Б. Б. Жахина «Жоғары мектеп әдістемесі»


-дәріс Метод ұғымы жайында түсінік. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылыми-зерттеу методы



бет19/30
Дата10.02.2023
өлшемі0,85 Mb.
#66910
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   30
5-дәріс
Метод ұғымы жайында түсінік. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің ғылыми-зерттеу методы.

I. Метод – оқыту мен тәрбиелеу процесінде жиі қолданылатын тұрақты термин. Ол грек тілінен ауысқан. Оның әуел басындағы ұғымы, мағынасы «metodos» – зерттеу дегенді білдіреді. Кейін сол тар көлемдегі мағынасында қалып қоймай, белгілі бір шындықты танудың және сол таңылған шындықты оқытудың амалы дегенді білдіретін болды. Ғалым Д.Н.Ушаковтың сөздігінде де, метод – бір нәрсені теориялық зерттеудің немесе соны практика жүзінде іске асырудың жолы, тәсілі деген анықтама беріледі.


Жалпы, метод деген ұғым атауы көп мағынаны береді. Қолдану мақсатына қарай әр түрлі ыңғайда түсінуге болады. Бірақ оның негізгі қызметі – зерттеу. Осыған орай, белгілі бір ғылым салаларын үйретуге және ол жайында жаңалық ашуда қолданылатын зерттеп-білу жолының амалын немесе оның ғылыми мазмұнын үйретудің тәсілдерін – метод дейміз. Кез келген ғылыми зерттеудің сол ғылымға лайықты методтары болады. Ол ғылым тілінде сол пәннің, сол саланың методологиясы деп аталады.
II. Басқа да ғылымның түрлері сияқты қазақ тілін оқыту методикасы ғылымының да ғылыми-зерттеу методы бар. Оның мақсаты – қазақ тілін оқыту методикасын жан-жақты танып білу және заңдылықтарын ашу.
Жалпы, ғылыми-зерттеу жұмысы үш түрлі жағдайда жүзеге асырылады.
1. Кезекті материалдарды жинау;
2. Жинастырылған материалды талдау, салыстыру;
3. Жиналған материалдардың негізінде теориялық тұжырымдар, қорытындылар жасау.
Қазақ тілін оқыту методикасы ғылымының зерттеу әдістерінің белгілі бір
жүйесі бар. Ол қазіргі қазақ тілінің жаңалықтарын, педогогика-психология ғылымдарының жаңалықтарын ескеріп отырады. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, қазақ тілін оқыту методикасы ғылымының ғылыми ерекшеліктеріне сай, заңдылықтарына сай, теориялық материалдарына сай ғылыми-зерттеу методтары бар.
Ғылыми-методикалық әдіс-тәсілдерді талдау және зерттеу әдісі
Бұл әдіс пән мұғалімдерінің күнделікті жұмыс жоспарын жасауда сабаққа сауатты, тыңғылықты дайындалуымен тығыз байланысты. Себебі, пән мұғалімдері қазіргі тіл ғылымы, педагогика-психология, қоғамда болып жатқан өзгеріс, жаңалықтар үнемі бақылап отыруы, әрі бұрынғы ғылыми-методикалық мұраларын салыстырып отыруы тиіс.
Мысалы:
а) Жылдық жоспар жасау алдында міндетті түрде қазақ тілінің типтік бағдарламасын, оқулығын зерттеп, талдау жасауы тиіс.
ә) Немесе берілген терминдердің анықтамасын тақырыпты ашатындай дәрежеде берілуін қадағалай алуы тиіс.
Оқыту әдістемесі – педагогиканың күрделі саласының бірі – дидактика тарауында қаралады. Дидактика /оқыту теориясы/ гректің didaktikos - оқытамын деген сөзінен шыққан. Дидактиканың негізгі проблемалары оку процесінің зандылықтарын, принциптерін және оқытудың тиімді әдістемелерін көрсетеді.
Мысалы, «Дидактика средней школы» /Москва, «Просвещение», 1975 г. 146 стр./ деген еңбекте И.Я.Лернер, М.Н.Скатин оқыту әдісінің бес түрін көрсетеді. 1. Объяснительно-иллюстративный или информационно-рецетивный. 2.Репродуктивный. 3.Проблемное изложение. 4.Частично-поисковой или эвристический. 5. Исследовательские – оқытудың бес түрлі әдісіне тоқталса, Г.А.Ильина «Педагогика» еңбегінде оқыту әдістемесінің 4 түріне тоқталады. Ал академик Ю.К.Бабанский де осындай оқыту әдістерінің түрлеріне тоқталып, оны оқытушының шығармашылық еңбегінің нәтижесі деп көрсетеді.
