Байгожина дана онирбековна



бет24/38
Дата17.01.2023
өлшемі2,17 Mb.
#61731
түріДиссертация
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   38
ҚОРЫТЫНДЫ
Ғылыми жұмыс еліміз үшін маңызды кезең саналатын ХХІ ғасырдың ақпараттық толассыз толқын тасқынындағы мәдениет саласының дамуы ақпаратпен трансформацияланып, мәдени құндылықтар табиғаты гуманитарлық ғылымдардың бірқатар аса өзекті мәселелері ретінде қарастырылуымен пайда болған «мәдениеттің медиатизациялануы» атты жаңа термин қызметін саралауға бағытталған. Зерттеудің мақсат-міндетіне сай ақпарат пен мәдениеттің ұштасуы, медиамәдениеттің әлеуметтік және психологиялық қырлары, мәдениеттің медиатизациялануы дилеммасы сараланып сипатталды.
Мәдениетке қатысты дәстүрлі көзқарастар, әдетте, қалыптасқан үрдіске сәйкес мәдени төңкерістердің (революция) сирек бой көрсетуімен сабақтас мәдениеттің эволюциялық дамуын қарастырады. Біздің заманымыздың жаңа көрінісі болып саналатын ғаламтор (интернет) мен медиа күн сайын адамзаттық мән-мағынасы орасан зор дерлік мәдени төңкеріске пара-пар жойқын да әлеуеттік мәндегі қызмет атқару үстінде. БАҚ мәдениаралық қатыстылық, медиамәдениет, кросс-мәдениеттің гибридті формаларын қалыптастыра отырып, олардың барлық қарама-қайшылықты динамикасында медиатизациялау үдерісін кешуде. Медиамәдениет аспектілерінің проблемалық мәселелерін игеру – мәдени қарым-қатынастарды тыңнан жоспарлауды жүзеге асыруға, мәдениет пен қоғамдағы коммуникативтік үдерістердің жаңа мазмұндағы барлық алуан түрлілігін жетілдіруге өз үлесін қосуда. Демек, цифрлық қоғамдағы мәдениетті медиатизациялау үдерістерін зерттеу – тәуелсіз теориялық ғылыми ұстанымдағы мәселе болып саналады. Ол мемлекет жағдайында медиамәдениеттің жұмыс істеуі мен қалыптасуының ерекшеліктерін, ұлттық БАҚ-тың қоғамға әсер етуінің негізгі арналарын анықтайды, цифрлық ұрпақтың портретін жасап, медиатизациялану мәселелерін гуманитарлық зерттеулердің тәуелсіз бағыты ретінде зерттеуге мүмкіндік береді.
Зерттеу барысында алға қойылған негізгі міндеттерді шешу келесідей қорытындылар жасауға мүмкіндік береді:
– медиамәдениет цифрлық қоғамда өзекті бағыттардың бірі болып табылатын жаһандық ауқымдағы ақпарат пен мәдениеттің үйлесімділігі теориялық және тәжірибелік бағытта жан-жақты зерттеліп жатыр. Ұлттық мәдениет деңгейінде бұл өзекті тақырып қазақ тілді және орыс тілді қазақстандық БАҚ-та сипатталуда. Жаһандық және ұлттық медиамәдениет арасындағы байланыс қоғам мен ақпараттық платформалар құрылымының түріне негізделгенін байқауға болады. Соның нәтижесінде органикалық байланыс негізіндегі мәдиамәдениеттің өзіндік болмысы пайда болып отыр. Атап айтқанда: осынау өзекті арна медиабілім, медиа вирус, медиамәтін категориясы, медиа технология, медиа аудитория, медиадискурс, медиатизация негізгі тұжырымдамаларының синтезін, ұлттық медиамәдениет матрицасының сапалық ерекшеліктерін айқындайды. Негізгі элементтерін ұлттық мәдениеттің дәстүрі мен құндылықтары құрағанымен, олар сырттан келетін ақпаратты органикалық түрде қамтиды. Ұлттық мәдениетті медиамәдени кодқа қайта кодтау жаһандық үдеріспен трансформацияланып, ұлттық мәдениетіміздің әлемдік мәдениетке көтерілу деңгейіне тән ерекшеліктерін сипаттайды. Бұл БАҚ арналарының маңыздылығын арттырып, ұлттық мәдениетті дамыту құралдарының тетіктері мен әдістерінің жаңа сапалық сипатта орнығу өрісін кеңейтеді. Медиамәдениеттің коды – коммуникация әдістері, құндылықтар жүйесі, бейнелі де рәмізді нышандарына (символизм), дәстүрлеріне және т.б. басты өзегіне әсер ететін ұлттық мәдени дискурс үдерістерінің анықтаушы факторына айналады;
– прецеденттік мәтіндер арқылы медиамәдениет технологияларын қолданатын қазақ БАҚ-тары жаңа тұрпаттағы образдар жасап, дәстүрлі тілдік құрылымдарды заманауи мағыналармен еселеді. Бұл маңызды үрдіс сан алуан аудиторияны қызықтыратын және бұқаралық ақпарат құралдарының әсер ету аймағын кеңейтетін медиа тақырыптар, мәтіндері арқылы жасалады. Дәстүрлі идеядан айырмашылығы, прецеденттік мәтіндерде ұлттық мәдениеттермен басқа мәдениеттердің үйлесімді метафориялық бейнелері қолданылады. Бұл ұлттық тілді бейнелеу тәсілі ұлттық медиамәдениеттің жаңа жүйе құраушы сипатындағы ішкі сипаттамаларын, оның құндылықтар жүйесі мен моральдық нормаларын анықтайды;
– медиамәдениет мәтіндерінің стилистикалық мазмұны ұлттық тілдің өзге тілдермен мәдиамәтіндік бірлік құрап, өзіндік ерекшелігін сақтап қалудағы маңызды қадамдарының тиімділігін көрсетеді. БАҚ-тың медиамәдениет кеңістігіндегі өрісінің артуы әлеуметтік лингвистика, прагматика, лингвомәдениеттану, лингвоэкология, психолингвистика, семиотика, дискурсивті талдау, лингвистика сияқты семантикалық мазмұн арқылы көрінеді. Қазақ тілінің дәстүрлі стильдерінің әлемдік ақпараттық мәдениетпен ұштасуы ұлттық тілдің барлық мағыналық және пәндік бірлігіне әсер етіп, тілдің жаңа теориясын құру қажеттілігін қалыптастырғанын байқаймыз. Бұл жағдайда медиатіл мәдениет ішінде, мәдениеттер арасында да байланыс жасау үшін қолданылатын тілдің құралы ғана емес, сонымен бірге басты нысаны болып қалуда;
– Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания мемлекеттеріндегі мәдениет бағдарламаларымен (2019-2020 ж.ж.) мерзімді басылымдағы БАҚ тақырыптарының 2016-2020 ж.ж. монититорингі мәтіндерінің әртүрлілігі медиакеңістіктегі заңдылықтарға байланысты медиатизациялану және цифрлық қоғамның мағынасын қалыптастыру үдерістерімен байланысты цифровизациялануға бағынатындығын көрсетеді; Электрондық БАҚ-тағы мәдениеттің насихатталуы, медиатизацияның шығармашылықты ынталандырудағы көрінісі 2016-2020 ж.ж. аралығындағы жарияланымдар негізіде айқындалды. Медиамәтіндердегі мәдениеттердің коммуникативтік, көркемдік, білім беру, ғылыми және т.б. қызмет түрлеріндегі нақты мағыналары сипатталды;
– мәдениеттің медиатизациялануы қоғамдық санадағы болмыс-бейнелерді қалыптастыруындағы қадамдар мемлекеттің идеологиялық бағдарламалары қабылдаған тіл білімінің дискурсында көрінді. Соның нәтижесінде қазақстандық медиа кеңістікте мәдениеттің медиатизациялану үдерісі анықталды.
Цифрлық қоғамдағы медиамәдениетті жүйелі талдау біздің ұлттың мәдени дамуындағы ақпараттық коммуникацияның рөлін түсінуге мүмкіндік бергенін айғақтайды. Мәдениеттің дәстүрлі кеңістігін цифрлық кеңістікке алмастыру – әлемнің мәдени бейнесін түбегейлі өзгертеді. Медиамәдениеттің орнын анықтау мәселесі өз кезегінде оның заңды түрде әсер ету мәселесіне айналады. Журналистика мен филологияның ұштасуы ұлттық және әлемдік мәдениеттің құрылымдық элементтерін барынша еселеуге септеседі.
Қазақ зерттеушілері Б.Қ. Момынова, А.Т. Куралованың «Медиакеңістіктегі сөйлеу мәдениеті» мақаласында медиалингвистиканың төмендегі негізгі алты құрылымы аталады:
1. Бұқаралық ақпарат құралдарының тіларалық мәртебесі, ондағы тілдің негізгі парадигмасы – сөйлеу, ал мәтін – дискурс тұрғысынан сипаттау;
2. Медиадағы сөздердің типологиясы, медиамәтіндердің жанрлық жіктелуі, сондай-ақ мәтіндердің негізгі түрлерінің анықталуы; жарнама, ақпараттық аналитика және түсініктемелер, жаңалықтар.
3. Мәдиамәтіндердің стилистикалық және лингвистикалық ерекшеліктері;
4. Медиадискурстың функционалды-стилистикалық саралануының мүмкіндіктері, мәтіндердің тілдің және тарату арнасының негізгі функцияларын іске асыратын дәрежесі бойынша жіктелуі (дәстүрлі БАҚ және жаңа медиа);
5. Мәдени-әлеуметтік және идеялық контекст, медиа сөздердің интерпретациялық қасиеттері, медиамәтіндердің жасалуы және таратылып, қабылдануы, медиакоммуникацияны жүзеге асыру ерекшеліктері, мәдениетке тән белгілер, яғни медиадискурстың экстралингвистикалық компоненттері;
6. Жеке және бұқаралық санаға әсер етудің лингвистикалық технологиялары [291].
Демек, ол бұқаралық ақпарат құралдарының қазіргі қоғам өмірінде үлкен рөл атқаратынын, ақпаратсыз қоғам жоқтың қасы екенін тереңірек ұқтыра түседі. Қазіргі таңда қоғамдық пікір қалыптастыру, өзіндік деңгейде идеологиялық фон құру, құндылықтар жүйесін насихаттау, ұлттық мәдени, тарихи, әлеуметтік бағыттардың болмысы бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланысты екені басы ашық мәселе. Сондықтан да қоғамның дұрыс бағытта қалыптасуы үшін тіл мәдениеті, медиамәтін мәдениеті және тазалығы міндетті түрде сақталуы тиісті.
Медиатизация – бұқаралық ақпарат құралдары қоғамның саясат, мәдениет, экономика, спорт, білім және т.б. салаларына әсер етіп, жаһандану мен модернизациялық сипат алуда. Бұқаралық ақпарат құралдары қоғамның басқа салаларына көбірек интеграцияланған кезде олардың әсер ететін үдерісі де дәуір талабына сәйкес түрленіп, жаңа мазмұнға ие болады. Қоғамдық пікірді қалыптастыратын шешуші факторлар санатындағы бизнес ұйым, азаматтық қоғамдық ұйымдар және т.б. өкілеттіліктер өздерінің коммуникациялық тәсілдерін БАҚ қажеттіліктері мен қалауына сәйкес келетін БАҚ логикасынының формасына барынша бейімдеуі керек. Яғни, өз хабарларын кең аудиторияға жеткізгісі келетін кез-келген жеке индивид немесе ұйым өздерінің ақпараттары мен коммуникациялық стилін БАҚ-на тартымды ету үшін бейімдеуі шарт. Медиатизацияның теориясы әлі де дамып, зерттелу үстінде болғанымен, жалпы қабылданған ортақ анықтамасы жоқтың қасы. Кейбір теоретиктер медиатизацияның нақты анықтамалары мен процедураларын қабылдамайтыны бар. Олар концепция мен құбылыстар күрделігінен сақтанады. Медиатизация теориясы оқшауланған теория ретінде емес, түрлі теориялық бағыттарды интеграциялау үшін әлеуеті бар құрылым ретінде қарастырылады. Ол қазіргі қоғамдық трансформацияланудағы БАҚ жүйесінің басты рөлін кеңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Медиатизациялау үдерісі мерзімді басылым, радио, телевизия, ғаламтор және интерактивті әлеуметтік желілерге дейінгі технологиялық дамудың арқасында қалыптасты. Медиатизация терминінің Еуропалық тілдегі (ағылшын) нұсқасы бір қарағанда ыңғайсыз болып көрінсе де, ол аз уақыт арылығында кеңінен таралып үлгерді. Медиатизация теориясы медиа және коммуникацияны зерттеудегі парадигманың өзгеруінің бөлігі болып саналады. Медиатизация коммуникация үрдістерінің қоғамдағы кең ауқымды қатынастарды қалай өзгертетінін көрсететін негізгі тұжырымдамаға айналды. БАҚ өркендеу үдерісі технологиялық өзгерістермен және ол үрдісті қоғамның қабылдауымен байланысты. Цифрлық медианың пайда болуымен біз медиатизацияның жаңа кезеңіне көшеміз. Оны терең медиатизациялау деп атауға болады.
Терең медиатизациялау – мәдени және әлеуметтік әлемнің барлық элементтері цифрлық медиа мен олардың негізіндегі инфрақұрылымдармен тығыз байланысты үдерістердің дамыған кезеңі деп алсақ, онда цифрлық технологиялар және ірі IT корпорациялар маңызды рөл атқарады. Медиатизацияның мәдени және әлеуметтік өзгерістерде шешуші рөл атқаратынын оның өрісін кеңейту, алмастыру, біріктіру және бейімдеу сынды төрт бағыты бойынша анықтауға болады. Коммуникациялық технологиялар адамның қарым-қатынас аумағын ұлғайтып, кеңістік, уақыт және айқындылық тұрғысынан алғандағы шексіздігін білдіреді. Десе де медиатизацияның қоғамдағы рөлі белсенді талқылануда. Ал мәдениеттің медиатизациялануының функциясы қазақ және орыс тіліндегі қазіргі заманғы өзекті ақпарат көздерінен алынған нақты материалдар барысы прецеденттік, фразеологиялық бірліктерді және олардың трансформацияларын нақты қолданудағы айқын бағдарын жеткілікті тұрақты тілдік құбылыс ретінде ұсынып, феномендер бірліктерін түрлендіру және оны өзгеру ерекшеліктері тұрғысынан түсінуге мүмкіндік беретінін көрсетеді. Қарастырылған материалдардың проекциясындағы зерттеулер нәтижесі теориялық және әдіснамалық сипаттағы дәйекті де дәлелді негіздері прецеденттік тақырып пен мәтіннің ерекшеліктері туралы өзіндік түсінік қалыптастыруға, медиамәтіндегі стилистикалық болмысын және цифрлық қоғамдағы мәдениет медиатизациялануының қазіргі тенденцияларын анықтауға мүмкіндік берді. Цифрлық қоғамдағы мәдениеттің медиатизациялануының қазіргі тенденциялары зерттеле түсетін күрделі мәселе болып қала береді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   38




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет