Байгожина дана онирбековна



бет18/38
Дата17.01.2023
өлшемі2,17 Mb.
#61731
түріДиссертация
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   38
Технологиялық өркендеу тәсілі – түрлі медианың материалдық сипаттамаларына және олардың әлеуметтік кеңістікті өндірудегі рөліне назар аударады.
Әлеуметтiк-конструктивтiк тәсiл – көбiнесе жанама коммуникацияның күнделiктi тәжірибелеріне және олардың қоғам мен мәдениеттiң коммуникативтiк конструкциясының өзгеруiмен байланысына шоғырланады.
Институционалдық тәсіл – дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын талдауға бейім, олардың медиалогика термині арқылы олардың әсерін сипаттайды. Бұл жерде медиатизация әлеуметтік институттар өздерінің белсенділігін медиа үлгіге бейімдемейтін процесс ретінде қарастырылады [146].
Медиатизацияны түсіну тәсілдерінің айырмашылығына қарамастан феноменді сипаттайтын негізгі сипаттамаларды атап өтуге болады. Бұл атрибуттардың маңыздылығы туралы зерттеушілер арасында салыстырмалы консенсус бар, ал олардың интерпретациясы өзгермелі. Кез-келген жанама коммуникация актісін сипаттайтын медиациядан медиатизацияның айырмашылығы ұзақ мерзімді азайту үдерісі ретінде ұсынылады. Бұл медиа мен медиацияның бұрын да болғанын, бірақ ол кезде қоғам әлі медиатизацияланбағандығын айқындайды. Медианың тарихы – медиатизацияның тарихы емес. ХХ ғасырдың аяғында тілді медиум деп зерттесе, онда медиатизация үдерісі ауызша сөйлеудің қалыптасуымен қатар басталған. Егер медиа деп техникалық байланыс құралдары берілсе, бастапқы баспалдақтары баспа машинасын ойлап тауып, кейіннен бұқаралық ақпарат құралдарының пайда болуы (газет, журнал, радио, теледидар) жатады. Цифрлық технологиялар назарда болса, қоғамды медиатизациялау үдерісі XXI ғасырдың басына қарай жылжиды. Уақыт мәселесінде консенсустың жоқтығы медиатизацияны зерттеу үшін қолайлы болуы мүмкін. Бірақ іс-жүзінде бүгінгі зерттеулердің көпшілігі соңғы капитализм дәуірінің уақытша шеңберімен шектелген. Дегенмен медиатизация жобасының өршіл мақсаты медиалық технологиялардың дамуы мен ұзақ мерзімді тарихи трансформациялардың байланысты екенін түсінуге мүмкіндік беретін диахроникалық зерттеулер жүргізуді талап етеді [147]. Медианың ықпалы бүкіл әлемде күшейетіндіктен, медиатизацияның қандай да бір дәрежесі кез-келген қоғамды сипаттайды. Бұл бүкіл адамзатты біртіндеп қамтитын әмбебап үдеріс деп болжануда [148], әлемде техникалық медиалар постиндустриялық елдерде маңызды рөл атқармайтын жерлері баршылық. Шынайы коммуникация дәстүрлі қоғамдағы әлеуметтік қатынастардың негізі болып қала береді. Зерттеуші Д.Слейтер (Don Slater) атап өткендей, медиатизация дискурсы – постиндустриалды қоғамдардың жергілікті мәселелерін әмбебап ретінде ұсынатын батыстық академиялық дискурс [149]. Мұнымен келіспеу қиын, дегенмен бүкіл әлем адамдарының өмірі жергілікті және жаһандық коммуникациялық желілерге тоғысып бара жатқанын мойындау керек.
Медиатизациялау үдерісінің әмбебаптығы оның желілік және біркелкілігін білдірмейді, бәлкім бұл құрлық болуы мүмкін, оның басында медиатизацияның «нөлдік» дәрежесі бар орындар мен қоғамдастықтар болуы мүмкін. Бұл ретте мәдениеттің ішінде медиатизацияның құндылығы әртүрлі анықталса да медиатизацияның деңгейі мен нысанын бір мәдениеттің ерекшелігі ретінде қарастырған жөн. Медиатизация әлеуметтік шынайылықтың барлық деңгейлерінде (микро-, мезо-, макро-) әрекет ете отырып, біздің өміріміздің барлық салаларына енеді деп қарастырылады. Мәселе саясатты, дінді, баланы, тарихты, білім беру, ғылым, спорт, тұтыну, туризм, соғыс, терроризм және т.б. медиатизациялау туралы болуы мүмкін. Бұл жүйе әлемдік деңгейінде болып жатқан медиатизация. Бүкіл қоғамның текстурасы қайта жаңғырады, медиатизацияға айналады.
Сонымен қатар, медиатизацияланған әлеуметтік кеңістік біртекті емес. Бұл жерде географиялық аумақтардағы сияқты түрлі әлеуметтік дүниелер медиатизацияның дәрежесіне, сондай-ақ оның көрініс табуының түрлі формаларына ие болуы мүмкін. Саясат әлемінің қайшылықты тынысы медиалық технологиядан тыс қала алмайды. Бұдан басқа жеке адамдар телесериалдар көруді немесе әлеуметтік желілерде қарым-қатынас жасауды шектей отырып, медиа аскетизм стратегиясын пайдаланатын медианың әсеріне саналы түрде қарсылық көрсету жағдайлары болуы мүмкін.
Жалпы медиатизацияны зерттеу шеңберінде әлеуметтік және мәдени өмірдің кез-келген бөлігін, күнделікті тіршілікті талдауға болады, онда медиа басты әрекеттегі құралдың бірі болып табылады. Негізі медиатизацияның қолданбалы зерттеулері (mediatization studies) бұл – қайталама зерттеулер. Медиатизация зерттеулерінің пәндік өрісі әлеуметтік ғылымдардың пәндік өрісін көшіреді. Мәдени, әлеуметтік салаларды, кеңістіктерді, өрістерді медиа технологиялардың ықпал ету призмасы арқылы зерделейді. Медиатизация ұғымы осындай ізденістердің жақсы маркері болып табылады.
Медиа технологиялардың өзгеруі коммуникативтік тәжірибелердің өзгеруіне және түптеп келгенде бүкіл қоғам мен мәдениеттің трансформациялануына әкеледі. Бұл медианы әлеуметтік және мәдени өзгерістердің факторы ретінде қарастыратын медиатизация теориясының негізгі тезистерінің бірі. Атап айтқанда, В.Шульц (Winfried Schulz) төрт үдерісті бөліп көрсетеді, олар арқылы медиа адами өзара іс-қимылды өзгертеді: кеңейту, алмастыру, біріктіру және бейімдеу [150]. Медиа адам коммуникациясының табиғи шекарасын кеңейтеді, бұрын жеке тұлға ғана бетпе-бет жүзеге асырған қызмет түрлерін алмастырады, медиалық және медиалық емес белсенділіктерді ықпалдастырады, әлеуметтік факторларды «медиология» талаптарына бейімделуге мәжбүрлейді.
Медиа технологиялардың трансформациялаушы рөлін мойындай отырып, медиатизация теоретиктері осы трансформациялардың сипатын, бағыттарын және қозғаушы күштерін түрлі бағалайды. Мәселе аудиторияны зерттеу аясында зерттелетін медианың желілік әсерлері туралы болып отырған жоқ. Бұл жерде адамдардың қандай да бір медиа аудиториясы емес, олар медиатизацияланған әлеуметтік әлемдерде өмір сүретін әлеуметтік факторлар [151]. Медиа осы әлемдердің коммуникативтік конфигурациясын өзгертеді және сол арқылы олардың мазмұнын, құрылымын, шекарасын өзгертеді деп болжануда. Алайда медианың әлеуметтік-мәдени өзгерістерге қосқан үлесін бағалау айтарлықтай қиын, өйткені олармен қатар осы трансформациялық синергетикалық әсер туындайтын бірқатар медиалық емес факторлар бар. Өздігінен медиа технологиялар әлеуметтік-мәдени динамиканың себебі емес, кейбір тұрақты заңдылықтардың және басқа формаларын алуы үшін әлеуметтік, саяси, экономикалық, мәдени салалар қажет. Медиа әлеуметтік өзгерістердің ықпалды агенті ретінде қарастырылғанымен, медиатизация теориясы медиа центризмді және жалпы технологиялық детерминизмді сынға алуды жоққа шығарады. Оның ұстанушылары олар үшін медианың өздері емес, олардың эволюциясына байланысты қоғам мен мәдениеттегі өзгерістер маңызды екенін атап көрсетеді.
Сонымен қатар, бірқатар зерттеушілердің медиатизацияны қазіргі заманның басты метаүдерістерінің бірі ретінде қарастыруы өте маңызды. Мысалы Ф.Кротц медиатизациямен бірге коммерциализация, жаһандану және даралану мета үдерістеріне баса назар аударады [152]. Бұл жерде медиа себеп-салдар факторы ретінде мүлдем қарастырылмайды, мәселен медиадағы өзгерістер мен әлеуметтік-мәдени өзгерістердің арасындағы корреляция туралы сөз болып отыр. Алайда мәселенің мұндай тұжырымдалуының өзіндік қиындықтары бар. Ол бұқаралық ақпарат құралдарының трансформациялық рөліне қайшы келеді, сонымен қатар басқа метаүдерістердің медиатизацияға және зерттелетін әлеуметтік өмір сегментіне әсерін қалай өлшеуге болатындығы түсініксіз. Осылайша, медиатизациядан өткізу теориясының көптеген мәселелері базалық ұғымдарды әзірлеуден бастап, басқа теориялар мен зерттеу бағыттары арасында өз мәртебесін анықтауға дейін бар. Медиатизацияны «медиа және коммуникация саласындағы парадигматикалық ілгерілеудің бір бөлігі» деп қарастыратын зерттеушілер бар [153].
Атап айтқанда, С.Ливингстон және П.Лунт (S.Livingstone, P.Lunt) медиатизация ұғымын осы зерттеу саласын таңбалауға мүмкіндік беретін хештегпен (#) салыстырады, қызығушылық танытқан зерттеушілер оны танып, әрі қарай өз идеяларын, деректерін және мәліметтерін салыстыра отырып құрастыра алады деп айқындайды [154]. Бұл авторлар медиатизация тұжырымдамасын жаңа парадигмаға немесе орта деңгей теориясына емес, деректерді зерттеуге және түсіндіруге бағытталған деп санайды. Академиялық пікірталас аясында С.Ливингстон және П.Лунт медиатизация үдерісін ғылыми-зерттеу бағдарламасының келешегі ретінде көрді. Бүгінгі таңда бұл медиатизация теориясының қалыптасу сатысында тұрған болашағына ең шынайы баға беру деп санаймыз. Зерттеушілер медиатизацияны зерттеудің институционалдық, әлеуметтік-конструктивистік және материалистік үш теориялық тәсілін шартты түрде бөліп көрсетеді. Бір қарағанда, типология қисынды, өйткені медианы тұжырымдамалаудың негізгі тәсілдерін әлеуметтік институт, символдық форма және материалдық технология ретінде көрсетеді. Екінші жағынан, медиатизацияны зерттеудегі тәсілдердің аражігін ажырату онша тиімді емес.
Мысалы, әлеуметтік институттарды талдау әлеуметтік конструкция шеңберінде әбден көрініс табуы мүмкін [155]. Институционалдық тәсілге, ең алдымен, медиалогика ұғымын пайдаланатын С.Гарвардтың (S.Hjarvard) қоғамның медиатизациялау теориясы жатады [156]. 1979 жылы медиология ұғымын енгізген зерттеушілер Д.Элтейд және Р.Сноудың (D.Altheide, R.Snow) жұмысы символдық интеракционизм, этнометодология және феноменология принциптеріне негізделген мәдени парадигманы білдіреді деген [157]. Медиатизация туралы зерттеулер типологияландыру әрекеттері нәтижесіз деп санаймыз дегенді білдірмейді. Бұл жерде көптеген жағдайларда белгіленген тәсілдер балама ретінде әрекет етуден гөрі бір-бірін толықтыра түсетінін түсіну маңызды. Медиатизация теориясын әзірлеушілер арасында түрлі зерттеу дәстүрлерін біріктіруге ұмтылған авторлар бар. Бұл тұрғыда Ф.Кротц және А.Хепп сипаттаған медиатизацияланған әлемдер тұжырымдамасы аса қызықты болып табылады [158]. Авторлар мәдени, әлеуметтік құрылымдардың өкілдері болғанымен, олардың идеялары басқа теориялық тәсілдерді тарта отырып іске асырылуы мүмкін. Сол кезде медиатизация эмпирикалық зерттеу үшін қолжетімді болады. Осы мақсатта олар медиатизацияланған әлемдер ұғымын енгізді, оларды «шағын өмір әлемі» (зерттеушілер А.Шюц, Т.Лукман, кейін Т.Лукман) және «әлеуметтік әлем» (Т.Шибутани, А.Страусс) деп түсінеді.
Қазіргі кезеңде мәдениетті медиатизациялау үдерістерінің өзіндік ерекшеліктері бар. Олардың жүйесіне жаңа электрондық медиа енгізу арқылы ақпараттық құралдарының түрлендіруші рөлі бірнеше есе артып келеді. Медиалық құрылымдардың орта статистикасы адамның дүниетанымын трансформациялау және технотрондық революция жағдайында оның өз имиджін бағындыру қабілеті едәуір күшейе түседі. Мұндай үдерістердің мәні қазіргі уақытта қалыптасып жатқан жаңа терминдер мен ұғымдарда көрініс табады, олардың қатарына белгілі неміс мәдениеттанушысы Ю.Хабермас енгізген медиа ықпалына түскен адамдарды ішкі отарлау ұғымын жатқызуға болады. Отарлау мәдениетті трансұлттық немесе параұлттық деңгейде іске асыру кезінде ұлттық базасы бар нысандар үшін басып алу мен имплантацияны қолданатын мультиұлттық бірлестіктің жаңа нысандарының қысымымен жүзеге асырады [159]. АҚШ-тың және басқа дамыған елдердің ақпараттық, ойын-сауық индустриясы тарапынан мәдени экспанция ұлттық мәдениеттердің өзін-өзі көбейту қабілетіне байланысты болады. Белгілі ағылшын ғалымы Раймонд Уильямс: «кез-келген тіл немесе вербальды емес қарым-қатынас жүйесі өзінің көбею қабілетін сақтаған жағдайда ғана болады», - деп орынды айтқан. Бұл дәстүрлі әрекетте қайта өндіру үдерісі болып табылады. Өзінің ішкі факторларымен әлсіреген ұлттық мәдени дәстүрлер ақпараттық-мәдени өнімдердің экспортын жаһандандыру жағдайында бәсекеге қабілетсіз болып қалады. Бұл үдеріс көптеген әдеби деректерде сипатталады. Зерттеуші-ғалым Г.И. Шиллердің (H.I. Schiller) пікірінше, қоғамды мәдени түрде жаулап алу бірнеше жүздеген капиталдың, негізінен, батыстық мемлекеттерге тиесілі тауарлар мен қызметтерді өндіру, тарату саласындағы әлемдік нарықта үстемдік етеді деп тұжырымдайды. Өзінің жеке мәдени-коммуникациялық өнімін өндіруді шешсе, корпоративтік капитализмге тән табыстылықтан бастапқы ұмтылыстан құтыла алмайды [160]. Г.Ирвинг Шиллердің тұжырымын: әлемдік жүйенің мәдени-коммуникациялық секторы американдық империализмнің жалпы жүйесінің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес қажеттілігіне қарай дамиды деп сипаттайды. Мәдениетті медиатизациялау БАҚ-тағы жүйеге тиесілі имитация және жүйені бұзатын имитация тәсілі ретінде қарауға белгілі бір қызығушылық тудырады [161]. Медиатизация медианы хабардар ету үдерісіндегі феномен ретінде журналистер, мәдениеттанушылар, әлеуметтанушылар, филологтар үшін қызығушылық тудырады, медиа ортаны қазіргі қоғамның өмір сүруінің органикалық ортасы ретінде зерделейді. Бұл жағдайда медиатизация әлеумет қызметінің кез-келген саласының ажырамас және қажетті құрамдас бөлігіне айналады. Медиатизация ұғымының бүгінгі түсінігін тұтастай алғанда әлеумет өмірінің түрлі бағытына медианың енуі қоғамның бірыңғай мәдени және коммуникациялық жүйесін қалыптастыруға әкеледі. Ақпараттық мәдениет мәдени үзінділерді басып өтіп, басқа барлық мәдени фрагменттерге енеді. Айта кететін бір жайт, терминологиялық тұрғыдан медиатизация ұғымы, көбінесе дыбысталуы жағынан медиация ұғымымен ұқсас. Бүгінгі таңда медианың дамуы жағдайында көптеген тілдік айырмашылықтары мен нақты аударманың ерекшелігіне байланысты қалыптасқан терминдер «медиация», «медиатизация», «медиализация» көптеген зерттеушілер арасында пікір таластар туғызады. Интерпретациялардағы айырмашылықтарға және аудармадағы кейбір қиындықтарға қарамастан медиатизация ұғымын анықтаудағы басты тенденция – бұл іс-әрекетке, медиа коммуникацияның процедуралық сипатына баса назар аудару. Бұл тренд шетелдік ғылыми-зерттеу жұмыстарының атауларында нақты қаралады.
Британдық зерттеуші С.Ливингстон атап өткендей: «Егер он жылдан астам уақыт бұрын осы тақырыптағы кітаптардың типтік атаулары болған болса "Mass Media and Society" немесе "Television and the public sphere", қазір бізде бар "Mediated...", етістік нысанға баса назар аудара отырып: "The Mediation of Power", "Mediating the Nation", "Mediating the Family", "Mediated Politics". Бұл ағылшын тіліндегі конструкцияларды «медиатизацияланған» сөзіне синоним болып табылмайтынын, мағынасын жоғалтпай орыс тіліне аудару оңай емес екенін түсіндіреді [159]. «Медиатизация» ұғымы көптеген мәнге ие және медиакоммуникация назарынан бұрын да қолданылған. Медиа зерттеу саласында медиация және медиатизация ұғымы 1990-шы жылдардың басынан бастап әзірлене бастады. Канада экономисі және медиа зерттеушісі Г.А. Иннис (Harold Adams Innis) 1950-ші жылдардың басында медиа немесе коммуникациянің қазіргі заман қоғамын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын мәлімдеді. 1960 жылы оның шәкірті М.Маклюэн осы зерттеулерді жалғастырып, қоғам өміріндегі делдал ретінде медианың рөлін анықтады. Әлеуметтанушы Дж.Брукшир Томпсон «The Media and Modernity: A Social Theory of the Media» (J. Brookshire Thompson, 1995) кітабында медиа институционалды ұйымдасқан құрылым ретінде айқындау үшін тек ақпаратты ғана емес, сонымен қатар соңғы ғасырлар бойы заманауи қоғамды қалыптастыратын мәдениет үлгілерін таратады деп анықтама берген. Мұндай жағдайда журналистер мамандандырылған кәсіби топ ретінде тек хабарлама таратушылары ғана емес, сонымен бірге жалпыға бірдей маңызды мағынаны жасаушылар ретінде де әрекет ететіндігін атап көрсетеді. Дж.Брукшир Томпсон мәдени-әлеуметтік бағытты кеңінен қолданылуына байланысты мәдениеттің медиатизациясы ("mediatization of culture") туралы зерттегенді жөн көреді. Медиа мен қоғамның өзара байланысы бірқатар техникалық инновацияларға, ақпаратты электрондық кодтауға байланысты қайта өңделіп шығарылғанын және таралғанын сипаттайды. Коммуникацияның интеграциялық модельдері терең және қайтымсыз өзгеріп келеді. Дж.Б. Томпсон мәдениеттің медиатизациясының тұжырымына XV ғасырдың екінші жартысында пайда болған және белгілі бір институционалық базасы бар, қызметін дамытып келе жатқан медиа ұйымдардың дамуымен сипаттайды.
Мәдени және әлеуметтік медиатизация диалектикасы дискретті мәтіндерді көрсетіп қана қоймай, қабылдаудың дискретті сәттерін туғызып, қоршаған ортаны трансформациялайды, осылайша келесі медиа хабарламалар жасалынады. Н.Кулдри (Nick Couldry, 2003) медиатизацияны медиа ағындар шеңберіндегі көпвекторлы, түрлі бағыттағы үдерістерді қамтитын ұғым ретінде қарастыруды ұсынады. Германия мен Скандинавияда (нем. mediatisierung) медиатизация терминін қолдануда ағылшын тәжірибесінен айырмашылығы медиатизацияны медианың түрлі құбылыстарға әсер ету үдерісі ретінде қарастыруында болды. Неміс коммуникациясының әлеуметтік қырын зерттеуші У.Шульц пен Ф.Кротц медианың әлеуметтік өзгерістердегі рөлін кең мағынада анықтау үшін медиатизация ұғымын пайдаланды. Атап айтқанда, У.Шульц (Winfried Schulz, 2004) медиатизацияны коммуникациялық құралдармен және олардың дамуымен байланысты өзгерістерді білдіреді деп атап өтті.
Осыдан туындайтын сұрақ, жаңа медианың пайда болуы медиатизацияға нүкте қоя ала ма? Коммуникация мәселелері жөніндегі неміс сарапшысы Ф.Кротц (F.Krotz) медиатизацияны жаһанданумен, дараланумен, әсіресе, коммерцияландырумен қатар заманауи қалыптастырған және қалыптастыруды жалғастыратын төрт негізгі үдерістің бірі ретінде қарастырады. Ф.Кротцтың (F.Krotz) пайымдауынша, технологиялық детерминизмді білдірмейді, өйткені медиатизация адамзат қарым-қатынасын өзгертеді. Адамдар, қоғам және мәдениет үшін коммуникацияның жаңа үлгісін ұсынады, бұл үдеріс техногендік болып табылады. Сондай-ақ, медиатизация әлеуметтік шынайлықтың барлық деңгейіндегі қатынастарды өзгертетін үздіксіз үдеріс. Мәдени, әлеуметтік құрастырудың негізгі тәжірибесі ретінде коммуникацияның түрлі формаларына негізделген метаүдеріс, медианың мәдени-әлеуметтік өзгерістердегі айқындаушы рөлін мойындайтынын айтады.
Даниялық медиа зерттеушісі С.Гарвард (S.Hjarvard, 2008) медиатизацияны қоғамның бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көбірек ұсынылатын немесе бұқаралық ақпарат құралдары мен олардың логикасына тәуелді болатын үдеріс деп атайды. Оның айтуынша, медиатизация нормативтік ұғым болып табылмайды, оң да, теріс де салдары болуы мүмкін. С.Гарвард ұсынған медиатизацияның тікелей және жанама түрінің аражігін ажырату қызықты. Тікелей медиатизация дегеніміз – бұрынғы жанама емес қызметті жанама жағдайға жатқызу. Мысалы, шахмат ойындарын компьютерлендіру немесе онлайн-банкинг. Тiкелей медиатизация жалпы сипаты бар жанама медиатизациямен салыстырғанда ерекшеліктері байқалады. Жанама медиатизация – медиагендік символдар мен механизмдердің ықпалына ұшыраған кезде жүзеге асатын белгілі бір қызмет түрі, мазмұны мен формасы және ұйымдастырылымы. Қоғам мен мәдениетті медиатизациялау макро және микро деңгейде жүреді.
Сонымен қатар, С.Гарвард қоршаған медиа ортаның түрлі бағытта кеңейіп, дамып келе жатқанын атап көрсетеді, сондықтан медиа қоғамды нақты бағытта қозғайды деп ешкім айта алмайды. С.Гарвард медиатизация медиум арқылы коммуникацияның кез-келген актісіне қатысты кеңірек ұғым. Медиатизация хабарламаға, жөнелтуші мен алушы арасындағы қарым-қатынасқа да әсер етуі мүмкін. Мысалы, саясаткер өз сайлаушыларымен сөйлесу үшін газеттің орнына блогты пайдалана алады. Алайда блог немесе газет болсын, медиумды пайдалану әлеуметтік институт ретінде саясатқа айтарлықтай әсер етуі міндетті емес. Медиатизация ұзақ үдеріске жатады, мәдени және әлеуметті институттармен өзара іс-қимыл тәсілдері медианың дамып келе жатқанын, ықпалын өзгертеді. Ғалым С.Гарвардтың тұжырымы бойынша, медиатизация екі жақты әлеуметтік үдеріс, одан қоғам БАҚ арқылы қанағаттанады, сонда бұқаралық ақпарат құралдары басқа қоғамдық институттардан бөлек қарастырылмайды.
ТМД зерттеулеріне келетін болсақ, медиатизация ұғымы алғаш рет 1991 жылы телеарна жұмысында ұштастырылды. Содан бері Д.И. Шаронов (Шаронов, 2008) әлеуметтік кеңістіктің ерекше түрі ретінде институционалдық делдалдық пен қоғамды медиатизациялау идеясынан бастап, Л.М. Землянованың (Земляновтың, 2002) қоғам санасына күшті манипулятивтік әсер ету түріндегі өзгерістердің төңкерістік (революциялық) сипатына дейін осы үдерістің рөлі мен маңызы туралы біраз пікірлер айтады. Ресей ғылымында терминді тұжырымдамалау әрекеттері жиі болды. Мысалы, ғалым Н.Кириллова заманауи өмір салтының ең маңызды категориясы ретінде медианың барлық мағыналық байлығын медиатизацияның тар схемасына енгізуге болмайтындығына сенімді. Біздің алдымызда аудиторияның идеологиялық, эмоционалдық, тіпті сана-сезімдік үміттеріне негізделген трансляциялық арна. БАҚ тек ақпарат тарататын құрал ғана емес, мәдени кодтар өндіретін, эстетикалық және таратылатын тұтас құрал. Ақпаратты таратушы пен ақпаратты қабылдаушының арасындағы делдал – бұқаралық ақпарат құралдары. Қоғамдық пікірді және көпшіліктің өмірлік ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік беретін – цифрлық технологиялар. Аудиовизуалды – мәдениет капиталдарды айырбастау технологияларының буындарының бірі. Жаһандық нәтижеге қол жеткізуге осы тізбекті тұтастай бақылайтындар немесе медиа кеңістігін иеленетіндер мүдделі.
Медиатизация термині басынан бастап ақпараттық өркениеттің барлық рухани байлықтарына жеке және ұжымдық қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған ерекше инфрақұрылымды сипаттау мақсатында пайдаланылады. Кейіннен әлеуметтік кеңістіктің ерекше түрі ретінде «қоғамды медиатизациялау» туралы сөз қозғалды. Зерттеуші И.В. Рогозинаның медиатизацияға берген анықтамасында: «белгілі бір медиа когнитивті типтер арқылы әлем бейнесін қалыптастыруда көрінетін түрлі бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жеке адамдардың ойлауына әсер ететін әлемдік әсердің үдерісі және нәтижесі» [162] деп жазылған.
Л.М. Землянова медиатизация үдерісінің манипуляциялық мәнін және қақтығыстардың мәнін сыни тұрғыдан ақпараттық жолмен анықтайтын, оларды шешуге ықпал ететін немесе кедергі жасайтын үдерісі бар деп сипаттайды. Бірақ медиатизация ұғымы БАҚ-тың түрлендіруші функциясының көрінісі ретінде түсіндіріледі, олар ақпараттық деректерді жинау, өңдеу мен сүзгіден өткізу, трансформациялау үдерісінде ақпаратты өзгерту мен бұрмалауға қабілетті, мысалға шындықтың жалған бейнелерін, оқиғаларын фабрикаттау барысында туындайтын медиатизацияның маңызын береді. Қоғамдық сана мен болмысқа, мәдениет тағдырына ықпалының қарқындылығын атап өту үшін осындай үдерістерді сынайтын зерттеушілер медиатизация терминін қолданады [163]. «Медиация» және «медиатизациялау» ұғымдарына қатысты пікір алшақтықтарын саралай келе, медиация микро деңгейдегі коммуникацияны жанама ету үдерістеріне, ал медиатизация макро деңгейінде болып жатқан медиа ықпал ету үдерістермен байланысты екенін атап өтуге болады. Медиацияны кез-келген коммуникация актісін медианың көмегімен хабарлау деп түсінуге болады, ал медиатизация барлық аудиториялардың мәдени-әлеуметтік тәжірибелері мен өзара іс-қимылдарының мазмұны мен нысанын анықтайтын базалық үдеріске айналатын жағдайды сипаттайды. Шетелдік және отандық медиа зерттеулерді талдау барысында медиатизацияны екіжақты үдеріс ретінде түсіну анағұрлым дұрыс, медиа мәдени және қоғамдық өмірдің түрлі салаларын қалыптастырып, айқындауға өзара әсер етеді. Медианы қазіргі заманғы өмірге енгізуді, өзара үндестігін үнемі арттыру медиатизациялау үдерісіне келеді. Медианың ауызша, жазбаша және электронды болып бөлінуі мәдениеттің құрылымы мен мазмұнына ықпал етеді, қоғамның өзіндік ойлай дәрежесі мен коммуникация формаларына ие болады. Бұл адам дамуының мәдени және тарихи кезеңін ғана айқындамайды, олардың нәтижесі әлеуметтік өмірдің, ақпараттың және биліктің, қоғамның барлық құрылымдарын қайта ұйымдастыру болып табылады. Ауызша сөйлеу адамның ақпаратты өндіру, беру және сақтау үшін жауап беретін неғұрлым органикалық және табиғи коммуникация құралы, онда жазу ақпаратты тіркеу және тарату схемаларын өзгертті, сондай-ақ таратылатын контентке әсер етті, ал баспа ақпараттың үлкен көлемін сақтауға мүмкіндік берді және оны таратуды жеңілдетті. Баспа құралдарының табиғаты көрнекілікпен, жүйелілікпен және тұрақтылықпен ерекшеленеді, ауызша сөйлеумен салыстырғанда баспа тұрақты сипатқа ие. Электронды ақпарат құралдар дәуірі ақпараттың берілу жылдамдығы мен сақталуын, сондай-ақ тұтынушыларды бір-бірінен алшақтатуды қысқартумен байланысты көптеген өзгерістермен байланысты. Медиа саласындағы сарапшы В.П. Коломийцтің пікірінше, заманауи электрондық медиа абсолютте тұрғызылған мифтану дейді [164]. Цифрлық технологиялардың ақпаратпен жұмыс істеуге күшті әсерінің нәтижесінде медиа тұтынудың барлық құрылымы өзгереді, жаһандық желіде жұмыс істейтін жаңа медиа бірінші орынға шығады. Жаңа медиа интернет кеңістігіне қатар, әлеуметтік және технологиялық аспектілерге ие болады. Интернеттің интерактивтілік, мультимедиалық, трансшекаралық және орталықсыздандыру сияқты сипаттамаларына сүйене келе, жаңа медиа әлеуметтің виртуалдануына әкеледі [165]. Қазіргі таңда медиа ортаның мәдени және әлеуметтік, психологиялық, технологиялық негізі интернет болып саналады. Өзге салалардың қоғамды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатты, тарату үдерісі, сондай-ақ жаңа медианың ықпалымен туындаған қоғамдық пікір медиатизацияның негізі болып табылады. Желілік медианың бүгінгі таңдағы жетістігі ақпаратпен қамтамасыз етудің жоғары жылдамдығына деген сұранысқа негізделген. Осыдан, медиа кеңістіктегі дәстүрлі коммуникативтік тәжірибелер өзгеріп, ақпаратпен жұмыс істеу мүмкіндіктері артып, ақпаратты тұтынушыларға жылдам ақпарат қабылдаудың, алмасудың және ақпаратты өндірудің жаңа мүмкінідіктерін ұсынады. Интернеттің белсенді, мақсатты аудиториясы цифрлық технологиялар мен инновацияларға мейлінше бейім жастар нақты кеңістікке қарағанда виртуалды әлемде әлдеқайда көп уақыт өткізеді. Осыған байланысты онлайн кеңістікте түрлі әлеуметтік топтардың медиа коммуникациялық тәжірибелерін іске асыру құралы ретінде зерделеу қазіргі қоғамда ақпараттық және цифрлық технологияларды дамытудың негізгі үдерістері мен перспективаларын ескере отырып, айрықша маңызға ие болады.
Медиа индустрия әлеуметтің өмірін анықтап, айтарлықтай дәрежеде түрлендіреді, онда медиа өндірісті шектеу әлеуметтік байланыстың жоғалуына теңестіріледі. Дәстүрлі медианы цифрландыру, оларды жаңа медиаға көшіру не береді? БАҚ-дағы мәтіндер дәстүрлі ақпарат құраларынан алшақтап барады. Жаңа медиаға байланысты Лестер университетінің ғалым, профессоры Е.Сиапера (E.Siapera, 2012) БАҚ-тың цифрлануының негізгі ерекшеліктерін айқындайды. Онда баспасөз материалдарын және кітаптарды интернеттің көмегімен оқу, кино фильм, видео және теледидар бағдарламаларын ұялы телефоннан немесе онлайн көру, аудио және видео жазбаларды, фотосуреттерді әлеуметтік желіде жариялау. Екіншіден, ақпарат сығымдалып, шағын физикалық заттарда немесе кеңістіктерде орналастырылуы мүмкін, яғни қатты дискілер, флэшкалар және т.б. Автордың пайымдауынша, цифрландырудың екі жақты нәтижесі, яғни деректерді БАҚ-тың аналогтық нұсқасында басқаруға болады. Егер бұрын фотосуретті әсерлі етуге аз ғана адам қол жеткізе алатын болса, бүгінде ол компьютерге және кішігірім редакциялау дағдыларына ие адамдардың барлығына қолжетімді. Бұл шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейтіп қана қоймай, қоғамдық бақылауға жағдай жасайды. Қазіргі заманның жаңа медиасына веб-сайттар, порталдар, блогтар, компьютерлік/мультимедиалық технологиялар, интернет және т.б. жатады. Уақыт талабына қарай өзгерістер орнап, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары интернетте бірыңғай коммуникациялық арнаны құраса «жаңа медиа» терминін қолданбауға болады.
ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басынан бастап ақпараттандыру және технологияландыру үдерістері, ал одан кейінгі медиатизация қоғамның құрылымына қатты әсер ете бастады. Медиалық адам терминінен кейін медиалық қала термині қалыптаса бастады. Ақпараттық қаланың кеңістігін медиатизациялау цифрландыру мен технологияның әсер ету және өркендеу салдарынан байқалады. Инновациялық технологиялардың арқасында қаланың мекемелері бақылау камераларымен, телеэкрандармен, өзіндік басқару функцияларымен жабдықталған. Кеңістікті ауқымды электрлендірудің арқасында спутниктерді, кабельдерді және талшықты желілерді пайдалана отырып, жаһандық көп арналы таратылған желілер қалыптасты, wi-fi желілері енгізілді, деректерді ұтқыр жоғары жылдамдықта берудің жаңа стандарттары lte, 5G пайда болады. Жеке кеңістікті ұйымдастыру өзгеріп, медианың әр түрлерімен жабдықталған мекеме/үй қуатты ақпарат ағынына қосылған интерактивті торап ретінде сипатталады. Осыған байланысты қала инфрақұрылымы бірыңғай медиа сәулеттік кешенге айналуда, қаланың медиатизациясының жоғарыда аталған аспектілері жеке және қоғамдық кеңістіктің шекараларын анықтамайды, бұқаралық ақпарат құралдарын тұтыну енді кеңістіктік шекаралармен шектелмейді. Қаланың сәулетіне технологиялық жабдықтарға тәуелді интегралды әлеуметтік-коммуникациялық кеңістік қалыптасты.
ХХІ ғасыр қоғамының тіршілігі, әлеуметтік және мәдени өмірі медиалық қалаларда өтеді, медиатизация біздің бүкіл өмірімізді бойына сіңіреді. Бұл қазіргі қалалардың кеңістіктері мен ырғақтары урбанизмнің классикалық теорияларында сипатталған дүниелерден түбегейлі ерекшеленетінін, сондай-ақ медианың қалалардан өзгергенін көрсетеді.
С. Маккуайрдың «The Media City. Media, Architecture and Urban Space» (2014 ж.) [166] кітабында бұқаралық ақпарат құралдары уақыт өткен сайын жылдам, ұтқыр және барлық жерге таратылатынын айтқан. Медиа архитектуралық кешен медиа платформалардың таралуы мен гибридтік кеңістіктің құрылуына әкелді. Осы тұрғыдан алғанда «медиалық қала» ұғымы қазіргі қала кеңістігін өндірудің қарқынды үдерісіндегі медиалық технологиялардың рөлін атап өтуге арналған. Мәселен, тез дамып келе жатқан технологиялар мен медианың күшті ықпалымен мүлдем жаңа қоғам қалыптасады, бұл қажетті ақпарат алуды қамтамасыз ететін және коммуникацияның барлық ықтимал арналарын тұтынатын медиа тұтынуға тәуелді қоғам. Бұл өзгерістер әлеуметтің тыныс-тіршілігінің барлық аспектілерін қозғайды. Жаһандық медиатизация мен технологияландыру әлеуметке ақпараттық-коммуникативтік тәжірибені үздіксіз алуға мүмкіндік беріп, бірыңғай медиадағы мәдени-әлеуметтік кеңістік құруға әкелді. Көптеген мыңжылдықтар бойы медианың қоғамдағы рөлі өнерден, экономикадан, саясаттан, мәдениеттен, психологиядан кем болмады. Медиа қоғам санасының қалыптасып, дамуына белсенді әсер етті.
Коммуникациялық революция қоғам өмірінде ақпаратты дайындау және тарату үдерісін жеңілдетіп, өзара қарым-қатынастарының нысандары мен түрлерін өзгертті. Сондай-ақ қоғамдық, кәсіби және жеке қызмет салаларын түрлендірген бұқаралық ақпарат құралдарының жаңа электронды түрлерін дамытуға әкелді. Ақпаратты тарату үдерісі бар цифрлық ортада әлеуметтік мәселелердің, мәдениеттің және идеялардың жалпы үдерістердің тұтас көрсететін бірыңғай медиалық кеңістікті құрайды. Медиа әлемнің бірыңғай бейнесін көрсетіп ғана қоймады, тұтынушыға ұсынып, мәдени құндылықтарды өздері қалыптастырады. Қазіргі кезде электронды пошта, әлеуметтік желілер және смартфондарға арналған мессенджерлердің көмегімен әлемнің кез-келген жерінен байланыс орнатуға болады. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамнан, экономикадан, саясаттан, мәдениеттен және т.б. бөлінбейді. БАҚ-тың өнімдерін тұтынуды шектеу мәдени, әлеуметтік байланысты жоғалтумен теңестірілді. Осыдан, медиатизация коммуникацияны модификациялауда адамдардың мәдени, әлеуметтік әлемін құрастыратын негізгі принцип болып табылады.
Қорыта айтқанда, медиадискурстың бірегейлігін оны басқа дискурстармен саралау принципіне емес, интеграциялық принципіне сүйене отырып сипаттау қажет. Интегративтілік принципі медиатизация ұғымы арқылы ашылады. Медиатизация – бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік құбылыстардың қиылысатын аймақтарын құру. Журналистер қоғамдық өмірдің түрлі салаларын жария етуді қамтамасыз ететіндіктен, маңызды әлеуметтік рөл атқарады. Мысалы, қазіргі мәдениеттің медиатизациялануы мәдениетті сақтауды және оны болашақ ұрпаққа беруді қамтамасыз ететін арнайы әсерлерге (медиа, әлеуметтік және стилистикалық) әкеледі. Құқықтық дискурстың медиатизациясы арнайы құқықтық медиадискурс құруға алып келеді.
Медиадискурстың медиа стиль құрылымына белсенді әсер ететін ерекшелігі – медиадискурстың кеңістігі стилистикалық тұрғыдан тұжырымдамалық емес, бұқаралық ақпарат құралдары мен саясаттың (саяси медиадискурсы), бұқаралық ақпарат құралдары мен ғылымның (ғылыми медиадискурс), бұқаралық ақпарат құралдары мен құқықтың (құқықтық медиадискурс), бұқаралық ақпарат құралдары мен діннің (діни медиа дискурс) және т.б. тоғысатын бағыттардан құралады. Ақпараттық дәуірде қазіргі қоғамдық өмірді медиатизациядан өткізу феномені осы тұста жүзеге асырылады. Медиадағы медиатизация – ақпаратты жинау, сақтау және тарату құралдарын жетілдіру үдерісі [167], ақпараттық өнімдер мен қызметтерді өндіру, пайдаланудың өсуі, әлеуметтік механизмнің виртуалдануы [168], саясатқа бұқаралық коммуникация мен бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуметтік өмірдің басқа салалары арқылы енуі [169].
Медиатизация – қоғамдық өмірдің маңызды салаларына бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалы, оның таралуы және қоғамдық қызметтің түрлі аспектілерін тартудың кері үдерісі, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік-мәдени құбылыстардың қиылысу аймақтарын құру аспектісі. Н.Луманның (N.Luhmann) масс-медианың маңызды функцияларының бірі ретінде жариялылық репрезентациясы функциясын атайды [170]. Медиатизация осы функцияның көрініс табуының нәтижесі.
Қоғамдық өмірдің медиатизациясы – қазіргі заманғы БАҚ-тың маңызды әлеуметтік функциясы. Медиатизацияның стилистикалық маңызы бар. Медиа дискурстың басқа институционалды дискурстармен қиылысу аймақтары ерекше стилистикалық жағдай туғызады: медиадискурс кеңістігінде түрлі қызмет салаларының контекстері бар. Бірақ бұл контекстердің барлығы сыртқы әлемнің үзінділері ретінде ғана емес, медиадискурстың бірыңғай кеңістігінде сыртқы өмірдің үзінділері тұтас медиа әлемге айналады, онда түрлі контекстер оның шынайылығын, шындығын күшейтуге бағытталған. Біздің ойымызша, медиа әлем басқалардың (комментаторлар, сарапшылар, шенеуліктер, саясаткерлер, куәгерлер және т.б.) дауыстарынан құралған және журналистердің күшімен сыртқы әлем туралы әңгімеге айналған ерекше мәдени ортаға жатады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет