Бағдарламасы Түсіндірме жазба


Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру



бет18/187
Дата04.12.2022
өлшемі0,84 Mb.
#54738
түріБағдарламасы
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   187
Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру

Әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды қалыптастыру қоршаған ортамен таныстыру ұйымдастырылған іс-әрекеті арқылы ойын түрінде түрлі балалар әрекеттерінде күн сайын іске асырылады.


Мақсаты жалпы адами нормалар мен ережелер негізінде тұлғаның әлеуметтік дағдыларын, экологиялық білім негіздерін қалыптастыру.
Міндеттері:
ересектердің еңбегі, оның қоғамдық өмірдегі рөлі туралы, жалпы қабылданған нормалар мен ережелер негізінде құрдастарымен және ересектермен өзара қарым-қатынастары туралы білімдерін кеңейту;
отансүйгіштік сезімдерін, еліміздің жетістігіне мақтаныш сезімін тәрбиелеу;
құрдастарымен сыпайы қарым-қатынас жасауға баулу;
туған өлкеге, өзінің еліне және оның тарихына сүйіспеншілікке тәрбиелеу;
тірі және өлі табиғат туралы білімдерін кеңейту;
танымдық қызығушылықтары мен шығармашылық қиялды қалыптастыру;
табиғатты сақтауда адамның рөлі туралы білімдерін қалыптастыру;
қоршаған ортада, табиғатта қауіпсіздікті сақтау.
Қоршаған ортамен таныстыру
Бала, оның отбасы, үйі:
Баланың «Мен» бейнесін қалыптастыру. Баланы өсіп, жетілген ересек бала ретінде қабылдау, оның ойын ашық білдіруге мүмкіндік беру, онымен санасу, жеке басын құрметтеу. Оның өсуі мен дамуы, өткені, бүгіні және болашағы туралы түсініктерді қалыптастыру («Мен кішкентай болдым, мен өсіп келемін, мен ересек боламын»). Мектеп туралы бастапқы түсініктерді қалыптастыру (мектепке баруға ынтасын, қызығушылығын арттыру). Өзінің атын, тегін, жасын, жынысын атай білуге үйрету, өзін құрметтеуге, өз қадір – қасиетін сезінуге, өзіне деген сенімділікке тәрбиелеу.
Отбасы туралы, отбасының ересек мүшелерінің еңбегі туралы білімдерін жетілдіру. Отбасындағы үлкендерді сыйлауға, құрмет көрсетуге, кішілерге қамқорлық жасауға баулу. Жақын туыстарын білуге, олардың есімдерін атауға үйрету, отбасындағы сүйікті адамдары, отбасылық мерекелер, салт-дәстүрлер туралы әңгімелеу, өзінің жақындарына мақтаныш сезімін білдіру.
Заттық әлем
Балаларды заттық әлеммен таныстыру және онымен әрекет жасау дағдыларын қалыптастыру. Жақын маңайдағы заттарды ажыратып, атай білуді жетілдіру.
Қоршаған орта заттары, олардың қасиеттері және қолданылуы туралы түсініктерін кеңейту. Қазақ халқының ұлттық киімдерімен, әшекейлерімен таныстыру. Көлік түрлерінің қолданысын (әуе, су, жерде жүретін көліктер) ажырата білу, оның түрлері және қолданылуы машинаның жабдықтарына байланысты екені туралы (жедел жәрдем, өрт сөндіру машинасы және тағы басқа) білу, телефон, компьютер, теледидардың қолданылуы және оларды пайдаланудың кейбір қарапайым ережелері туралы білу.
Адамдарға еңбектері үшін алғыс айтуға және еңбектің нәтижесіне құрмет көрсете білуге тәрбиелеу.
Байланыс және қозғалыс құралдары
Қозғалыс ортасын ескере отырып, көлік құралдарын танып және атай білу дағдыларын қалыптастыру. Әртүрлі көлік құралдары мен оларды басқаратын адамдар туралы білімдерін жетілдіру. Көлікте жұмыс істейтін адамдарға сыйластық танытуға тәрбиелеу.
Еңбекке баулу
Балалардың еңбек етуге деген оң көзқарасын тәрбиелеу, берілген тапсырмаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру: бастаған істі аяғына дейін жеткізе білу, оны жақсы орындау. Топты және ойын алаңын таза ұстауға, ойыншықтарды жинауда тәрбиешіге көмектесуге баулу.
Топта кезекшілердің міндеттерін өз бетінше орындауға үйрету: нан салғыштарды, кружкаларды, тәрелкелер мен майлықтарды, ас құралдарын (қасықтар, шанышқылар, пышақтар) ретімен қою. Шамасы келетін жұмысты орындау кезінде балалардың бастамасын қолдау: бөлме өсімдіктеріне күтім жасау, оларды суару, жапырақтарды жинау, ауладағы гулдерді суару, қыстайтын құстарды қоректендіру және т.б.
Жақындарының мамандықтарымен таныстыру, олардың атқаратын қызметінің маңызын түсіну, ата-анасының мамандықтарына қызығушылықты қалыптастыру. Айналаны қоршаған заттар, ойыншықтар – адамдардың еңбегімен жасалғаны туралы түсінік беру, оған ұқыпты қарауға баулу.
Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі, (қаламен ауылдың байланысы), диқанның еңбегі туралы білімді қалыптастыру. Нанға және азық-түлік өнімдеріне ұқыпты қарауға тәрбиелеу. Өзгенің еңбегінің нәтижесіне құрметпен қарауға тәрбиелеу, ересектерге көмек көрсету ниеттерін қолдау.
Адамгершілікке баулу
Балаларды адамгершілікке, өзара көмек беруге, ренжіген балаға жанашырлық танытуға және ренжіткен баланың әрекеттерінің әділдігіне көз жеткізіп себебін анықтауға, әділ болған жағдайда әрекет еткен баланың әрекеттерін қолдауға, құрдастарының өтініші бойынша ойыншықтарымен бөлісуге, айналасында болып жатқан жағдайларды ой елегінен өткізіп, өзінің әділ пікірін білдіруге баулу. Қарапайымдылыққа, мейірімділікке және әділдікке тәрбиелеу. Жағымсыз қылықтары үшін ұятты сезіне білуге, ренжіткені үшін құрдасынан кешірім сұрауға баулу.
Менің Отаным – Қазақстан
Отанымыз – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікті және мақтаныш сезімін ояту. Балаларды мемлекеттік мерекелерге қатысуға баулу. Мемлекеттік рәміздерге (Ту, Елтаңба, Әнұран) құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Отан қорғаушылар, Қазақстан Республикасының әскері туралы ұғымдарын кеңейту. Отанды сүюге, патриотизмге тәрбиелеу.
Қазақстан Республикасының астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы, республикадағы қалалар мен ауылдардың атаулары, олардың көрікті жерлері, ауыл мен қала өмірінің ерекшеліктері туралы ұғымдарын дамыту.
Жолда жүру ережелері
Көлік түрлері, жол бөліктері (тротуар, жолдың жүру бөлігі мен жаяу жүргіншілер өтетін жол және жерасты жолдарымен өту), бағдаршам белгілері, жолда жүру ережелері туралы білімдерін қалыптастыру.
Бағдаршам түстерінің белгілеріне сәйкес көшеден өту дағдыларын жетілдіру. Жаяу жүргіншілерге арналған ережелер, «Жаяу жүргінші өткелі», «Қоғамдық көлік аялдамасы» жол белгілері туралы ұғымдарын кеңейту.
Балаларды жол қозғалысы ережелерін саналы түрде сақтауға үйрету. Сюжетті-рөлдік ойындар барысында жол қозғалысы ережелері туралы білімді бекіту.
Өз өмірінің қауіпсіздігінің қарапайым дағдыларын қалыптастыру: ойын, ойын жабдықтарын пайдалану, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасау. Балалардың өз есімін, тегін, жасын, ата-аналарының атын білуді бекіту, кездейсоқ жағдайларда (адасып қалу, құлау және т.б.) өзін дұрыс ұстауға үйрету.
Өлі табиғат құбылыстары мен заттары
Табиғат құбылыстары туралы ұғымдарын (жел, жаңбыр, тұман, қар, бұршақ, кемпірқосақ, боран және т.б.) кеңейту.
Бақылау күнтізбесінде ауа райын белгілеу (суық, жылы, күн шуақты, қар, жаңбыр жауғанын, жел соғуы), соған сәйкес киіну. Қарапайым себеп-салдарлық байланыстарды бақылау және анықтау (жел соғып, жапырақтар түсті, күннің суықтығынан жердегі қар мұзға айналды және т.б.), ойын, еңбек, эксперимент барысында құм, қар, су, мұз, тас, саздың қасиеттерін анықтау.
Ауа райы мен климаттық жағдайлардың өзгеруін бақылау. Қазақстаның түрлі аймақтарында ауа райының түрліше болуы туралы түсінік беру.
Өсімдіктер әлемі
Өсімдіктер, оларға күтім жасау (жерді қопсыту, суару, жапырақтардың шаңын сүрту) туралы түсінікті дамыту.
Бақылау, эксперимент және еңбек ету барысында өсімдіктердің тірі тіршілік иелері екендігін, өсімдік тұтастығының мәнін, олардың өсуі үшін жер, топырақ, су, күн, жарық, ылғал, жылудың қажеттілігін анықтау.
Өсімдіктердің даму кезеңдері (тұқым, көшет, сабақ, жапырақ, гүл, тұқым) туралы бастапқы түсініктерді қалыптастыру.
Өсімдіктердің жіктелуі туралы түсініктерді кеңейту: жемістер, көгөністер, жидектер (орман-бақша), гүлдер (бөлме, бақша және шабындық), бұталар және ағаштар (бақша және орман).
Бөлме өсімдіктеріне және табиғат бұрышындағы жануарларға күтім жасау, адамның табиғатқа қамқорлық танытуының маңызы туралы білімдерін қалыптастыру.
Жануарлар әлемі
Төрт түлік және оның төлдері (мінезіндегі ерекшеліктер, қозғалысы, қоректенуі, адамдарға пайдасы), оларға күтім жасаудағы ересектердің еңбегі туралы ұғымдарын кеңейту.
Жабайы аңдар, олардың сыртқы түрі, қозғалуы, тіршілік ету ортасы, азығы, қысқа бейімделуі туралы ұғымдарын байыту.
Бақылау барысында жануарлар әлеміндегі маусымға тән көріністерді: күзде – көбелектер, қоңыздар, кейбір құстардың болмауы, қыста-құстарды қоректендірудің қажеттігі, көктемде көбелектер, қоңыздардың пайда болуы, құстардың көбеюі, олардың сайрауы, шықылықтауы, шиқылдауы, ұя салуы, балапан шығаруы, жазда көбелектер, қоңыздар, инеліктер, құстардың көбеюін салыстыру, олардың тіршілік етуіне қажетті жағдайларды: азық, су, жылу, жарық, мекендейтін орнын анықтау.
Жәндіктер туралы (қоңыз, көбелек, шыбын, құмырсқа), қыстап қалатын және жыл құстары туралы ұғымдарын кеңейту.
Табиғаттағы қарапайым тәртіп ережелерін сақтау, қарапайым экологиялық білімдерін қалыптастыру және жануарлар мен өсімдіктерге күтім жасауға (өсімдіктерді қорғау, қыстап қалған құстарға жем беру) баулу.
Күтілетін нәтижелер:
бала өзінің «Мен» бейнесін көрсетеді, ойын ашық айтады, өзімен санасқанды, өзін құрметтегенді ұнатады;
өзінің туған жерін біледі және атайды;
отбасының ересек мүшелерінің еңбегі туралы біледі;
әскердің міндеті туралы түсініктерге ие;
отбасындағы үлкендерді сыйлайды, құрметтейді, кішілерге қамқорлық танытады;
жақын туыстарын біледі, олардың есімдерін атайды, отбасындағы сүйікті адамдары, отбасылық мерекелер, салт-дәстүрлер туралы әңгімелейді;
еңбек етуге қызығушылық танытады;
тапсырманы жауапкершілікпен орындауға тырысады;
бастаған ісін аяғына дейін жеткізеді;
ойыншықтарды жинауда тәрбиешіге көмектеседі;
кезекшілердің міндеттерін өзбетінше орындайды;
өзара көмек беруге дайын, ренжіген балаға жанашырлық танытады;
құрдастарының өтініші бойынша ойыншықтарымен бөліседі;
айналасында болып жатқан жағдайларды ой елегінен өткізіп, өзінің әділ пікірін білдіреді;
ренжіткені үшін құрдасынан кешірім сұрайды;
материалды ескере отырып, заттар мен нысандарды таниды;
ойыншықтарға, кітаптарға, ыдыстарға ұқыпты қарайды;
кейбір мамандықтардың маңызын, атауларын біледі;
Мемлекеттік рәміздерге (Ту, Елтаңба, Әнұран) құрметпен қарайды;
өз Отанын мақтан тұтады;
жолда жүру ережелерін біледі;
өз өмірінің қауіпсіздігінің қарапайым дағдыларына ие;
табиғат құбылыстарын атайды және ажыратады;
бақылау күнтізбесінде ауа райын белгілейді;
ауа-райындағы және табиғаттағы маусымдық өзгерістерде қарапайым байланыстар орната алады;
жабайы аңдарды, олардың сыртқы түрі, қозғалуы, тіршілік ету ортасы, азығы, қысқа бейімделуін біледі;
өсімдіктердің өсуі үшін жер, топырақ, су, күн, жарық, ылғал, жылудың қажеттілігін түсінеді;
жануарлар әлеміндегі маусымға тән көріністерді салыстырады, олардың тіршілік етуіне қажетті жағдайларды біледі;
өсімдіктер мен жануарларға күтім жасаудың қарапайым әдістерін біледі;
қарапайым тәжірибеге қызығушылық пен әуестік танытады;
қоршаған ортада, табиғатта қауіпсіздікті сақтайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   187




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет