болды. Осы көшпелі аудандағылардың малы тәркілеу мөлшерінен аз болған күннің өзінде де, егер бұл адамдар ауылда ықпалды болса, кеңестендіруге қауіпті элемент ретінде жер аударылуға тиіс болды. Тәркілеу туралы ереже бойыншажер аударылғандардың бәрі сайлау құқығынан айырылды.Байларды тәркілеуді жүзеге асыру үшін комиссиялар құрылды. Уәкілдер бастаған комиссия мүшелері тәркілеу барысында кеңес үкіметінің нұсқауларын, яғни байларды тәркілеу туралы ережені өрескел бұрмалады. Ауыл белсенділері жоғарыдан келген уәкілдің қолдауымен тіпті ауқатты адамдарды да қыспаққа түсірді.Республика көлемінде барлығы 696 «бай—феодалдар» тәркіленді. Қазақ қоғамында ірі байлардың көп болмағанын осы 1928 жылғыжүргізілген тәркілеу барысы мен оның нәтижелері көрсетіп берді. Алдын—ала жасалған жоспар бойынша үкімет жоғарыдағы байлардан 225972 бас малды тәркілейміз деп үміттенген еді. Бірақ үміт ақталмады, барлығы 144474 бас мал ғана тәркіленді: бұл белгіленген жоспардың 64%—і ғана. Оның себебі алдын—ала жасалынған малдың есебі дұрыс емес еді.Қазақстан басшылығы кейіннен оны мойындауға мәжбүр болды. Барлық тәркіленген малдың 10,2%отрықшы аудандардан, 83,3% жартылай көшпелі аудандардан және 6,5% көшпелі аудандардан еді. Тәркіленген малдың 118919 басы жекешаруашылықтарға (74,3%) және колхоздарға (25,7%) таратылып берілді. Тәркіленген малдар негізінде жаңадан 292 колхоз құрылды [4, 7 б.]Көптеген қазақ партия—кеңес қайраткерлері тәркілеуге қарсы шықты. Олар қазақ қоғамынның экономикалық деңгейінің төмен екенін, сондықтан да әлеуметтік сілкіністерге бармай, ауқатты шаруа қожалықтарына салық мөлшерін көбейту шаралары арқылы реттеуді ұсынды. Ал большевиктер болса бұл пікірлерге құлақ аспай, таптық принциптерінен ауытқымай, сол мақсатқа жету жолында күшпен тәркілеу идеясын жүзеге асырды. Қазақ байларын тәркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының бастамасы болды.
Байларды тәркілеуден қазақ кедейлері материалдық жағынан да, рухани жағынан да ештеңе ұтқан жоқ. Керісінше, байлардың малын тәркілеу «қайыршыланған» ауылдар халқының өсуіне әкелді. Қазақстандағы ауқатты шаруа қожалықтарын тәркілеу мал шаруашылығының даму қарқынын тежеді.1930 жылы 5 қаңтарда БК(б)П Орталық Комитеті «Ұжымдастыру қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмек шаралары туралы» қаулы қабылдады.Қаулыда Орталық комитет жаппай ұжымдастыруды жүзеге асыру үшін елдің аудандарын үш топқа бөлді: Бірінші топқа осы ұжымдастыруға белгілі мөлшерде даяр деп есептелінген таза астықты аудандар жатты. ОларғаОрта және төменгі Волга, Солтүстік Кавказ аудандары кірді. Ол аудандардашаруа қожалықтарын социалистік жолмен қайта құруды 1931 жылдың көктемінде аяқтау белгіленді; Екінші топқаелдің Украина, Орталық қара топырақты облыстар, Сібір, Орал, Қазақстанныңастықты аудандары жатты.Бұл аудандарда ұжымдастыруды аяқтау мерзімі бір жылға ұзартылды, яғни шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды1932 жылдың көктемінде аяқтау қажет болды; Елдің бүкіл басқа өлкелері мен облыстары үшінші топқа енді. Бұл жерлерде шаруа қожалықтарын ұжымдастыруды 1933 жылдың көктемінде, яғни бірінші бесжылдықтың аяғына қарай аяқтау жоспарланды. Көшпелі қазақ ауылдары осы үшінші топқа жатқызылды.Алайда Қазақстанда ұжымдастыру елдің басқа аймақтарымен салыстырғандабаяу жүргізілуі тиіс деген пікірге Ф.И.Голощекин мүлде қосылмады. Ол Қазақстанның кенже дамыған аймақ екеніне қарамай,ұжымдастырудың жоғары қарқынын мақтаныш етті. ГолощекинЖер халық комиссариатының комиссары Яковлевке (ол Бүкілодақтық ауылшаруашылық ұжымдары кеңесінің төрағасы) және РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұловқа жібергенжеделхатында 1929–1930 жылдары республикада ұжымдастырудыкүшейту үшінжоспардың қайта қаралғанын,сөйтіп 1930 жылдың күзіне қарай ұжымдастырумен 350 мың шаруашылықтыңқамтылатынынкөрсетті. Осыған байланысты бүкіл республикадағы ұжымдастыру жоспары қайта қаралды [5, 9 б.].Қазақстанда 1928 жылы шаруа қожалықтарының тек 2 проценті ғана ұжымдастырылса, 1930 жылы50 проценті, 1931 жылдың қазанында 65 проценті ұжымдастырылды, яғни ұжымдастыру қарқыны жеделдетілді. 1931 жылы республикадағы 122 ауданның 78 ауданында ұжымдастырумен 70—тен 100 процентке дейін шаруа қожалықтары қамтылды [6, 302 б.].Алайда ұжымдастыруды жүзеге асыру барысындажіберілген зорлық—зомбылықтар Орталық Комитеттің 1930 жылы 14 наурызда қабылдаған «Колхоз қозғалысындағы партия бағытын бұрмалаушылықпен күрес туралы» қаулысында партия бағытын бұрмалаудеп қана бағаланды. Большевиктік орталық билік ауыл шаруашылығында жүргізіліп жатқан шаралардың бәрін дұрыс деп есептеп, кемшіліктерді жіберіп отырғандармен күресу қажет деді. Ол кемшіліктердің жалпы жүргізіп отырылған саясаттың қателігінен екендігі, яғни үкіметтің шешімдері мен солақай нұсқаулары нәтижесінде болып жатқаны мойындалмады.Күштеп ұжымдастыру науқаны кезінде ауылда әлеуметтік жіктеу саясаты өте жоғары қарқынмен жүргізілді. КСРО ОАК мен ХКК—нің 1930 жылы 1 ақпанда қабылдаған «Жаппай ұжымдастыру аудандарындағы ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайту және кулактармен күрес шаралары туралы» қаулысынегізінде ауқатты шаруа қожалықтарына қарсы ашық террор басталды.Шаруа қожалықтарынан бай—кулактарды бөліп алып,оларды тап ретінде жою жүзеге асырылды. Бай—кулактарды үш топқа бөліп жазалады. Бірінші топқа контрреволюцияшыл белсенділер жатқызылды. Ондай топқа енген шаруалар бірден тұтқындалып, олардың ісі сотқа берілді. Екінші топқа ірі кулактар жатқызылды. Бұл топқа енген шаруаларды да бірден ұстап, солтүстікке немесе жаппай ұжымдастыру аудандарынан алыс аудандарға жер аударды. Ал, үшінші топқа кулактар отбасылары жатты. Оларды сол ұжымдастыруаудандарындағы колхоздар бөлген жерлерге қоныстандырды.Енді осы шаралардың жүзеге асырылуы барысында жазалануға белгіленген топтармен қатар сол үкім шығарылып, жазаға тартылғандарарасында орташалар,тіптен кедейлер деболған. 1928–1929 жылдарда бай—кулактар есебіне алынып жазаға тартылғандар, яғни қудаланғандар есебі 54 625 болды.1931 жылы 5500 шаруабай—кулак ретінде аласталды. Ал енді 1928 жылғы тәркілеу кезіндегі қазақ қоғамындағы бай—феодалдар саны тек 696 ғана болғанын ескерсек, бұлардың да кімдер екені белгілі. Бұл сандарды нақты деп айту қиын, себебі жауапқа тартатын органдардың саны өте көп болды. Мысалы, 1932 жылы Юстиция Халық Комиссары өзінің өте құпия хатында барлық жауапқа тартылғандардың бар болғаны 37,3 проценті кулактар екенін, ал қалғанықатардағы еңбекшілер екенін мойындаған [7, 36 б.].
Қазақ байларын тәркілеу Қазақстандағы күшпен ұжымдастыру саясатының беташары іспетті болды. Қазақ байларының малдарын тәркілеуден материалдық жағынан да, рухани жағынан да кедейлер еш нәрсе ұтпады. Бұл науқан қазақ даласындағы дәстүрлі мал шаруашылығын күйретуге әкелді. Дәстүрлі мал шаруашылығының табиғи ортаға бейімделген түрі — ірі байлар қожалықтарын күйрету Қазақстандағы мал шаруашылығының даму қарқынының тежелуіне, тауарлылығының күрт төмендеуіне негіз жасады.Күштеп ұжымдастыру саясаты халықтың наразылығын тудырды. Сол жылдары өлке басшыларының Сталинге жазған хаттары қазақ даласында осы наразылықтың өте зор көлем алғанын, Алтайдан Маңғыстауға дейінгі аймақты түгел қамтығанын, бұл туралы Кеңес өкіметі басшыларының хабардар болғанын көрсетеді. Бір ғана 1929 жылдың өзіндеҚазақстанда 30—дан астам үлкенді—кішілі халық наразылығы болды. Олардың ішінде өте кең көлемде болған көтерілістерге Тақтакөпір, Бостандық, Батпаққара көтерілістері жатады.1929—1930 жылдар аралығындағы қыс айларында наразылық өте күшті өршіді. Ол туралы Ф. Голощекин Сталинге хабарлауға мәжбүр болды. 1929–1931 жж. өлкеде барлығы 372 көтеріліс болып, оларға 80 мыңдай адам қатысты. Большевиктер бұл наразылықтардың негізгі себебін байлар мен дін басыларының кеңес үкіметіне қарсы халықты ұйымдастыруынан деп көрсетті. Кеңес үкіметі бұл көтерілістерді әскери күшпен басып жаншыды [8, 53 б.].
Сондай—ақ, отырықшыландыру науқаны дажаппай ұжымдастыру науқанымен қатар жүргізілді. Отырықшыландыру барысында жеделдету мақсаты қойылып, қазақ ауылының ерекшеліктері ескерілмей, екі жолмен жүргізілді. Оның біреуі — жүздеген шаруашылықты бір жерге иіріп әкеліп, шоғырландыра орналастырып, малын өнім дайындау қорына өткізу. Екіншісі — әлгіндей көп халықтың киіз үйлерін қар үстіне көше секілдендіріп тігіп, поселкелер құру, бұлардан ұжымшар жасау. Осылайша Ресей секілді егіншілік өңірлердің ұжымдасу формасы малшы өңірге күштеп таңылды. Көшпелілер мен жартылай көшпелілерді отырықшылыққа сталиндік күштеп көшіру саясаты қазақ этносының тіршілік ету жүйесін мықтап бұзды. Отырықшыландырудың алғашқы жылының қорытындылары бұл бағыттың қате екендігін көрсетіп берді. Бірде — бір бағдар бойынша міндеттер мен жоспарлар орындалмады. Салықтық қысымдар мен ет дайындау науқандарынан күйзелген қазаққа өз қаржысымен отырықшыландыру оларды босқынға ұшыратты.Большевиктер жүргізген күштеп ұжымдастыру мен солақай отырықшыландыру саясаты қазақ ауылына үлкен соққы болды. Әсіресе, мал шаруашылығы қатты күйзеліске ұшырады. Ұжымдастыру мен отырықшыландыру кезінде дәстүрлі мал шаруашылығының ерекшелігі есепке алынбай, түгел қауымдастырылған мал шығынға ұшырады. Сонымен қатар, малдыңкөп бөлігіүкіметтің ет салығын орындауға жұмсалды. О. Исаев Қазақстан өлкелік комитетінің VІ Пленумында1929 жылы Қазақстанда 40 млн. бас мал болғанын, содан 1933 жылы 4млн. ғана мал қалғанын мойындауға мәжбүр болды [9, 208 б.].Сонымен, ұжымдастырудың айқын тарихы — «тәжірибе жасау мен қателіктердің», аяусыз да ымырасыз идеологиялық айқастың, саяси, оның ішінде қарулы қақтығыстардың тарихы.Қазақ даласында ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылықтың дәстүрлі мәдениетін күйреткен ХХ ғасырдың 20–30 жылдары — Қазақстан тарихының күрделі беттерінің бірі. Осы «ақтаңдақ» беттердің ақиқатын ашуға Қазақстан Орталық Комитеті мен Қазақ АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1928 жылғы 27—тамыздағы «Бай шаруашылықтарын тәркілеу туралы», 1928 жылғы 13—қыркүйектегі «Аса ірі және жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аударуға қарсы әрекет жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы» және 1930 жылғы 19—ақпандағы «Жаппай ұжымдастыру аудандарында ауыл шаруашылығын социалистік жолмен қайта құруды нығайту жөніндегі және кулактар мен байларға қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы» қаулыларын зерттеу жөніндегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы комиссиясының қорытындылары және «Жаппай саяси қуғын—сүргіндер құрбандарын анықтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жол ашып берді.Сонымен, осы жылдарда Қазақстанда жүзеге асырылған әлеуметтік—экономикалық процестер қазақ халқының дәстүрлі даму жолын талқандап қана қоймай, ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының халықтық салт — дәстүрлерін аяқ асты етті. Нәтижесінде адамзат өркениетінде өзіндік орны бар, бірегей қазақ ұлтының өзінің рухани тамырларынан қол үзу, өзінен үлкен ұлттың жетегінде кету процесі белең алды.

1.2 Қазақстандағы "Кіші қазан" идеясының зардаптары


Қазақстанда тоталитарлық жүйенің нығаюы 1925 жылдың күзінде өлкелік партия ұйымының басшысы болып сайланған Ф.И.Голощекиннің есімімен байланысты еді. Кәсіпқой революционер, патша отбасының атылуын ұйымдастырушылардың бірі болған Голощекин Қазақстанның астанасы Қызылордаға келіп түскен бойда, бірден «қазақ ауылында Кеңес өкіметінің жоқ» екенін, «ауылда Кіші Қазан» өткізу керектігін мәлімдеді. Негізгі міндет ретінде әлеуметтік саралауды жою арқылы дәстүрлі қауымдастықты бұзу жарияланды. Қазақтарды жаппай отырықшы ету келесі маңызды қадам болуға тиіс еді. Бұндай іс-шаралардың жергілікті коммунистер тарапынан наразылық туғызуы мүмкін екенін айқын түсіне отырып, Голощекин ең алдымен өзінің көзқарасын бөліспеген партия көшбасшыларымен күресуді қолға алды. Көп ұзамай-ақ, 1926 жылы С.Сәдуақасов пен С.Қожанов «ұлтшылдыққа бет бұрған» деп айыпталды. С.Сейфуллин, М.Мырзағалиев, Н.Нұрмақов, С.Меңдешев және басқалары қуғындалды. Олардың көпшілігі республикадан шеттетілді. Ж.Сұлтанов, С.Сәдуақасов және Ж.Мыңбаев қызметтерінен қуылды.


Ф.И.Голощекин ауылдардың әлі күнге дейін «…таптық күрестің лебін сезбегенін», «…қазақ ауылдарында Кеңес өкіметінің жоқтығын», «…ауылда Қазан болмағанын, кедейлер комитеттері мен мал-мүлкі тәркілену дегеннің не екенін білмейтінін», «…ауылда коммунистің атымен болмағанын» қасарыса дәлелдеуге тырысты. Ары қарай Голо¬щекин «осыған дейін бұл жерде 1925 жылдың күзіне дейін болған жайттарды Қазақстанның және оның партия ұйымының алдыңғы тарихы деп атауға болатынын» айтты. Бір мезгілде Қазақстанда «өзгерістер» енгізудің Голощекин ұсынған үлгісімен келіспеген жауапты қызметкерлердің қарсылығын басып-жаншу орын алды. Жоғарыда айтылғандай, 1927-1929 жылдарда республикадан әртүрлі себептермен Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері: Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, М.Мырзағалиев шеттетілді. Қазақ Орталық Атқару комитетінің төрағасы Ж.Мыңбаев, халық ағарту комиссары С.Сәдуақасов, жер игерудің халық комиссары Ж.Сұлтанбеков және басқалары лауазымдарынан босатылды. 
Жиырмасыншы жылдардың соңы – отызыншы жылдардың басында КСРО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуы барысында дағдарыстың ушығуы шамасына қарай, кінәлілерді – зиянкестерді, кеңестерге қарсы қастық әрекеттерді және астыртын ұйымдарды іздеп табу кең ауқымды жүріп жатты. Орталықтағы ұқсас әрекеттермен қатар («Өнеркәсіп пар-тиялары», «Шаруалар партиялары» және басқаларына қатысқандарды соттау үдерісі), Қазақстанда ұлттық бағыттағы жауларды іздеу басталды. Шахталар мен кәсіпорындарда орын алған кездейсоқ апат¬тар, колхоздар мен совхоздарда малдың қырылуы, өрт және басқадай табиғат апаттары «тап жауларының әрекеттері» деп қабылданып, тиісінше, «халық жауларына» және кеңес өкіметін құлатқысы келетін «қаскөй ұйымдарға» қарсы «қылмыстық істер» қолдан жасалатын. Қуғын-сүргінге түскендердің көпшілігіне тағылған айыптар тармақтарының бірі күштеп ұжымдастыру кезеңінің қасіреті еді. 
