Бағдарламасы бойынша жарық көрді Жайлыбай F. Таңдамалы. Астана: Фолиант, 2014



Pdf көрінісі
бет7/19
Дата17.01.2017
өлшемі1,49 Mb.
#2112
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19

ӘДЕБИЕТ ЕШҚАШАН БІРЕУДІҢ ТАЛАП 
ҚОЙЫП, ТАПСЫРМА БЕРУІМЕН 
ЖАСАЛМАЙДЫ
– «Әдебиет – ардың ісі» деген қағиданы берік ұстануға тал-
пынып жүретін қаламгерлер қауымы бүгінгі кезеңде от пен 
судың ортасында қалған сияқты. Бүгінгі жазушының арты-
нан халық ермейді, билікке сөзі өтпейді. Жалпы алғанда, 
халықтың да көркем әдебиетке деген ынта-ықыласы төмен-
деді. Осы бір құбылыстарды рухани дағдарыспен байла ныс-
тыру қисынды ма?
– Қай халық үшін де болсын қаламгер қашанда сол елдің 
жаны мен арының барометрі іспеттес. Кезіндегі кеңес заманын-
да ақын-жазушыларды, жалпы өнер адамдарын сол уақыт-
тың жыршысы ретінде қабылдап, сол идеология майданының 
жауынгері деп таныдық. Бүгінде бәрі басқаша сипат алды. 
Қоғамдық формациялар өзгерді, құндылықтардың орны ал-
масты. Қалың қазақ ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіне 
қол жеткізді. Қызыл құрсаудан сытылып шығып, азат ойды 
ту етуге ұмтылғанымызбен, жекелеген қаламгерлер үшін де, 
жалпы ұлт үшін де қазіргі кезеңнің өзіндік қиындықтары 
жетерлік. Ғасырдан-ғасырға аттаған осынау өтпелі кезеңде 
қаламгер атаулы да не істерлерін білмей, тосылып қалғандай 
күй кешуде. Ал рухани дағдарыс орын алса, оған қаламгерлер, 
өнер адамдары немесе басқа да шығармашылық иелері ғана 
кінәлі емес. Оған руханияттың өркендеуіне өз деңгейінде 
қолдау көрсете алмаған қоғам жауапты.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, әсіресе, шығарма шы-
лық адамдары кәдімгідей тоқырауды бастан кешірді.
Қалай десек те, бір қоғамнан бір қоғамға өтіп кету аса жеңіл 
дүние емес. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ қаламгерлерінің, 
әсіресе аға буын ақын-жазушылардың бұл өзгерістерге ішкі 

105
психологиялық дайындықтары болмады. Осы кезеңде жалпы 
жұрттың басым бөлігі дайын жемге үйренген қолдың құстары 
секілді қанатын кеңге жайып, бірден самғап кете алмады. 
Осы ретте кейбір алдыңғы буын ағаларымызда әлі күнге дейін 
кеңестік жүйенің игіліктерін аңсайтын пиғылдар бар екені 
рас. Олар жеңісі мен жемісі мол болғанымен, сол бір солақай 
қызыл саясаттың арғы жағында ұлтымызға қатысты небір 
қитұрқы әрекеттердің бұғып жатқандығын елегісі келмейтін 
сыңайлы. Болмаса, ол қоғам қаншама нақақ қантөгістерден, 
сұрқия зұлымдықтардан құралғаны жасырын емес қой. 
Әрине, бүгінгі қоғамның да ауыртпалығы аз емес. Ал осы-
ның ақ-қарасын айырып, жақсы мен жаманның ара жігін 
ажы ратып, бүгінгі заманның сөзін айтатын – қаламгерлер. 
Алайда осының бәрінің төрешісі – мәртебелі уақыт қана. 
Әйтсе де зиялы деп жүрген тұлғаларымыздың өздері кейбір 
сәттерде қарақан басы үшін «мықтыларға» оң иығын беріп, 
шен-шекпенділердің маңайына үйіріліп жүретіні қалыпты 
жағдайға айналғандай. Аузы дуалы дейтін үлкендерден ірі 
сөз күтетініміз рас. Өкінішке қарай, жеме-жемге келгенде, 
шешуші сәтте көп жағдайда олай болмай жатады. Осыдан келіп 
бәрінен биік тұруға тиіс ұлттың сөзі айтылмай қалып жатады.
– Кейінгі жылдары сыншы, әдебиетшілер, әсіресе билік 
та рапынан қаламгер қауымына «бүгінгі заман туралы шы-
ғармалар жазылмай жатыр, жаңа дүниелер тумай жатыр» 
дегенге саятын көптеген сындар айтылуда. Шынымен де 
солай ма? 
– Қазіргі кезде бізде ірі-ірі шынайы шығармалар жазылмай 
жатыр дегенге келіспеймін. Әр қаламгер өзі өмір сүрген қоғам 
жайына үңіледі емес пе? Мысалы, Мұхтар Мағауин ағамыздың 
«Жармақ» романы қалың оқырмандар арасында кәдімгідей 
резонанс туғызды. Тынымбай Нұрмағамбетовтің әңгімелері 
мен драмалық туындылары да жұртшылыққа салмақты ой 
тастап келеді. Ал қаншама ақындарымыздың Тәуелсіздікті 
жырлаған, елдің жаны мен жүрегіне үңілген керемет өлеңдері 
бар. Осы тұрғыдан алғанда, қазақ әдебиетінің туы тұғырынан 
түсті деп айтуға келмейді.

106
Сонау ерте замандарды алып қарасақ та, тіпті Абай ғұмыр 
кешкен ортаны алып қарасақ та, қандай да бір қиын-қыстау 
кезеңдерде ақын-жырау, сал-серілер елдің сөзін сөйлеп, ел-
дің мұңын жоқтаған, сол заманды жырлаған. Ақиқат пен 
шындықты айтуға ұмтылған. Бірақ мұның бәрін түрлі текетірес 
пен тартыстар тудырған.
– Сонда әдебиет әлдекімдердің қожайындық жасауына көн-
бейді демексіз ғой. Бұл жағдайда әлгі «сыншылардың» уәжі орын-
сыз ба?
– Жалпы, әдебиеттің өзі – мәңгілік майдан. Әдебиет еш-
қашан біреудің талап қойып, тапсырма беруімен жасал-
май 
ды. Ол – жеке шығармашыл тұлғалардың жасайтын 
дү 
ниесі, таланттардың жүйелі ақыл-ойларының жемісі. 
Бір сөйлем жазу үшін, бір шумақ өлең тудыру үшін санаға 
қан ша салмақ түседі?! Ақын мен жазушыға тапсырыспен сарт 
ет кізіп сурет түсіріп, алдыңызға әкелетін фотограф ретінде 
қарауға болмайды. Әрине, фотограф та – белгілі бір деңгейде 
өнер иесі. Алайда оған «Бәйтеректі» немесе Астананың жалпы 
көрінісін түсіріп кел, алаңдар мен жиындардан фоторепор-
таж жаса дегендей, көп жағдайда арнайы талап қойылып, 
тапсырма беріледі. Ал әдебиеттің өкілін олай құрсаулауға 
келмейді. Әдебиет белгілі бір саяси ойындардың ыңғайына 
келтіріліп, күшпен жасалатын болса, ол өміршең болмақ 
емес. Ал қаламын еркін ойдың сиясына малып, ұлттың сөзін 
айтып та, жазып та жүрген жанкешті жазушыларды, сөзсіз, 
әдебиеттің нағыз майталмандары деуге болады. Дейтұрғанмен 
де бүгінгідей ақпараттық-технологиялық қоғамда қаламгер 
қауымына деген біртүрлі көзқарас пайда бола бастады. Әсіресе 
жастар кітаптан гөрі интернетке ерекше иек арта бастады. 
Бірақ, осыған қарамастан, түсінген адамға қазақ әдебиеті 
өзге озық елдердің әдебиетінен анағұрлым қуатты, терең әрі 
мағыналы.
– Қалай десек те, бүгінгі жазушы мен оқырман арасын-
дағы байланыс үзіліп қалғандай...
– Рас, бұрынғыдай емес, бүгінде қаламгер мен оқырман-
ның арасы алшақтап кетті. Елмен байланыс үзілді. Қазіргі 

107
қарбаласқа толы ақпараттық заманда нағыз әдебиет шетке 
қарай ысырылып барады. Оның есесіне ортанқол бірдемелер 
оқырманды жаулап ала бастады. Жастардың да әдебиетке, 
жалпы рухани дүниелерге қарай ұмтылысы тым төмен. 
Біздің бала күнімізде, ауыл мектебінде оқып жүрген кезі-
мізде елді аралап ақын-жазушылар жиі келетін. Аты-жөн-
дерін сырттан естіп, кітаптан ғана шығармаларын оқи 
тын 
та лант иелерімен ауыл клубында әсерлі кездесулер ұйым дас-
тырылатын. Соларға қызыға қарайтынбыз. Қазақтың қа быр-
ғалы қаламгерлері Оралхан Бөкеев, Жарасқан Әбдіра шев тер 
тіпті мен Арқа жақта, Бетпақдалада жылқы бағып жүр ген 
жерімнен «іздеп келген» сәттері де болған.
Жарасқан ағамыз ол кезде «Жұлдыз» журналының поэ-
зия бөлімін басқарады екен. Ел аралап келгенде аудандық 
газеттен өлеңімді оқып, риза болған екен. Ол кезде жақсы 
жырға құмартып жүрген он алты жастағы бозбала едім. Сондай 
ағаларым Алматыдан алыста жүрген менің бір топ өлеңдерімді 
алып кетіп, «Жұлдыздың» 1975 жылғы 11-санында жария-
латты. Мұндай қамқорлық маған, әрине, қанат бітірді, ын-
таландырып, жігерлендірді. Ал қазіргі уақытта осындай қам-
қорлық пен әдебиетке деген махаббат жоғалып бара жатыр.
Заман озған сайын адамдардың әдебиетке деген көзқарас-
тары да өзгеше сипат ала бастады. «Ораза, намаз – тоқтықта» 
демекші, өтпелі кезеңге тап болған қоғам 90-жылдардың 
басында әдебиет оқымақ түгіл, жанбағыстың соңына түсіп, 
бала-шаға қамымен кетті. Қаншама қандастарымыз ала дорба 
арқалап, арба сүйреуден аспай қалды. Көптеген қалам иелері де 
осы тұста әдебиеттен алыстап кетті. Кезінде қаламды қару етіп, 
қатар жүрген біраз ақын-жазушы қыз-жігіттер қазір мүлде 
керінбей кетті. Қырықтың қырқасынан асып, елуді еңсеріп 
үлгерген біздің қатарымыздың өзінде осы әдебиетте маған тек 
жанкештілер ғана қалған сияқты. 
– Біздің ақын-жазушыларға шетелдегідей «әдеби агент-
тер» қажет деп есептейсіз бе? Жазушы жазады, басқалары 
оның кітабын шығарумен, оны таратумен айналысады. Жақ-

108
сы емес пе? Бұл танымалдылықты арттыра түседі, басқалай, 
ақшалай пайдасы да аз емес...
– Иә, соңғы уақыттарда қаламгерлердің жарнамасымен 
айна лысатын «әдеби агент» мәселесі жиі айтыла бастады. Ме-
нің ше, бұл үрдіс біздің әдеби ортаға келіңкіремейтін сияқты. 
Жарнама жасау үшін, алдымен, кең ауқымды аудитория ке-
рек. «Әдеби агенттер» ұстау үшін жазушының өзі ауқатты 
болуы керек. Оның үстіне бізде қазақ тілді әдебиетті оқитындар 
өте аз, халқымыздың саны да соншалықты көп емес. Мысалы, 
әншілер продюсерлермен бірлесіп жұмыс істейді. Бірақ дәл 
бүгінгі уақытта эстрада өтімді болып тұр. Ал әдебиет же-
ңілтектікті көтермейді. Ақпараттық қоғамның талғамын қа-
нағаттандыра берсе – әдебиет әдебиет болудан қалады. Кері-
сінше, әдебиет адамдардың талғамын тәрбиелейді емес пе? 
Кеңес өкіметі тұсында ақын-жазушылар өнер адамдарының 
ішінде ең көп қаламақы алатын, жағдайлары да біршама 
жақсы, ең беделділердің алды болатын. Қазіргі өлшеммен 
алып қарағанда, бізде жазушылық – ең бір пайдасы жоқ, қай-
тарымсыз кәсіп ретінде қарастырылады.
Осыдан біраз жыл бұрын «әлемде ең көп оқылатын жазу-
шы» деп португалиялық қаламгер Паоло Коэльо Қазақстанда 
да жан-жақтан дәріптеліп, жарнамаланып жатты. Мен оның 
шығармаларымен жақсы таныспын. Аңыздарға құралған он-
дай дүниелерді біздің кез келген жазушы да жаза алады. Сон-
да шетелдің озық әдебиеті деп тамсанып жүргеніміз осы ма? 
Меніңше, мұндай дүниелер – қазіргі заманғы менеджменттің, 
пиар-акциялардың жасанды жемісі. Мұндағы басты мақсат – 
атыңды шығару және рухани дүниеден гөрі материалдық жағ-
дайды жақсарту ғана. Бұл да болса жарнаманы жалаулатқан 
«әдеби агенттердің» жұмысының нәтижесі. Мәселе санда 
емес, сапа мен мазмұнда болса керек. Бүгінгі қазақ әдебиетіне 
насихат жетіспейді. Өзгеге оқыту үшін ең бірінші өзіміз 
оқуымыз керек. Оның үстіне біздегі әдеби орта батыстық үл-
гідегі пиар менеджментке дайын емес. Әлемді мойындату жа-
лаң жарнамамен ғана жүзеге аспайды. Бұл – уақыттың ен-
шісіндегі нәрсе.

109
– Бүгінде кез келген адам жазушыларға мін тағуға даяр 
тұрады. Оларға тағылған мін Жазушылар одағына да тиіп 
кетіп жатады. Сондай-ақ әдеби ортаның өзінде «әдебиет 
то қырап тұр, ешкім кітап оқымайды» дегендей пікірлер ай-
тылып қалып жатады...
– Бар проблеманы әдеби қауымның өзіне ысырып қоюға 
болмайды. Ұлттың әдебиетін дамытып, рухын ояту үшін үл-
кен бір кешенді бағдарлама, идеологиялық бағыт керек. Билік 
тарапынан шығармашылық адамдарына қолдау көрсетілуге 
тиіс. Бұл жалғыз Жазушылар одағының ғана айналысатын 
шаруасы емес. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қазақ 
әдебиетінің өсіп-өркендеуіне билік те, халық та атсалысуы 
қажет. Төл әдебиетіміздің қарашаңырағына айналған Жазу-
шылар одағы өз мүшелерінің мүддесін қорғамай қалған кезі 
жоқ. Бірақ қайсыбір ағайындар Жазушылар одағын әлеуметтік 
қорғау мекемесіндей көреді. Соған қарамастан, қоғамдық ұйым 
бола тұра, біз шама-шарқымыз келгенше әрбір қаламгердің 
жағдайын жасауға тырысамыз. Үлкен-үлкен мерейтойлардан 
бастап, жаңа кітаптардың тұсаукесерлері, шағын әдеби кештер 
мен басқосуларға дейін өткізіп келеміз. Бұдан да көп дүние 
тындыруға болар, бірақ бәрі тағы да қаржыға келіп тіреледі.
Алыс шетелдерді алмай-ақ қояйық, біздің елдегідей Жазу-
шылар одағы ТМД мемлекеттерінің бірінде жоқ. Оны көріп те, 
біліп те жүрміз. Біз өз одағымызды сақтап қала білдік және 
сақтап қана қоймай, нақты іс-шаралар атқара алатын, өз сөзін 
тиісті жерлерге өткізе алатын, қажет тұста елдің сөзін сөйлей 
алатын потенциалды қоғамдық ұйымға айналдыра білдік. Бұл 
жерде одақтың басқарма төрағасы Нұрлан Оразалиннің еңбе гін 
ескермей кетпеске болмас, Украина, Қырғызстан, Өзбекстан 
елдерінің шығармашылық одақтары қазір қиын жағдайда 
отыр. Ресейдің өзінде бір одақ алты-жетіге бөлініп, мәмілеге 
келе алмай жүр. Құдайға шүкір, біз сан саққа бөлініп, бетіміз-
бен кетпедік. Әрине, белгілі бір деңгейде пікір қайшылықтары 
мен түрлі көзқарастар текетіресі болып жататын шығар. Бұл 
– заңдылық. Алайда қазақ қаламгерлерінің ұлт пен оның әде-
биетіне келгенде мүдделері бір екеніне шүбә келтіруге болмас.

110
– Соңғы жылдары жарық көрген бір шоғыр жас қалам ие-
лерінің жаңа кітаптарына әлі күнге дейін толыққанды зерт-
теу жүргізіліп, зерделі сын жазылмай жүр...
– Дәл қазір әдеби сынға білек сыбанып кірісіп жүрген сын-
шы-әдебиетшілер жоқтың қасы. Бүгінде ең жас сыншы де-
ген Амангелді Кеңшілікұлының өзі қырықтан асып кетті. 
Оның үстіне бүгінгі жастар сынды қабылдай алмайды. Олар 
көп жағдайда мақтау күтеді. Әдетте әдебиетте әр буын бірін-
бірі тәрбиелейді. Мысалы, кешегі Кеңшілік, Дәуітәлі, Жа-
расқандар, бүгінгі Иран-Ғайып, Нұрлан Оразалин, Күләш 
Ахметовалар үлкен бір таланттар шоғырын құрды. Бүгінде 
жастары елуден асқан біздің буын осы шоғырдың алдын ке-
сіп өткен емеспіз. Кейде мен «Біз осы қазіргі жастарды тым 
көтермелеп, тым еркелетіп жіберген жоқпыз ба?» деп те ой-
лаймын. Бұлай болуы да керек шығар. Бүгінгі еркін қоғамда 
кітап шығару да, баспасөзде көрініп, кеш өткізу де, танымал 
болу да жастар үшін аса бір қиын дүние болмай қалды ғой...
– Сіз Жоғарғы партия мектебінде, қазіргі КИМЭП-те 
оқыдыңыз. Неге саясатқа кетіп қалмадыңыз?
– Қай заманда болсын ақын-жазушылардың елге танылуы, 
өз орнын табуы өте қиын процесс. Біздің өзіміз ертеректе әдеби 
ортадан жырақ, елде жүрдік. Алматыға келіп, бірден орнығу 
оңай болмады. Жасым отызға жақындаған сол кездерде оқу 
іздеп, ауылдағы үй-жайды тастап, бала-шағаммен қаланың әр 
бұрышында пәтер жалдап күн кештік.
Көшемін ертең, босатам Коляның үйін,
Бұл көшу маған, әрине, болады қиын.
«Турчатник» жақта тұрақтап үйренген едім,
Тоңады миым, санамда соғады құйын... –
деп келетін өлеңдерім сол бір қиын тұстарда қағазға түсіп 
еді. Саяси білім алып жүріп әдебиетке араластым. Қалауым 
сол болды. Өлеңге жан-тәнімізбен берілдік. Сол кезде 
Тәуелсіздіктің бастауындағы алғашқы жыр мүшәйралары-
ның жүлделерін алған едік. Ол тұста қазақ қоғамы нағыз 

111
экономикалық, рухани дағдарысты бастан кешіру үстінде еді. 
Бірақ сонда да әдебиет жасалды. Әлі де жасалуда. Әдебиет 
ол – мәңгілік процесс.
Әңгімелескен Алмат ИСАДІЛ.
«Алаш айнасы» газеті,
2010 жыл, 27 ақпан

112
КӨКТЕМНЕН КӨКТЕМ ІЗДЕГЕН ЕЛДІҢ ҰЛЫ
Қазақтың аса ірі ғұлама ғалымы Әлкей Марғұлан: «Ақын 
сөзі түркі тілдес халықтардың ұғымындағы ағыс, ағын, өзен 
ағыны дегеннен шықса керек. Сібір халықтары болсын, Орта 
Азия халықтарында болсын, осы ұғым ортақ мағынаға ие», – 
деп жазады. Марғұлан бұл атақты иеленген жан ертеден-ақ 
халық арасында ерекше қасиет, құдіретке ие сәуегей, әул ие 
бақсылармен иықтас деп ойын түйіндейді. Ғұлама ғалым-
ның осы ойына сүйене қарасақ, қазіргі қоғамдағы ақын-жазу-
шылардың алар орны да анықталатындай. Қоғамдық қай-
шылықтар мен күрделі саяси-әлеуметтік құбылыстармен 
көр нектелген бүгінгі кеңістікте қаламгер қауым арқалар жүк 
жеңіл емес. «Дүние – үлкен көл, замана – соққан жел» өзіндік 
әлем құрса, ақын қауым сол әлемнен қатар арналанар үлкен 
ағын, шалқар дария деуге сыяды. 
Осы орайда қазақтың белгілі ақыны, Халықаралық «Алаш» 
сыйлығының лауреаты, Қазақстан тәуелсіздігінің бір жыл-
дығына және Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерей 
то-
йына арналған республикалық ақындар мүшәйрасында бас 
жүлдегер иеленген, 2001 жылы Түркияда өткен түркі тілдес 
ақындардың халықаралық фестивалінің «Ақшам жұлдызы» 
арнайы сыйлығының иегері, бірнеше жыр жинағының авторы, 
«Жұлдыз» журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі, жер-
лесіміз Ғалым ЖАЙЛЫБАЙМЕН әңгіме-сұхбат құрған едік. 
– Ғалым аға, елге келген қадамыңыз құтты болсын! 
Әуелгі сауалды Ақындық табиғаты, Ақын әлемі хақында 
ұштасам деймін. Сіздің Ақындық әлеміңізбен ертеректе 
жарық көрген «Жанымның жапырақтары» атты тырна-
қалдыңыз арқылы, 90-жылдары шыққан «Жүрегімнің жұлды-

113
зы», өткен жылы оқырман қолына тиген «Құсқанаты» арқы-
лы таныспыз. Оның сыртында республикалық басылым бет-
терінде қазақтың үлкен ақындары Сіздің поэзияңыз жөнін-
де «Құсқанатындағы құсни жырлар» деп, «Қазақ өлеңіндегі 
шертпе күй» деп жазып, баға беріп келеді. 
– Рахмет. Ақындық дегеніңіз Алланың сыйы. Жалпы, 
өлең – ғайып нәрсе. Солайы солай екен деп, ақын «Бергеніңе 
шүкір» айтып, тоқмейілсіп жүрмегені абзал. Поэзия әлеміне 
енген жан әрдайым өзін-өзі бәйгеге қосылар жүйріктей іштей 
жаратуы керек, үнемі ізденіспен, оқумен шыңдала беруі 
керек. Сосын ақынға орта керек. Орыстың үлкен сыншысы 
Белинский айтыпты «Ақындық дегеніміз – ұжымдық құбы-
лыс» деп. Ақынды орта қалыптастырады. Жақсы өлең ой 
бөліскенде, іштей жақсы бәсекелестік болғанда туады. Мә-
селен, Пушкиннің маңында Туманский, Богданович сынды 
серкелер болған. Олар Пушкиннен бір де кем емес еді. Абайдың 
ақындық айналасын қараңыз. Осы тұрғыда қарасаңыз, ақынды 
замана, уақыт тудырады. 
Менің жеке тәжірибеме келер болсақ, менде орта болмады. 
Мектеп тәмамдаған соң ауылда қалдық. Шопан болдым, жыл-
қышы болдым. Өлеңді он үш, он төрт жасымда жаза бастадым. 
Сол кездері аудандық, облыстық басылымдарға жариялана 
бастадым. Жалпы, ақын жазған соң жарияланып тұруы ке-
рек. Міндетті түрде. Талай жақсы ақындарды білемін, дер 
кезінде жарияланбаған соң, өзін-өзі жоғалтып алды, өз ішінде 
булығып қалып қойған жан іштей өзін-өзі мүжіп, өшіріп алады 
дарынын. 
1975 жылы мектеп бітірген соң «Жеңісте» (Ақынның  ту ған 
жері – Жаңаарқа ауданының «Жеңіс» совхозы – С.С.) шопандар 
бригадасында қой бағып жүргенмін. Бір күні қа зақтың үлкен 
ақындарының бірі Жарасқан Әбдірәшев іздеп келіп 
тұр. Ауданға келгенде жергілікті газеттен өлеңдерімді 
оқып, арнайы жүздесуге келген екен. Ол кезде марқұм 
27-28-дегі жас жігіт. Сол жолы өлеңдерімді алып кетіп, 
«Жұлдызға» жариялап жіберді. Ал өмірімде алғаш 
8-267

114
көрген «тірі» ақы 
ным – Сайлаухан Нәкенов. Насихаты 
кем болғанымен, көлденең жұрт «жезқазғандық ақын» деп 
танығанымен, Сайлаухан Нәкенов – Сағи, Тұманбайлар 
сынды тұп-тұнық, тұңғиық лирик. Кәдімгі сөз қасиетін, сезім 
сыңғырын бере алатын мықты ақын деп білемін. Жалпы, әр 
ақын – жеке бір әлем болады. Кез келген ақын жайлы кесіп-
пішіп бір ғана пікірді ұстануға болмас. Сол секілді өлеңге 
«Ол мынадай болуы керек, мынадай болуы керек» деп рецепт 
ұсынуға да болмайды. Түркі тілдес бауырлас халықтардың 
қазақ поэзиясы жайлы бағалары өте жоғары. «Қазақтың бір 
өлеңі бір роман-эпопеяның жүгін көтере алар деңгейде» деп 
біледі...
– Алматыға қалай бардыңыз?
– Алматыға қалай бардыңыз дегенің – поэзияға қалай 
келдіңіз дегенің болар. Иә, 1989 жылы Алматыға барғам. Ол 
кез жас отыздан асқан, жастықтың желігі басылыңқыраған, 
етек-жеңімізді жиып, үйлі-баранды болған шағым-ды. Әрине, 
бұған дейін «Жігер» фестиваліне барғанмын. Ақындардың 
көбімен таныспын. «Жігерге» барғанда жақсы көзге түсіп, 
Жұмекен Нәжімеденов ағамыз алғысөз жазып, «Қазақ әде-
биетіне» топтама өлеңдерім жарияланды. Алғаш Алматыға 
партия мектебіне оқуға барғанмын. Онда да әкім болайыншы-
ау, бастық болайыншы-ау деп емес, Алматыға жеткім келді. 
Орта іздедім. Әу баста тұрмыс жағдайында қиындық көрдік. 
Соның бәріне шыдап, жақсы ағаларым мен жолдастарым 
арқасында сол жақта қалып қойдық. Ақындық тағдырыма 
ризамын. Достарым – қазақтың белгілі ақындары Ұлықбек, 
Жәркен, ағаларым Қадыр, Тұманбайлармен етене араласып, 
сыйласып бірге келеміз. 
Алматы маған Ақындардың астанасы секілді болады да 
тұрады. Жазушылар одағына кірсең де, Алатауға қарасаң да 
бір ерекше сезімге еніп, айналаңда ақындардың аламаны өтіп 
жатқандай күйге бөленесің... 
Біздің толқын – қазір жасы қырықтың үстіне шыққан бу-
ын қазақ поэзиясының үлкен жүгін көтеріп келеді. Бірақ біз 

115
поэзияға енді араласқанда қиын бір жағдайға түсіп қалдық. 
Нарық келді дегендей, формация өзгерді дегендей. Елдің 
әдебиетке, өнерге, жалпы рухани құндылықтарға көзқарасы 
өзгере бастаған кез еді ол. Ол кезде кітап шығару қиын болып 
кетті. Тұрмыстың түйткілдері қапталдасып, жан-жақтан киме-
леп кетті. Соны жеңіп келді біздің буын...
– Сіздің шығармашылығыңызбен оқырман ретінде та ныс 
болғандықтан сұрағым келеді: жинақтарыңыздан, жалпы 
мерзімді басылым беттерінен поэма сынды көлемді туын-
дыларыңызды байқамадық...
– Оның рас. Бұдан бұрын шыққан жинақтарда еш поэмам 
жарияланған жоқ. Кітаптардың көлемі көтермеді. Бірақ поэ-
маларым бар. Ертеден жазып келемін. «Алапестер ауылы» атты 
драмалық поэмам бар. Қоғам, уақыт туралы. «Киік көзіндегі 
жазу» атты поэма жаздым. Кез келген көлемді шығарма сынды 
поэма да көп ізденіс талап етеді. «Киік көзіндегі жазуға» барар 
жолда көп іздендім. Киіктер туралы зерттеу мақалаларды, 
кітаптарды оқыдым. Өзім де сериялы мақалалар жаздым. 
Киік – Қазақстанда, Моңғолияда, Қытайда ғана өмір сү-
ре 
тін жануар. Өзге жануарлар сияқты емес, бірінің төлін 
бірі емізіп кете беретін жануар ғой. Қазақ табиғатына келеді 
деуге болады. Сосын біздің елдегі экологиялық ахуалдар бар, 
қоғамдағы келеңсіздіктер бар, барлығы осы поэманың тууына 
әсер етті. 
Поэма тек киік туралы емес, киік тұлғасы шартты түрде 
алынды. Арқаның даласында кеше киік қандай көп еді. Жа-
сымыздан көріп өстік. Ауылда, табиғаттың ен ортасында
сұлулықты кешіп жүріп есейдік. Менің өлеңдеріме осы қа-
зақылық, қара өлең табиғаты тән...
– Осы орайда жас ақындар жайлы, қазіргі қазақ поэзия-
сының аяқ алысы, жаңашылдық пен дәстүр туралы ой түйе 
кетсеңіз...
– Мана айттық қой, қазақ өлеңі қазір әлемдік деңгейге 
көтеріліп, өсіп кеткен деп. Қазір небір ғаламат ақындар 
бар. Жастар арасында да өлең өлкесіне өзіндік үнімен, жақ-

116
сы қалыппен қосылған Астанадағы Тоқтарбек Хамзин, көк-
шетаулық Алмас Темірбай, семейлік Жанат Әскербекқы-
зын атауға болады. Дәстүр мен жаңашылдық дегенде қа-
зақы қара өлең мен қазіргі толқын көп ұрынып жүрген 
түсініксіздік, күрделілік туралы айтуға болады. Егер қазақ 
өлеңінің идеялық, тіпті идеологиялық асқары Абай деп алсақ, 
Абаймен бірге дәстүрлі қазақтың қара өлеңін алсақ, нағыз біз 
ұстанар Темірқазық осылар болуы керек. Өлең оқырман үшін 
жазылады ғой. Тек әдебиетші үшін жазылса, түр мен мазмұнда 
неше түрлі жаңалықтар ашуға болады. Бірақ қарапайым оқыр-
манды ойлау керек әуелі. Өлең түсінікті болуы керек. 
Абай айтқан «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс 
жұмыр келсін айналасы» дегеннің үдесінен шыға білсе де 
қазіргі ақын аз шаруа тындырмас еді. Кез келген формада 
өлең жазуға болады. Бірақ әуелі өз жаныңа жақын сезімдерді, 
өзіңді қалай алдайсың? Қазір, «Ерінбеген етікші болады» де-
гендей, ұялмай, өлермен өлеңші болып жүргендер жетерлік. 
Біреулер зейнетке шыққан соң өлең жазатын болды. Біреулер 
сол арқылы тұрмыстық жағдайын түзеп алғысы келеді. 
Ондайлардың жолы болғыш келеді. Жарайды, қызғанбадық 
солардан өлеңді. Тағы бір ұнатпайтыным, қазіргі ақындар 
ойлайды «Мен өлең жазамын, маған ел қызмет жасауы керек» 
деп. Мүлде олай емес, ақын өлең жазса, ол оның тағдыры. 
Ол ақын болса, еліне қызмет жасауы керек. Жалпы, ақын 
атаулы ең әуелі адалдықтың, пәктіктің белгісі, үлгісі болуы 
керек. Кеңестік кезеңде қалыптасқан түсінік қой, ақын деген 
бұзықтау болуы керек, аздап ішіп жүруі керек деген. Олай емес 
менің түсінігімде, ақын ең әуелі ардың жоқтаушысы, керемет 
киенің иесі болып қабылдануы керек. Ақын деген әдемі болуы 
керек. Сөз бен істің бірлігі керек...
– Сіздің өлеңдеріңізді оқып отырсақ, мәселен:
«Дүр-дүние – әр пендеге нақ сонар,
Тауы – мұнар,
Аспаны – бұлт,

117
Бағы – ырыс.
Құсқанаты – Ар боп жауған ақша қар,
Көктемдердің көзіндегі сағыныш»; 
«Біздің сапар Сарыбелден басталған...»
немесе:
«Есіл ағады,
Есіл ағады...» –
деп келетін цикл өлеңдеріңізден, өзге де жырларыңыздан мәңгі 
қозғалыстың, ұлы көштің сарыны сезілетіндей. Бір жерден 
оқыған едім, «Жиырмасыншы ғасыр соңына таманғы қазақ 
поэзиясының бір бөлімі сапарнама жырлары, алыс-жақын ше-
телдер туралы көркем дүниелер тізбегімен ашылады» деп. Со-
сын тағы бір өлеңіңізде жазасыз:
«Құдай сақтады, құдай сақтады,
Ажалым жетсе өлер ем...» – 
деп. Осы өлеңнің өне бойынан бір шешім алдында тұрған жан-
ның, бір өткелден өтіп кеткен жанның тебіренісі сезілетін 
секілді.
  Қазақ табиғатына сіңген көшпенділік әлемінің жұрна-
ғы біздің әрқайсымыздың бойымызда бар ғой. Мен өз басым 
ел көрген, жер көргенді, сапарға шыққанды жақсы көремін. 
Қызмет бабы солай болды. 2001 жылы Түркияда «Шайыр-
лар ақшамы» фестивалінде болдым, одан ілкіде Украинада 
болған едім. Мұның бәрі адамға әсер етеді. Жыр болып жарып 
шығады. Ақын өмірдің қайнаған ортасында болып, тірліктің 
түрлі түйткілдерін көруі керек...
Жалпы әр өлеңнің жазылу тарихы болады ғой. Жаңа 
соңғы айтқан өлең жазыларда қалада көлік қағып кете 
жаздаған еді. Қым-қуыт қайнап, ағып жатқан қала көшесі ғой. 
Содан туған сезімнің толқынысы ғой. Немесе «Қап арқалап 

118
бара жатыр қыз бала» деген өлеңді алайық. Осыдан үш-төрт 
жыл бұрын көшеде көрдім, жап-жас қазақ қызы қап арқалап 
бара жатыр. Ақын деген суретші ғой. Сол қызды жасанды-
рып, түрлі деңгейде болып жататын сұлулық байқауларына 
апарыңызшы, мысалға. Ал ана бала арын саудаламас үшін қап 
арқалап базарға бара жатыр. Қарапайым өмір шындығы, аста-
рында тұтас бір ұлттың мұңы мен зары жатыр тұншығып. Өлең 
туды солай. Жалпы өлең, жаңа айтқандай, түр, қалып арқылы 
қолдан жасалмауы керек, өлең тууы керек...
– Жақын күндері Жезқазғанда жыр кешіңіз өтеді екен. Бұ-
ған шейін туған жеріңізде болсын, Алматыда болсын, жеке 
шығармашылық кештеріңіз өткенін естімеген едік...
– Рас, мен шығармашылық кештерді көп өткізген жоқ-
пын. Әредік студенттермен кездесулер болған шығар, кітап-
ханаларда оқырмандармен жүздесулер болған шығар. Ал 
Жезқазғанда алғаш рет өтпекші. 
Жезқазған мен үшін тек асты кеніш, үлкен өндірісті қала 
емес, адамдары да ақ жүректі, қазақы қаймағы бұзылмаған, 
жомарт, әдемі қала, үлкен мәдениет, өнер ордасы. Мұнда ме-
нің жастығымның жалынды күндері өтті, көптеген дос-жар 
жақын адамдар бар. Осыдан екі-үш жыл бұрын жезқазғандық 
азаматтар шақырып еді, шығармашылық кешіңді өткізелік 
деп, соның реті енді түсіп тұрған тәрізді. 
Қожа Хафиздің жазатыны бар ғой «Ақынын әкімі іздесе 
жолы болар, Әкімін ақыны іздесе соры болар» деген маз-
мұнда, сол айтқандай, Жезқазғанның әкімі Жұмамәди Иба-
діл 
дин ағамыз өнердің жанашыры деп білемін. Жергілікті 
ақындардың, мысалы, Қуаныш Ахметовтің, Ғазиз Ешта-
наевтың, Сайлаухан Нәкенов, Батырбек Мырзабеков, Төкен 
Әлжантегінің кітаптарын шығаруға көп көмектесті. Өзі де 
арғы-бергі өткенді екшеп, жинастырып жүретін, білімді, 
аяу лы азамат. Міне, сол ағамыз бар, Жазқазған қалалық мә-
дениет бөлімінің меңгерушісі, үлкен ақын Зулпа Чумакова, 
Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректо-
ры, ақын, ғалым, қазақтың үлкен зиялы азаматы Жұмағали 

119
Наурызбай ағамыздың қолқа салуымен, көмек-қолдауымен 
шығармашылық кешті өткізуге бекіндік. Оның сыртын-
да, белгілі қоғам қайраткері, менің досым Әлихан Бәйменов 
басқаратын «Зерде» қоғамдық қорының демеушілігімен осы 
кешті жақсы бір жайсаң, жайдары қалыпта өткізсек деген 
ниет бар. Кешке қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов 
ағамыз, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Ақиқат» 
журналының бас редакторы Темірхан Медетбек және өзге де 
қазақтың белгілі ақын-жазушылары, әншілері, өнер жұл-
дыздары қатысады...
– Адамға туған жер қашанда ыстық қой. Арқаның белі 
Жаңаарқада туып, үлкен жыр әлеміне қанат қақтыңыз. 
Осы сапарда өзіңізбен тілеуі бір жұбайыңыз, балаларыңыз, 
ағайыныңыз да бірге келеді деуге сыяды ғой?..
– Әрине, туған ауыл, тума-бауыр әрқашан да жүрекке жа-
қын, жаныңа аяулы болады. Әкей елге сыйлы жан болды. 
Уыздай ұйыған отбасыдан 11 бала шықтық. Шешей ауыл-
да. Жаңаарқа жері – өте киелі жер, онда туған әр ұлан елінің 
ертеңі үшін ер көтерер үлкен жауапкершілікті көтеруге да-
йын туады дей аламын. Тынышбай Рахимовтың бір өлеңі бар 
ғой «Ерте ғашық болдым да, ерте үйлендім» деп келетін. Сол 
секілді мен ерте үй болдым. Жұбайым Бибіғайша Алматы дағы 
М. Ма қатаев атындағы гимназияда директордың орынбасары 
болып қызмет істейді. Үш баламыз бар. Үлкеніміз – Азамат, 
әке-шешенің қолында өскен, қазір қызметте, кейінгі бір қыз, 
бір ұлымыз – Саламат пен Айдана мектепте оқиды. Тәуба деп, 
ел аман болсын, жер аман болсын деп ғұмыр кешіп келеміз...
...Қолымда ағамның «Құсқанаты» жинағы. Өткен жылы 
арнайы іздеп тауып алғанмын. Ағамнан қолтаңба, естелік 
лебіз жазуын өтіндім әңгіме тарқарда. «Өмірің өлеңіңдей, 
Өлеңің өміріңдей болсын! Ағаң Ғалым» деп жазыпты.
Бір-ақ ауыз тілектен саналы жан ғұмырының өлшемі етер-
дей, тірлігіне Темірқазық етіп тұтардай салмақты аңғар-
дым. Аңғардым да Ғалым ағамның, қазақтың Ғалымының бір 
шумақ өлеңін таңдайға бастым, тамсанып:

120
Наурыз келді!
Түзелер ендігі күнім,
Көңіл біткеннің аян ғой кеңдігі бүгін.
Үскірікте де үмітін үкілеп ұстар –
Көктемнен көктем іздеген елдің ұлымын... 
 Серік САҒЫНТАЙ.
«Орталық Қазақстан» газеті,
11 наурыз, 2003 жыл

ТАЛАНТ – 
ТАҒДЫРЫҢНЫҢ 
ТАМЫРЫ

123

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет