ҚАЙРАТКЕР КӨСЕМСӨЗІНІҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ
Көрнекті мемлекет қайраткері Д.А.Қонаевтың көсемсөз
мұрасын зерттеу – тіленіп тұрған тақырып. Алатаудай алып
тұлғаның ғылыми публицистикалық еңбектерінің библио-
графиясын түзіп, ғылыми айналымға енгізу өз алдына жеке
зерттеуді қажет етеді. Ал көпшілік алдында сөйлеген сөздері
мен съезд, пленум, конференцияларда жасаған баяндамала-
ры, шетелдерде жоғары деңгейдегі дипломатиялық іссапар
барысында ортаға салған ойлары мен оқыған дəрістері,
отандық жəне шетел БАҚ-тарына берген сұхбаттары мен
сараптамалық-талдамалы жанрларда жарияланған еңбектері,
қарапайым еңбекшіден бастап, əлемдік деңгейдегі ірі тұл-
ғалармен жазысқан хаттары, күнделіктері мен естеліктері
жинастырылып, ғылыми зерттеу объектісіне айналса, тари-
хи тұлғаның табиғи болмысын терең танумен қатар еліміздің
бір дəуірінің шынайы шежіресіне қануға айқара жол ашы-
лар еді.
Бүгініміз кешегіміздің баласы десек, осы күніміз бола-
шақтың атасы екенін ұмытпайық. Бұдан түйетін ой ерте-
ңімізді болжап білу өткенімізді терең тану арқылы бү-
гінгі бағындырған биігімізді бағалаумен байланысты дегім
келеді.
Шындықтың бетіне тура қарап айтсақ, біз өткенімізді,
əсіресе, қазақ тарихының ең бір күрделі тұсы Кеңсе өкіметі
үстемдік құрған кезеңді ел тəуелсіздігі елең-алаңында
азаттың дүрбісімен қарап, мейілінше əділ бағасын беріп,
жетістіктерінен тəжірибе жинақтап, кемшіліктерін қайта-
ламау үшін тарихи сабақ алуға тиісті едік, өкінішке қарай,
оны жүзеге асырмадық. Халқымызда ештен, кеш жақсы де-
ген дана сөз бар. Кеш те болса, соны қолға алуымызға тура
келеді. Өйткені өткеннен сабақ алмай, болашаққа адаспай
қадам басу қиын екенін ұғынатын мезгіл болды.
Осы орайда, өткенді танып білу мен бүгінді бағамдауда
сөз өнерінің алдыңғы шептен табынатын жауынгер сала-
сы – көсемсөздің атқарар рөлі айрықша екенін қадап айту
парызымыз. Өйткені көсемсөз тек шындықты арқау етеді.
268
Ол дерекке құрылады. Ақиқаттан ауытқымау оның ба-
сты қағидасы. Əлем публицистика деп биік бағалайтын
өнерге көсемсөз деп ғажап балама тапқан ұлт ұстазы Ах-
мет Байтұрсынұлынан асырып айта алмаймыз: Көсем сөз
шешен сөз сияқты əлеуметке айтқанын істету мақсатпен
шығарылатын сөз. Шешен сөзден мұның айырылатын же-
рі – шешен сөз ауызша айтылады, көсемсөз жазумен айты-
лады. Көсем сөз əлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін
болғандықтан да көсемсөз деп аталады. Көсемсөз кезіндегі
əлеуметке керек іске мұрындық болып істеу ыждағатымен
айтылады».
1
Теңіздің дəмі тамшысынан білінеді дейді атам қазақ.
Алатаудай асқар азамат Дінмұхамед Қонаев көсемсөзінің
құндылығын сезіну үшін «Ақиқаттан аттауға болмайды»
атты кітабына тіл бітірсек жеткілікті. Естелік-эссе жанрын-
да жазылған еңбек құндылығынан сыр тарқатып, мейлінше
мол мағлұмат алу мақсатында кітап аңдатпасын (аннота-
ция) толық келтіргенді жөн көрдік: Халқымыздың аяулы
перзенті, аса ірі мемлекет қайраткері, үш мəрте Социалистік
Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1992 жылы шық-
қан «Өтті дəурен осылай» деп аталатын естелік-эссесін
көзі тірісінде түгелдей қайта қарап, оқырман талап-тілегіне
сай толықтырулар жасай келіп, кітаптың атын «Ақиқаттан
аттауға болмайды» деп өзгертіп еді. Мұнда өз өмірінің
беймəлім беттерін ғана емес, өз заманының ірі тұлғалары
Сталиннің, Маленковтың, Булганиннің, Хрущевтің, Косы-
гиннің, Брежневтің, Андроповтың, тіпті Горбачевтің көп-
шілікке жұмбақ сырларын ашып, Қазақстанның елу жылдық
экономикалық, мəдени жəне əлеуметтік тыныс-тіршілігін
жан-жақты əңгімелеп береді. Оның игі жақсылары туралы
да шет қалмайды. Кезінде жылы жауып қойылған Теміртау
оқиғасын, Семей полигонын, Арал мəселесін, Желтоқсан зар-
даптарын, сондай-ақ, тілге, дінге, ділге қатысты көкейтесті
сұрақтардың жауабын алға тартады. Ұлттық сана, əдет-
ғұрып, салт-дəстүр туралы ой-толғамдарын ортаға салады.
Кешегі Кеңес өкіметінің күйреу себептерін талдап, қазіргі
1
Байтұрсынов А. Шығармалары.– Алматы: Жазушы,1989. – 223-224 бб.
269
экономикалық дағдарыстан шығу жолдарына барлау жа-
сайды.
Аңдатпаны кітаптың «Автордан» деп аталатын алғы
сөзінде көрнекті мемлекет қайраткері Д.А.Қонаев мына-
дай ақпараттармен толықтырады: «Өтті дəурен осылай»
деп аталған кітабымда, жасыратыны жоқ, көбірек елек-
тен өтіп, апыр-ай, ашып айтпапты-ау, сонша неге тартын-
ды екен деп, оқырманды екіұшты ойға қалдыратын тұс аз
кездеспейді. Бұ жолғы басылымда соны ескердім. Қолдау
көрсеткен ағайынның қозғау сала білетініне көз жетті. Сая-
сат деген алды тұман, арты жар əлемнің азу тісі алты қарыс
алпауыттарының талайын көзіммен көргем, аралас-құралас
болған адаммын. Қағыс естідім бе деп тайсақтамай бар
білгенімді, бар көргенімді əсіре қызылсыз алдарыңызға
жайып салып отырмын. Ондай шытырман оқиға, қым-
қуыт мəселе аз емес. Ақиқатын, əділдігін арға аманат деп,
тəуекелге бел байладым».
Осы жерде автордың «Өтті дəурен осылай» атты кітабы-
на байланысты исі қазақты былай қойғанда, іргелес қырғыз
туғандар, өзбек ағайындар, қарақалпақ бауырлар үсті-үстіне
хат жазып жатса, Ресей, Татарстан, Башқұрт жерінен, тіпті
сонау Түркия, Алмания, Иран, Қытай, Монғолия жеріндегі
қандастар үн қатып, тілек қосады. ...Менің көмешімді оқыған
баспагерлер ал кеп қолқа салсын. Аударып басайық дейді.
Ондай тілекті кешегі Кеңес Одағының құрамындағы болған
елдер ғана айтып қойған жоқ, азуы ай білеген АҚШ, ақырын
жүріп, анық басатын Корея, жаңалыққа құлағын түрік
ұстайтын Италия, айтпайтын, айтса екі сөйлеу қанында жоқ
Алмания өз тілдерінде шығарып та үлгерді», – деген көңіл
қуанышын сыртқа тоғытқан жан сыры біз тілге тиек етіп
отырған көсемсөз туындысының құндылығын айшықтай
түсері анық.
Аса көрнекті мемлекет қайтаркері көсемсөзінің айрық-
ша құндылығы – көпшіліктің қолы жете бермейтін тари-
хи маңызы орасан зор деректерді алдыңызға жайып сала-
тындығы. Бір-екі нақты мысал келтірейік.
Тілге тиек етіп отырған кітапта қазақтың қос алыбы –
Қаныш Сəтбаев пен Мұхтар Əуезовтің қалай қуғын-сүргін
270
зардабына ұшырағанын нақтылайтын құнды дерек бар.
Дінмұхамед Ахметұлы былай деп жазады: 1950 жылдың
26-желтоқсанында «Правда» газеті «Қазақстан тарихи мəсе-
лелерін маркстік-лениндік тұрғыдан көрсетейік» деген та-
қырыппен мақала жариялап, онда тарих ғылымындағы,
соның ішінде Кенесары Қасымов қозғалысын бағалауда
жіберген елеулі қателік атап көрсетілген-ді. Шаяхметов
соны мегзеп отыр. Жұмекең аз-кем үнсіздіктен соң былай
деді: ...Сəтбаев кезінде Алашорда үкіметінің сөзін сөйлеп,
намысын жыртқан адам. Қызметіндегі, міне, осындай елеу-
лі кемшілігі үшін Сəтбаевты орнынан алу жөнінде бюро
шешім қабылдады.
1
Мұны неге тəптіштеп жазып отырғанын автор кітаптың
кейінгі бір беттерінде былай нақтылайды: «Соңғы жыл-
дардың көлемінде кейбір газеттер мен журналдарда жа-
рияланған мақалаларда менің Қ.Сəтбаевқа деген көзқара-
сым онша дұрыс болмапты-мыс деген пікір ара-тұра шаң
беріп қалады. Бұл түбірімен қате. Адам аласынан сөз ала-
сы жаман. Сөз шаласынан ұпай түгендеп жүретін кей-
біреулердің қаңқуы бұл. Мен Қаныш Имантайұлына əрқа-
шан құрметпен қараған жанмын, соңынан шырақ алып түсе-
тіндей ол кісінің жақсылығынан басқа, жаманшылығын
көрген емен. Қаншама жылдар бойы биік мінберден сөз
сөйледім, соның бірде-бірінде ол кісі туралы артық сөз айтқан
емеспін. Сəтбаев орнынан алынып, Ғылым академиясы-
ның президенттігіне кімді сайлаймыз деген кезде, менің
атымды атап, ақ батасын берген сол кісі».
2
Сөйтеді де, 1955 жылы ҚазССР Министрлер кеңесінің
төрағалығына тағайындалысымен Қанекеңнің екінші рет
ҰҒА президенті болып сайлануына республика басшыларын
дегеніне қалай көндіргенін былай келтіреді: «Хрущевтің
қабылдауынан кейін Қазақ өкілеттігіне қайтып келдік. Басқа
жұмысқа ауысуыма байланысты Ғылым академиясының
президенттігіне кімді сайлаған жөн? Осы мəселе төңірегінде
ұзақ отырдық. Брежнев жас физиктің есімін атады. Мен оған
1
Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. – Алматы: Санат, 1994.–130 б.
2
Бұл да сонда, 155 б.
271
келісім бермей, Қаныш Имантайұлы Сəтбаевтың кандидату-
расын ұсындым. – Халық таныған адам. Ел жағдайын біледі.
Ғалымдар зор құрметпен карайды. Жəне осы академияның
іргесін қалап, шаңырағын көтерген тұңғыш прези дент. Іскер.
Ойшыл, – деп өз ұсынысымнан қайтпай отырып алдым.
Пономаренко мен жағына шығып: Леонид Ильич рай-
дан қайтып, ұсынған кандидатураңызды қайтып алғаныңыз
жөн бе деймін. Дінмұхамед Ахметұлы бізден гөрі ол кісіні
көбірек біледі. Жақсылығын асырмай, жамандығын жасыр-
май айтып отыр. Осы тоқтамға келіссек қайтеді, – деді. Лео-
нид Ильич: Бұл мəселе жөнінде Орталық Комитеттің бюро-
сы не дейді. Бюро қалай шешеді, солай болсын, – деді.
Бюро менің ұсынысымды мақұлдады, Қаныш Имантай-
ұлы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенттігіне
қайта сайланды».
1
Осыған ұқсас М.Əуезовтің 1950 жылдары саяси қуғын-
сүргінге ұшырауының себеп-салдары туралы мынадай тың
деректер де ел тарихын түгендеуде маңызды болып санала-
ды: «М.Сужиков Қазақстан Компариясы Орталық Комите-
тінің идеология жөніндегі хатшысы боп тұрған 1951-1954
жылдары басқасын былай қойғанда, халықтың өзі тудырып,
өзімен бірге жасасқан озық үлгідегі эпостық жырлары ақыры
өзіне сор боп шықты. Орталық Комитет ауыр мін тағып,
түкке алғысыз етерліктей қаулы қабылданды. Онда осыған
тікелей қатысы бар көптеген ғалымдардың, тарихшылардың,
филологтардың, тіпті тұтас бір ғылыми ұйымдардың зерт-
теу жұмыстары жоққа шығарылды. Оның бер жағында көр-
кем əдебиетіміздің беткеұстар қаламгерлері мен олардың
таңдаулы туындыларын соққыға жықты. Мəселен, Мұхтар
Əуезовтің Абай жайлы романы тас-талқан болды, 1953
жылы маусым айындағы бір нөмірінде «Казахстанская прав-
да» газеті өзінің салақұлаш редакциялық мақаласында оны
адам төзбес ащы тілдеулерге барды. Газеттер мен журналдар
тырнақ астынан кір іздеп, түймедейді түйедей ғып көрсетуге
тырысса, көпшілік бас қосқан жиындарда жөн-жосықсыз
беттен алып, төске шапқандар, шаужайдан алып, аяқтан
1
Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. – Алматы: Санат, 1994.–154 б.
272
шалғандар жетіп артылатын. Артынан, жоғарыда аталған
халық жаулары табан астынан тұтқындалып, абақтыға айда-
лып жатты. Бұлтсыз күнгі найзағайдың зəре-құтты кетіргені
сонша, М.Əуезов, А.Жұбанов жəне басқа да аяулы азаматтар
туған елін тастай қашып, орталықтағы дос-жарандарын па-
налай тұруға мəжбүр болды.
1
Сонымен ғана шектелмей, Мəскеуде жан сауғалап жүр-
ген М.Əуезовтің үстінен арыз-шағым үдей түскенін автор
кітабында егжей-тегжейлі толық баяндайды. «Бірде мені
Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Шаяхметов шақырт-
ты, – деп бір қайырып алып, екеуара болған əңгімені қаз-
қалпында есіне түсіреді: Əуезов не істеп жүр қазір? – деп
сұрады. – Қандай шаруамен айналысып жүргенін біле ал-
мадым, сірə, жаңа роман жазып жатқан шығар, – деп шы-
нымды айттым. Хатшы əңгімені əріден бастады. – Про-
фессор Бекмахановтың жайын, əрине, жақсы білесіз. Қазақ
КСР-інің тарихын бұрмалап, елді адастыруға тырысты.
Кенесары Қасымұлының қозғалысын дəріптеуге дейін бар-
ды. Міне, осындай əрекеттері үшін Кеңестің əділ соты ұзақ
жылға бас бостандығынан айырды. Ғылым академиясының
корреспондент-мүшесі Жұмалиев жəне басқалар соның кебін
киіп, жазасын алды. Сырт естуімше, Əуезов те бүйректен
сирақ шығарып, бір басына ие бола алмай жүрген көрінеді.
Баяғы əуенге басып, бұрынғы қателіктерін қайталай бас-
тапты. Қазақстаннан іргесін аулақ салып, біржола Мəсеуге
көшіпті, – деді. Ол бұған енді не айтар екенсің дегендей
қабақ асты түйіле қарап алды да, сөзін сабақтады. – Əуезовті
академиктер құрамынан аластау керек, – деп берік байла-
мын айтты».
2
Ер басына алмағайып күн туғанда қол қусырып, қарап
отыру азаматтыққа жараспайтынын ұққан Дінмұхамед
Ахметұлының мына ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртуға
тиіспіз: «Орталық Комитеттен салым суға кетіп шықтым.
Не істеу керек? Жазықсыз жандар жөн-жосықсыз жапа
шегe бермек пе? Оларға қорған болар жан табылмағаны ма?
1
Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. – Алматы: Санат, 1994.–134 б.
2
Бұл да сонда, 141 б.
273
Қайда барып, кімге барып шағынарсың? Тыңдай қояр құлақ
бар ма?
Осындай ой жетегімен үйге келдім де, жолға жинал-
дым. Ертеңіне əй-шайға қарамастан Мəскеуге ұштым.
Шешінген судан тайынбайды. Шаяхметовпен ақыры бетті
ашып алдық. Жарылар бас жарылды. Мекіре балықтың
басы тасқа тимей қайтпайды. Не де болса, жығылсам нардан
жығылайын. Орталыққа барып, өз ойымды айтайын. Тым
құрыса, қазақтың бір өр тұлғасы үшін кеудені оққа тоссам
өкінбен. Мəскеуге барған бетте КОКП Орталық Комитеті-
нің ғылым бөлімінен бір-ақ шықтым, болған жайды түгел ба-
яндадым. Жəне өз пікірімді бүкпесіз алға тарттым. Əуезов
жайлы позициямды ақыры қорғап шықтым. Осы əңгіме
кейін, 1954 жылы Қазақстан Жазушыларының съезінде
сөз болды. П.К.Пономаренко өз сөзінде арнайы тоқталып,
менің аты-жөнімді атаған тұста, Орталық Комитеттің нұсқа-
уын орындаудан бас тартып, Əуезовті қалай қорғап
қалғанымды айтқанда жəне бұл істе зор принциптілік əрі
табандылық танытты деген кезде, жасыратыны жоқ, кайран
қалдым. Бұл əңгімені Пономаренко қайдан естіп жүр де-
ген сұрақ қашан анық-қанығын білгенше мазалады. Əуезов
жайында Пантелеймон Кондратьевичке тіс жарғаным жоқ.
Кейін білдім, ол кісі бар жайды КОКП Орталық Комитеті-
нің ғылым бөлімінде істейтін жауапты қызметкерлерден
біліпті».
1
Қонаев көсемсөзінің құндылығына қану үшін, əрине,
бір ғылыми мақала аздық етеді. Ол үшін толымды зерт-
теу қажет. Бір ғана естелік-эссесімен терең танысу бары-
сында қаншама маңызды мəлімет, ой олжалағанымызды
тұжырымдап жеткізсек, кітаптың мына құндылықтары ұлт
тарихы мен мəдени мұра қазынасы бола алатынына иманы-
мыз кəміл:
Біріншіден, бір дəуірдің айнасы болумен құнды. Кітап
тарихи тұлғаның жеке өмір жолын ғана баяндамайды,
Д.А.Қонаев билік құрған кезеңнің шынайы шежіресін алды-
ңызға жайып салады.
1
Қонаев Д. Ақиқаттан аттауға болмайды. – Алматы: Санат, 1994.–142 б.
Екіншіден, естелік-эсседе кешегі КСРО атты алып мем-
лекеттің билік эшелонында қолтаңбасы бар қаншама тари-
хи тұлғалардың портреттері сомдалған. Олар туралы бұған
дейін білетінімізден бір артықшылығы, портретті очерктер
қазақ мүддесі тұрғысынан нақты деректерге жүгіне отырып,
көркем өрнектеледі.
Үшіншіден, сөз жоқ, қалайық-қаламайық, қазақ тарихы-
ның бір кезеңі болып қалатын кеңес заманының жетістік-
тері мен кемшін тұстарын қатар өрген кітап тарихи тəжіри-
бе, сабақ алу үшін құнды мұра болып табылады.
Төртіншіден, аузы дуалы, сөзі уəлі көсем тұлғаның өмір-
ден түйіп айтқан ақыл-кеңес, ой-тұжырымдары бүгінгі жəне
болашақ ұрпақтың игілігіне жаратса, ұтарымыз көп болаты-
нына еш шүбəміз жоқ.
Бесіншіден, көсемсөз өнерін мықтап игеріп, шоқтығы
биік ұйымдастырушылық қарымын бұл салада да тайға таңба
басқандай анық танытқан тума таланттың толағай тəжіри-
бесі бүгінгі шенді-шекпенділерге үлгі-өнеге болуымен
құнды. Кешегі Алаш арыстары мəртебесі биік лауазым-
дарда жүріп те қаламнан қол жазбай, қоғамдық келелі мəсе-
лелерге ой тастап, халыққа шыр-пыр боп түсіндіру жұ-
мыстарымен айналысқанын бүгінгі биліктегілер ұмытпауға
тиіс.
Алтыншыдан, өтіріктің арты бір тұтам, шындықтың тү-
бінде жеңіске жететінін дəлелдеумен бұл кітаптың құны ар-
тық. Алты Алаштың арысы Д.Қонаевтың өз сөзімен айтсақ,
«Ақиқаттан аттауға болмайды».
275
Достарыңызбен бөлісу: |