Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы қағидалары (бұдан әрі – қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 46-26) тармақшасына сәйкес әзірленді және баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы жөніндегі қызметтің тәртібін айқындайды.
2. Осы қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылды:
1) баланы жәбірлеу (буллинг) – қорлау сипатындағы жүйелі (екі және одан көп) әрекеттер, қудалау және (немесе) қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер, сол сияқты жария түрде немесе бұқаралық ақпарат құралдары және (немесе) телекоммуникация желілері пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер (кибербуллинг);
2) әлеуметтік оңалту - кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесінің органдары мен мекемелері жүзеге асыратын өмірде қиын жағдайға душар болған кәмелетке толмағанды құқықтық, әлеуметтік, дене бітімі, психикалық, педагогикалық, моральдық және (немесе) материалдық жағынан қалпына келтіруге бағытталған шаралар кешені;
3) әлеуметтік бейімделу – өмірде қиын ахуалға тап болған баланың қоғамдағы құндылықтарды, мінез-құлық қағидалары мен нормаларын игеру және қабылдау арқылы әлеуметтік ортаның жағдайларына белсенді түрде бейімделу процесі, сондай-ақ басынан кешірген психологиялық және (немесе) моральдық зардаптарды еңсеру процесі;
4) баланың заңды өкiлдерi – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес балаға қамқорлық жасауды, бiлiм, тәрбие берудi, оның құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асыратын ата-аналар (ата-ана), бала асырап алушылар, қорғаншы немесе қамқоршы, баланы қабылдайтын ата-ана (баланы қабылдайтын ата-аналар), патронат тәрбиешi және оларды алмастырушы басқа да адамдар.
2-тарау. Баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасын жүргізу тәртібі
3. Білім беру ұйымының әкімшілігі баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы және алдын алу жөніндегі қызметті қамтамасыз етеді және білім беру процесіне қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін құрметтеуді, баланы жәбірлеуге (буллингке) нөлдік төзімділік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған білім беру ортасында жағдай жасайды.
4. Білім беру ұйымының басшысы баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы мақсатында жыл сайын оқу жылының басында баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы жөніндегі жоспарды (бұдан әрі – жоспар) бекітеді. Жоспарға мерзімдер, аяқтау нысандары, жауапты тұлғалар және келесі іс-шаралар кіреді:
1) тоқсанына кемінде 1 (бір) рет білім алушылар мен тәрбиеленушілердің, педагогтердің, баланың заңды өкілдерінің жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы және жәбірлеудің (буллингтің) алдын алу мәселелерінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің мүдделеріне қайшы келмейтін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын (әңгімелер, құқықтық жалпыға бірдей оқыту, сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары, сабақтан тыс іс-шаралар және басқалар) жүргізу арқылы хабардар болуын арттыру;
2) оқыту семинарларына (вебинарларға), семинар-тренингтерге, шеберлік сыныптарына, коучингтерге, конференцияларға, форумдарға, панельдік пікірталастарға қатысу арқылы педагогтердің оқу-тәрбие жұмысындағы кәсіби құзыреттілігін арттыру;
3) білім алушылар мен тәрбиеленушілерді, баланың заңды өкілдерін баланы жәбірлеуге (буллингке) жол берілмейтіндігі туралы (жазбаша және (немесе) ауызша түрінде) хабардар ету;
4) білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қатысты жәбірлеу (буллинг) белгілеріне ол анықталған жағдайда дереу ден қою;
5) "Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, орта, арнаулы, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері жүргізу үшін міндетті құжаттардың тізбесін және олардың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 130 бұйрығына 4-қосымшадағы нысанға сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20317 болып тіркелген) педагог-психологтің консультациясын есепке алу журналына тіркей отырып, педагог-психологтармен, әлеуметтік педагогтармен білім алушылар мен тәрбиеленушілерге әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық көмек көрсету;
6) білім алушылар мен тәрбиеленушілердің құқықтары мен мүдделерін сақтау, оларды оқыту, тәрбиелеу және білім беру ұйымдарында қауіпсіз болу үшін ресурстармен қамтамасыз ету тұрғысынан тәрбие процесі мен білім беру ортасының жағдайларына мониторинг жүргізу;
7) білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы мен болдырмау мәселесін ата-аналар комитетін тарта отырып, білім беру ұйымының алқалы басқару органдарының отырыстарында қарау.
5. Білім беру ұйымы әкімшілігінің келісімі бойынша баланы жәбірлеудің (буллингтің) профилактикасы бойынша жұмысқа ата-аналар қоғамдастығының, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, қызметі білім беру процесіне қатысушылардың құқықтарын қорғауға қайшы келмейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылады.
6. Мыналар бойынша жүргізілген жұмыс туралы ақпаратты жібереді:
1) 4-тармақтың 1), 3), 4), 5) тармақшалар бойынша білім беру ұйымдары директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары беру ұйымының басшысына;
2) 4-тармақтың 2), 6) және 7) тармақшалары бойынша білім беру ұйымының әкімшілігі облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның білім басқармаларына (облыстық маңызы бар қала) (бұдан әрі – білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган).
Достарыңызбен бөлісу: |