Ә.Исабаевтың «Қазақ тілін оқытудың дидактикалық негіздері» деген 1993 жылғы еңбегінде қазақ тілінен білім беру әдістерін: практикалық жақтан үйрету әдістері, теориялық жақтан үйрету әдістері және теориялық-практикалық үйрету әдістері деп жіктеп, оларды ішінара бірнеше әдістерге топтастырады.
Оқытудың теориясын зерттеген ғалымдар ғылыми еңбектерінде оқыту әдістерінің анықтамасын былай берген. И.Д.Зверев: «Оқыту әдістері дегеніміз – мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің барысында білім алу жолдары», - десе, Ю.К.Бабанский: «Оқыту әдістері дегеніміз – мұғалім мен оқушылардың өзара әрекетінің негізінде білім, тәрбие және таным процесін жетілдіру», - дейді. Д.Әлімжанов, Ы.Маманов өз еңбектерінде: «…Қазақ тілін оқыту әдістемесі – казақ тілін оқытудағы мұғалімдердің озық тәжірибелерінің қорытындыларына негізделген оқыту әдістерінің жиынтығы туралы ғылыми пән», - деген.
Профессор Ә.Исабаев: «Қазақ тілінен білім беру әдістері сан алуан. Осы әдістерді әдістемеде жіктеп көрсетудің мәні зор. Жіктеп көрсетуде, біріншіден, оқушыға берілетін білімнің сапасы артады, екіншіден, оқушымен жүргізілетін жұмыстың дәлдігі нығаяды, үшіншіден, мұғалімнің атқаратын жұмысы жеңілдейді… Оқушылар тілді практикалық-теориялық және теориялық-практикалық жағынан меңгереді. Қазақ тілінен білім беру әдістерін топтастыру әдістемесінің соңғы жетістіктеріне негізделеді», - дейді.
Нұржанова Ж. өзінің «Қазақ тілін тиімді оқыту жолдары» атты әдістемелік құралында оқыту әдістерін бес түрге жіктейді:
1. Түсіндіру әдісі. Бұл әдіске ауызша баяндау – түсіндіру, әңгі¬ме, сұрақ-жауап, лекция түрлері жатады.
2. Кітаппен жұмыс істеу әдісі: Мұғалімнің түсіндіргенін кітаптан қарау – анықтама, түсініктер, жоспар, конспект, тезис, газет, журнал, сөздікпен, т.б. жұмыстар.
3. Көрнекілік әдіс, экскурсия, таблица, сурет, схема, карточка пайдалану т.б.
4. Техникалық құралмен жұмыс істеу әдісінің бірі – демонстрациялық әдіс: экран бейнесі арқылы диафильм, кино, фрагмент, т.б, техникалық құралмен жұмыс істеу әдісінің тағы бір түрі: кодоскоп, эпидоскоп, компьютермен жұмыс, т.б.
5. Жаттығу әдісі, ауызша, жазбаша және суретпен жұмыс, тақтамен жұмыс, өз бетінше жұмыс, қайталау, пысықтау кезінде ұлттық ойын элеметтерін пайдалану жұмысы.
Баяндау әдісі. Қазақ тілінен оқушыларға белгілі тақырып бойынша берілетін білімді мұғалімдердің түсіндірудегі әрекеті – ауызша баяндаудан басталады. Мұғалімнің оқушыларға жаңа білімді баяндап айтып беруін – ауызша баяндау әдісі дейміз. Ауызша баяндау әдісі оқушылардың жас шамасына қарай, кысқа, не ұзақ баяндалуы мүмкін. Мұғалім күні бұрын өзінің баяндайтын сөзін ойланып алуы керек, егер бұрын баяндау жолына ысылмаған болса, мазмұндаманың жобасын жазып алғаны дұрыс. Ауызша баяндап, мазмұндап берудің үш түрі бар: әңгіме әдісі, түсіндіру /объяснение/, лекция түрі.
Әңгіме әдісі – жаңа материалды түсіндіргенде жүргізілетін әдіс немесе сұрақ-жауап әдісі. Қазақ тілінен жаңа материалды түсіндіру барысында ғылыми фактілерге, анықтамаларға сүйене отырып, сол тақырыптың шығу, не жазған авторлардан бастап әңгімелеу әдісімен түсіндіруге талаптанады. Оқушыларға сол материалды түсінікті, айқын, анық тілмен жеткізе отырып мазмұны баяндалады. Орта жастағы оқушы 10 минут, жоғары сынып оқушыларына 15 минуттей уақыт ішінде әңгіме сұрақ-жауап айтылады. Әңгіме әдісі – көбіне сұрақ-жауап арқылы диалогтық сөйлеу формасында жүреді. Мысалы, қазақ тілінен «сөз жасам», «сөз тіркестерін» өткенде, оқушыларды өздігінен іздендіру үшін сұрақтар қойғызып, оған жауап қайтарғызу, жауаптарының дұрыс-бұрыстығын оқушылардан сұрап түзеттіру арқылы жүргізіледі. Әңгімелесу түрлері жаңа материалды түсін-діргенде, білім жүйесін әңгімелеп, білімді қорытындылағанда, ауызша, жазбаша жаттығуларды тексергенде, өткен материалдарды қайталағанда, баланың оқып білгенін, саналы түрде меңгерген сәттерін білу үшін жүргізіледі. Әңгіме әдісін жақсы ұйымдастыру мұғалімнің шеберлігіне байланысты. Оқушылардың білімді түсініп, сабаққа белсенді қатысуы үшін әңгіменің эвристикалық түрі кеңінен қолданылды. (Эврико – грек сөзі – табамын, ашамын деген ұғымды береді). Қазіргі уақытта әр тақырыптың ережесін проблемалық ситуация туғыза отырып, оқушыға таптыру әдісі кең өріс алуда.
Әңгіменің нәтижелі болуы – сұрақты дұрыс, дәл, түсінікті қоя білуге байланысты. Мұғалім сұрақты дұрыс қоя алмаса, оқушылар да асып-сасып жауап бере алмайды. Оқушы қиналған кезде жетелеп сұрақтар беру мұғалімнің іскерлігін көрсетеді.
Түсіндіру әдісі – қазақ тілінен берілетін белгілі бір тақырыпты түсіндіруде мұғалім көрнекі құрал, таблица, т.б. құралдарды пайдалана отырып, сабақтың мазмұнын түсіндіреді. Түсіндіру барысында оқушылардың назарын аудара отырып, әр түрлі әдіс-тәсілді пайдаланып қызықты түсіңдірсе, оқушы сол тақырыпты ынталы түрде тыңдай отырып, сол проблемалық мәселені өздері шешуге талаптанады. Мысалы: 5-сыныпқа қазақ тілінен зат есім, сын есім, сан есімді түсіндіргенде сұрақ-жауап арқылы ережені, анықтамаларды оқушылардың өздеріне құратуға болады.
«Тіл мәдениеті» деген тақырып бар. Онда: «Мәтінді оқып шығып, тіл мәдениеті жайында айтылған аталы сөздің мәніне терең бойлаңдар. Тіл мәдениетін фонетикадан, лексикадан және грамматикадан алған білімдеріңнің қандай қатысы бар екендігі жөнінде өзара пікір алысасыздар, - деп келеді де мұғалім: Тілді қадірлеу дұрыс сөйлеуден басталады. Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке жетіп, жүйкені босатады. Адам мәдениетінің алғы шарты дұрыс сөйлей білу. Сөйлей білу де өнер. Тілін білмеген, түбін білмейді. Ондай адам күлдірем деп, күйдіреді, сүйсіндірем деп сүріңдіреді. Білдірем деп бүлдіреді, қуантам деп қуартады, келтірем деп кетіреді, жұбатам деп жылатады т.б.», - деп, лекцияны жалғастырып оқи береді. Сөйтіп, мектеп лекциясы жай темпте, көбіне қазақ тілінен өткен материалдарды қайталауда, не соған қосымша ретінде, не күрделі түрде лекция оқылуы арқылы тақырыпқа түсінік беріледі.
2. Кітаппен жұмыс әдісі.
Оқушыларға берілетін теориялық білім оқулық пен оқу құралдары бойынша жеткізіледі. Бұлқұралдар әрбір сыныптарға арналған оқу бағдарламаларына негізделіп жасалады. Мұғалім қазақ тіліне арналған материалдардың ерекшеліктерімен бірге оларға байланысты берілетін анықтамалар мен ережелерді оқытып, түрлі жаттығу жұмыстарын оқулық пен көмекші құралдар негізінде іскее асырады.
Әрбір сыныпқа арналған қазақ тілі оқулығы – оқушыларға тілден білім беретін негізгі құралы. Мысалы: А.Ысқақов, К.Аханов, Б.Кәтенбаеваның бірігіп жазған 5-сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығы /Қазақстан Республикасы Білім министрлігі бекіткен. Алматы, «Рауан», 1994 ж./ Қазақ тілінің жаңа бағдарламасына сай өңделіп, көп өзгеріспен жазылған оқулық. 5-сыныпқа қазақ тілінен сабақ беретін мұғалім осы оқу-құралымен жұмыс істейді. Осы кітаптың 154-бетіндегі «Болымды етістік пен болымсыз етістікті» түсіндіріп болған соң, оқушылар кітаптағы ереже таблицамен танысады.
Етістік тағы басқа тақырыптарды түсіндіруде, не түсіндіріп болғаннан кейін, пысықтау, қайталау сәттерінде оқушылар кітабын ашып оқып, жаттығу жұмысын ауызша не жазбаша орындайды. Оқушылардың оқу құралымен, не басқа әдеби кітаптармен жұмыс істеуі – өз бетінше білім алуға, ізденуге бағыт алады. Кейде өз бетінше оқыған кітаптарынан: жоспар құру, тезис, конспект жасау, т.б, айтылып шығарма, не мазмұндама жазғызады. Көбіне кітаппен жұмыс істеуде сабақта, сабақтан тыс кезде оқу құралдарын және жеке шағын мақала, балаларға арналған газет-журнал материалдары, сөздік, балаларға арналған энциклопедия, т.б. сабақ тақырыбына байланысты пайдалану үйретіледі. Кітаппен жұмыс істеу, оқушылардың алған білімін толықтырады, екіншіден, өз бетінше білім алуға үйретеді. Олардың келешекте мамандық таңдауына да мүмкіндік туғызады. Мұның бәрі оқытушының үлкен шеберлігі арқылы іске асады.
Көрнекілік әдіс. Тілдің грамматикалық құрылысын, оның жекелеген категорияларын оқушыларға жан-жақты түсіндіруде, тақырыптық, талапқа сай жасалған көрнекі құралдарды пайдаланудың үлкен маңызы бар. Қазақ тіліндегі берілген тақырып бойынша жаңа сабақты түсіндіру, өткен материалды қайталау, не бекіту, жаттығу жаздыру кезінде пайдаланылған көрнекілік әрбір сабақтың әсерлігін және мазмұнын арттырып, оқушыға білімді қызықты, жалықтырмай игеруге себебін тигізеді. Білімді игерту үстінде оқушының ақыл-ойын дамытуда, ғылыми білімді игеруде, деректерді еске сақтауда көрнекілікті әрбір сабақ үстінде пайдалану қажет. Мысалы, қазақ тілінен қай сыныпқа арналған оқулықтарында салыстырмалы түрдегі таблицаларға, таблицаның басқа да түрлеріне кең орын берілген. Қазақ тілінің фонетика, морфология, синтаксис, пунктуация бөлімдері бойынша ғалым-методистер құрастырған таблицаларды мұғалімдер сабақ процесінде қолданып жүр. Мысалы: Қ.Тұрғанов «Тіл дыбыстары» жайлы, Б.Кәтенбаеваның «Сөз құрамы», Б.Құлмағамбетованың «Жай сөйлем синтаксисі», Х.Арғыновтың «Құрмалас сөйлем синтаксисіндегі» көрнекі құрал, т.б. таблица, схемалар арқылы оқулықтағы ережелерді, анықтаманы оқушылар өздігінен салыстырып байытуда.
Кейде оқушылардың қабылдау ерекшеліктеріне сәйкес келетін жылжымалы таблица және түсіндірме таблица, перфокарта пайдалану жақсы нәтиже береді. Бұлар кейбір жазылуы қиын сөздер, сөз тудыру, түрлендіру, қиын әріптер, буын құрау, т.б, жағдайда қолданылады Орыстың ұлы педагогі К.Д.Ушинский: «Бала табиғаты үнемі көрнекілікті талап етіп отырады», - дей келе, күнбе-күн көрнекілікпен жұмыс істеудің жақсы нәтиже беретінін айтады. Қазақ халқының тұңғыш ағартушысы Ы.Алтынсарин: «…шәкірттердің барлық сезім мүшелерінің – көз, қол, есіту қабілетін, тілді, зейінді дағдыландыру баланың барлық қабілетін көрнекілік арқылы, жаттықтыру арқылы жұмыс істеу» керектігі жайында әдістемелік нұсқау берді. (Ы.Алтынсарин. «Таза бұлақ». Алматы: Жазушы, 1988 ж., 156 б.).
Көрнекіліктің түрлері көп. Оны сабақтың мазмұнына қарай, мұғалім басшылығымен жүзеге асырылып отырады. Қазақ тілі сабағында көбірек қолданылатын көрнекіліктер: схемалар, кестелер, картина, табиғат суреттері, техникалық құралдар, т.б.
Қазақ тіліне арналған кестелер: фонетикалық, орфографиялық, пунктуациялық, лексикалық кестелер. Кестелер бір тақырыпқа арналған, не жинақтау түрінде болуы мүмкін.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   30




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет