ҚазҰТУда «Ерлігі жүрегінде елінің» атты Зейнеп Ахметовамен кездесу
өтті
Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде
танымдық орталық ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Ерлігі
жүрегінде елінің» атты 9-мамыр Жеңіс күніне арналған патриоттық-тәрбие
кеші болды. Бұл кездесудің басты қонағы, студент қауым көптен күткен
апайымыз– Б.Момышұлы келіні Зейнеп Ахметова. Аталмыш шараға Тәрбие
ісі жөніндегі проректор Гүлнәр Сәрсенбекова, Қазақ тілі кафедрасының
меңгерушісі, профессор Гүлбаршын Тұрсынқызы, «РАС» газетінің бас
редакторы Марат Әбдіхалық, Қазақ тілі кафедрасының аға оқытушысы
Аспандияр Әденұлы қатысты.
Кездесуді жүргізіп отырған модератор Аспандияр Әденұлы
Б.Момышұлының ерлігі мен өмірі, көзсіз батырлығы мен шығармашылығына
тоқтала келе, сөз кезегін Тәрбие ісі жөніндегі проректор Гүлнәр
Сәрсенбековаға берді.
«Құрметті оқытушылар мен студенттер»,–деп өз сөзін бастаған проректор
бұл кездесу кешінің өте маңыздылығына тоқталды. Себебі, ерлік пен тәрбие
көрсете білген, ұлттың ұрпағы Батыр атамызға арналып отыр. Ерлік елге
мұра, ұрпаққа ұран. Екінші дүниежүзілік соғыста қан майданда қайыспай
қара нардай текті ұлт ұлының ерлігі қашанда ұрпағына үлгі. Даңқты
жауынгер, халық жазушысы, қазақтың Бауыржан Момышұлын таныстырып
жатудың өзі артық. Оның мірдің оғындай қанатты сөздері ел аузында.
«Ерлік–тәрбие жемісі», «Алтын басты болсаң да, ардан артық емессің»,
«Кішіпейілділік–адамгершілік көркі», «Әр адамның мінезі–астындағы
тұлпар» т,б сөздер тәрбие құралындай ұрпақтан ұрпаққа жетуде.
Туған елін
жаудан қорғауда университет түлектері, ұстаздары, қызметкерлері ерліктің
үлгісін көрсетті. Ұлы Отан соғысының алғашқы айында университеттің Тау-
кен-металлургия институтынан 22 оқытушы, 200-дей студент және 3 қыз-
меткер майданға аттанды. Осы Отан үшін жанын берген, Ел тыныштығы
үшін қан майданда қан кешкен жауынгерлеріміздің рухына арнап, Жеңістің
70 жылдығында ҚазҰТУ-да даңқ мемориал тақта орнатылады деп
жоспарлануда»– деді проректор. Ғылыми кітапхана қызметкері Гүлнәр
Кабирова жиналғандарға Батыр атамыз Б.Момышұлының өмірбаяны мен
шығармашылығына шолу жасады.
Бұдан кейін сөз алған Кеңес Одағының Батыры, даңқты жауынгер, халық
жазушысының келіні, қазақ келіндерінің ғажап үлгісін көрсете білген Зейнеп
Ахметова Батыр атасы жайлы қызықты да, тартымды әңгіме өрбітті.
«Айтулы мереке қарсаңында мені сыйлап шақырып, елеп, ескеріп жатқан ұл-
қыздарым өздеріңе айтар алғысым мол. Қай кезде де қандай білім ордасы
болсын жастар шақырғанда қалмауға тырысамын. Аталарыңның өмірі мен
ерлігі жайлы аз да болса, көңілдеріңе жақсылық тоқи алсам, үмітімнің
ақталғаны. Әлбетте, Зейнеп апаларыңның қазақтай киелі кемеңгер, текті ұлы
елдің өзге келіндерінен еш айырмашылығы жоқ. Өзге бір қарапайым
қазақтың бірінің келіні болсам, менің істеген тірліктерім сол келіндердің
тіршілігінің бірі болар еді. Менің өзге келіндерден айырмашылығым да,
ерекшелігім де –Ұлы тұлғаның, даңқты қолбасшының, Батыр атамның келіні
болғанымда. Бұл мыңның біріне бұйыра бермейтін бақыт. Алла маңдайыма
алты алаштың ардақтысына келін болуды бұйырғанына өзімді бақытты
санаймын. Қазақтың намысын ту ғып көтерген, ұлтының қамын жеген ұлы
атамыздың халқына, еліне, жеріне деген керемет сезімдері маған да дарыды.
Ұлы адамның қолына су құйып, үлгі-өнегесін алдым. Шешемнің
университетінен өтсем, Атамның академиясынан өттім. Атам өз
қаталдығымен көбірек жылатса, азырақ күлдіретін. Мүмкін бойымнан бір
ұшқынды байқап, қанаттана, жігерлене түссін, ширасын деген ниеті болар
деп ойлаймын қазір. Расында атамыз өте қатал болатын. Қаталдықтың ар
жағында үлкен тәрбие жататын. Қаталдық пен қатыгездікті шатастыруға
болмайды. Атам сияқты басы ноқтаға түспеген адамға келін болу үлкен
жауапкершілік. Атақты адамдардың бәрі нысанада тұратын жандар.
Олардың қайғысы қабырғасының астында тұрады. Атамның кейде «көзіме
қарап айт» деп жекірген кездері шынында ол кісінің көзіне қарау деген –
лапылдаған отқа түсіп кетумен бірдей еді. «Сондай ұлы адамның келіні
қандай екен» деген ой кім-кімнің де көкейінде тұрары ақиқат. Сондықтан,
халық мені қалай көргісі келсе, мен де соған лайық болуға тырыстым.
Атаның аузынан шыққан сөздерін көзі тірісінде қағаз бетіне түсіре бердім.
Кейде маған журналистер «Зейнеп апа, сіздің қандай атақтарыңыз бар?» деп
сұрайтыны бар. Атағы несі? Мен үшін атақтың ең үлкені де, абыройлысы да
«Баукеңнің келіні» деген үлкен жауапкершілігі жоғары мәртебелі атақ,»–
деген Зейнеп апа ағынан жарылды.
Студенттер мен оқытушылар Батыр атамыз жайлы өздерін қызықтырған
түрлі сауалдарға жауап алды. Бұл қызықты кеште Тау-кен металлургиялық
институтының 1курс студенттері Батырдың бейнесін сомдаса, «Ағаларым»,
«Жаса қазағым» әндерімен шашу шашылды.
Бауыржан Момышұлы – ержүрек батырлығымен қатар, көрнекті жазушы.
Шығармаларын қазақ және орыс тілінде жазған. Алғашқы кітабы «Офицер
күнделігі» деген атпен жарық көрсе, одан кейін «Бір түннің тарихы», «Біздің
семья», «Москва түбіндегі шайқас», «Майдан», «Генерал Панфилов», «Куба
әскерлері», «Адам қайраты» тағы басқада әңгімелері мен повестер
жинақтары оқырманға жол тартты. Ол сондай-ақ, әңгіме, повестермен қатар
өлең толғаулар да жазған.
Атасынан жазушылық қабылет жұғысты болған Момышұлы келіні Зейнеп
апамыздың да оқырман жүрегіне жол тапқан «Шуақты күндерінен» кейін
«Бабалар аманаты» атты жаңа кітабын оқырман жылы қабылдады.
Халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, батыр
атамыздай тектінің тұяғы, батырдың жалғыз ұлы — жазушы Бақытжан
Момышұлының жары Зейнеп апа бұл кітапты ұзақ жылдарғы күнделік
негізінде жазған. Зейнеп апа осыдан отыз-қырық жыл бұрынғы оқиғаларды
күні кеше ғана өткендей етіп, көз алдыңызға келтіріп, сондағы Момышұлы
шаңырағында айтылған әңгіме, шертілген сырды шебер шешен тілмен
баяндайды
.
Бүгінгі кеште Кәсіптік білім беру мамандығы 3курс студенттері Әбдірайым
Балнұр, Темірбек Әсел, Өмір Назымдар жиналғандарға «Бабалар аманаты»
кітабының бөлімдеріне шолу жасады. Батыр атамыздың келініне шапан
жабылып, сый құрмет көрсетілді.
Иә, бабалар ерлігі ешқашан өлмейді. Жылдар өте ұрпаққа аңыз бен ақиқат
болып жаңғыра берері сөзсіз. Ал, Бауыржан Момышұлыдай алыптар бейнесі
уақыт өте Алатаудай асқақтап, биіктей беретіні ақиқат.
ААО