Білім берудің негізгі мақсаты – білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әр түрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Инновациялық әдістердің ең негізгісінің бірі – интербелсенді оқыту әдісі. Негізгі қағидасы – педагогикалық қарым-қатынас диалогы арқылы жеке тұлғаны қалыптастырып дамыту. Әлемдік деңгейдегі білім берудің қазіргі қағидасы: білім беруді нәтижеге бағдарлау, оқытуды оқушының жеке тұлғасына бағыттау, ал оқыту әдістерін тұлғааралық қарым-қатынастарға бейімдеу болып отыр. Демек оқушы білімді дайын күйінде мұғалім түсіндірмесінен алмай, өзінің өмірлік тәжірибесіне сүйену арқылы танымдық «жаңалық» ашып, шығармашылық тапсырмаларды орындау негізінде әртүрлі өнімдер жасауы тиіс. Нәтижесінде оқушының дүниетанымы кеңейіп, өзіндік пікірі мен көзқарасы қалыптасуы керек.
Интербелсенді – ағылшынның «өзара әрекет» деген сөзінен шыққан. Ол оқыту процесінде оқушыларды бірігіп белгілі бір мәселені шешуге, белгілі бір әрекетке өз жауапкершілігін сезініп, белсенді болуға және осы кезде өз қиялын, ой-өрісін, шығармашылығын көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен бірге бұл әдіс оқушыларды топ болып, бірігіп жұмыс жасауға, жұмыс жасай отырып, өзгелерге көмек көрсетуге үйретеді. Сонымен қатар бұл ұғым тәсіл ретінде төмендегідей талаптарға сай келеді.
- Ақпаратты терең игереді, өйткені оны ой елегінен өткізеді.
- Оқушы өзін-өзі еркін және ыңғайлы сезінетін өрісті қалыптастырады.
- Оқушының жеке тұлғасына тікелей әсер етіп, танымдық, шығармашылық қабілетін оятады.
- Топ оқушыларымен жасалатын жұмысты түрлі формада (жұптық, топтық, ұжымдық) өткізуді қамтамасыз етеді.
- Ойлауды белсендіреді.
- Ынтымақтастықпен әрекет етуге үйретеді.
- Тыңдау дағдысын қалыптастырып, өзгені тыңдай алады.
Интербелсенді әдістерге жататындар:
- проблемалық шығарма әдістері;
- пікірталастар;
- топпен жұмыс;
- миға шабуыл әдісі;
- инсерт әдісі;
- викториналар;
- шағын зерттеулер;
- іскерлік ойындар;
- сауалнамалар жүргізу әдісі;
- кейс-стадий әдісі;
- презентациялар; т.б.
«Дүниетану» пәні оқушыларға қоршаған ортаны, түрлі қоғамдық және табиғи үдерістер мен құбылыстарды толық, өзара байланыста танып-білуге мүмкіндік береді. Олардың қызығушылығын оятып: Біз кімбіз? Қайдан келдік? Қайда тұрып жатырмыз? Бізді не қоршап жатыр? Біздің өткеніміз бен келешегіміз қандай? – деген сұрақтар аясында ойлануына мүмкіндік береді.
Баланың қоршаған өмірге қызығуы болса, ол өзін қызықтыратын құбылысты бақылауын күшейтеді, өзінше оны ойлап байқайды, осыған байланысты өзінше шешім шығаруға тырысады. Осындай іс-әрекет барысында қызығу өз-өзінен дамиды және баланың ақыл-ойы дамуына әсер етеді.
Қызығудың тағы бір ерекшілігі, оның әсерінен іс-әрекет сипаты тез өзгереді. Қызығу бар кезде іс-әрекеттің жақсы нәтижесі ғана қамтамасыз етіліп қоймай, оның сипаты тұтастай өзгереді: белсенді, дербес жан-жақты, шығармашыл, тереңдетілген және т.б.
Алда тұрған негізгі міндет – бала үшін қызықсызды қызықтыға айналдыру. Осылай жасағанда ғана оны өзі-ақ орындайтын болады. Бұл жағдайда оған қиыншылықты жеңу оңай болады. Оны жеңу балаға қуаныш әкеледі, өз күшіне сенім ұялтады.
«Дүниетану» пәні арқылы оқушылар өзі, өз үйі мен отбасы туралы ой қозғаудан бастап, қоршаған ортаның, дүниенің сырларын да түсіне бастайды.
«Дүниетану» пәнін оқыту:
оқушыларда өзіндік, қоғамдық және ұлттық сана мен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырады;
оқушыларға қоршаған ортасы туралы ғылыми негіздерді меңгере отырып, тарихи, географиялық тұрғыдан ойлауын дамытады;
оқушылар қазақстандық қоғам және өзін қоршаған әлеуметтік ортаның барлық деңгейі: өз үйі, отбасы, жергілікті және ұлттық қоғамдастық туралы білімді меңгереді;
оқушылар Қазақстан географиясының негіздерін, оның ландшафты және табиғи жағдайы туралы біледі;
Қазақстанның және бүкіл әлемнің өткен және бүгінгі күн оқиғалары, олардың себептері, өзгерістері, сабақтастығы, ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы білім қалыптастырады;
өткен замандағы оқиғалардың қазіргі әлемнің қалыптасуына және бүгінгі таңдағы оқиғалардың болашақтың қалыптасуына қандай әсер тигізетіні туралы түсінеді;
адамның тіршілік әрекетінің қоршаған ортаға тигізетін әсері туралы біліп, оның тұрақты болашақтың дамуына қажеттілігін түсінеді;
оқушыларда өз халқының және өзге халықтардың мәдениеті, дәстүрін сыйлай білу, ұлттық және жалпы адами құндылықтарды құрметтеу сезімі қалыптасады, олар адамдардың құқықтары мен міндеттерін түсінеді;
қоғамдық тәртіп нормаларын біледі, оларды ұстану қажеттілігін түсінеді және әлеуметтік ортада қауіпсіздік тәртіп ережелерін сақтай білумен танысады;
адамгершілік қасиеттерді, толеранттылықты қалыптастырады;
«Дүниетану» пәнін оқыту арқылы тарих, география және қоғамтану ғылымдары бойынша оқушылардың алғашқы білімдері мен түсініктерін қалыптастыруға ықпал ететін ойлау дағдыларын дамытады.
«Дүниетану» пәнінің мазмұны: отбасы, қоғам, қауымдастық, ұлт, мемлекет, қарым-қатынас, елді мекендер, климат, ландшафт, табиғи және техногендік апаттар, мәдениет, дін, денсаулық және т.б қоршаған ортаның негізгі аспектілерін қамтиды.
Достарыңызбен бөлісу: |