Тәрбиеленушілердің шығармашылық дағдыларын,
зерттеу іс-әрекетін дамыту
Тәрбиеленушілердің шығармашылық дағдыларын, зерттеу іс-әрекетін дамыту сурет салу, мүсіндеу, жапсыру, құрастыру, музыка ұйымдастырылған іс-әрекеттері арқылы балалардың қызығушылықтарын ескере отырып, күн сайын ойын түрінде түрлі балалар әрекеттерінде іске асырылады.
Мақсаты: тәрбиеленушілердің қызығушылықтарын, жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, шығармашылық қиялын, эмоционалды-сезімдік саласын, дүниетанымын, ойлауын, көркем-эстетикалық талғамды дамыту.
Міндеттері:
балалардың өнер шығармаларын эмоционалды қабылдау қабілетін қалыптастыру;
балалардың шығармашылық қабілеттерін, қоршаған ортаны эстетикалық тұрғыдан қабылдауын дамыту;
қоршаған әлемді эмоционалды тану, өнер түрлері туралы түсінігін қалыптастыру;
өзінің, құрдастарының жұмыс нәтижелерін бағалай білуге, жұмысты ұжыммен орындауға баулу;
музыкаға, өнердің түрлеріне, өнер туындыларына ұқыптылықпен қарауға тәрбиелеу;
тәрбиеленушілердің жеке ерекшеліктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, ұлттық мәдениетке баулу арқылы патриотизмді тәрбиелеу үшін жағдай жасау;
балалардың түрлі әрекеттерінде қауіпсіздікті сақтау.
Сурет салу.
Заттардың, ертегі кейіпкерлерінің бейнесін өзіне тән ерекшеліктерімен салу, сюжеттерде қарапайым мағыналы байланыстарымен ондағы заттардың арасындағы кеңістіктік қатынастарды жеткізе білу.
Парақта кеңістіктегі заттардың қалпын беру, заттардың жазықтықта әртүрлі орналасуы мүмкін екендігін түсіндіру (тұрады, жатады және қалпын өзгерте алады), тірі табиғат заттарының бейнелерін күрделі емес қимылдар мен қалыптар арқылы беру (өсімдіктер, жануарлар, құстар).
Заттардың пішіндеріне, бөліктердің салыстырмалы өлшеміне және олардың орналасуына сүйене отырып, түстер мен олардың реңктерін беру, негізгі пішінді, заттар мен олардың бөліктерінің пропорцияларын мәнерлеп жеткізе білу, түстерді өз қалауы бойынша таңдау.
Бояулармен жұмыс жасауды жетілдіру (бояғышта акварельді сумен араластыру, қажетті түсті алу), қанық түстер алу үшін қарындашты түрліше басып бояу, бейнелеу, түсті қанық беру үшін қағаздың фонын таңдау және бояуларды үйлестіру, өз жұмысының нәтижелерін бағалау.
Бейнелеу әдістерін (штрихтар, бояуларды араластырып, кляксография, жіппен және т. б.) қолдану.
Жаңа түстер (күлгін) және реңктерді (көк, қызғылт, қою жасыл) бояуды араластыру арқылы шығару (гуашпен сурет салу кезінде).
Түзу, ирек, жіңішке, жалпақ сызықтарды, түрлі көлемдегі дөңгелектерді, жақпаларды, нүктелерді ырғақты орналастыра отырып, қарапайым пішінді өрнектерді құрастыра білуді бекіту, түрлі өлшемді өрнектерді біріктіру, ақ және түрлі-түсті фондарды қолдана отырып, түсті таңдау.
Қазақ ою-өрнектерінің түрлері («түйетабан», «құсқанаты», «құстұмсық», «жапырақ», «жауқазын», «жетігүл», «жұлдызгүл» және т.б.) туралы түсінігін кеңейту, өзіне тән элементтерді пайдалана отырып, оларды құрастыра білуін дамыту. Қазақ ою-өрнектерінің сипатын, колоритін жеткізе отырып, көлемді пішіндерді бояу, парақтың ортасын, бұрыштарын, жоғарғы, төменгі, оң және сол жақтарын ажырату, тік сызықтардың әртүрлі үйлесуімен құрылған қазақ ою-өрнегінің элементтерін салу.
