Байгожина дана онирбековна


Медиатизация феномені туралы теориялық тұжырымдар



бет17/38
Дата17.01.2023
өлшемі2,17 Mb.
#61731
түріДиссертация
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   38
1.4 Медиатизация феномені туралы теориялық тұжырымдар
Заңды дискурстық тіл – институционалдық кодтың жарқын мысалы іспеттес. Мемлекет пен қоғам заңды барлығы біледі деп болжағанымен, заң тілінің күрделілігі мен ерекшелігі оны білетіндердің өзі үшін де қолжетімсіз болатыны бар. Батыс зерттеушілері «репрезентация» ұғымын заңды және тұрмыстық тіл арасындағы қатынастарға қатысты қолданады. Шотландық ғалым-зерттеуші А.Филипс «Заң тілі» кітабында тілдің құқықтық жүйенің мақсаттары үшін арнайы дискурске айналуын сипаттайды. «Заң шығарушы тұрмыстық тілге репрезентациялау қатынастарында болатын заңдардың келісілген және ішкі қарама-қайшы келмейтін жиынтығын жасауға арналған тілді пайдаланған кезде заң шығарушы халықтың өкілі болып есептелуі мүмкін» деген тұжырым жасайды. Алайда заң тілін тек арнайы мақсаттар үшін тіл ретінде қабылдау мүлдем дұрыс емес, өйткені заңдық дискурстың ықпал ету саласы тек кәсіби қарым-қатынас аясынан ғана асады. Яғни заңды тіл қандай да бір түрде күнделікті өмірге еніп, коммуникативті іс-әрекеттің жиынтығы, заңды тілдің қызмет ету саласындағы кәсіби емес таратушыларды қосады.
Заңды түсіну, кейін оған жауап беру заң шығару мәтінінен тыс жүргізіледі. Әртүрлі деңгейлі түсіндірмелер арқылы өтіп, заңдық дискурс көпшілік кеңістікке шығып, медиатизацияға ұшырайды. Медиатизация –бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық өмірдің маңызды салаларына ықпалы, таралуы және қоғамдық қызметтің түрлі жақтарын ақпараттық салаға тартудың кері үдерісі, яғни бұқаралық ақпарат құралдары мен мәдени-әлеуметтік құбылыстардың тоғысқан аймақтарын құру болып табылады [140]. Заң мәтінінің әлеуметтік интеграциясы коммуникация арқылы жүзеге асырылады. Бұқаралық ақпарат құралдарының дискурсы мәдениет, әлеумет, өнер, құқық, саясат және экономика және т.б. салалардың сабақтастығын құрайды. Заңды тілдің дискурстық кеңістіктері бар, олардың әсерінен құқықтық дискурс тілі айтарлықтай өзгеріске ұшырайды деген қорытынды жасауға болады. Бұл өзгерістер дискурстардың түйіскен жерінде жасалған мәтіндердің стильдік ерекшеліктерінде түрлі бағытта жүруі және көрініс табуы мүмкін. Кең мағыналы ғылыми тұрғыдағы зерттеулерде және заңды дискурстың түйіскен жерінде туындайтын мәтіндер оқулықтарда, құқықтану мен заң ғылымдары туралы монографияларда өзекті болып табылады. Ең белсенді құқықтық дискурсты бұқаралық ақпарат құралдары ұсынады. Басқаша айтқанда, медиа дискурстың кеңістігі медианың басқа дискурстармен тоғысқан аймақтарынан қалыптасады. Яғни ақпараттық дәуірде заманауи қоғамдық өмірді медиатизациялаудың феномені осында көрінеді. Медиа таза заңгерлік санаттарды өңдейді және заңгерлік бағытта араласқан өзіндік медиалық өнімдерді жасайды. Осылайша, заңдағы медиа дискурс – құқық пен медианың тоғысуының ерекше саласы, ол заңнама қағидаттарын күнделікті қолданысқа енгізуге және түсіндіруге бағытталған. Заң дискурсын медиатизациялау – бір жағынан заң терминдері мен нормаларын бейіндегенімен, оның кейбір мән-мағынасын бұрмалайтын тұстар да жетерлік. Екінші жағынан оларды дәріптеуге, азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық санасының деңгейін арттыруға ықпал етеді. Ең бастысы, заң дискурсы медиатизациялаудың өзгеруіне және дамуына ықпал етеді. Заң терминдерін медиатизациялау және концептуализация үдерісі анағұрлым айқын байқалады. Бұқаралық ақпарат құралдарының дискурсына ене отырып, кейбір мамандандырылған терминдер бұлыңғырланады, қосымша мағынаға ие болады, бірақ жалпы қолданыста бола бермейді. Медиатизацияның әсерінен басқа терминдер бұқаралық санаға сіңіп, жалпы мәдени әдеби тілдің бір бөлігіне айналады, оларды термин ретінде қабылдау тоқтайды. Бірақ интерпретацияда белгілі бір уақыт аралығында бұқаралық ақпарат құралдары сұранысқа ие болатын сөздер мен сөз тіркестерін алады. Медиатизацияға ұшыраған терминдер институционалдық дискурста ғана жұмыс істей бастайды, сонымен қатар гибридтік типтегі дискурс заң медиа дискурсының түйінді нүктесіне айналады. Егер қандай да бір сөз медиа дискурста ерекше танымалдылық пен маңыздылыққа ие болса, ол тұжырымдалған. Медиа дискурстың түйіндік нүктесі мәртебесін иемденеді немесе басқа сөз тіркесі медиа концепке айналуы мүмкін. Және медиа дискурс басқа дискурстармен қиылысу аймақтарынан тұратындықтан, гибридті дискурстарды біріктіреді, медиа концепт кәсіби тілдің сөздік қорынан алынған термин немесе сөз тіркесі болуы мүмкін. Осылайша, заң немесе кез-келген басқа термин белгілі уақыт аралығында медиа концепт мәртебесін ала алады.
