Байланысты: « аза станны азіргі заман ы тарихы» п ні о амды тарихи санан
17.Қазақстан тарихнамасындағы Алаш қозғалысы қайраткерлерінің еңбектерінің тарихи маңызын көрсетіңіз.
Қазақтың сан ғасырлық тарихының ең жарқын беттерін жазған Алаш қозғалысы тарихи-саяси айрықша құбылыс ретінде ұлтымыздың мәдени- рухани даму жолын жаңа арнаға бұрғаны сөзсіз. Өйткені ол Қазақ баласының саясат, мәдениет сатысына көтерілгендігін айғақтай отырып, ендігі жерде ұлт ретінде дербес өмір сүруге, өзге елдермен терезесі тең халық ретінде азат күн кешуге болатындығына әлеуметті сендіре алған жаңашыл козғалыс еді. Қозғалыстың қарқындылығы мен жаңашылдығы – қазақ қоғамы үшін қиын-қыстау сол бір дүбірлі шақта азаттық ұранын салып, іс жүзінде бытыраңқылык пен мемлекеттік институттар қалыптаспаған сахара төсінде дербес мемлекет құруға бел шешіп кірісуінде еді. Алмағайып кезеңде амал тауып, халқының басын қосып, ертеңіне сендірген осындай ұлы топ бұғанға дейін болмағаны тарихтан белгілі. Олар сол тұста кездескен қиындықтардың барлығын жеңе білді, түпкі мақсатқа жету үшін, қандай да болмасын, замана сауалының оңтайлы шешімдерін таба білді. Алаш қозғалысы совет өкіметі тарапынан терістелгенімен, оның идеялары ұлтжанды азаматтардың жүрегі мен санасында өмір сүріп келді. Оның жарқын әрі бұл тартпас мысалы — тәуелсіздіктің қарсаңында Алаш идеясының қайтадан жаңа күшпен жаңғыруы. Ес жиып, етек жапқан бүгінгі күнде алаштық идея саналы қазақ баласын, елжанды Қазақ азаматын қайтадан баурап алу үстінде. Мұның басты себебі, Алаш қозғалысының ең ұлы мақсаты — ұлттық тәуелсіз мемлекет құру идеясымен сабақтасып жатқанында еді. XX ғасырдың басында ұлтының теңдігі үшін қауымдасумен де, қаламмен де, қарумен де күреске түскен Алаш қайраткерлерінің пәрменді еңбегі Алаш баласының есінен еш кетпек емес. Оның дәлелі — тәуелсіз Қазақстанның барлық түкпіріндегі қазақ зиялы қауымының ісіндегі, ойындағы алашшылдық сана. Бұл алашшылдық сана уақыт жылжыған сайын қазіргі қазақ қоғамында тереңдей түссе, халқымыздың ұлттық өресі де биіктей бермек.
Алаш зиялыларының Қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы жене осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар, әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» — деп көрсеткен болатын
Алаш қозғалысымен бірге, мәселен, оның көрнекті қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Ә. Бөкейханов, Х. Досмұханбетовтар сонымен қоса Уәлитхан Танашевтың, (Жанша Жаянша) Сейдалиннің, Айдархан Тұрлыбаевтың, Ыбырайым Жайнақовтың, Асылбек Сейітовтің, Тел Жаманмұрыновтың, Аспандияр Кенжиннің, Базарбай Мәметовтің, Иман Әлімбековтің, Әлжан Байғориннің,Садық Аманжоловтың, Мұқыш Боштаевтың, Дәулетше Күсепқалиевтің, Ережеп Итбаевтың, Хамит Тоқтамышевтың, Сейілбек Жанайдаровтың, Нұрғали Ипмағамбетовтың, Әзімхан Кенесариннің, Сейдәзім Қадырбаевтардың да ұлт пен тарих алдындағы еңбектеріне лайықты баға беру, құрмет көрсету — біздің тарихи жадымыздың беріктігі мен азаматтық адалдығымыздың айғағы болмақ. Есімдері аталмаған қаншама азаматтар XX ғасыр басындағы отаршылдық қамытындағы халқы үшін бастарын бәйгеге тікті. Олар сол ерен істері не марапат алмақ түгілі, жеке бастарына қауіп төндіріп алды. Кеңес үкіметінің зымиян саясаты бастапқыда ыдырату мақсатында Алаш қайраткерлерін бауырына тартқан болып, диктатурасы күшейгенде оларды қуғын-сүргінге ұшыратты. Алаштың атымен ұлы іс бастаған оның қай тұлғасы да құрмет пен марапатқа әбден лайық. Біздің құрметіміз бен марапатымыздың белгісі — олардың ұлт алдындағы еңбектерін бағалау, оны ұрпақтың рухани уызына айналдыру. Бұл, түптеп келгенде, өзіміздің ұлттың санамызды қалыптастыру, ел алдындағы перзенттік парызымызды орындау, ұрпағымызға ұлағат дарыту болмақ
Алаш қозғалысының тарихы — отандық ғылым үшін қазақпен бірге жасайтын мәңгілік тарих. Ұлтының мәңгілігін ойлаған ұлы азаматтардың жүріп өткен жолын, ерлікке татырлық еңбектерін бағалау – есі бар ұрпақтың жадынан шықпайтын қастерлі борышы деп білеміз. Бұл бағытта осы уақытқа дейін бірқатар үлкенді-кішілі ізденістер жасалды. Әсіресе К.Нүрпейісовтің, Ғ.Ахмедовтің, Р.Нұрғалидың, М.Қойгелдиевтің, Т.Омарбековтің, Ү.Субханбердинаның, Т.Жұртбайдың, М.Әбдешевтің, М.Құл-Мұхамедтің, Ө.Әбдиманұлының, Ғ.Әнестің, Д.Қамзабекұлының, М.Төж-Мұраттың, А.Ісмақованың, Ә.Қараның, Д.Аманжолованың, А.Махаеваның, Д.Сүлейменованың, К.Ілиясованың, Қ.Сақтың т.б. еңбектері — алаштануға қосылған қомақты үлес. Алаш тарихы, әлбетте, сан тарапты зерттеулерді қажет етеді десек те, біздің ойымызша, қазіргі кезеңде Алаш қозғалысының мәнін, идеяларын халық санасына сіңіру — қазақ қоғамы үшін аса көкейкесті мәселелердің бірі. Өйткені Алаш козғалысының идеялары — ұлтымыз үшін ең қасиетті, ең қымбатты құндылық — тәуелсіздігімізді нығайтумен сабақтасып жатыр.