«Қазақстанның дәстүрлі мемлекеттік тарихы» пәні бойынша дәрістер



бет4/14
Дата12.06.2023
өлшемі78,51 Kb.
#100712
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі.
1. Қазақстан тарихы: көне замандардан бүгінге дейін. 5-томдық. Т.2. – Алматы, 1998. -
2. Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. – Алматы, 2003.
3. Әбілғазы Түрік шежіресі. – Алматы, 1992.
4. Қадырғали Жалаири жылнамалар жинағы. – Алматы, 1998.
6. Ахмедов Б.А. Государство кочевых узбеков. – М., 1965.
7. Пищулина К.А. Юго-восточный Казахстан в сер. XIV-нач. XVI вв. – Алма-Ата, 1977.
8. Кляшторный С.Г., Султанов Т.И. Казахстан: летопись трех тысячилетии. – Алматы, 1992.
Қазақ Хандығының құрылуының барысы мен кезендері. 1-сағат.
Негізгі сұрақтар.
1. Керей мен Жәнібек хандар, олардың көшу себептері
2. Хандықтың қүрылуы және қүрылған мерзімі туралы пікірлер
З. Хандықтың қалыптасуының кезеңдері, оларға сипаттама
4. Хандықтың қүрылуының аяқталуы,оның тарихы маңызы
Керей мен Жәнібек хандардың Қазақ хандығын құру жолындағы тарихи рольдері ерекше. Олар сол кезеңде ордаежендік әулет ішіндегі сұлтандар арасында жас жағынан да, бедел жағынан да ең белгілісі болып, ордаежендік тайпалар тобының «көшпелі өзбектерден» бөліну процесінде және ата-бабаларының билігін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында қайта қалпына келтіру жолында шибанилар әулетіне қарсы күресте басшылық рольдерді атқарады. Олардың жеңіске жетуінің басты бір себебіне сол тұста қалыптасқан саяси жағдайларды дұрыс пайдалану мен ордаежендік тайпалардың кең көлемдегі қолдауына ие болуы жатты. Қазақ тарихында бұл екі хан ұлттық сипаттағы қазақ мемлекетінің негізін қалаушы ретінде қалып отыр.
Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуінің себептері мен оған түрткі болған оқиғалар, бөлінудің болған уақыты және бөлініп кеткендердің сан мөлшеріне қатысты мәселелер арнайы қарастырылды.
XX ғасырдың басына дейін бөлінудің себептері жөнінде пікір айтқан тарихшылар Мұхаммед Хайдар Дулатидің мәліметін баяндаумен ғана шектелсе, алғаш рет Ш.Құдайбердіұлы Ақжол бидің өліміне қатысты тарихи әңгіменің дерегін негізге алады. М.Тынышпаев та бөлінудің себебіне осыған байланысты Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханға өкпелеп кетуін жатқызады. А.А. Семенов бұл мәселені тереңірек қарастыра келе, «Әбілқайыр ханның қуатты көшпелі хандық құру жолындағы жеңістері көшпелілердің әр түрлі көшіп кетулеріне әкеліп соқтырды», - дей келе, Әбілқайыр ханның жеңістері көшпелі тайпалардың қысқы және жазғы жайылымдарды пайдалану тәртібінің бұзылғанын, « ... бір-біріне туыс келетін Шибан ұлысы мен Орда Ежен Ұлысы тайпалары арасында жаулық қатынастарды қалыптастырды», - деп тұжырымдайды. Т.И.Сұлтанов бөлінуге себеп болған мынадай жағдайларды атап көрсетеді:
1) әулет аралық және өзара тартыстар;
2) билеушілердің жеке теріс қасиеттері;
3) ханның кек алуынан қорқу;
4) хан шенеуніктерінің озбырлықтары;
5) салықтар мен феодалдық міндеткерліктердің күрт өсуі және тағы басқалары. Ал К.А.Пищулина болса, бөлінудің себептеріне «ортағасырлық Қазақстан тұрғындарының шаруашылық, әлеуметік, саяси және этникалық дамуын» жатқызады. Біз бөлінудің жоғарыда атап өткен осы себептеріне қоса, мемлекетті басқару мен билікті мұраланудағы қыпшақтық дәстүр мен монғолдық дәстүрлердің өара күресін, этносаяси процестердегі руханилық фактордың рөлін жатқызамыз.
Бөлінуге қозғау салған немесе түрткі болған оқиғаға 1457 жылғы Әбілқайыр ханның Сығанақ қаласы түбінде қалмақтар көсемі Үзтемір тайшыдан жеңілісіне байланысты «көшпелі өзбектер» ханының ордаежендік тайпаларға қахарының төнуі жатты. Сығанақ түбіндегі шайқастан кейінгі жағдайды «Тарих-и Абулхайрхани» авторы: «... Әбілқайыр хан ... халқы мен ұлысын жиды, мемлекет пен қоластындағылардың істерімен айналысты, әскерін тәртіпке келтірді», - деп жазса, «Тарих-и Рашиди» еңбегінің авторы Мұхаммед Хайдар Дулати «... Жошы әулетінен шыққан кейбір сұлтандар одан келер бір пәленің исін сезіп қалып, оны болдырмауға тырысты», - деп бөлінуге түрткі болған жағдайды нақты баяндайды.
Керей мен Жәнібек хандардың бөлінуіне қатысты мәселеде маңызды сұрақтардың біріне – бөлінудің болған уақыты жөніндегі мәселелер жатады. К.А. Пищулина бөлінуді «XV ғ. 50-ші жж. екінші жартысында болған», - деп санаса, Т.И.Сұлтанов оны 1458-1460 жж. жүзеге асқан деп есептейді. Ол өз ойын былайша негіздейді: «Керей мен Жәнібек ... Моғолстанға Есенбұғаның тірі кезінде келді, Есенбұғаның 866 (1461-1462) жылы қайтыс болғаны белгілі. Олай болса, көшіп кету оған дейін болған. Дерек мәліметтері Керей мен Жәнібектің Моғолстанға көшіп келуін темірлік Әбу Сайдтың Шираздан Жүніс ханды шақырған және оны Есенбұғаға қарсы пайдалану үшін Моғолстанға әскермен жіберген уақытымен сәйкес келетінін көрсетеді. Әбу Сайдтың Жүніс ханды Гератта қабылдауы 863 (1458-1459) жылы Хорасанды бағындырғаннан кейін болғаны белгілі, ал Жүніс пен Есенбұға арасындағы өзара күрестер аз дегенде 1,5-2 жылға созылған. Соған қарап көшіп кетудің уақытын ... 864 (1459-1460) жылдар деп санауымыз керек».
Осы жерде мынадай мәселені нақтылау өте маңызды. Ортағасырлық жазба деректердің мәліметтері Әбу Сайд мырзаның Герат қаласын екі рет иеленгендігін хабарлайды. Әбу Сайд мырза Гератты алғаш рет 1457 жылы 2 қазанда, түпкілікті түрде 1458 жылдың 16 желтоқсанында иеленді. Сонда ол Жүніс ханды Шираздан Гератты нешінші рет иеленген кезінде алдырған деп есептеуіміз керек? Екі тарихи оқиғаның арасында 15 айдай уақыт бар. Сол тұстағы тез өзгеріп жатқан оқиғалар үшін бұл көп уақыт және осы аралықта көп нәрсе тез өзгеруі мүмкін.
Біз осы жылдардағы оқиғалардың барысы мен Жүніс ханның өміріне қатысты нақтыланған даталарды бір-бірімен салыстыра, толықтыра келе, Әбу Сайд Гератты алғаш иеленгеннен кейін Жүністі алдырған деп есептейміз. Оған мынадай фактілер негіз болады: а) Жүніс ханның жасы сол кезде (Гератқа алдыртқан кезде – Б.К.) 41-де болатын. Оның 1415-1416 жылы туылғанына қарап, оқиғаның 1457 жылы болғанына көз жеткіземіз:
1) Әбу Сайд Гератты екінші рет алғанға дейін Самарқанға қайтып оралмай, Амударияның сол жақ бетіндегі Балхта болған. Оның мұндай қадамға баруына 1457 жылдың 2 қазанынан кейін Жүністің Моғолстан жаққа келуі үлкен жәрдем береді.
2) Жүністің тұңғышының 1458 жылдың жаз-күз айларында дүниеге келгеніне қарап, ол 1457 жылдың 2 қазанынан кейін Моғолстанға келген және сол мезгілде Құнжы тайпасы әмірінің қызы Исан Даулат бегімге үйленген. Міне, осындай дәлелдеулер Жүніс ханның Моғолстанға 1457 жылдың күз айларының соңында келгендігін айғақтайды. Керей мен Жәнібектің Моғолстанның батысына келуі Жүністің келуімен бір мезгілде жүзеге асқандығына қарап, көшіп келу – 1457 жылдың күзінің соңында болған деп санаймыз.
Моғолстанға көшіп келген Керей мен Жәнібек адамдарының сан мөлшеріне келсек, «Тарих-и Рашиди» авторы ол жөнінде «аз ғана топ» деп жазады. Т.И.Сұлтановтың көрсетуінше, XVI ғ. бір қазақ ұлысында 60 мыңдай адам болған. 5-7 ұлыстан ірі ұлыс құрылып, ондағы адам саны 300-400 мың адамға жеткен. Қасым хан тұсында Шығыс Дешті Қыпшақтың халқы 1 млн. болса, Әбілқайыр хан тұсында да бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақтың тұрғындарын осыған жақындау болған деуге болады. «Көшпелі өзбектердің» үштен бірі ордаежендік тайпалар болып, олардың саны 300 мыңдай болған. Керей мен Жәнібектің соңына ерген тайпалар билеуші әулетке жақын тайпалар болып, алғашында Моғолстанға әулетке жақын тайпалар келеді. Біз олардың сан мөлшерін шамамен 100 мыңдай адам болған деп санаймыз. Кейін басқа да көшіп келушілердің есебінен олардың саны 200 мың адамға жетеді.
Қазіргі күнде Қазақ хандығының құрылған жылына байланысты пікірлер өте көп. Оларды жинақтасақ, бірнеше топтың бар екендігіне көзімізді жеткіземіз:
1) 1455-1456 жылдар;
2) 1465-1466 жылдар;
3) 1470-1471 жылдар;
4) XV-XVI ғасырлар шені мен XVI ғ. 30-40 жж.
Қазақ хандығы 1455-1456 жылдары құрылды деген пікірді жақтаушылар В.В. Вельяминов-Зернов еңбегіндегі материалға жүгінеді. Ғалым «Тарихи Рашиди» мәліметін аудара отыра, «Сол заманда Дешті Қыпшақта Әбілқайыр хан билікті жүргізіп тұрған еді», - деген мәліметіне қосымша ретінде (860=1456 жыл) деп түсініктеме береді. Кейінен бұл жылды тарихшылардың бір бөлігі Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлінген және Қазақ хандығының құрылған жылы деп қабылдайды. Екінші топтағы пікірлерге «Тарихи-Рашиди» мәліметі негіз болып отыр. В.П. Юдин, Т.И. Сұлтанов 1465-1466 жылы Қазақ хандығы құрылған деген дерек мәліметінің шамамен айтылған, өте дәл мерзім емес екендігін дәлелдеп көрсеткен болатын Үшінші пікірді Т.И. Сұлтанов негіздейді. Біздің ойымызша, оның көрсетіп отырған 1470-1471 жылы Қазақ хандығының құрылған жылы емес, аяқталған жылы.
Төртінші топқа А.А. Семенов пен С.К. Ибрагимовтың пікірлері жатады.Бірінші автор Керей мен Жәнібектің бөлінуін аса маңызды оқиға емес, көшпелілер өміріндегі қарапайым оқиғалардың бірі деп санап, Қазақ мемлекетінің бастауын XV-XVI ғғ.шенінде Шайбани ханның өз жақтастарымен Дешті Қыпшақтан біржолата кетуімен байланыстырады. Ал С.К. Ибрагимов болса, Қазақ хандығының құрылуы XVI ғ. 30-40 жж. жүзеге асқан деп санайды да, өз ойын былайша негіздейді. Алғашында жекелеген қазақ феодалдарының иеліктері пайда болып, XVI ғ. 30-40 жж. олардың бірігуі нәтижесінде Қазақ хандығы қалыптасады. Осы екі автордың пікірлері тарихнамада қолдау таппады.
Енді хандықтың құрылған жылына байланысты өз ойымызды білдірсек. Біз хандықтың құрылуын бір оқиғамен емес, бір тарихи желідегі оқиғалар тізбегінен тұратын тарихи процесс деп қарастырамыз да, тарихи процесті өз ішінде бірнеше сатыға жіктейміз. Бірінші сатыға – 1457 ж. күзінің соңы-қысының басы мен 1458 жылдың көктемі аралығы жатады. Осы аралықта бөлініп кету мен Моғолстанның батысына көшіп келу және Керейдің хан болып сайлануы жатады. Екінші сатыға – 1458 ж. көктем айларынан – 1461/62 жылға дейінгі, яғни Есенбұға хан қайтыс болғанға дейінгі аралық жатады. Есенбұға ханның мұрагері Досмұхаммед ханның тұсында Моғолстанның ішкі саяси жағдайы күрт нашарлап, оның батыс бөлігіндегі Қазақ хандығының іргесі беки түседі. 1469 жылы Досмұхаммед хан, Әбілқайыр хан және темірлік Әбу Сайд мырза хан қайтыс болады. Соңғы саты 1469-1470/71 жылдар аралығын қамтып, Қазақ хандығы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы шибанилық әулеттің билігін жояды да, түпкілікті түрде өз билігін орнатады. Міне, осы датаны Қазақ хандығы құрылуының аяқталған жылы деп есептейміз.
Қазақ хандығының құрылуының тарихи маңызы өте зор. Қазақстан аумағындағы этноүрдістер Қазақ хандығының құрылуымен жаңа сатыға, ұлттық сипатқа ие болады. Жаңа этнос «қазақ» атауына ие болады. Қазақ хандығының құрылуымен Шығыс Дешті Қыпшақ атауының орнына «Қазақстан» - ұғымы қалыптасады. Қазақстан тарихындағы Қазақ хандығы дәуірінің басталуы да, аталуы да Қазақ хандығының құрылуымен байланысты. Жалпы, Қазақ хандығының құрылуы – Қазақстан аумағындағы этносаяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани және мемлекеттілік дамулардың заңды қорытындысы болып саналады, әрі XV ғасырдың ортасынан бастап жаңа тарихи дәуірге негіз қалайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет