ҚазҰТУ-да Наурыз мерекесі тойланды
Сәулесі бар наурызда таңғы лептің,
Басын қосқан сан халық, сан ғұрыптың.
Ұлыстың ұлы күнін паш етейік,
Белгісін достық пенен мәңгіліктің!
Сауын айтып, көрісіп жыл басына,
Жыл құсы қаламызға жыр шашуда.
Алматы жайнап кетті жастарымен,
Құт қонғандай Сәтбаев ордасына!
Бұл жыр жолдары Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық
университетінде өткен Наурыз мерекесінде жүргізушілердің жыр
жолдарынан үзінді. Күн мен түннің теңелер, ақтың молаяр, табиғаттың
түрленер шағы наурызды қарсы алу мерекесі ҚазҰТУ да да аталып өтті.
Бас оқу ғимаратының алаңында өткен осынау мереке Ұлыстың ұлы күніне
арнайы шақырылған меймандармен қатар, университет ректоры,
проректорлары, институт директорлары, ҚазҰТУ ұжымы мен студенттер
қатысты.Университеттің бишілер тобымен «Фанфар үні» биімен ашылған
мереке, «80» композициясының 90 қыздан құралып, 80 санын көпшілікке
көрсетумен жалғасты. Биылғы ҚазҰТУ-дың 80 жылдық мерейтойын осылай
бейнелеген студенттер әннен шашу шашып, жырдан маржан тізді.
80-жыл ҚазҰТУ-ым бел асқалы,
Білімнің ұлағатқа ұласқаны.
Ұлы тойға бүгінгі сыйы болар,
Жайнатып, әз Наурыздың гүл ашқаны...
«Аластау» композициясында кимешек киген әжелер қазақы ырым бойынша:
«Алас, алас, пәледен қалас,
Жамандық батқан күнмен, аққан сумен кетсін!
Алас, алас!
Жақсылық арайлы күнмен,
Көктемгі гүлмен келсін,»– деп айналаны аластады. Бұл да бір қытымыр
қыстан кейінгі, ата-анадай елжіріп, жылуымен құшақ жая келген көктем
мезгіліне, наурыз мерекесіне деген құрметтің бірі болса керек.
Наурыз күні Қыдыр атаның үй-үйді аралап, адамдарға дәулет пен береке,
ырыс дарытып, бағына жол ашатын күн. Киелі Қыдыр атаны қарсы алу рәсімі
бүгінгі наурыз мерекесінде де көрініс тапты. Түйеге мінген Қыдыр ата мен
атқа қонған қыз-жігіттер құрылған сахнаның оң қанатына жайғасты.
Көпшілікке ақ батасын берген Қыдыр баба елімізге, жерімізге құт-береке
мен амандық тіледі.
Осыдан кейін сөз алған академик, ҚазҰТУ ректоры Жексенбек Мәкейұлы
Әділов: «Құрметті қонақтар әріптестер, студенттер! Баршаңызды Ұлыстың
ұлы күні ұлттық мейрамымыз Наурыз мерекесімен шын жүректен
құттықтаймын. Наурыз–тарихы мазмұны терең, халықтың салт-дәстүрімен
байланысты, әлеуметтік рухани маңызы зор мейрам. Наурыз халықты тек
бірлікке, жаңаруға, жақсылыққа, бірлікке бастайды. Осы құндылықтар
ұлттық идеялар негізін құрайды. Елбасы айтқандай: «Біздер қазақстандықтар
бір халықпыз. Біз үшін ортақ тағдыр, ортақ мүдде–мәңгілік ел. Ортақ
шаңырағымыздың ұлттық идеясы». Бабаларымыздың арманы биыл наурызды
жалпы ұлттық көлемде тойлағанымызға 25 жыл толып отыр»– деген ректор
көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтап, биылғы ҚазҰТУ-дың 80 жылдық
мерейтойы мен оқу орнының жетістіктеріне тоқталып өтті.
Ректор Ж. Мәкейұлының сөзі Қалдыбаева Арайдың орындауында
тамылжыған әсем ән «Әриайдаймен» жалғасты. Наурыз мерекесінде
орындалған күмбірлеген «Көңіл ашар» күйі де, қыздар тобының
орындауындағы «Сәлем саған туған ел» әні де, өзге ұлт өкілдерінен құралған
«Достық» композициясы да, басқа да думанды іс-шаралар жиналғандар
көңілін шаттыққа толтырды. Университетте оқитын 6 өзге ұлт өкілдерінің
студенттері–наурызға жүрекжарды тілектерін өз тілдерінде жеткізді.
Наурыз мерекесіне «Ақан Сері–Ақтоқты» қойылымдық композициясы қыз-
жігіттердің шебер орындауымен ерекшеленді. Университет наурызына қонақ
ретінде әннен шашуын арқалай келген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі
Бағдат Сәмединова жұртшылық көңілін әсем сазды әнге бөледі.
Университеттің бас ғимаратының алдына тігілген «Сәтбаев ауылы»,
«Байқоңыров ауылы», «Жастар ауылы» деп аталатын ақшаңқан киіз үйлерде
бұл күні ет асылып, дастархан жайылып, көпшілікке наурыз көже таратылды.
ААО