Ою-өрнектермен қазақтың ұлттық киімдерін (орамал, шапан, қамзол және т.б.) салу, оларды пішіндердің ортасында және шеттерінде орналастыру. Ою-өрнекті өзбетінше ойдан салуға мүмкіндік беру. Ұжыммен бірге жұмыс істеу, міндеттерді өзара келісіп орындау, салынған суретпен түрлі ойындар ойнау.
Суретті қарапайым қаламның көмегімен жеңіл ырғақпен үстінен қатты баспай бейненің сұлбасын салу, бірнеше заттардың өлшеміндегі айырмашылықтарды беру, геометриялық пішіндегі заттарды салу.
Бояумен сурет салу кезінде қылқаламды бояуға батыру, қағазға жуан сызықтарды сызарда қылқаламды көлденең, ал жіңішке сызықтар мен нүктелерді сызу үшін тігінен ұстап, суреттерді бояғанда бір бағытта солдан оңға қарай, жоғарыдан төмен қарай, қиғашынан жүргізу.
Балалардың суретте қарапайым сюжеттерді: әлеуметтік оқиғаларды, қоршаған өмірдегі оқиғаларды, мерекелерді, адамдардың еңбегін, ертегілердің, өлеңдердің, әндердің және басқалардың желісін жеткізе білуін жетілдіру.
Қазақ халқының өмірін, еңбегін, тұрмысын көрсете отырып, қазақ ертегілерінің желісі бойынша сурет салу. Ұжымдық жұмыстарға, өзбетінше ойдан сурет салуға мүмкіндік беру.
Күтілетін нәтижелер:
заттардың жазықтықта әртүрлі орналасуы мүмкін екендігін түсінеді;
тірі табиғат заттарының бейнелерін күрделі емес қимылдар мен қалыптар арқылы жеткізеді;
түстерді өз қалауы бойынша таңдайды;
бояулармен қолдануды, бояғышта акварельді сумен араластыруды, қанық түстер алу үшін қарындашты түрліше басып бояуды біледі;
өз жұмысының нәтижелерін бағалай алады;
сурет салуда әртүрлі техниканы қолданады;
парақтың ортасын, бұрыштарын, жоғарғы, төменгі, оң және сол жақтарын ажыратады;
жаңа түстер (күлгін) және реңктерді (көк, қызғылт, қою жасыл) бояуды араластыру арқылы шығарады;
қазақ ою-өрнектерінің түрлерін біледі;
ою-өрнектермен қазақтың ұлттық киімдерін салады;
оюды өзбетінше ойдан салады;
ұжыммен бірге жұмыс істейді, міндеттерді өзара келісіп орындайды;
ою-өрнек элементтерін пішіндердің ортасында және шеттеріне салады;
қазақ оюларының элементтерін салады және олармен киімдерді, тұрмыстық заттарды безендіреді;
сюжеттік суреттерді салады;
ұжымдық жұмыстарды орындайды, ойдан сурет салады;
суретті бейнелеуде мәнерлі құралдарды, қазақ оюларының элементтерін қолданады;
сурет салуда ұқыптылықты, қауіпсіздікті сақтайды.
Мүсіндеу.
Сазбалшық, ермексаз және пластикалық массадан мүсіндеудің ерекшеліктерін білу.
Шынайы бейнесіне қарап және ойдан пішіндері мен өлшемі әртүрлі таныс заттарды: көкөністерді, жемістерді, ойыншықтарды, ыдыстарды мүсіндеу, оларға тән ерекшеліктерді беру, қолдың және саусақтардың қимылдарын жетілдіру, қарапайым пропорцияларды сақтай отырып, адам мен жануардың пішіндерін мүсіндеу.
Бақылаған заттың бейнесін бере білу, затты әртүрлі қалыптарда мүсіндеу, пішіннің бетін дымқыл шүберекпен тегістеу және кескішті пайдалану.
Адамның бейнесін, жануарлардың қимылдарын, қол-аяқтардың қалпын дұрыс мүсіндеу. Заттардың ұзын және қысқа, жуан және жіңішке белгілерін көрсете білу, бөліктердің салыстырмалы көлемдерін сақтау, мүсінделген пішіндердің бөліктерін бір-біріне қосып, біріккен жерлерін тегістеу.
Мүсіндеудің әртүрлі әдістерін қолдану: құрылымдық (жеке бөліктерден) және мүсіндік (негізгі бөліктерді тұтас кесектен жасау). Затқа қарап мүсіндеуде ойыншықтарды, пішіні шағын мүсіндерді, халық шеберлерінің бұйымдарын қолдану.
Қазақ халқының түрлі ыдыс-аяқтарын (қазан, астау, табақ, тостаған, керсен, ожау, күбі торсық және т.б.), тұрмыстық заттарын (керует, үстел, ер-тұрман, ошақ, кебеже, диірмен және т.б), зергерлік бұйымдарымен (білезік, сырға, сақина, тұмар, шашбау және т.б.), туған өлкедегі мәдени мұра ескерткіштерімен таныстыру, аталған заттардан қалауы бойынша мүсіндеу және оларды ою-өрнектермен және қосымша заттармен (моншақ, дән және т.б.) безендіру, жұмыс барысында әртүрлі пішінді кескіштерді қолдану, олардың бетіне бедерлер жасау.
Біртекті заттардан сюжеттер құру, бірнеше пішінді бір тұғырға орналастыру, сюжеттерде пішіннің, қимылдың ерекшеліктерін жеткізе білу, кейіпкерлердің өзіне тән бөлшектерін мүсіндеу, композицияларды қосымша заттар мен элементтердің көмегімен көркемдеп жеткізу. Ертегілер мен әңгімелердің мазмұны бойынша сюжеттік композицияларды құру дағдыларын жетілдіру.
Ойдан өзбетінше мүсіндеуге, ұжымдық жұмыстарды орындауға баулу. Мүсіндеген заттарымен түрлі ойындар ойнау.
Жұмысты ұқыпты орындау, заттарды жинау, қауіпсіздік ережелерін сақтау.
Күтілетін нәтижелер:
сазбалшық, ермексаз және пластикалық массадан мүсіндеу ерекшеліктерін біледі;
шынайы бейнесіне қарап және ойдан пішіндері мен өлшемі әртүрлі таныс заттарды мүсіндейді;
қарапайым пропорцияларды сақтай отырып, адам мен жануардың пішіндерін мүсіндейді;
мүсіндеудің әртүрлі әдістерін қолданады;
қазақ халқының түрлі ыдыс-аяқтарын, тұрмыстық заттарын, зергерлік бұйымдарын мүсіндейді және оларды ою-өрнектермен және қосымша заттармен безендіреді;
біртекті заттардан сюжеттер құрастырады, бірнеше пішінді бір тұғырға орналастырады;
ертегілер мен әңгімелердің мазмұны бойынша сюжеттік композицияларды құрады;
ортақ композиция құру үшін ұжыммен мүсіндеу дағдыларын меңгерген;
мүсіндеген заттарымен түрлі ойындар ойнайды;
жұмысты ұқыпты орындайды, қауіпсіздік ережелерін сақтайды.
Жапсыру.
Қайшыны қолдануды бекіту: жолақтардан тікбұрышты пішіндер, шаршылардан үшбұрышты пішіндер, шаршы немесе тікбұрыштың бұрыштарын қию арқылы дөңгелек және сопақша пішіндерді қиып алу.
Қағаздан таныс немесе ойдан әртүрлі бейнелерді, қатпарланып бүктелген қағаздан бірдей бірнеше пішіндерді және екіге бүктелген қағаздан симметриялы пішіндегі заттарды қию.
Жапсырудың түрлі әдістері (симметриялы, сыңарлы симметриялы, сұлбалы) мен тәсілдерін (тура, қисық қию, ою, флористика элементтерін және т.б.) қолдану, түрлі материалдардан (қағаз, мата, табиғи материалдар) жапсыру.
Қазақ халқының тұрмыстық заттарымен (кілем, алаша, сырмақ, ши, көрпе, жастық және т.б.), киіз үйдің жабдықтарымен (кереге, уық, шаңырақ, сықырлауық, басқұр және т.б.) таныстыру, аталған заттардан қалауы бойынша қиып жапсыру, оларды ою-өрнектермен безендіру.
Сюжеттік композициялар жасау, оларды сәнді бөлшектермен толықтыру, жеке және топпен бірлесіп жасау, онда міндеттерді келісіп атқару.
Сюжеттік жапсыруда заттардың өлшеміне қарай арақатынасын, әртүрлі заттардың бөліктерінің пішінін, олардың құрылымын, пропорцияларын беру, әлеуметтік оқиғаларды, балалар өміріндегі оқиғаларды бейнелеу, шаблондармен, трафареттермен, дайын үлгілермен жұмыс істеу, композиция ережелеріне, перспективаға сәйкес бейнелерді құрастыру.
Қайшы мен желімді дұрыс қолдану, еңбек қауіпсіздігі мен жеке гигиена ережелерін сақтау.
Күтілетін нәтижелер:
қайшымен түрлі геометриялық пішіндерді қияды;
таныс немесе ойдан әртүрлі бейнелерді, қатпарланып бүктелген қағаздан бірдей бірнеше пішіндерді және екіге бүктелген қағаздан симметриялы пішіндегі заттарды қияды;
қазақ халқының тұрмыстық заттарын, киіз үйдің жабдықтарын таниды, оларды қиып жапсырады, ою-өрнектермен безендіреді;
жұмыс тәсілдерін таңдайды және түсіндіреді;
бірнеше бөліктерден бейнелерді құрастырады;
сюжеттік композициялар жасайды, оларды сәнді бөлшектермен толықтырады;
жұмысты жеке және топпен бірлесіп жасайды, топтық жұмыста міндеттерді келісіп атқарады;
сюжеттік жапсыруда заттардың өлшеміне қарай арақатынасын, әртүрлі заттардың бөліктерінің пішінін, олардың құрылымын, пропорцияларын береді;
шаблондар мен трафареттермен, дайын үлгілермен жұмыс істейді;
геометриялық элементтерден құрастырады, заттарды қазақ ою-өрнектерімен безендіреді;
қайшы мен желімді дұрыс қолданады;
еңбек қауіпсіздігі мен жеке гигиена ережелерін сақтайды.
Құрастыру.
Құрылыс материалдарынан, конструктор бөлшектерінен құрастыру: ауызша сипаттау бойынша ұсынылған тақырыпқа, өзбетінше ойдан құрастыруға, құрдастарымен бірлесіп, шығармашылықпен құрастыруға баулу. Құрастырылған құрылысы мен құрылыстың шынайы бейнесі арасында байланыс орнату.
Қағаздан құрастыру. Қағаз цилиндрлерден қазақ халқының ұлттық бас киімдерін (тақия, сәукеле, кимешек және т.б.) және ыдыстарын құрастыру, оларды жіппен, ою-өрнектермен және т.б. безендіру. Пішіндердің түрлі қалыптарын бере білуді, оларды күрделі емес композицияларға біріктіруді қалыптастыру. Өзінің құрастырған құрылысын талдау арқылы тиімді конструктивті шешімдерді табу, оларды құрастыруда қолдану. Дербестікті, шығармашылықты, бастаманы қолдау.
Ұжыммен сюжетті құрастыруға баулу. Шығармашылық ойлауды және қиялды дамыту. Қағаздан құрастыру әдістерін қолданып, жазық материалды көлемді пішінге өзгерте білуді бекіту. Дайын үлгілермен және қарапайым сызба бойынша жұмыс істеу, бейнені кескіні бойынша қию үшін қайшыны қолдану.
Табиғи, қалдық материалдардан құрастыру. Табиғи материалдарды дұрыс пайдалануға үйрету. Табиғи және қалдық материалдармен жұмыс жасау кезінде өзінің әрекетін жоспарлау дағдыларын жетілдіру, дербестік пен шығармашылық танытып, мақсатты түрде жұмыс жасай білу. Шығармашылық қиялды дамыту, көрнекілікке сүйене отырып, елестетуі, ойлауы бойынша қолдан бұйымдар жасай білу.
Қазақ халқының табиғи материалдардан жасалған бұйымдарымен, киіз үйдің жасауларымен, тұрмыстық заттарымен, ыдыстарымен таныстыру, олардың қандай материалдан жасалғанын зерттеу. Табиғи (ағаш, мақта, жүн, жіп, асық, қағаз, тері, кенеп, мата, дәннің түрлері және т.б.) және қалдық заттардан құрастыруға баулу.
Ойынға қажетті құрылысты бірлесіп ойдан құрастыруға, алдағы жұмысты бірге жоспарлауға, бір-бірімен келісіп орындауға, дайын құрылыспен ойнауға мүмкіндік беру.
Күтілетін нәтижелер:
ұсынылған тақырыпқа, өзбетінше ойдан құрастырады;
құрдастарымен бірлесіп, шығармашылықпен құрастырады;
өзінің құрастырған құрылысын талдау арқылы тиімді конструктивті шешімдерді табады, оларды құрастыруда қолданады;
бейнені кескіні бойынша қияды;
қалдық және табиғи материалдан құрастырады;
көрнекілікке сүйене отырып, елестетуі, ойлауы бойынша қолдан бұйымдар жасайды;
қазақ халқының табиғи материалдардан жасалған бұйымдарын, киіз үйдің жасауларын, тұрмыстық заттарын, ыдыстарын таниды, олардың қандай материалдан жасалғанын ажыратады;
ойынға қажетті құрылысты бірлесіп ойдан құрастырады, жұмысты бірге келісіп орындайды, дайын құрылыспен ойнайды;
ұжыммен бірге жұмыс істейді;
жазық қағаз пішіндерді көлемді пішіндерге өзгертеді;
жұмыс орнында қауіпсіздік ережелерін сақтайды.
Музыка.
Музыкаға қызығушылық пен сүйіспеншілікті қалыптастыру. Классикалық, халықтық және заманауи музыкамен таныстыру негізінде музыка мәдениетін қалыптастыру.
Музыка тыңдау.
Балаларды шығармалардың эмоционалды мазмұнын, олардың сипатын, көңіл-күйін, динамикалық ерекшеліктерін ажырата білуге үйрету. Музыкалық шығармаға көзқарасын білдіру, оның сипаты, мазмұны туралы айту.
Музыканың сипатын бейненің мазмұнымен, оның көңіл-күйімен байланыстыра білуді қалыптастыру. Өмірдің кейбір құбылыстарын бейнелеу тәсілі ретінде әлемдік және қазақ музыка өнерінің шығармаларымен таныстыру.
Музыкалық шығармалардың жанрларын ажыратуға (ән, күй, марш, би) үйрету. Шығармалардың жеке фрагменттері бойынша (кіріспе, қорытынды, музыкалық фразалар) әуендерді тану арқылы музыканы есте сақтауды жетілдіру.
Қазақ халық аспаптары: домбыра мен қобыз үнінің тембрлік ерекшеліктерімен, «күй» жанрымен, күйші-композиторлар: Құрманғазы, Қорқыт, Тәттімбет, Дина Нұрпейісова, Дәулеткерей Шығайұлы, Ықылас Дүкенұлы шығармаларымен таныстыру.
Лирикалық, вальс ырғағындағы баяу әуендерді қабылдау, әннің (шығарманың) сипатына сәйкес би қимылдарын орындай білу, әннің қарқынының өзгеруін байқау, шығармаларды сипаттай білу.
Қазақ халқының әндері мен би әуендерінің үздік үлгілерін тыңдауға баулу.
Ән айту.
Ән айтуда дауыспен вокалдық-есту қабілетін үйлестіруді жетілдіру.
Ән айту дағдыларын қалыптастыру, бірінші октаваның «ре», екінші октаваның «до» диапазонда жеңіл дауыспен ән айту, ән айтар алдында, музыкалық фразалар арасында тыныс алу, әннің сөздерін анық айту, орташа, қатты және ақырын дауыспен ән айту. Музыкалық сүйемелдеумен және сүйемелдеусіз жеке ән айту дағдыларын дамыту.
Әртүрлі сипаттағы әндерді өз бетінше және шығармашылықпен орындауға баулу. Әнді музыкалық талғаммен орындауға жаттықтыру.
Музыкалық-ырғақтық қимылдар.
Музыканың және оның бөліктерінің сипатындағы өзгерістерге сәйкес қимылдарды өзгерте отырып, жаттығуларды орындауға үйрету: марш сипатын анық ырғақты жүрумен; музыканың қимыл сипатын жеңіл және ырғақпен жүгіру, жүрелеп отыру арқылы бере білу.
Би қимылдарын: қосалқы және ауыспалы қадам жасауды, әртүрлі бағытта жүгіруді және секіруді меңгеру.
Билер
Музыкаға сәйкес орындалатын би қимылдарын білу; би қимылдарының элементтерін жеңіл, еркін орындау; қозғалыс бағытын музыкалық фразаларға сәйкес өзгерту.
Қазақ халқының би өнерімен таныстыру, қазақтың халықтық би өнері ерте заманнан қалыптасқандығын, ол халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы екенін, би өнері өзінің эстетикалық болмысында қазақ жұртының жалпы дүниетанымына сай арман-мұраттарын бейнелейтін қимылдар жүйесін құрайтынын түсіндіру, балаларға «Қаражорға» биін билету.
Би шығармашылығы.
Таныс би қимылдарын қолдана отырып, музыканың сипатына сәйкес ойдан би қимылдарын шығару, мәтінге сәйкес әнді сахналау; шығармашылық тапсырмаларды орындауға ынталандыру.
Балалардың музыкалық аспаптарында ойнау
Балалар музыкалық аспаптарында қарапайым, таныс әуендерді жеке және шағын топпен орындауға үйрету, балалар шығармашылығын дамыту, оларды белсенділікке, дербестікке баулу.
Музыкалық (дауылпаз, асатаяқ, сазсырнай, тұяқтас, қоңырау, сыбызғы, домбыра, металлофон, ксилофон, бубен, барабан, маракас, румба және т.б.) және шулы аспаптарда ойнау тәсілдерімен таныстыру.
Күтілетін нәтижелер:
музыкаға қызығушылық пен сүйіспеншілік танытады;
музыкалық шығармаларға көзқарасын білдіреді, оның сипаты, мазмұны туралы айтады;
қарапайым музыкалық жанрларды ажыратады (күй, ән, би, марш);
әннің басында, музыкалық фразалардың арасында тыныс алуды біледі, бірінші октаваның «ре» екінші октаваның «до» диапазонында жеңіл дауыспен ән айтады;
әннің сөзін анық айтады, музыка сипатын қабылдайды және жеткізеді;
шығарманың жеке фрагменттерін (кіріспе, қайырмасы, соңы) ажырата алады;
қазақ халқының күйші, композиторларын біледі;
таныс әндерді өз бетінше музыкалық сүйемелдеумен және сүйемелдеусіз орындайды;
әртүрлі сипаттағы әндерді өз бетінше және шығармашылықпен орындайды;
музыкалық аспаптарда қарапайым әуендерді ойнайды;
марш сипатын анық ырғақты жүрумен, музыканың қимыл сипатын – жеңіл және орташа (жоғары-төмен) ырғақпен береді;
заттармен қимылдар жасайды, сюжетті ойындарды сахналайды;
музыканың сипатына сәйкес қимылдарды орындайды;
балаларға арналған музыкалық аспаптарда ойнаудың қарапайым дағдыларын меңгерген.
Достарыңызбен бөлісу: |