Медианы тек қарапайым делдалдықпен шектелмейтін, біркелкі ұғым екенін Ресей ғалым зерттеушісі Н.Кириллова ерекше атап өтеді. Бұл мәдени кодтар өндіретін, эстетикаланатын және таратылатын тұтас орта деп сипаттама берген [141]. Коммуникациялық кеңістікті және ондағы медиа дискурстың ерекшелігін зерттеудің осы тәсілінің өзіндік артықшылығы бар, себебі хабарламаның өзінде оны қалыптастыратын және іске асыратын экстралинвистикалық факторларды бағалауға мүмкіндік беретін медиа хабарламаларға дискурсивті талдауды жүзеге асыра алады. Медиа кеңістікті қамтитын ақпараттық өріс теледидар, радио, интернет дискурсы және т.б. сияқты медиа дискурстың түрлі түрлерінің серпінді өзара іс-қимылына ықпал етеді. Бұл медиадискурстың қалыптасу, медиа кеңістікті қалыптастыру үдерісіндегі және оның тұтастай алғанда әлеуметтік кеңістіктегі маңызды рөлін көрсетеді.
Медиа – қоғамды ақпараттандыра отырып, түрлі мамандықтарды байланыстырады. Әлемдік және ақпараттық ортадағы өзгерістерге байланысты бүгінгі қоғам санасы бұрыс немесе дұрыс бағытқа қарай бағытталады. Әлеуметтік, саяси және экономикалық интеграция мен ұлттық, субұлттық нысандары қоғамдық өмірдің барлық дерлік аспектілерін айқындайтын ақпараттық-коммуникациялық технологияларға тәуелділіктің өсу есебінен қайта құрылады. Осы жаңалықтардың бірі – қоғамды ақпараттандыру, цифрлық технологияларды меңгеру.
Медиатизация – екі түрлі бағытты жақындастыратын теория. Мысалы, медиа және мәдениет, медиа және саясат, медиа және экономика және т.б. Ең бастысы – қоғамның психологиялық аспектілерін талдай отырып, аталған үдерістер қоғамға тікелей әсер етеді. Қоғамды жаңғыртудың маңызды аспектісі – медианы дамыту. Медиатизация – БАҚ парадигмасында және коммуникациялық зерттеулерде, оның делдалдық концепциясында қоғамның коммуникация моделінің ауысуымен трансформация үдерісінде көрініс табады. Бұқаралық коммуникация бүгінде жанама сөзге баса назар аудара отырып, делдалдық ретінде айқындалады.
Нақты күш – желіге кіріктірілген ақпараттық құралдар ағындарының күші және мәдени кодтарда. Бірнеше жыл бұрын біздің бұқаралық ақпарат құралдары бұқаралық қарым-қатынас сөз тіркесінен шығып, өздерін БАҚ пен коммуникация деп қабылдады. Кейіннен медиация, медиатизация, медиалық түзету, медиалық бұрылыс және т.б. жаңа концепциялар байқала бастады. Германия мемлекеті медиатизацияны құптайды. Бұлар медианы күнделікті коммуникативтік жағдайларда қоғаммен байланыстырады [142].
Ф.Кротц (F.Krotz) медиатизацияның жаһанданумен, дараланумен және коммерцияландырумен қатар қазіргі заманның қалыптасуы және қалыптасуын жалғастыратын төрт іргелі метаүдерістердің бірі ретінде қарастырады. Медиатизация – коммуникативтік бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзгерістер мен осы өзгерістердің салдары нәтижесінде орын алған тарихи оқиғаларды деп сипаттама береді. Медиатизация технологиялық детерминизмді білдірмейді [143], бірақ медиатизация адамдардың экономикамен, саясатпен және мәдениетпен қарым-қатынасының жаңа мүмкіндіктерін ұсына отырып, адамның қарым-қатынасын өзгертеді, бұл үдеріс жасанды болып табылады.
«Медиатизация» сөзі неміс заңдарында алғаш рет ХІХ ғасырдың басында Наполеонның Италияға басып кірген кезіндегі ықпалымен өріс алды. Наполеон тәуелсіз қалалар, княздар мен архиепископтар жиналысының мәселелеріне араласып, бұған дейін аймақтық биліктің орта деңгейдегі императорына жауап беруінен бастау алған үрдістеріне өзгерістер әкелді. Сонда медиатизация ұғымы – кең мағынада бір монархияны екінші монархияға айналдыру арқылы анықталады, сонда мемлекеттің билеушісі егемендікті кейде жергілікті өзін-өзі басқару шарасын сақтап қалу мақсатында қолданылған. Мұның бұқаралық ақпарат құралдарына ешқандай қатысы жоқ деп ойлауға болады, ол делдалдық ұғымымен байланысты, жеке және даулы қатысушылар арасында болуы мүмкін. Бірақ бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдары қоғамның кез-келген қатысушысы арасында ғана емес, сонымен қатар медиатизацияға бағыну арқылы өз билігінің едәуір бөлігін жұмсау өте маңызды екенін түсіндіріп отыр.
Сондай-ақ, швед медиа зерттеушісі К.Асп (Kent Asp) медиатизация алғаш рет саяси коммуникацияға әсер ету үшін қолданылғанын түсіндірді [144]. К.Асп саяси өмірдің медиатизациясы туралы бірінші болып сөз қозғады. Ол үдерісте «саяси жүйеге бұқаралық ақпарат құралдары әсер етеді және олар саяси оқиғаларды көрсету тәсілі арқылы түзетіледі» деген тұжырымды білдірді. К.Асп саясатқа қолданылатын терминді бұқаралық ақпарат құралдарының саясаткерлер мен қоғам арасындағы қажетті делдалға айналғанын түсіндіру үшін қолданды. К.Асптың пікірінше, саяси құрылым бұқаралық ақпарат құралдары арқылы адамдардың саяси шындық туралы түсініктеріне әсер ете алатын жалғыз саяси ақпарат көзі болған кезде тәуелді болады деген. Ғалым К.Асптың болжамы бойынша мәдени, әлеуметтік, саяси идеяларды медиатизациялау бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асады, теориялық тұрғыдан медиатизация көптеген ғылымдарға енді. Данияның ғалым, маманы С.Хьярвард (S.Hjarvard) бұқаралық ақпарат құралдарының медиатизация тұжырымдамасын енгізуге тырысты, медиатизацияның БАҚ-пен ұштасқандығы сонша басқа үдерістер бұқаралық ақпарат құралдарынан бөлек өмір сүре алмайтын әлеуметтік үдеріс екенін айтқан. Концепция тек медиа эффектілерге ғана емес, сондай-ақ бұқаралық коммуникация құралдарының өзгеруі мен әлеуметтік-мәдени өзгерістердің арасындағы өзара сабақтастыққа, екінші жағынан күнделікті коммуникация мен шынайылықты құрастырудың бір бөлігі ретінде шоғырланады. Медиатизацияны зерттеу – метаүдеріс ретінде түсінілетін медиа коммуникативтік және мәдени-әлеуметтік өзгерістер арасындағы өзара байланысты зерттеу. Бұқаралық ақпарат құралдары трансформацияның тікелей себебі емес, бірақ олар қандай да бір түрде саясат, экономика, білім және дін бағыттарының, мемлекет имиджінің қалыптасуына әсер етеді.
Медиатизация нәтижесінде бұқаралық аудитория ғылымға, білімге, денсаулық сақтауға, дінге және т.б. кеңінен қол жеткізе алады, өз кезегінде олардың жұмыс істеуіне ықпал етеді. Бұл тақырыпты зерттеуде мәдениетті индустриализациялау теориясы қарастырылады. Мысалға, Франкфурт мектебінің майталмандары Г.Маркузе, Т.Адорно, Ю.Хабермас, сондай-ақ әлеуметтік медианы зерттеу бойынша Торонта мектебінің айтулы өкілдері Г.Иннис, М.Маклюэн, К.Фиоре, Д.Белл, мәдениетті медиатизациялау теориясын қалыптастырушылар Дж. Томпсон, К. Асп, С.Ярвард, Н. Коулдри, Ф. Кротц, А.Хепп, К.Лундби, сондай-ақ Н.Луман, П.Бурдье, Б.Латур және т.б., мәдениетті медиатизациялау теориясын Ресейде Н.И. Клушина, Н.Б. Кириллова, Е.Воинова, ал мәдениетті медиатизациялау теориясын Қазақстанда С.Ш. Тахан және Д.О. Байгожина сияқты зерттеушілер қарастырған.
Медиатизация арқылы мәдениетке көзқарас дәстүрлі түрде бетпе-бет коммуникация арқылы айқындалған күнделікті ұғымды сипаттайды. Коммуникацияның едәуір бөлігі техникалық жағынан жанама түрде көрсетіледі. Коммуникацияның онлайн және мамандандырылған медиа кеңістіктердің кең алаңына көшіру, детерриториализациялау жағдайында қоғамдастықтардың өмір сүруінің ажырамас белгісі болып табылады. Мәдениет саласы мекемелер мен ұйымдарға алып келетін нақты және әлеуметті аудиториямен байланыс құралдары үшін ең тиімді құралдарды топтастырады. Мәдениетті ақпараттың сүйемелдеуі арқылы мазмұндылық, құндылық және мәдени өмірді насихаттау жүргізіледі. ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басы тек коммуникация арналарына ғана емес, қазіргі адам үшін шынайылықты құрастыру құралдарына айналып, БАҚ құралдарының мәдени, әлеуметтік, психологиялық бағыттарының рөлін, оның дамып келе жатқанын көрсетіп отыр.
Ғылыми зерттеулердің ішіндегі коммуникация теориясында, журналистика, лингвистика, саяси және әлеуметтік ғылымдарда «медиа оқиға» терминін белсенді қолданумен қатар, зерттеушілер оқиғаны медиа ретінде қабылдау технологиясы десе, ал екіншілері медиа назарын аударатын оқиға жасау мәселесін сипаттайды. Медиа оқиға дегеніміз – бұқаралық құралдарының дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары ғана емес, бұқаралық коммуникация құралдарында да кеңінен көрініс тапқан стихиялық немесе жоспарланған ақпараттар. Медиа оқиға уақыт, кеңістік және контексті біріктіру арқылы қоғам субъектілері арасындағы қатынастардың өзіндік моделі ретінде түсінуге мүмкіндік береді. Медиа оқиғалардың жан-жақты қамтылуына аудиторияның барынша ықтимал назарына бағытталған бұқаралық коммуникация арналарының пайдалануы арқылы қол жеткізіледі. Медиа оқиға назар аударуды қамтамасыз етуге, оның айналасында құндылық-эмоционалдық ахуалды қалыптастыруға жағдай жасайды. Медиа оқиғалар мәдениет, әлеумет, тарих, экономика, заң, саясат салаларымен ұштасады. Осыдан мәдени жобалар жүзеге асады. Мәдени жобалар – ұлттың және жергілікті мәдениеттің білімін, дағдыларын, тәжірибесі мен дәстүрлерін қайта таратудың жаңа тәсілдерін іздеу, алға қойылған идеяны қоғамдық өмірге жылжыту, мәдени үдерістерді жүзеге асырудың нақты тарихи арнайы жағдайлары болып табылады. Кез-келген мәдени жоба, мәдениеттегі оқиғалылық – қабылдаушының, тұтынушының мазмұнымен кездесу, одан жаңа контексте жаңа мағына алуының нәтижесі. Мәдени жоба мәдениет мазмұнының идеялық және сапалық жағынан бай және өткенге, болашаққа қатысты мағыналы түрде дұрыс жұмыс жасау қабілетін шоғырландырады. Соңғы он жылдықта медиатизация медиа коммуникацияның зерттеулерінде, пәнаралық зерттеулерде өте танымал болды. Бұқаралық ақпарат құралдары үнемі өсіп келе жатқан мәдени және әлеуметтік үдерістерге әсерін көрсететін жаңа тұжырымдама ғана емес, сонымен қатар медиатизация теориясын жасаушылар медиа зерттеулер мен әлеуметтік ғылымдар саласындағы парадигмалық жылжу деп мәлімдейді. Алайда ғылыми қоғамдастықтың көптеген мүшелері медиатизация түсінігін әлеуметтік-мәдени өзгерістерге бұқаралық ақпарат құралдарының жүгінуі қажет деп санамайды. Атап айтқанда, Ф.Кротц және А.Хепп (F.Krotz, A.Hepp) еңбектері медиатизацияланған әлемдер тұжырымдамасымен байланысты. Медиатизация – бұқаралық ақпарат құралдары мен коммуникациядағы өзгерістерді, екінші жағынан мәдениет пен қоғамдағы өзгерістер арасындағы байланысты сыни тұрғыдан талдау үшін қолданылатын ұғым [145].
Медиатизацияны зерттеудің технологиялық, әлеуметтік-конструктивтік және институционалдық сипатындағы үш тәсілін атауға болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет