«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы
(Жетістіктері мен кемшіліктері)
Бағдарлама негізінен 2004-2006, 2007-2009, 2009-2011 жылдарға арналған 3 бөліктен тұрады. Олардың әрқайсысы сол жылдарға арналған басты міндеттерді орындауға, рухани және білім беру саласындағы проблемаларды шешуге бағытталған. Әрбір екіжылдық сайын бағдарлама мақсаттары мен міндеттері жаңа сипатта баяндалып, толықтырылып отырды. Айта кетейік, бағдарламаны дайындаған кезде мәдениет министрлігі спорт министрлігінен бөлек болды, бұл да болса басқа салаға алаңдамай, тек мәдени тұрғыдағы қоғамдық мәселелерді шешуде өте маңызды болды. Алғашқы екі жылдықта (2004-2006) мәдениет министрлігі елдегі маңызды тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру туралы, түрлі бағыттар бойынша кітаптар дестелерін шығару, мәдени инфрақұрылымды дамыту, еліміздің мәдени ескерткіштері, соның ішінде оңтүстік, орталық өңірлердегі халқымыз қасиетті деп санайтын рухани ескерткіштер, кесенелерді қалпына келтіру сияқты мәселелерді қарастыруды көздеді.
Сонымен қатар, Ұлттық тарихтың маңызды тарихи-мәдени, археология
және сәулет ескерткiштерiн қайта жаңғырту, Қазақ халқының мәдени мұрасын зерделеудiң тұтастай жүйесiн құру, Ұлттық және әлемдiк ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиет басылымдарының дестелерiн әзiрлеу сияқты пункттерді қамтыды. Бағдарламаны жүзеге асыруға 1 млрд 933 млн көлемінде қаржы бөлінді.
Келесі 2007-2009 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада өткен жылдарғы бағдарлама есебін қорытындылады. Бағдарламаның мақсаты еліміздің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, сақтау және қалпына келтіру.
Қойылған мақсатқа қол жеткізу мынадай міндеттерді шешу арқылы жүзеге асырылды:
тарих пен мәдениет ескерткіштерін, оның ішінде Қазақстан тарихымен тікелей байланысты алыс және жақын шетелдердегі ескерткіштерді қайта жасау жөніндегі жұмыстарды жалғастыру;
археологиялық зерттеулер жүргізу;
қазақ халқының мәдени мұрасы саласындағы одан арғы ғылыми жұмыстарды жалғастыру;
Қазақстанның тарихы, археологиясы, этнографиясы мен мәдениеті мәселелері бойынша басылымдар дестелерін шығаруды жалғастыру. Бұл жылдардағы мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін 4 млрд-тан астам қаржы бөлінді. Айта кететін жайт: алдыңғы екі бөлім де 2008 ж. өз күшін жойды.
Келесі, соңғы екіжылдық бағдарлама әлі күшін жоймағандығымен, алдыңғы екі бөлімде талқыланбаған тың мәселелерлі көтергендігімен, сондай-ақ ондағы шешілмеген мәселелердің маңыздылығын көрсетуімен ерекшеленеді. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында 35 тарих және мәдениет ескерткіштерінде жаңғырту жұмыстары, 30 қалашық, қоныс, тұрақ пен қорғанда археологиялық зерттеу жұмыстары жүзеге асырылды.
Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапон, Египет, Өзбекстан, Армения, АҚШ, бірқатар Батыс Еуропа елдеріне ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылып, ғылыми ортаға бұрын белгісіз болып келген Қазақстанның тарихы, этнографиясы, өнері туралы бес мыңға жуық қолжазба мен баспа басылымдары табылды. Экспедициялар барысында тек Қытайдың өзінде ғана Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты бұрын зерттелмеген үш жарым мыңға жуық тың дерек табылды.
Осы зерттеулердің нәтижесінде, қазір Қазақстанда қазақ хандары мен сұлтандарының Қытай, Қоқан, Хиуа және де басқа шектес жерлердің билеушілерімен хат алмасуы жөнінде көптеген тарихи маңызды деректер жиналды, бұрын белгісіз қыпшақ жазбаларын иелендік.
Жүздеген жазба ескерткіштер Еуропа мемлекеттерінің кітапханалары мен дипломатиялық мұрағаттарынан табылды.
Шет елде Орталық Азиядағы көне көшпелі халықтардың шаруашылық құрылысы мен антропологиялық түріне, олардың тілдерінің өзара ықпалына және өзара қарым-қатынастарына қатысты этнологиялық деректердің табылуының маңызы айрықша зор деп көрсетілді.
Мемлекеттік бағдарлама ТМД елдерінде ғана емес, сонымен қатар алыс шетелдерде де аса жоғары бағаланды. 2006 жылғы сәуірде Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның Штаб-пәтерінде оның тұсаукесері табысты өтті.
Оны іске асыруға мемлекеттік бюджеттен 2,7 миллиардқа жуық теңге бөлінді.
Мемлекеттік бағдарлама тарихи-мәдени мұраны қайта қалпына келтірумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты - қоғамдық санада оң өзгерістерге қол жеткізу және нақ осы тұрғыда ол маңызды идеологиялық, жалпымемлекеттік мәнге ие.
Тұжырымдаманың басым бағыттарына:
1) ұлттық рәміздерді қалыптастыру;
2) мәдени туризмді дамыту;
3) ұлттық тарихи-мәдени мұраны халықаралық деңгейде насихаттау;
4) өткен бес жылда табылған тарихи-мәдени мұраны кешенді зерделеу;
5) жүйеленген білімді оқу процесіне енгізу;
6) саланы дамытудың стратегиялық ресурсы ретіндегі кадр саясатын іске асыру секілді мәселелерді жатқызуға болады.
Бүгінгі күнгі басты міндеттердің бірі - төл мәдени дәстүрлерін жақсы білетін, өз халқының тарихын сүйетін ұрпақ, елдің болашағына тірек бола алатын ұрпақ тәрбиелеу.
Қазіргі Қазақстан - халықаралық қауымдастықтың толық құқылы, құрметті және беделді мүшесі. Негізгі экономикалық, әлеуметтік дамудың және тұрғындардың өмір сүру деңгейі көрсеткіштері бойынша біздің еліміз ТМД-да бірінші орында тұр. Елде бірнеше тілде еркін сөйлей алатын, заманға сай ақпараттық технологияларды игерген белсенді жас ұрпақ өсіп келе жатыр. Сонымен бірге халқының рухани құндылықтарын игермеген, өз тарихын білмейтін жас ұрпақ қазіргі жаһандану ағынына төтеп бере алмай түрлі догмалық бағыттарға еріп кету қауіпі бар екендігін жасыруға болмайды.
Қоғамның тұрақты және өскелең дамуының кепілі - кәсіби кадрлар мәселесін тиімді шешу.
Қазіргі уақытта кәсіби біліктілігі жоғары кадрлар қажет. Кәсіби аудармашыларды даярлау міндеті әлі де лайықты шешімін таппай келеді.
Тарихи мұра мен ұлттық фольклорды басқа тілдерге, әлемдік ғылым мен қоғамдық ойдың озық үлгілерін қазақ тіліне сапалы аудара алатын мамандар қажет. Ежелгі қазыналарды қалпына келтіру үшін реставраторлар жетіспейді. Жоғарыда аталғандарды ескере отырып:
аудармашы, тарихшы және этнографтар мамандарын даярлауын, жас мамандардың халықаралық оқыту бағдарламаларына қатысуларын қамтамасыз ету;
мәдениет қызметкерлерінің еліміздің және шет елдердің үздік мәдениет мекемелерінде біліктілік мектебінен өтуін ұйымдастыру;
жақын және алыс шет елдерде тәжірибе жинақтауын ұйымдастыру қажет.
Жоғарыда аталған мәселелер бағдарламаның, жалпы Қазақстандағы жүйенің, қоғамның кемшіліктерін көрсете білді.
Достарыңызбен бөлісу: |