Маржа төлемі бойынша қосымша қаржыны салу. Қайта есептелген маржаның негізінде белгіленген оның жаңа ставкасы бойынша клиент делдалдық фирма және Есеп айырысу палатасының мүшесі арқылы клирингтік шотқа фьючерстік шарт нарығында жұмысты жалғастыру үшін қосымша қаржы салуы керек. Ол соманы айнымалы маржа деп атайды.
Фьючерстік шарт бойынша жеткізу.Фьючерстік мәміленің жалған сипатына қарамастан, кейде фьючерстік шарт бойынша тауар жеткізу де болып қалады.
Әлемдік практикада биржалық сауданың тауарын жеткізудің екі типі бар: алғашқы және екінші рет жеткізу. Алғашқы жеткізудеген тауарды биржа қоймасына жеткізу немесе тауарды биржа қоймасынан алу. Екінші рет (қайтара) жеткізу деген тауардың қоймадағы партиясын қоймадан шығармай-ақ ағымдағы айдың ішінде биржалық шарт бойынша қайтадан жеткізіп беру. Биржаларда бұл жеткізудің үлесі 20-40% құрайды. Биржалардың көбіне сатушы тек ресми оның қоймасындағы тіркеуден өткен банктердің сейфіндегі және де заводтан тиісті сертификатын алған тауарды ғана жеткізуіне болады. Сатушы оған қоса, тауар туралы мынандай мәліметтерді беруі керек:
тауарды жеткізіп беретін көліктің түрі;
шығатын елі;
қораптардың, қаптардың, бумалардың, будалардың және т.б. буып-түйілген саны;
биржа бекіткен тауар сақтау қоймасы;
тауарды қоймаға жеткізу датасы;
тауар партиясының жалпы салмағы;
қайта өлшеген датасы;
варрант номері;
үлгілерін алған дата және т.б. мәліметтер.
Сатушы айтылған осы мәліметтермен бірге Есеп айырысу палатасы арқылы нотис, яғни жеткізу туралы хабарлама жіберуі керек. Әрбір нотисте шарттың бағасы, датасы, сондай-ақ Есеп айырысу палатасының нотисті алған уақыты және оны сатып алушыға берген уақыты көрсетіледі. Есеп айырысу палатасынан өткен барлық нотистерді сатып алушы міндетті түрде орындау үшін қабылдап алады. Содан соң белгілі-бір уақыт аралығында тауар үшін толық мөлшерде қолма-қол ақша төлеуі керек. Сатып алушы Есеп айырысу палатасына ақша төлегені туралы варрант немесе қойма куәлігін, яғни биржа қоймасындагы тауарға меншік құқығын білдіретін құжат алады. Нотис қойған датадан бастап туындаған барлық шығындарды сатушы төлеуі тиіс.