«Ұлтшыл фашистер» деп аталып, 1937-1938 жылдары қудаланғандар істерінің материалдары Н.И.Ежов пен оның сыбайластарының қылмыстық істерді оп-оңай қолдан жасаудың шеберлері болғанын дәлелдейді. «Әртүрлі топтарға қатысқандар» делінгендердің әлдеқашан қаралған істері қайтадан жарыққа шығарылып, олардың қатарына кезінде республиканың мүдделерін қорғап, 1931-1933 жыл¬дары қазақ жұртшылығының жаппай қырылуына қарсы тұрғандар да ілікті. 1937-1938 жылдары жалған айыппен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері: Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, О.Исаев, С.Қожанов, Ұ.Құлымбетов, О.Жандосов, Ә.Досов, А.Асылбеков, С.Сәдуақасов, Л.Мирзоян, А.Сапарбеков, Ж.Сұлтанбеков, Т.Жүргенов, Н.Сырғабеков, З.Төреғожин, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров және көптеген басқалары жазаға тартылды. 
Сөйтіп, XX ғасырдың 20-шы жылдарының соңы мен 30-шы жылдарында тоталитарлық режим қоғамдық-саяси өмірдің барлық дерлік салаларында нық орнады. Қазақстанда ол күштеп ұжымдастыру және 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезеңінің қайғылы оқиғаларымен қатар жүргізіліп, ерекше апатты сипат алды. Өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, Қазақстанға одақтық респуб¬лика мәртебесінің берілуі, мәдени құрылыс, халыққа білім беру және ғылым салаларындағы табыстар тоталитарлық режимнің қатал идеологиялық қысымы мен бақылауында болды. Осының барлығы Қазақстанның КСРО құрамында ары қарай дамуын айқындап берді. 
Енді Қазақстанда Ф.И.Голощекин билік құрған кезеңге қайтадан оралайық. Қазақстанда оппозицияны іс жүзінде құртып тынып, Голощекин өмірге өзінің «Кіші Қазан» идеясын енгізуді қолға алды. 1926-1927 жылдары егістік және жайылым жерлерді қайта бөлу үдерісі іске асты. Ауқатты тұрмыс қалыптасқан шаруашылықтардан 1360 мың десятина шабындық және 1250 мың десятина жайылымдық жерлер алынып, кедейлер мен орта шаруаларға берілді. Алайда бұл шара күткен нәтижені бермеді. Малдары жоқ шаруашылықтар өздеріне берілген шабындықтар мен жайылымдарды тиісінше пайдалана алмай, көпшілік жағдайларда бұрынғы қожайындарына қайтарды. 
Келесі қадам ірі бай мал иеленушілердің мүлкін тәркілеп, оларды отбасыларымен бірге тұрып жатқан аудандарынан тыс жерлерге көшіру болды. Жеті жүзге жуық шаруашылықтан мал-мүлік тәркілеу жоспарланған болатын. Сол кездегі құжаттарға сәйкес, 696 шаруашылықтан мал тәркіленгені жазылғанмен, іс жүзінде бұл санның әлдеқайда көп болғаны белгілі. Мәселен, Ақмола округінде жоспар бойынша 46-ның орнына – 200-ден астам, Петропавловск округінде 34 емес, 102 шаруашылық тәркілеуге және көшірілуге жатқызылған. Осын¬дай науқанның нәтижесінде, барлығы 145 мың мал басы кедейлерге берілді. Тәркілеуге өте бай мал қожайындары ғана емес, сонымен қатар өкіметті жақтай қоймаған орта шаруалар да ілініп кеткенін айтуымыз керек. Ауылшаруашылық өнімдері үшін төленетін салықтардың үлкен бөлігін төлеуге мәжбүр болған ауқатты шаруашылықтарды салықпен қысу бұрынғыдан да күшейе түсті. Мысалы, 1927-1928 жылдары шаруашылықтардың 4%-і салықтардың барша сомасының 33%-ін төлеген. Одан өзге, «өз-өзіне салық салу» жүйесі деген енгізіліп, сол бойынша салық сомасы бастапқы сомадан екі-үш есе асып кеткен. 
Ауқатты шаруаларға қысым жасау саясатының Қазақстанға ғана емес, күллі Кеңес Одағына тән болғанын айтуымыз керек. Кеңес үкіметі индустрияландыру үдерісін жеделдетуді өзінің басты мақсаты, ал оған қажет қаражатты экономиканың аграрлық секторы беруге тиіс деп санады. Жер мен малының өз жеке меншігі екеніне сүйенген дәстүрлі шаруашылық қысқа мерзім ішінде қажетті қаражатты бере алмады. Сондықтан 20-шы жылдардың соңында үкімет ұжымдастыру, яғни ұжымдасқан шаруашылықтар (колхоздар) жүйесін құруға бағыт ұстады. 
Бұл науқанды жүргізу барысында Қазақстанға ерекше рөл берілді. Бай табиғат ресурстары бұнда ірі индустриялық база құруға мүмкіндік бергенмен, алайда жұмыс күші бұл жерлерге сырттан, Ресей мен Украинаның орталық өңірлерінен әкелінуге тиіс болды. Көшпелі және мал баққан қазақтар «Социалистік Қазақстанның» болашақ жүйесіне «сай келмеді». Нақ осы себепті Голощекин Сталиннің келісімімен қазақтар шаруашылықтарының толық күйреуіне және тұтас халықтың іс жүзінде құруына келтірмей қоймайтын ұжымдастыру әдістерін таңдады. Сөйтіп, кең ауқымды геноцид-зұлматты, яғни әртүрлі желеу-сылтаулармен халықты қырып-жою мақсатын іске асыру басталды. 
Шаруаларды ұжымдастыру еріктілік ұстанымына негізделген, бірте-бірте жүретін үдеріс ретінде қаралған еді. Бірақ 20-шы жылдардың соңына қарай шынайы бағыт түбегейлі өзгерді. Шын мәнінде, ұжымдастыру мерзімдері алдын ала белгіленіп, төтенше шаралармен жүргізілді. Сөйтіп, Қазақстан ұжымдастыру 1932 жылдың көктемінде-ақ аяқталуға тиіс аудандарға (көшпелі аудандарды қоспағанда) жатқызылды. Бұл жерде жеделдете ұжымдастырудың себептерін анықтап алу маңызды. Оның негізгі себебі ретінде елдің индустриялық дамуына басымдық берілгендігі: оны іске асыру әдістемесі қаражатты аграрлық сектордан өнеркәсіп секторына аударып құюды қажет етті. Өте қарқынды индустрияландыру үдерісіне орасан көп қаражат салу қажет болды. Ал негізгі қаражат көзі оны өнеркәсіпке салу үшін тұрақты валюта беретін шаруа өнімі еді. Алайда ЖЭС (Жаңа экономикалық саясат) жағдайында қаражатты өнеркәсіп пайдасына қайта бөлу мүмкін бол¬мады. Ауылшаруашылық өнімді нарықтың сатып алу бағаларымен (ЖЭС талап еткендей) емес, төмен бағалармен алуға әрекеттенген кезде, мемлекет 1927-1928 жылдарда астық дайындау дағдарысына тап болды. Дағдарыстың қиын болғаны соншалық, 128 млн. пұт астық алынбай қалып, индустрияландыру жоспарының күйреуі қаупі туды. 
Оның нәтижесі ЖЭС-ті тоқтатып, ұжымдастыруды жеделдете жүргізуге келтірді. Қазақстанның колхоздар құрудағы серпінді жұмысы осыдан көрінеді. 1928 жылы шаруашылықтардың – 2%-і, 1930 жылы – 50,5%-і, ал 1931 жылдың қазанына қарай 65%-і ұжым¬дастырылды. Бұл сандарға қарап, «колхоз дүмпуі» дейтін, колхоз¬дар санының аса қарқынды өсуіне келтірген құбылыс шаруалардың қалауы емес, ашық қысымдардың нәтижесі болғанын болжау қиын емес. Шаруаларды сайлау құқынан айыру, тұтқындау, жер аудару және тағы басқа шаралар мәжбүрлеудің ең көп тараған әдістері болды. Ұжымдастыру үдерісі осылай күш көрсету сипатын ала бастады. Әсіресе бұл төтенше науқанды кулактар мен байлардың мал-мүлкін тәркілеп, оларды жою үшін кең жүргізілген күрес өршітіп жіберді. 20-шы жылдарда ірі шаруашылықтарда экспроприация идеясы белсенді қарқын алды. 1927 жылы «Ірі байлар мен жартылай феодалдардың шаруашылықтарын тәркілеу туралы» Декрет қабылданады. Ауқатты шаруашылықтардың жеке меншігін күшпен тартып алып, кедейлер мен орта шаруаларға беру барлық дерлік қазақ ауылдарында қарқынды орын алды. Сол Декретке сәйкес, 700-ге жуық шаруашылық тәркілеуге жатқызылды. Бұл жерде де Ф.И.Голощекиннің белсенді қызметін айтуға болады. «Кіші Қазан» идеясы да соның атымен тығыз байланысты еді.
1930 жылға қарай кулактар мен байлардікі саналған үш мыңнан астам шаруашылық құртылды. 1931 жылы ғана кулактар ретінде Қазақстаннан 6765 адам жер аударылды. «Мемлекеттік кәсіпорындар мен колхоздардың мүлкін қорғау және қоғамдық меншікті нығайту туралы» заң қабылданған соң, Қазақстанда 33345 адам жазаға тар¬тылды. Астық дайындау істеріне байланысты 1931 жылы 79 адам ату жазасына кесілді. 
Сонымен бірге Кеңес өкіметінің қылмыстық әрекетінің ең қорқынышты салдары 1931-1933 жылдарда орын алған аштық болды. Бұл тауқымет ауқымының орасан үлкен болғаны соншалық, 1931-1933 жылдардағы аштық тарихқа «ұлы жұт» – қазақ халқының ең үлкен қасіреті ретінде енді. Демографтардың деректері бойынша, Қазақстан халқының саны сол кезеңде шамамен екі млн. адамға қысқарып, қазақ этносының 49%-ін құраған. Тұрғылықты халық санының азаюына жұртшылықтың республика аумағынан сырт жерлерге (616 мың адам, оның ішінде 205 мың адам – Қытай, Моңғолия, Ауғанстан, Иран және басқа елдерге) қоныс аударуы да себеп болған.Ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың социалистік үлгісі шаруалардың ушыға түскен қарсылығын туғызды. Шаруалардың бұл үдеріске қарсылығы әр алуан, оның ішінде қарулы көтеріліс түрінде байқалды. Егер 1929 жылы шаруалар қарсылығы көбінесе қарулы көтеріліс түрінде болса, ал 1930 жылдың ақпанынан кейін толқулар күшейіп, барлық жерлерде кең сипат алды. Қазақстанда ауыл шаруашылығын ұжымдастыру жергілікті халықтың өзіндік ерекшеліктері ескерілмей, мәжбүрлеу әдісімен жүргізілді. 

1.3 Күштеп ұжымдастыруға қарсы халық наразылығы мен шаруалар көтерілістері
Қазақстандағы ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыруға қарсы болған шаруалардың қарулы көтерілістері мен баскөтерулерінің тарихын зерттеу ХХ ғасырдың 20 жылдарының аяғы 30 жылдардың басынан басталады.Қазақстандағы ауыл шаруашылығын күштеп ұжымдастыруға қарсы болған шаруалардың қарулы көтерілістері мен баскөтерулерінің тарихын зерттеу ХХ ғасырдың 20 жылдарының аяғы 30 жылдардың басынан басталады. Берілген кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін мәселенің тарихнамасы күрделі және қайшылықты жолдардан өтті, жалпы алғанда сатылап дамыды. Бүгінгі таңда шаруалардың қарулы көтерілістері мен баскөтерулерінің тарихын арнайы зерттеген ғылыми еңбектер өте аз десек те болады. Берілген тақырыпқа қатысты бірқатар зерттеулер мен басылымдарда тек сәйкесінше бөлімдер ғана бар. Ал Орталық Қазақстан өңіріндегі шаруалардың қарулы қарсылықтарының тарихы көп еңбектерде жалпылама қарастырылып өтеді.
Т.Омарбековтың монографиясында ХХ ғасырдың 20–90 жылдарында Қазақстандағы 1920–1930 жылдары орын алған әлеуметтік—экономикалық үрдістердің негізігі мәселелері бойынша: «кіші Қазан» саясаты, байлардың мүліктерін кәмпескелеу, көшпелі халықты отырықшыландыру және ұжымдастыру, 1931–1933 жылдардағы аштық туралы жарық көрген әдебиеттердің бірқатар кешеніне кеңінен тарихнамалық шолу жасалынған [10, 23–41 б.]. Берілген шолуда тарихнаманың даму кезеңдері мен сипатына қатысты ойталқылар, көзқарастар беріліп, басқа зерттеулерге сыни талдау жасап, зерттелуші тақырып бойынша кейбір сәттерді ғана қамтиды. Сонымен қатар 30 жылдардағы Орталық Қазақстан өңіріндегі Абыралы, Шыңғыстау, Шұбартау көтерілістері туралы мұрағат деректерімен толықтырылған біршама толыққанды деректер берілген. Шаруалардың қарулы көтерілістерінің тарихына арналған қазақстандық тарихшылардың жаңадан шыққан басылымдарына қысқаша сипаттама Т.Алланиязов пен А.Таукеновтың біріккен басылымында берілді [11, 6–8 б.]. Бұнда ұжымдастыру кезеңіндегі Қарағанды облысының Шет ауданындағы және Қарсақпай өңіріндегі шаруалар көтерілістерінің тарихы туралы арнайы зерттеулері берілген. 2002 жылы жарық көрген Т.Алланиязовтың еңбегінде Қазақстандағы 1929–1932 жылдардағы шаруалар көтерілістерінің тарихы бойынша әдебиеттердің методологиялық және деректанулық негіздерімен қатар шаруалар көтерілістері тарихын зерттеу үрдісіне кеңейтілген сипаттама берілген [12].
Отандық тарихнамада 1929–1931 жылдардағы шаруалар көтерілістері 1930 жылдардан 1980—жылдар аралығында тыйым салынған тақырып болды. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесінің түрлі аспектілерін қарастырғанда отандық тарихшылар осы қауіпті тақырыпты айналып өтуге тырысты. Бұл отандық тарихнамаға сол кезеңде қойылған партиялық қатаң талаптар мен идеологиялық қысымнан болды. Кеңестік дәуірде жарық көрген еңбектерде партия саясатына қарсы шаруалар көтерілістері тек тап күресі шеңберінде ғана қарастырылды. Сонымен қатар олар «бандиттік», «антикеңестік», «контрреволюциялық» қозғалыстар ретінде қарастырылды. Тек 90 жылдардың басында ғана Қазақстандағы 1929–1931 жылдардағы шаруалар көтерілістерінің тарихын обьективті зерттеу мүмкіндігі туды. Академик М.Қ.Қозыбаев Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру мәселесі, қазақ шаруаларының қарулы көтерілістерінің тарихын тарихшылар экономист, заңгер, тіл білімі мен әлеуметтанушы мамандармен бірлесе отырып кешенді түрде зерттеу қажеттігін баса атап өткен болатын [13, 74 б.]. 1980 жылдардың соңындағы қоғамдық өмірді либералдандыру жағдайында қазақ халқының тарихи өткеніне деген қызығушылық арта түсті.
Қазақстандағы ұжымдастыру мәселелері бойынша концептуалдық жағынан алғанда барынша жаңа болып Ж.Абылхожин, М.Қозыбаев пен М.Тәтімовтардың мақаласы табылды [14]. Ол Қазақстандағы ұжымдастыру тарихының тарихнамасында қазіргі заманғы кезеңінің бастамасын салып берді, себебі мәселенің негізгі құрамдас бөліктері сол кезеңде қазақстандық тарих ғылымында қалыптасып жатқан жаңа парадигмалардың тұрғысынан алғанда байланыстырылып қарастырылды. Бұнда республикадағы ұжымдастыру кезеңінде іс жүзінде болған барлық жағдайлар барынша толық көрінісінде құрастырылып берілді. Сонымен қатар авторлар шаруалардың қарулы көтерілістері туралы мәселені де назардан тыс қалдырмаған. Бірқатар округтер мен аудандарда орын алған ірі қақтығыстар мен жанжалдардың бірнешеуін көрсетіп бере отырып, зерттеушілер сол жылдардағы партиялық құжаттарда бұл оқиғаларды тек тап күресінің ашық көрінісімен және ішкі және сыртқы жауларды іздеумен түсіндіруге талпыныс жасағандығы байқалады деп дәл көрсетеді. Бұл мақаланың барынша кеңейтілген түрі 1991 жылы жарық көрді [6]. Бұл басылымды сипаттасақ, мұнда ең алдымен ұжымдастырудың қарқынына саяси—идеологиялық реттеулердің ықпал ету механизмі дәл көрсетілген, бұның нәтижесінде 1931 жылдың күзінде Қазақстанда барлық шаруашылықтың 65% ұжымдастырылды. Сонымен бірге күш көрсету жағдайында төтенше режимде жүрген ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау науқанының тәжірибесі мен идеологиясы да барынша суреттелген. Мақалада 1928–1929 және 1929–1930 жылдарда үш округ бойынша (Ақмола, Петропавл және Семей) осындай дайындау науқандарымен қатар жүрген қуғын—сүргін саясатының көлемін сипаттайтын статистикалық материал берілген. Бай—кулактарды жою саясатының сипаты, мазмұны мен салдарын анық көрсетіп берген.
Шаруалардың қарулы көтерілістері тарихын зерттеу жағдайы тек 1991 жылы 12 қарашада Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумының күштеп ұжымдастыру жағдайларын зерттеу үшін Комиссия құрғаннан кейін өзгере бастады . «Қазақстан Кеңестері» газеті редакциясының 1992 жылы мамырдың соңында өткізген дөңгелек үстелдің кезінде бұрын құпия ұсталған мұрағат құжаттарын зерттеудің алдын ала қорытындыларын жасау барысында, алғаш рет баскөтерулердің саны, оларға қатысқандардың саны туралы мәліметтер беріліп, шаруалардың қарсылығын туғызған себептер атап өтілді.
М.Қ. Қозыбаев «әсіресе қызықты мәлімет ұжымдастыру саясатына қарсы шаруалардың 372 баскөтерулері бойынша анықталды» деп атап көрсетті [17, 20 б.]. «Шаруалардың тарапынан қарсылық көрсетілді ме?» деген сұраққа жауап ретінде Қ.С. Алдажұманов баскөтерулердің себебі болып «ауылдар мен деревняларда жүргізілген саясатқа ашық қарсылық», «күштеп қысым көрсету мен қатаң үкім» болғандығын көрсетті. Баскөтерулерге итермелеген тікелей жағдайдың бірі ретінде Қ.С.Алдажұманов «ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау саясаты, сонымен қатар КСРО ХКК мен ОАК 1930 жылғы 1 ақпандағы тап ретінде кулактар мен байларды жою туралы қаулыларының негізінде тап күресін жасанды түрде шиеленістіру» екендігін атап өтті. Жағдайды сипаттай келе, ол наразылардың бір бөлігі қарсылық көрсету жолына түскендігін, бұл «бандитизм» ретінде жіктелгенін атап өтті және республика шын мәнінде азамат соғысы жағдайында болғандығын көрсетті. 1929 жылдың күзінен 1932 жылға дейін Қазақстанда «шамамен 380 көтерілістер, шаруалар толқыны» болып өткен. Комиссиямен алынған алдын ала мәліметтер «30 жылдардағы көтерілістер 80 мыңдай тұрғындарды қамтығанын», «ірі көтерілістерге қатысқаны үшін ғана ОГПУ үштігінің шешімімен ОГПУ 5551 адамның сотталғанын, оның 883 атылғанын» көрсетті [16, 21 б.]. Бұл Қазақстандағы 1929–1931 жылдардағы шаруалар көтерілістері туралы тарихи білімдердегі қарқынды жетістіктің бастамасы болды.
Қазақстандағы ұжымдастырудың сипаты, мазмұны және зардаптары туралы ғылыми білім 1992 жылдың желтоқсанындағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Президиумы Комиссиясының Қорытындысының жарық көруімен біршама кеңейді. Мұнда шаруалар қарулы көтерілістерінің масштабы мен географиясы, адами шығындар, шаруаларға қарсы қуғындаулар, малды етке өткізудің сипаты мен салдары, бай шаруашылықтарды тәркілеудің мазмұны мен нәтижелері сияқты сұрақтар кеңейтілген және тереңнен зерттеуге мүмкіндік берген жаңа фактілік және статиститкалық материалдармен біршама толықтырылды.
1992 жылы жарық көрген «Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства» деген кішігірім жинақтамада «Шаруалар толқулары» деген арнайы бөлім бөліп қарастырылды. Бұл бөлімнің құндылығы сонда, 1989 және 1991 жылдардағы жоғарыда көрсетілген басылымдармен салыстырғанда, бұнда күштеп ұжымдастыру саясатына қарсы қазақ шаруаларының қарулы баскөтерулерінің барынша толық және көлемді, сыйымды сипаттамасы берілді. Ғылыми айналымға 1929–1931 жылдардағы Қазақстанның бірқатар аудандарында болған қарулы көтерілістердің мақсаттары мен қозғаушы күштері, сипаты туралы құнды фактілік материалдар енгізілді. Мысал ретінде ерекше бөліп көрсетілгені 1930 жылғы Созақ көтерілісі, басқа көтерілістер бойынша —Ырғыз, Қарақұм, Қарқаралы округтеріндегі көтерілістері туралы берілгендер келтірілді. Авторлар барынша жалпы сипатта Ортаазиаттық және Еділ бойы әскер округтерінің тұрақты әскери бөлімдерінің қызметінің сипаты мен масштабын көрсетіп берді . Бөлімде қарулы көтерілістердің саны туралы мәліметтер берілген. Сонымен бірге, ОГПУ есептеріне сүйене отырып, олардың саны «үш жүзден астам» және оларға «80 мыңдай адам қатысқандығы» атап көрсетілген [17, 25 б.]. Егер «Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства» жинақтамасында қарулы баскөтерулер көрінісінің сызбалары тек жалпы сипатта ғана берілсе, Т.Омарбековтың көптеген басылымдарында алғаш рет 1929–1931 жылдардағы антикеңестік қарулы көтерілістердің тарихы мәселелері қойылды және біршама бөліктері шешілді [18]. Қазақстандағы ОГПУ ПП жергілікті және орталық органдарының қызметінің нәтижесінде қарулы көтерілістерді басуға қатысқан әскери бөлім басшыларының қалдырған құжаттар мен материалдарға сүйене отырып, сонымен қатар Ф.И.Голощекиннің И.В.Сталинмен жазысқан хаттары арқылы автор көшпелі халықты отырықшыландыру және күштеп ұжымдастыру саясатына қарсы халық бұқарасы баскөтерулерінің барынша кең бейнесін берді.
1929–1932 жылдардағы Қазақстандағы шаруалардың қарулы көтерілістерінің тарихын зерттеудің ағымдық нәтижелері автормен арнайы зерттеуде жалпыланды, онда хронологиялық бірізділікпен он бірдей барынша ірі қарулы көтерілістердің себептері, сипаты мен мазмұны берілді. Олар: Тақтайкөпір, Бостандық, Батпаққара (1929 ж.), Созақ, Ырғыз, Қарақұм, Өскемен және Зырян, Шұбартау, Балқаш, Шоқпар (1930 ж.) және Адай (1931 ж.) көтерілістері. Әрбір көтеріліс бойынша қорытындыларда, сонымен қатар жалпы қорытындыда автормен көтерілістердің мәндік сипаттамасы берілген, олардың «өздерінің тәуелсіздігі, ұлттық дәстүрлері , салттары мен діни нанымдарын қорғауда әміршіл—әкімшіл сталиндік жүйенің заңсыздығы мен күштеуіне қарсы халықтың әділетті ұлт азаттық күресі» болғандығы бөліп көрсетілді [19]. Ж. Абылхожиннің монографиясында Қазақстандағы ұжымдастыру тарихының мәселелерінің кең шеңбері бойынша алдыңғы жылдардағы жетістіктер жалпыланды және теориялық жағынан ой елегінен өткізілді. Ұжымдастырудың генезисі, барысы мен салдарын талдау үрдісінде мемлекеттік шектеу саясатының әрекет ету механизмі мен табиғаты барынша айқын көрсетілді, сонымен қатар қазақ көшпелі шаруашылығын өмірлік қамтамасыз ету элементтерінің бөліктері де назардан тыс қалмады. Нақтылы фактілермен шаруа қожалықтарына қатысты салық саясатының тәжірибесі мен идеологиясы тізбектелді, сонымен бірге күштеу және төтенше сипатқа ие болған түрлі тектегі ауыл шаруашылық өнімдерін өткізу де қарастырылды. Жартылай көшпелілер мен малшы—көшпелілерді отырықшылыққа көшіру бойынша науқандардың мазмұны ашылып, сонымен қатар сипаты мен бағыты нақты белгілеп берілді. Колхоз құрылысының формалары мен әдістері, ұжымдастыру үрдісінің барысымен мазмұны сыни тұрғыдан ой елегінен қайра өткізілді. Күштеп ұжымдастыруды жүзеге асыру барысындағы адами және материалдық шығындар бойынша берілгендер шығарылды. Көшпелі қоғам жүйесіне шабуылдаудан туындаған антикеңестік қарулы көтерілістерді басудың сипаты мен тәсілдері көрсетілді. Жинақтап алғанда, ұжымдастыру тарихына арналған кітаптың тараулары оның негізгі сюжеттерін құраудың мазмұны бойынша толықтай және фактілік жағынан сыйымды қылып береді. Ғылыми айналымға енгізілген материал, Қазақстанның көшпелі және жартылай көшпелі тұрғындарын тоталитарлық социализм сатыларына күштеп көшіру сияқты күрделі және динамикалық құбылыстың мәні мен сипатын ашу тұрғысынан ой елегінен өткізілді және жалпыланды.
Мәселенің бірқатар аспектілер Ж. Абылхожинның кітабында тек атап өтілді және одан әрі дамыту мен тереңнен зерттеуге, нақтылы фактілік мазмұнмен толықтыруды қажет етті. Бұл міндет біршама деңгейде Т.Омарбековпен ғылыми айналымға мазмұны жағынан құнды және көлемі жағынан біршама ауқымды фактілік және статистикалық материалдарды енгізудің негізінде шешілді. Нан және ет дайындаудың сталиндік бағытының салдары мен мәнін талдау, ірі байлардың мүлкін кәмпескелеу саясаты мен оның нәтижелері, қозғаушы күштері, күштеп ұжымдастыруға қарсылық көрсетудің сипаты мен формалары, отырықшылыққа күштеп көшіру, қаақ шаруаларының тағдыры, күштеп ұжымдастырудың демографиялық салдары—міне, негізгі сұрақтардың осындай шеңбері Т.Омарбековпен нақты қойылды және обьективті тұрғыда қарастырылды. Кітапта күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыруға қарсы шаруалар бұқарасының қарсылығының мазмұны мен формасы, қозғаушы күшіне жалпылаушы сипаттама берілген арнайы бөлім бар, онда 1929–1931 жылдардағы 14 қарулы көтерілістер көрсетілген [10]. Автордың «Зобалаң» деген еңбегімен салыстырғанда бұл зерттеуде Қастек және Қордай аудандарындағы көтерілістер мен Сарқанд (Жетісу) көтерілісі қосымша берілген. Қалған көтерілістер алдыңғы басылымдарда толық мазмұндалғаны ескеріле отырып қысқаша түрінде берілген. Мәселен, Абыралы дүрбелеңі, Шұбартау мен Шыңғыстау наразылықтары [10, 204–207 б.]. Т.Омарбековтың 1994–1997 жылдары жарық көрген еңбектерінде жасақталған аса құнды тарихи ойларды атап көрсете отырып, оның Қазақстандағы 1929–1931 жылдардағы шаруалар көтерілістерінің тарихын зерттеуді одан әрі дамытуда маңызды бастамасы болды деп ойлаймыз.
Қорыта келе, жоғарыда берілген тарихи зерттеулер өзінің сипаты мен мазмұны жағынан біртекті емес. М.Қ.Қозыбаев, Ж.Б.Абылхожин, Қ.С.Алдажұманов, Т.О.Омарбеков, М.Омаров,Т.К.Алланиязов, А.С.Таукенов және басқа да зерттеушілер 1929–1931 жылдардағы шаруалардың қарулы көтерілістері мен бас көтерулерінің тарихы арнайы зерттеу пәні болған ондаған мақалалар, бірнеше монографиялар мен жинақшалар басып шығарды. Берілген тақырып көптеген еңбектерде жалпылаушы сипатта берілді және ғылыми конференциялардың арнайы тақырыбы болып та қарастырылды. Шаруа наразылықтарына қарсы күш құрылымының күрес жүргізу тәжірибесі сияқты, Орталық Қазақстанның кейбір аудандарындағы шаруалар көтерілістерінің тарихына қатысты ғылыми білімдерді кеңейту бойынша құжаттардың біршама топтарын деректанулық талдаулар жүргізіліп, алғашқы қадамдары жасалды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет