Байланысты: Микробиология қолданбалы курсы 11 сынып
Көк – жасыл балдырлар (Cyanophyta) - Көк-жасыл балдырлар бөліміне жататын түрлердің басты ерекшелігі – олардың клетка құрылысында. Клеткалардың протоплазмасы оқшауланған ядросыз, хроматофорасыз, вакуолясыз қою болады. Олардың протоплазмасы шеткі боялған қабықтық қабаттан – хроматоплазмадан және түссіз орталық денеден – центроплазмадан тұрады. Хроматоплазма бөліміндегі барлық пигменттер хроматофораның қызметін атқарады. Көк-жасыл балдырларда оқшауланған нағыз хроматофора болмайды. Центроплазма өзінің атқаратын қызметі жағынан клетка ядросына жақындайды. Орталық денеде нуклеинді заттар, сондай-ақ көміртегін ассимиляциялаудың нәтижесінде түзілген гликоген және оған жақын анабенин заттары жиналады. Көк-жасыл балдырлардың клеткаларында крахмал болмайды. Клетка қабықшасына жанаса өте ұсақ түйіршіктер түрінде азықтық қор заттары жиналады, кейде май тамшылары да болады.
Бір клеткалы көк-жасыл балдырлар вегетативтік жолмен клетканың тең екіге бөлінуі арқылы көбейеді. Колониялы формалар да осындай клетканың екіге бөлінуі арқылы вегетативтік жолмен көбейеді, алайда олар кілегейдің ішінде жалғасқан түрінде ажырасып кетпей қалып қояды. Көп клеткалы жіп тәрізді формалары ерекше гормогония деп аталатын көп клеткалы бөлшектерге бөлініп кетуі арқылы да көбейеді. Кейбір түрлерінде жіптің бойында гетероциста деп аталатын клетканың ішіндегі тірі затынан айырылған, ерекше сары түсті дөңгелек өлі клеткалар пайда болады. Осы клеткалар пайда болған жерлерінен үзіліп гормогонияға бөлшектенеді. Балдырлардың бұл тобының көп өкілдерінде спора құру байқалады. Бұл жағдайда кәдімгі вегетативтік клеткалары үлкейеді, оларда қор заттары жиналады, қабықшасы қалыңдайды, сөйтіп спораға айналады. Спора пайда болған аналық клетканың сыртқы қабығы жыртылып, спора босап шығады да, ол өсе келе жаңа особьқа айналады. Мұндай споралар қолайсыз жағдайларға төзімді келеді. Көк-жасыл балдырларда қозғалғыш талшықты кезеңі және жыныс процесі болмайды. Көк-жасыл балдырлардың 1400-ге жуық түрлері белгілі, оларды А. А. Еленкин 3 класқа, 12 қатарға, 50-ге жуық тұқымдасқа бөледі. Хроококкалылар (Chroococceae) класына бір клеткалы, не колониялы түрлері жатады. Оның өкілі – хроококк (Chroococeus). Бұл тұщы суда және ылғалды топырақты жерлерде аса көп таралған шар тәрізді бір клеткалы балдыр. Кейде клеткалар бөлінгеннен кейін кілегеймен қоршалып, колония түрінде қалып қояды. Көп жағдайда біркелкі екі клетка түрінде кездеседі, арасын өте жұқа қабық бөліп тұрады, ал олардың сыртын іркілдеген кілегей қаптап жатады. Мұндай клеткалар көбейер алдында ажырасып кетеді де, әрқайсы тең екіге бөлініп, алғашқы қалпына келеді. Колония құрайтын түріне қалың қабықшасы бар, шар пішінді глеокапса (Gloeocapsa) жатады. Глеокапса бөлінген уақытта аналық клетканың қабықшасы бұзылмай қалпында қалады. Бірнеше рет бөлінгеннен кейін бірінің ішіне бірі салынған күрделі калония түзіледі. Сөйтіп, әрбір клетка неше рет бөлінсе, сонша қабатталған қабықшасы болады. Ол клетканы құрғап қалудан сақтайды. Егер су жеткілікті болса, клетка қабықшасы кілегейленіп, оның ішіндегі клеткалар босап, жаңа колония құрайды
Merismopediacecae тұқымдасынан Merismopedia elegans A. Br, M. glauca (Ehr.) Kutz. түрлері кездесті.
Гормогониялар (Hormogoneae) класына – колониялы және жіп тәрізді балдырлар жатады. Эндоспора құрмайды, көпшілігінде гормогония түзіледі. Басқа кластарға қарағанда, бұл класқа жататын балдырлар табиғатта көп таралған. Мұның жіп тәрізді көпклеткалы өкіліне – осциллятория (Osillstoria) жатады. Осциллятория өзара ұқсас бір қатарға орналасқан қысқа цилиндр формалы клеткалардан тұрады да, жіптері жіңішке келеді. Жіптер кілегейдің бір жақты бөлінуінің арқасында бір орыннан екінші орынға жылжып баруға және екі жағына теңселіп тұруға қабілетті келеді. Осциллятория клеткалардың бөлінуі арқылы бір ұшынан өседі. Оның жіптерінің өсетін ұшы аздап иіліп бітеді. Микроскоппен қарағанда, клетка протоплазмасының шеткі жағы айқын көкшіл түсті, ортаңғы бөлімі ашық түсті екені көрінеді. Шекі ашық түске боялған жағында өте уақ әр түрлі дәндер көзге түседі. Бұл дән цианофициннен тұрады, ол белок кристалдары болуы тиіс, кейін ол фикоцианның түзілуіне себепші болады. Қытай тушын тамызу арқылы асты-үстін бірдей кілегейлі заттың қаптап жатқанын байқауға болады.
Анабена (Anabaena) туысы түрлерінің клеткалары біркелкі емес. Клеткалары дөңгелек, сопақша және сақина пішінді, моншақ тәрізді тізбектеліп келеді, бұл клеткалармен бірге ірі споралар және гетероцисталары болады, бұлар өсіп көбейер кезеде гетероцисталардың бойынан үзіледі. Анабена жіптері жұмыр клеткалардан тұратын колония түзеді.
Носток (Nostoc) туысы түрлерінің жіптері анабенаға ұқсайды, бірақ мұның жұмыр шар тәрізді клеткалар тізбегінің сыртында қоршап жатқан кілегейі болады. Кейде ондай колонияның үлкендігі торғай жұмыртқасындай, тіпті одан да ірі болады. Бұл батпаққа айналып келе жатқан көлдерде жиі кездеседі. Ностоктың сырты тығыз жарғақты болып, кілегейдің ішінде матасып иілген гетероцисталары бар жіптер жатады. Калония кілегейінен айырылғанда гормогонияға ыдырайды.
Бұлар ағынсыз суда, бөгеттерде, ағысы жай өзендегі суды көк-жасыл түске бояп, жағымсыз иіс шығарады. Мұндай жағдайда судың бетіне көк-жасыл балдырлардың матасқан жіңішке жіпшелері судың бетін жауып кетеді де, соның саладарынан ауаның жетіспеуінен балықтар қырылып қалады. Көк-жасыл балдырлардың кейбір түрлері төменгі температурада қардың үстінде және 70 – 800 ыстық суларда, қайнар бұлақтарда да тіршілік ете алады.
Бұл алқапта Nostocaceae тұқымдасынан Nostoc Linckia (Roth.) Born, N. rivularia (Kutz.) Elenk; Anabaenaceae тұқымдасынан Anabaena variabilis Kutz, A. flos-aquae Brev, A. elliptica Lemm, A. lemmermanii P. Richt, A. planctonica Brunnth, A. cylindrical Lemm. түрлері кездеседі. Бұл тұқымдастан Lyngbya aestuarii (Mert.) Liebm. түрі кездесті [6].
Көпшілік ғалымдар көк-жасыл балдырлар бөлімін құрылысына және көбею ерекшелігіне қарай 2 класқа бөледі.
Іле Алатау маңындағы өзендерден анықталған көк жасыл балдырлардың 14 түрі жаңа наменклатуралық жүйе бойынша - 8 туысқа, 7 тұқымдасқа, 3 қатарға, 2 класқа жатады (1-кесте).
Кесте 1– Көк-жасыл (Cyanophyta) балдырларының жүйелік құрамы