10. «Қазақ тілі» оқу пәнінің 4-сыныпқа арналған базалық мазмұны: Тіл және сөйлеу: ауызекі және жазба тілде сөйлеу туралы түсініктерін кеңейту; тірек сөздер мен жоспарды пайдаланып монолог құрау;
Сөйлеу мәдениеті: сөйлеу мақсаты мен ортасына сәйкес белгілі бір тақырып аясында диалог құру; сұхбаттасының жасын, жай-күйін ескере отырып, сезімі мен көңіл күйіне әсерін ескеру; интонацияны, вербалды емес тілдік құралдарды (қимыл мен ым-ишара, және қыстырма, одағай сөздерді қолдана отырып, тақырыпқа тыңдарманды қызықтыру;
Фонетика: буын үндестігі туралы ұғым қалыптастыру: дауысты дыбыстардың сөз ішінде жуан-жіңішкелігіне қарай үндесіп айтылуы және жазылуы; дыбыс үндестігі туралы түсінік; сөзге қосымшалар жалғауда дыбыс үндестігін ескеріп қолдану: түбірдің соңғы дыбысы қатаң болса, оған жалғанатын қосымшаның бірінші дыбысы қатаң болып келетіні, түбірдің соңғы дыбысы ұяң немесе үнді болса, оған жалғанатын қосымшаның бірінші дыбысы да ұяң не үнді болып сәйкестенуі, дауысты дыбыстың әсерінен түбірдің соңындағы қатаң дыбыстың ұяң не үнді болып өзгеруі;
Мәтін: мәтін түрлері (әңгімелеу, сипаттау, пайымдау) туралы берілген ұғымды кеңейту; мәтіннің құрылымын талдау; мәтіннің тақырыбы мен мазмұнының өзара сәйкестігін анықтау және ондағы негізгі ойды тұжырымдау; пайымдаудың мазмұндық және құрылымдық ерекшеліктерін (түсіндіру, дәлелдеу, қорытынды) анықтау; мәтін мазмұны бойынша шешім табуға бағытталған сұрақтар құрастыру және жауап беру; мәтіндерді салыстырмалы талдау: бір тақырыпта түрлі жанрда берілген мәтіндерді салыстыру;
Тыңдалған материал бойынша негізгі тұсын түртіп алу және солардың негізінде мәтіннің мазмұнын айту; берілген мәтіннің тақырыбы мен диаграмма, сызба, кесте бойынша мәтіннің мазмұнын болжау және өз ойын дәлелдеу; аудио-бейне жазба мазмұнын өзіндік бағалау;
Сөз тіркесі, сөйлем: сөйлемге қатысты өтілгенді қайталау; сөйлемдегі сөз тіркестерін табу; сөйлемнің бірыңғай мүшелері және олардың тыныс белгісі;жай және құрмалас сөйлем; құрмалас сөйлемді сызба бойынша құрау; құрмалас сөйлемнің тыныс белгісі;
Диалоге қолданылатын тыныс белгілер;
Күрделі сөз туралы жалпы түсінік: біріккен сөз; біріккен сөздің жасалуы және оның жиі кездесетін түрлері; қос сөз және олардың жасалуы; қос сөздердің мәні және емлесі; қысқарған сөз; қысқарған сөздердің жасалуы және олардың емлесі; бірігу, қосарлану, тіркесу жолымен туынды сөздер жасау;
Сөз және оның мағынасы: тұрақты сөз тіркестері туралы түсінік беру; мәнмәтінде тұрақты сөз тіркестері мен көпмағыналы сөздерді ажырата білу, мағынасын түсіну, сөйлеу барысында қолдану; түрлі дереккөздерден (мәтін, сөздік, сызба, кесте, диаграмма) берілген тақырыпты, қажетті ақпараттарды табу, кездескен жаңа сөздердің мағынасын мәнмәтін бойынша анықтап, ақпаратты қорытындылау, бағалау;
Сөз таптары: зат есім туралы өтілгенді қайталау, зат есімнің септелуі; септік жалғауының аттары мен септелуі; септік жалғауының емлесі; тәуелденген сөздердің септелуі; көптік жалғаулы сөздердің септелуі; зат есімнің жіктелуі; жіктік жалғаулары, олардың жекеше, көпше түрлері; етістік, туралы өтілгенді қайталау; етістік, оның жіктелуі; жекеше және көпше жіктеу үлгілері; етістіктің шақтары: осы шақ, өткен шақ, келер шақ; сын есім; қарсы мәндес сын есімдер; сан есім, дара және күрделі сан есімдер, емлесі; есімдік тралы жалпы түсінік; жіктеу есімдіктері, олардың септелуі; үстеу туралы түсінік; шылау туралы түсінік, олардың мәні; шылау мен шылау тұлғалас қосымшалардың жазылуы; одағай сөздер және олардың емлесі; еліктеуіш сөздер туралы түсінік; олардың мәні мен емлесі;
Шығармашылық жұмыс: оқыған, тыңдаған және аудиовизуалды материалдар бойынша жоспар құрып, мазмұндама және тірек сөздерді қолданып эссе жазу; берілген тақырыпта әңгімелеу, сипаттау және пайымдауэлементтері бар мәтін құрап жазу; түрлі стильде мәтін жазу; қабырға газетіне мақала, жарнама, жаңалық жазу; мінездеме жазу; жіберілген қателерді 8(пунктукациялық, орфографиялық, грамматикалық, стилистикалық) анықтап, орфографиялық сөздік пен анықтамалық арқылы түзету;