«Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы» пәні бойынша /пәннің атауы/ лекция конспектілері


Лекция №8 Қайта құру саясаты және Желтоқсан оқиғасы



бет19/30
Дата28.04.2022
өлшемі152,84 Kb.
#32745
түріЛекция
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   30
Лекция №8 Қайта құру саясаты және Желтоқсан оқиғасы.

1980 жылдардың басында Кеңес Одағындағыдағдарыс пен тоқырау тереңдей берді. Әкімшіл-әміршіл басқару әдісі дағдарыстан алып шығуға дәрменсіздігін көрсетті. Халық шарушылығында жоспарлы экономика жүйесі тиімсіз екені айқын көрініс берді. Бұдан кеңестік қоғамның саяси-экономикалық жүйесіне түбегейлі реформалар жасау талабы туындады.1980 жылдардың ортасындағы шешуші оқиға – КОКП-ның басшылығына М.С.Горбачев бастаған, қалыптағыдан өзгеше ойлап, жаңаша әрекет ететін топтың келуі болды. Белгілі дәрежеде бұл жағдай сол уақыттағы партия өміріндегі ескі дәстүр мен жаңа көзқарастардың күресін көрсететін еді.1985 жылғы сәуірде КОКП ОК-нің бас хатшысына сайланған М.С.Горбачев бастапқыда қалыптасқан дағдарысты жағдайды экономикалық тұралау мен саяси тоқыраудың жалпы шеңберінде қарады. Ол өзінің «ұлықтау рәсімінде» сөйлеген сөзінде, — адам факторын жандандыруға, өсу қарқынын жеделдетуге, шаруашылық тетікті қайта құруға ... социализмге екінші тыныс ашуға» шақырды. Қоғамдық кұрылысты ырықтандыру жағдайында мұның өзі бейне бір таза шаруашылық мәселелерді шектен тыс саясаттандыруға әкеліп соқтырды. 1985 жылдың сәуірінде партия Орталық Комитетінің Пленумы өтіп, онда әлеуметтік-экономикалық өмірдің мәселелерін жаңаша қарауға әрекет жасалды. Кеңес Одағында 1985-1991 ж.ж. қайта құру кезеңі деп тарихқа енді және оның негізгі бағыттары:



1. Әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету.Бұл секірістіэкономиканың құлдырау қарқынын тоқтату және жеделдету бағытына басты күшті жұмылдыру есебінен жасау тұжырымдалды;

2. Қоғамды демократияландыру.Бүкілхалықтық басшылықты жүзеге асыратын төменгі баспалдақтан бастап жоғарғы сатысына дейінгі Кеңестердің қызметін қалпына келтіру;

3. Елде жариялылықты қамтамасыз ету.Келеңсіз құбылыстар айналасындағы халықтың ой-бүкпелерін, пікір-тұжырымдарын, ұсыныстарын іркілмей, ашық айтуына мүмкіндіктер беру.

Көтерілген мәселелер орынды, қажетті де заңды болды, бірақ оны іске асыруда сөз бен істің алшақтығы тап бұрынғыдай тағы белең алды.

Қайта құру жылдары 3 кезеңнен тұрады: 1-кезең - 1985 жылғы КОКП ОК-нің Сәуір Пленумы – 1987 жылдың жазы. 2-кезең - 1987 жылдың жазы – 1989 жылдың мамыры. 3-кезең - 1989 жылдың мамыры-1991 жылдың тамызы.

КОКП ОК 1986 жылы қараша-желтоқсан айларында Қазақ КСР-інің хатшысы туралы мәселені шешу ісінде желтоқсан трагедиясын тудырған қате шешім қабылдады. КОКП ОК нұсқауымен 1986 жылы желтоқсанның 16 күні небәрі 18 минутқа созылған Қазақстан КП Орталық Комитетінің пленумы болды. Жиналысты КОКП Орталық Комитетінің хатшысы Г.П.Разумовский жүргізді. Күн тәртібінде бір ғана - ұйымдастыру мәселесі тұрды. Д.А.Қонаевтың орнына орталық өкілінің ұсынысы бойынша Г.В.Колбинді сайлау ұсынылды. Пленумның шешімі жөніндегі хабар республикалық радиодан 16 желтоқсан күні сағат 15:00-де берілді.Қайта құру кезеңіне дейінгі ескі дағдысына салып Қазақстан КП ОК бірінші хатшылығына Қазақстан халқының пікірімен санаспай, бұған дейін Грузия Компартиясы ОК екінші Хатшысы және Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, Қазақстанды картадан ғана білетін, республика үшін бөгде адамГ.В.Колбинның әміршіл әдіспен тағайындалуы халықтың ашу-ызасын туғызды. 1986 жылы 17 желтоқсан күні таңертең сағат 8-де Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің алдындағы Л.И.Брежнев атындағы республика алаңына (қазіргі Республика алаңы) адамдар жинала бастады.Жиналғандар орталықтың кадр саясатын жүргізудегі өктемдігіне наразылық білдірді. Орталық өкілдерінен жергілікті билік органдарымен санасуды талап етті, республиканы егемендігін сыйлауды, ұлттық тіл мен мәдениеттің дамуын қамтамасыз етуді, жергілікті халық арасынан саяси қайраткерлердің шығуына кедергі келтірмеуді т.б. талап еткен дауыстар естіліп, транспаранттар көтерілді. Митинг бір қалыпты, тәртіппен өтіп жатты. Наразылықтьң көш басында жастар,студенттер, жұмысшылар тұрды және олар Желтоқсан оқиғасының қозғаушы күштері болып табылады. Ал коммунистік билік иелерінің ұғымына оқиғаның бұлай саяси ағыс алуы мүлдем сыймайтын еді. Шығармашылықпен ойлап, әрекет етуге үйренбеген, идеологияландырылған аппаратшының қатып-семеп қалған логикасы оларды митингіні дереу таратып, қалың бұқара құлақтанбай тұрғанда оқиғаның ізін сүртіп тастауға итермеледі. Алаңға жиналғандарға партия мен үкімет басшылары танымал адамдарды жіберіп, тәртіпке шақырып, таратпақ болған әрекеттерінен нәтиже шықпаған соң, әміршіл-әкімшіл үйреншікті әдістеріне басты.

Г.В. Колбин КОКП ОК-мен хабарласты. Нәтижесінде – КСРО ІІМ елдің әр аймағынан ішкі әскердің арнайы бөлімдерін Алматыға әкелді. Демонстранттарды қуып таратудың арнайы оперативті жоспары – «Құйын-1986» деп аталды. «Құйын-1986» операциясына жалпы басшылық КСРО ішкі әскер басшысының 1-орынбасары В.С.Дубиняк, генерал-полковник Б.К.Елисов және Қаз КСР Ішкі істер министрі Г.К.Князевтің тарапынан жасалды. Операцияны іске асыру барысында милиция және ішкі әскер құрамынан 5700 адам, 11 өрт сөндіргіш мәшине, 5 бронетранспортер тартылды. Қаланың әрбір аудандық комитетіне екі мың адамнан халық жасақшыларын жасақтауға нұсқау берілді. Халық жасақшылары төтенше тәртіппен топталып, олардың саны шамамен алғанда 16 мыңдай болды.

Желтоқсанның 17-сі күні сағат 18-де шеруге қатысушыларды күшпен тарату туралы алғашқы шешімді Орталықтың мақұлдауымен жергілікті басшылық қабылдады.Қуып тарату жөніндегі тікелей бұйрықты Қазақ КСР Ішкі істер министрі Г.Н. Князев берді. Сол сәттен бастап Алматыда жаппай тәртіпсіздік басталды. Қарауланған солдаттар жастарды сапер күректермен, дубинкамен ұрып, зорлық-зомбылық жасады. Желтоқсанның суық аязында су шашып, кезекті операциядан кейін ұсталған жігіттер мен қыздарды солдаттар бірнеше сағат бойы қақаған аязда жер бауырлап жатуларына мәжбүр етті. Көптеген ұсталған адамдардың прокурордың рұқсатынсыз және соттың қаулысынсыз тергеу изоляторына, уақытша ұстайтын изоляторларға, медициналық айықтырғыштарға отырғызылғаны анықталды. Ұсталғандардың көпшілігін арнайы көлікпен қаладан 25-50 шақырым айдалаға, жартылай жалаңаш-жалпы күйлерінде қардың үстіне тастап кеткен.

Ақыры, шеру саперлік күректерді, қызмет иттерін, брандспойттарды қолдану арқылы күшпен басылды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына байланысты 17-нен 18-не қараған таңғы сағат 3-те Алматы облыстық партия комитетінің саяси ағарту үйінің мәжіліс залында өткен қалалық активте Қазақстан КП ОК-нің идеология саласындағы хатшысы З. Камалиденов оқиғаға «жауыз ұлтшылдық» деген баға берді. 18 желтоқсанның кешінен бастап КОКП-ның бас хатшысы М.С.Горбачевтің өкілетті елшісі, басқарушы партияның Саяси Бюросының мүшесі М.С.Соломенцов бастаған топ жастардың бейбіт шеруін «барып тұрған ұлтшылдық» деп бағалап, одан әрі шындықты бұрмалады.

1986 жылы 18 желтоқсан күні КОКП-ның Саяси Бюросы өзінің мәжілісінде «Алматыдағы оқиғаға байланысты шаралар» туралы қаулы қабылдады. 1987 жылдың шілде айында қабылдаған арнайы қаулысында желтоқсан қозғалысы «қазақтардың орыстарға қарсы шығуы» деп, барша халыққа ұлтшылдық таңбасын тақты. 1986 жылдың желтоқсаны барлық қазақ халқына, оның зиялы қауымына да әсер етті. Халық жалпылама террорға ілікті, қудалауға, сенімсіздікке түсті.

Желтоқсан оқиғасының қайғылы беттерінің бірі - қазақтың жас демократтары Қ. Рысқұлбеков, Е.Сыпатаев, Л.Асанова, С.Мұхамеджанова, Т.Тәшенов, Ж.Тайжұмаев, Қ.Күзембаев т.б. өрімдей қазақтың жігіттері мен қыздарының қаза болуы.

Қазақ жастарының желтоқсан қозғалысы КСРО-дағы ұлттық-демократиялық қозғалыстың алғашқысы болды. Желтоқсан қозғалысы Қазақстанды жаңа әлемдік кеңістікке алып шықты. Желтоқсан оқиғалары арқылы Қазақстанның енді ғана қаз тұрып келе жатқан жас демократиясы мол тәжірибе жинақтады, тарихи сабақ алды. Бұл оқиғалар өзінен кейінгі кезеңде республикада жаңа бағыттың – экономикалық реформалардың, әлеуметтік бетбұрыстардың соны қарқынмен өрістеуіне себепші болды. Қозғалыс Одақ көлемінде жалғасын тапты. Одақтың құлдырауына, ыдырауына әкелді. Республикалардың мемлекеттік егемендігін жариялануына мол мүмкіндіктер берді. Сөйтіп, Қазақстан желтоқсаны республика шеңберінен шығып, Еуразиялық сипат алды. Алматыдан кейін Тбилисиде, Бакуде, Вильнюсте және елдің басқа да қалаларында тоталитарлық жүйеге қарсы оқиғалар өрбіді.

1991 жылдың күзіне қарай алғашқылардың бірі болып – «Азат» азаматтық қозғалысынан шыққан Қазақстан Республикалық партиясы (ҚРП) құрылды. Қазақстан Социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) да осы тұста бой көтерді. Жастардың шағын тобы бірігіп, өздерін «Алаш» партиясы деп атады. 1986 жылғы Алматыдағы толқуға қатысқаны үшін жазаланғандар «Желтоқсан» партиясын құрды.



1990 жылдың аяғына таман Қазақстандағы саясаттанған қоғам бірлестіктерінің саны жүзден асып кетті. 1991 жылдың маусымында «Қазақ КСР-індегі қоғамдық бірлестіктер туралы заң» қабылданды. Республикада шын мәніндегі пікір алуандығы көрініс беретін, көппартиялық саяси құрылымның негізі қалана бастады. Қазақстанда қайта құру жылдарындағы түрлі қайшылықтарға қарамастан жариялылық пен демократияландыру идеялары қоғамды қарышты қарқынмен өзгерте бастады.

Қорыта келе, 1985 жылдан басталған қоғамдық-экономикалық өмірді қайта құру, горбачевтік социализмді «жаңарту» әрекеттері ешқандай оң нәтиже бермеді, КСРО-ны төніп келе жатқан терең дағдарыстан құтқара алмады және құтқара да алмайтын еді. Керісінше, кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе тоқырауға ұшырап, қоғамның барлық салаларын қамтыған дағдарыс одан әрі тереңдей түсті.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет